Қазақстанда ЖШС-ті қалай жабуға болады
ЖШС-ті тарату үшін алдын-ала дайындық пен шамамен 4 ай уақыт керек. Оның дұрыс жүзеге асырылу тәртібін түсіндіреміз
Мақаланың мазмұны
ЖШС-тің қызметін толығынан тоқтату үшін оны тарату керек. Ол үшін бизнесті ашуға қарағанда әлдеқайда көп уақыт пен дайындық қажет. Орташа есеппен алғанда, шамамен 4 айдай уақыт кетеді.
ЖШС-ті кәсіпкердің өз еркімен таратуға болады, ол жағдайда қызметті доғару құрылтайшылардың шешімімен жүзеге асады. Сондай-ақ, оны мәжбүрлеп жабуға болады, мұнда ондай шешімді сот қабылдайды.
ЖШС қандай жағдайда мәжбүрленген түрде жабылады:
- БСН уақытында алынбаса (бизнес-сәйкестендіру нөмірі);
- аумақтық салық комитетінде тіркелмесе;
- банкрот болса — яғни, егер компания кредиторлардың алдында қарыздарын өтей алмаса.
ЖШС-ті тарату үшін не істеу керек
Компанияны тарату туралы шешім қабылдау
Егер ЖШС-те бір-ақ қатысушы болса, ол шешімді өзі жалғыз қабылдайды. А егер бірнеше қатысушы болса, онда қатысушылар жалпы жиналыс өткізіп, ЖШС-ті жабуды қолдау немесе қолдамау үшін дауыс береді. Жиналыс аяғында қорытынды хаттама жасалады.
Хаттамада жазылатын шешімдер:
- ЖШС-ті тарату;
- тарату комиссиясын тағайындау;
- ЖШС-ті тарату мерзімі мен тәртібін белгілеу;
- тарату комиссиясына әділет органдарына, салық комитетіне және кредиторларға ЖШС-тің таратылуы туралы хабарлау, газетке ЖШС-тің таратылуы туралы хабарландыру беру;
- аралық тарату балансын дайындау;
- бас директордың құқықтарын тарату комиссиясына табыстау.
Тарату комиссиясын құру
Тарату комиссиясы бизнесті жабу үшін жауапты болғандықтан, директордың уәкілдік құқықтарын қабылдайды. Ол ЖШС-тің мүлкі мен істерін басқару үшін және компания атынан сотта өкілдік ету үшін қажет.
Комиссия құрамында кемінде екі адам болуы керек, көбінесе оған компанияның директоры мен бухгалтері кіреді. Тарату комиссиясының құрамы мен төрағасын қатысушылардың жалпы жиналысында тағайындайды.
Тарату комиссиясы немен айналысады:
- Қазақстан аумағында шығарылатын баспасөз басылымында тарату туралы ақпарат жариялайды;
- әділет органдарына, салық комитетіне және кредиторлаға тарату туралы хабарлайды;
- аралық тарату балансын дайындайды;
- кредиторлар алдындағы ЖШС қарыздарын өтейді;
- компания мүлкін сатады немесе қатысушыларына таратады;
- тарату есептілігі мен қорытынды тарату балансын тапсырады;
- салық комитетіне тарату туралы өтініш береді.
Қызметкерлерге жұмыстан босату туралы хабарлау
Қызметкерлерге олардың жұмыстан босатылуы жоспарланғаны туралы кемінде бір ай бұрын хабарлау керек. Қызметкер өз еркімен еңбек шартын бұзуға жазбаша келісім беру арқылы ертерек жұмыстан шығуға құқылы.
Газетке компанияны тарату туралы хабарлама беру
Тарату туралы жария хабарламаны республикалық маңызы бар газеттерде, мысалы, «Заң газеті», «Караван», «Время» басылымдарында хабарландыру түрінде жариялау керек.
Хабарландыруда кредиторлардың талаптарын орындау мерзімі белгілену керек — ол хабарландыру жарияланған күннен бастап кемінде екі ай құрайды. Сол уақыт ішінде тарату комиссиясы қарыздарды өтеп, кредиторларға компанияның таратылуы жөнінде хабарлайды.
