Aspan: әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіппен айналысу
Ерекше адамдармен жұмыс істеудің айрықшылықтары
Aspan тігін шеберханасында сегіз тігінші жұмыс істейді, оның бесеуі — мүгедек әйелдер. Ерекше адамдармен жұмыс істеудің өз нюанстары бар: олармен тіл тауып, жұмысқа бейімдеп, ұжымға сіңіп кетулеріне көмектесу керек, бірақ соңында өзіңіз де шаршап кетпесеңіз болды. Мұндай бизнестің қандай қиындықтары бар, адамдарға қалай көмектесуге болады және оған күш-қуат қайдан келетіні туралы әлеуметтік кәсіпкер Әйгерім Жаналинова әңгімелеп берді.
Бизнес идеясының пайда болуы
Бұл әңгіме 2018 жылы басталды. Отыз жасқа таяп қалғанымда күйеуіммен ажырасып, депрессияға батып, өмірімнің мәнін қайта іздей бастадым. Ойыма: «Ары қарай енді не істейін? Таңертең не үшін оянып жүрмін?» деген сұрақтар келе берді, мен үшін ол да бір өтпелі кезең болды. Оған дейін бес жылдай үйлену тойына арналған көйлектер салонымен айналысып жүргенмін, оған да шабытым таусылып қалды.
Бір кезде мен Эмин Әскеровтың (Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының төрағасы. — Автордың ескертпесі) әлеуметтік кәсіпкерлік курстарын таптым. Aspan жобасын да сол курс аясында сынақ ретінде, жай ғана қағаз бетінде ойлап таптым да, бұл әлеуметтік жоба, біріншіден, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды жұмыспен қамту проблемасын шешетін болады, ал екіншіден, қоршаған ортаны қорғайтын болады, яғни біз табиғи ыдырайтын маталармен жұмыс істейтін боламыз деп жаздым. Содан кейін бұл жобаны неге шынымен де жүзеге асырмасқа деп ойладым.
Aspan жобасының мәні
Біз саяхатшыларға арналған брендпіз. Мен өзім саяхаттауды жақсы көретіндігімнен, шетелде Қазақстанның стильді ұлттық айдентикасы аса жоқ екенін байқап қалдым. Ал егер мен бірдеңенің жоқ екенін көрсем, оны тез арада қолға алып, орнын толтыруға тырысамын. Осылайша, шабадандардың тыстары, шопер сөмкелер, киімге арналған тыстар сияқты бұйымдарымыз жарық көрді.
Сондай-ақ, біз көйлектер, худилер, спортқа арналған костюмдер, сыртқы киім, бас киімдер, корпоративті тапсырыстар бойынша тігілетін киімдер, т.б сияқты киім тігеміз. Тігін жағынан біз өте әмбебап әрі икемді шеберханамыз: тапсырыспен түскен кез келген затты тігіп, сұраныс болған жаққа жылжып отырамыз.
Біз үшін сапалы бұйым тігетін, әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес болып істеудің маңызы зор. Жұртта халықтың әлеуметтік осал категорияларына байланысты стереотип көп: көпшілік олар туралы сапалы өнім жасай алмайды деп ойлайды. Бірақ біреудің тауарларымызды аяғанынан сатып алғаны бізге керек жоқ. Біздің бұйымдармен мақтануға болады, оларды сыйға тартуға да ұят емес.
Әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына қосылу
Тігін ісін бастау
Алдында бізде бір-ақ тігін машинасы болды. Онымен жұмыс істеуге тігу және пішу қабілеті бар құлағы естімейтін тігінші алдық. Ал 2019 жылы мен «Бизнес Бастау» грантына өтініш беріп, 3 млн теңге ұтып алдым. Ол ақшаны құрал-жабдыққа жұмсадым, бір жұмыс орнына бір тігін машинасын қою керек деген есеппен бірнеше тігін машинасын және сурет басатын аппарат сатып алдым. Жұмысқа екінші тігінші тұрды, содан кейін үшіншісі келді, төртіншісі де қосылды, осылайша біз өсе бастадық.
Кейін өзім үтік пен оверлок машинасын сатып алдым, оған тағы 2–3 млн теңге кетті. Бұдан кейін біз басқа ешқандай қаржыландыру бағдарламаларына қатысқан жоқпыз, сол бір грант жетіп қалды.
Бизнесті дамытуға грант ұтып алу
Тігін өнеркәсібін ашуға қажет негізгі құрал-жабдық
Егер сізге бір-ақ тігін машинасы жететін болса, онда 1,5–2 млн теңгедей қажет болады. Құрал-жабдықтардың орта есеппен алғандағы құны мынадай:
- тігін машинасы — 250 мың теңге;
- үтік — 300 мың теңге;
- оверлок машинасы — 300 теңге.
Үш тігін машинасымен жұмыс істеу үшін бір үтік пен бір оверлок жетеді.
Ақша табу
Қазір біз онлайн саудаға көп көңіл бөліп, бұйымдарымызды бүкіл Қазақстан аумағына жеткіземіз. Астанадағы Keruen City СОСО-да орналасқан Fashion Park шоурумында көптеген қазақстандық брендтер сатылады, біздің офлайн дүкеніміз де сонда орналасқан.
Біз өзімізді аса қатты жарнамаламаймыз, көпшілік бізді жәрмеңкелер мен көрмелер арқылы таниды. SMM менеджеріміз бар, блогерлер де байқап отырады. Сондай-ақ, бізде бөлшек сауда және корпоративті клиенттер бар. Бөлшек саудаға шағын шоурум мен банк маркетплейсі жатады. Ал табысымыздың негізгі бөлігін қонақ үйлер, банктер, спорт ұйымдары сияқты тұрақты корпоративті клиенттер әкеледі.
