Жеке тұлғаның ЖШС-ға коммерциялық орынды жалға беру жолдары
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасап, жылына бір рет декларация тапсыру
Айжан Қыдырманова
20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер
Мақаланың мазмұны
Жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ ЖК-ға немесе ЖШС-ға коммерциялық орынды жалға бере алады. Мұндай мәмілені заңды түрде қалай жасауға болатынын және қандай салықтарды төлеу керектігін осы мақалада қарастырайық.
Жалдау шартын жасау
Егер жеке тұлға ЖК ретінде тіркелуді жоспарламаса, онда жалға алушымен азаматтық-құқықтық сипаттағы шартын жасайды, оның мәні коммерциялық орынды жалға беру болады.
Бірақ жеке тұлғаға табыс салығын төлеудің және олар бойынша есептілікті тапсырудың қажеті жоқ — жалға алушы салық агентінің міндеттерін өзіне алып, табыстан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдердің сомаларын өзі есептейді, табыстан ұстап, аударады және салық органына есеп береді.
Жалдау шарты бір жылдан астам мерзімге жасалған жағдайда, ол халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелуі тиіс.
Төленетін салықтар
Жалға беру табысынан төленетін салықтар
Жеке тұлғадан коммерциялық орынды жалға алатын ЖК немесе ЖШС оның салық агенті болады және келесі салық міндеттемелерін өзіне алады:
- ЖТС — 10%;
- МӘМСЖ — 2%.
Мысалы, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жалдау ақысы 300 000 теңгені құрайды.
300 000 × 2% = 6 000 теңге (МӘМСЖ)
(300 000 − 6 000) × 10% = 294 000 × 10% = 29 400 теңге (ЖТС)
300 000 − 6 000 − 29 400 = 264 600 теңге — бұл ЖК немесе ЖШС азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жеке тұлғаға төленетін сома.
Мүлікті жалдау туралы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша МЗЖ және СӘ табыстан ұсталмайды.
Егер жеке тұлға ЖК ретінде тіркелем десе, онда барлық есептеулерді өзі санап, жасайды. Болашақтағы кәсіпкер өзінің ЖК үшін бірнеше режим таңдай алады: патент, оңайлатылған немесе мобильді қолданба.
Мүлік салығы
Мүлікті бизнес мақсатында пайдаланатын жеке тұлға жылына бір рет мүлік салығын төлеу керек және 700.00 нысаны бойынша есеп беру керек.
700.00 СЕН заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналғанымен, коммерциялық жылжымайтын мүлкі бар жеке тұлғалар да, одан табыс алатынына-алмайтынына қарамастан, ол бойынша есеп береді. Өйткені бұл көлік салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларация. Нысан мүліктің орналасқан жері бойынша салық органдарына келесі жылдың 31 наурызына дейін, яғни салық кезеңі аяқталғаннан кейін тапсырылады.
Жеке тұлға ЖК ретінде тіркелмей бизнеске коммерциялық орынды жалға бере алады. Бұл жағдайда азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалады, жалға алушы жеке тұлғадан табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді ұстайды, ал меншік иесі жылына бір рет мүлік салығын төлеп, есеп береді.