Хабарландыруды «Заң газетіне» қалай беруге болады
- Онлайн түрде — zanreklama.kz сайтында хабарландыру мәтіні мен құрылтай құжаттарын: мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, құрылтайшының жеке куәлігі және тарату туралы шешім жіберу керек.
- Оффлайн түрде — «Заң газетінің» редакциясына хабарландырудың электронды нұсқасымен бару керек. Кассада хабарландыру ақысын төлеу қажет — оның бағасы мәтін көлеміне байланысты болады. Редакция мекенжайы: Алматы қ., Х. Досмұхамедов к-сі, 68Б (Қарасай батыр к-сінің бұрышы).
Салық комитетіне тарату туралы хабарлау
Газетте хабарландыру шыққаннан соң тарату комиссиясы ЖШС өзінің орналасқан жеріндегі салық органына жазбаша хабарлайды. Оған тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін 3 жұмыс күні беріледі.
Аралық тарату балансын дайындау
Газетке хабарландыру берілген күннен екі ай өткеннен кейін аралық тарату балансы дайындалады. Онда түгендеу қорытындысы бойынша мәлімет жазылуға тиіс: оған компанияның шоттарындағы қаражат пен қолма-қол ақшасын қоса барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік және кредиторлардың талаптары туралы ақпарат жатады. Аралық балансты ЖШС құрылтайшысы бекітеді.
Аралық баланс пен тарату балансын дайындау үшін үлгілік бухгалтерлік балансты пайдалануға болады.
Салықтық тексеру жүргізу туралы өтініш беру
Аралық тарату балансын бекіткен күннен бастап 3 күн ішінде салықтық тексеру жүргізу туралы өтініш беру керек. Салық органы тексеруді өтініш алған кейін 20 жұмыс күні ішінде бастайды. Тексеру өткеннен кейін тарату балансы тапсырылады.
Өтінішті салық төлеушінің кабинетінде «Салық өтініші» бөлімінде беруге болады.
Тарату есептілігін дайындау
Тарату есептілігін салықтық тексеру жүргізу туралы өтінішке қоса беру керек. Оның ішінде өтініш ұсынылған салықтық кезеңнен бастап өтініш ұсыну күніне дейінгі уақыт аралығындағы компанияның салықтары, бюджетке төленетін төлемдері мен әлеуметтік төлемдері көрсетілуі керек.
Егер кезекті салық есептілігі жоспар бойынша тарату есептілігінен кейін тапсырылуға тиіс болса, кезекті есептілікті ертерек, яғни, тарату есептілігіне дейін тапсыру керек.
Тарату есептілігіндегі барлық салықтарды, төлемдерді және төлемақыларды сол есептілікті берген күннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде тапсыру керек.
Егер кезекті салықтарды, төлемдерді және төлемақыларды төлеу мерзімі тарату есептілігінен кейін келетін болса, оларды тарату есептілігі берілген күннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде тапсыру керек.
Кредиторлармен есеп айырысу
Аралық тарату балансын бекіткеннен кейін кредиторлармен есеп айырысуды бастауға болады. Төлемақылардың кезегі мынадай:
- еңбекақы мен басқа да табыстардан ұсталған алименттерді төлеу;
- азаматтарға олардың өмірлері мен денсаулықтарына келтірілген зиян үшін жүктелген жауапкершілік бойынша төлемақы төлеу;
- еңбек шарты бойынша еңбекақы мен өтемақыларды төлеу;
- әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы төлемдерін төлеу (тарату есептілігін берген күннен кейін 10 күннен кешіктірмей);
- авторлық келісімшарттар бойынша сыйақы төлеу;
- салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеу (тарату есептілігін берген күннен кейін 10 күннен кешіктірмей);
- қалған кредиторлардың алдындағы қарыздарды өтеу.
Егер ЖШС-те кредиторлармен есеп айырысуға қаражат жеткіліксіз болса, тарату комиссиясы компания мүлкін жария сауда-саттық арқылы сатуға тиіс.
Егер компания балансында мүлік қалып қойса, оны тарату комиссясының актісі негізінде, қабылдау-тапсыру актіс арқылы ЖШС қатысушыларына таратуға болады. Сондай-ақ, мүлікті қатысушылардың жалпы жиналысында таратуға болады.
Кедендік алым бойынша берешектің жоқтығы туралы анықтама алу
Егер компания сыртқы экономикалық қызмет бойынша іс жүргізген болса, кеден органдарынан алым бойынша берешектің жоқтығы туралы анықтама алу қажет.
Әділет министрлігіне тарату туралы хабарлау
Салық тексерісінен кейін әділет органдарына тарату туралы хабарлау керек. Жазбаша хабарландыруды жергілікті әділет департаментіне немесе ХҚКО-на беруге болады, ал электрондық хабарландыруды egov.kz порталын арқылы да жіберуге болады.
ЖШС-ті ҚҚС бойынша есептен шығару
ҚҚС бойынша тарату декларациясы мен ҚҚС бойынша есептен шығу туралы салық өтініші екеуі бір күні тапсырылуға тиіс: алдымен ҚҚС бойынша тарату декларациясы, содан соң сол күні ҚҚС бойынша есептен шығу туралы салық өтініш тапсырылады.
БКМ-ны есептен шығару
ЖШС-ті тарату алдында бақылау-кассалық машинаны есептен шығару қажет. Есептен шығару келесілердің негізінде жасалады:
- деректерді тіркеу немесе табыстау функциясы бар БКМ болса — фискалдық деректер операторының мәліметтері негізінде;
- деректерді табыстау функциясы жоқ БКМ болса — бақылау-кассалық машинаны есептен шығару туралы салық өтініші негізінде.
БКМ-ны есептен онлайн түрде келесі сілтемелер бойынша шығаруға болады:
Банк шоттарын жабу
ЖШС-тің банк шотын жабу үшін банк бөлімшесіне бару керек. Мүмкіндік болса, шот ашылған бөлімшеге баруға тырысу керек. Бірақ кейбір банктер ондайды талап етпейді.
Шотты қалай жабуға болады:
- шотты жабу туралы өтініш беру;
- банк қызметі үшін төленбеген қарыздарды өтеу;
- қаражат қалдығын шешіп алу;
- банк карталарын, чек кітапшасын және OTP-карталарды тапсыру;
- шоттың жабылуы туралы анықтама алу.
Тарату балансын тапсыру
Тарату балансын салық тексеруі аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде беру керек. Оны дайындау кезінде ЖШС келесі шарттардың барлығына сәйкес келетінін тексеру керек:
- салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешек жоқ;
- салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұл мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомалары жоқ;
- есепке жатқызылатын қосылған құн салығы қайтарылуға жататын, есепке жазылған салық сомасынан асқан жоқ;
- кеден органдары алатын кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдар мен өсімпұлды есепке жатқызуды және олардың қате төленген сомаларын қайтаруды жүргізуге арналған орындалмаған салық өтініштері жоқ.
Аудит қорытындысының нәтижелері бойынша тарату
ЖШС-тің жекелеген категориялары аудит қорытындысының нәтижелері бойынша жабыла алады. Ол үшін келесі шарттардың барлығын бір уақытта орындау керек:
- талап қоюдың ескіру мерзiмi кезеңіндегі түзетулерді есепке алғанда, жылдық жиынтық кірістерінің жалпы сомасы 150 000 АЕК-тен аспауға тиіс;
- қызметті тоқтату туралы салық өтінішін ұсынылған күнге дейін 20 күн ішінде берілген салықтар бойынша аудит қорытындысы болу керек;
- талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жекелеген қызмет түрлерімен айналыспау керек.
Талап қоюдың ескіру мерзімі — бұл құқық бұзылған жағдайда сотқа беруге болатын мерзім. Ол азаматтардың құқықтары бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күнінен басталады. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес талап қоюдың ескіру мерзімі 3 жыл.
Егер аудит барысында төленбеген салық, бюджетке төленетін төлем немесе әлеуметтік төлем табылса, оларды 10 күнтізбелік күн ішінде төлеу керек.
Мөрді жою
Мөр ең соңғы кезекте жойылады. Оны істеудің алдында мөр қойюды талап ететін барлық құжаттарға мөр басып шығу керек. Мөрді жою үшін мөр жасайтын компанияларға барып, мөрді жою туралы акт алу керек.
ЖШС-ті оңайлатылған тәртіпте жабу
ЖШС-ті оңайлатылған тәртіпте жабуға болады. Бұл жағдайда толық салықтық тексеруінің орнына камералық бақылау жүргізіледі. Камералық бақылау таратуға кететін уақытты әлдеқайда қысқартады.
Камералық бақылау — бұл салық есептілігі мен салық төлеуші туралы мәліметтерді тексеретін салық бақылауының түрі. Ал табылған бұзушылықтарды салық төлеуші өз бетімен түзете алады.
ЖШС-ті оңайлатылған тәртіпте жабу үшін келесі шарттардың барлығын бірдей орындау қажет:
- ҚҚС бойынша есепте тұрмау;
- жекелеген қызмет түрлерімен айналыспау;
- ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге арналған арнаулы режимді қолданбау;
- қайта құрылмаған болу;
- салық тексеруі жоспарында болмау.
Егер компания барлық шарттарға сәйкес келсе, салық органына келесі құжаттарды бір мезгілде тапсыру қажет:
- қызметті тоқтату туралы салық өтініші;
- тарату есептілігі;
- аралық тарату балансы;
- БКМ-ны есептен шығару туралы салық өтініші.
Барлық тарату есептілігінде берілген салықтар, аударымдар мен төлемдерді есептіліктің өзін бергеннен кейін 10 күн ішінде төлеу керек.
Салық органы тарату туралы өтінішті қабылдаған күннін кейін 3 күн ішінде банктерде, кеден органдарынан және уәкілетті мемлекеттік органдардан компания туралы мәліметтерді сұратады. Мәліметтер 20 жұмыс күні ішінде жиналып, содан соң 10 жұмыс күні ішінде камералық бақылау жүргізіледі.
Содан кейін камералық бақылау нәтижелері мен салық, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша есептердің дұрыс-қателігін растайтын қорытынды беріледі.
Егер камералық бақылау барысында бұзушылықтар табылса, салық органы оларды жою туралы хабарлама жібереді. Оған 5 жұмыс күні беріледі.
Егер ЖШС бұзушылықтарды уақытында жоймаса немесе олармен келіспесе, салық органдары стандартты тәртіптегі тексеру жүргізеді. Ондай тексеру бұзушылықтарды жоюға берілген мерзім өткеннен кейін, немесе компания табылған бұзушылықтармен келіспеушілік көрсеткеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде басталады.
ЖШС-ті eGov арқылы жабу
ЖШС-ті онлайн түрде egov.kz порталы арқылы жабуға болады. Оны шағын және орта бизнес тегін жасай алады, ал ірі бизнес пен қоғамдық бірлестіктер 6,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуге тиіс.
Ол үшін не істеу керек:
- порталда ЖШС-тің бірінші басшысының ЭЦҚ-сы көмегімен авторизациялану
- «Басты бет» → «Бизнеске» → «Бизнесті тіркеу және дамыту» → «Бизнесті тіркеу және жою» қосымша беттеріне өту
- «Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару» қызметін таңдау
- өтінімді толтыру
Өтінімге келесі құжаттарды тіркеу керек:
- ЖШС-ті тарату туралы газетке берілген хабарландырудың сканерленген көшірмесі
- ЖШС-ті тарату туралы шешімнің мөр басылған және сканерленген көшірмесі
- мөрді жою туралы анықтама
Өтінім 5 жұмыс күні ішінде өңдеуден өткеннен кейін, заңды тұлғаның қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеу туралы бұйрық шығады.
ЖШС қай кезде таратылған болып саналады
ЖШС-тің мемлекеттік тіркеуі тоқтатылғаны туралы мәлімет Ұлттық БСН тізіліміде пайда болған уақытта компания өз қызметін тоқтатты деп саналады.
Компанияның жарғылық қызметі мен жеке құрамы туралы құжаттар мұрағатқа тапсырылуға тиіс. Ол үшін мемлекеттік мұрағатшыны шақтырып, құжаттарды түгендеп, Ұлттық (мемлекеттік) мұрағатқа тапсырылатын құжаттаманы алу қажет.
Қалған құжаттар мен есептіліктерді жою керек. Құжаттарды жою тәртібі мемлекеттік емес ұйымдар үшін ешқалай бекітілмеген.