Біздің бағаларымыз өте қол жетерлі. Бұйымдардың құны матаның, фурнитураның, басып шығару шығындарының, еңбекақылардың, цехты жалдау ақысының қосындысынан тұрады. Ал салық жеңілдіктерін біз мүлдем пайдаланбаймыз, себебі әлеуметтік проблемаларды шешумен қатар, экономикаға да үлес қосқымыз келеді.
Бірақ шеберхананы кеңейтіп, жұмыс көлемін ұлғайту үшін білікті мамандар жетіспейді. Бұрын фабрика ашқым келген еді, ал қазір Астанада сонша адам жоқ екеніне және инфрақұрылымның аса дамымағанына көзім жетіп отыр. Біз жергілікті тауар сатушыларды таба алмай, маталар мен фурнитураға дейін барлық материалдарды шетелден тапсырыс беріп сатып аламыз.
Ерекше жұмыскерлермен жұмыс істеу
Aspan шеберханасындағы жұмыскерлердің көп бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Олармен қарым-қатынас құрудың өз ерекшеліктері бар, оларды әрдайым ескеріп отыру керек.
Біздің ең алғашқы тігіншіміз өте тәжірибелі болды. Ол тігу жағынан да, пішу жағынан да нағыз шебер болды, екі адамның жұмысын жалғыз өзі алып кететін. Өкінішке қарай, ол командада туған даулардың кесірінен кетіп қалды: құлақтары естімейтін адамдар өз беттерімен жақсы жұмыс істегендерімен, ұжымға өте қиын бейімделіп, бір-бірімен аса тіл табыса алмайды.
Бірақ ол бізге сапа деңгейін, жылдамдық пен нәтиже деңгейін орнатып кетті, мен оған ол үшін өте ризамын. Ол бізге мүмкіндіктері шектеулі адамдар да жақсы жұмыс істей алатындарын дәлелдей алды.
Жаңа жұмыскерлерді бейімдеу
Біз жұмыскерлерді тәлімгер көмегімен бейімдейміз, ол тәжірибелі жұмыскер жаңадан келген жұмыскерді үйретіп отырады деген сөз. Жұмыскердің жұмысқа лайық екендігін тексеру үшін тағылымдама жүргіземіз. Бізде бөлек оқыту кабинеті де, бос уақыт та жоқ, сондықтан да, тігіншілер жұмыс орнында тәжірибе алып, жұмысқа кірісіп кетеді.
Біз оларды жауапты орындарға бірден қоя салмаймыз. Бес жылдың ішінде жұмысты толықтай тәртіпке келтіріп, қателерді азайтуға тырысамыз. Сондықтан да, алдымен біз адамның тігу қабілеттерін тексереміз де, жұмысқа бірте-бірте кірістіре бастаймыз: алдымен құралдарды сүртетін, мата кесетін, жүгіртпелерді тағатын көмекші ретінде қоямыз. Солай-солай тапсырмаларды күрделілендіре береміз де, соңында тігін машинасының алдына.
Міндеттерді бөлу
Міндеттер тігіншінің тәжірибесі мен дағдыларына сәйкес бөлінеді. Үлкен кәсіпорындарда біреулері қалта жапсыратын болса, екіншілері сыдырма тігіп жатады. Біздің қыздар бұйымдарды түгелінен алады. Біреуі шабаданға арналған тыстарды жақсы тіксе, екіншісі әдемі шоперлер тіге алады.
Бірақ қыздардың барлығы сегіз қырлы, бір сырлы: әрқайсысы тіге де алады, піше де алады. Егер мата пішетін қыз ауырып қалса, тігінші өзі керек затын пішіп алады. Шағын кәсіпорындарды бірін-бірі ауыстыра алатын жұмыскерлер жұмыс процессін қатты құтқарады.
Ұжымдағы қарым-қатынас проблемалары
Алғашқыда жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынас көп киыншылық тудырды. Ерекше жұмыскерлер бір-бірімен аса тіл табыса алмайды. Мысалы, бірде мен жұмысқа келгенімде, екі тігіншінімнің жұмыс құралы үшін таласып жатқанын көрдіп. Екеуін татуластыру үшін психолог пен сурдоаудармашы шақыруға тура келді. Қазір командамыз тұрақтанды, біз бірнеше жыл бойы бірге істеп келе жатырмыз. Жиі-жиі тимбилдинг өткізіп, психологпен жұмыс істеу арқылы көптеген дау-жанжалдарды шеше алдық.
Сонымен қатар, ерекше адамдар директордан басқа адамдарды басшы санамайды. Ал бизнес өссін десеңіз, күнде қайталана беретін жұмысты басқа біреуге тапсыру керек қой. Мен жұмысқа бірнеше рет өндіріс директорын алып көріп едім, бірақ алдымен ұжым ішінде тартыс туды, ал кейін оның әрекеттерінен шығынға батып кеттік. Өндіріс директоры ірі тапсырыс алып, біз оны үш рет жасап әлек болдық. Мен қайта-қайта мата сатып аламын деп көп ақша жұмсадым. Содан бері барлығын өзім істейтін болдым. Бизнесті кеңейткім де келеді, бірақ әзірше қолымнан келмей жатыр, себебі жұмысқа өзім кірісіп отыруым қажет, әрі ерекше адамдармен жұмыс істеуге кез келген адам шыдай алмайды.
Қызметкерлерден шабыт алу
Көптеген әлеуметтік кәсіпкерлер уақыт өте келе шаршай бастайды. Мен болсам жұмыскерлерімнен шабыт аламын: олар өз ерекшеліктеріне қарамастан, бізбен бірге өсіп келе жатыр.
Біздің қыздар жетістіктерге жетіп жатыр деп те айтуға болады. Олардың жанұялары, балалары бар, олар үнемі жаңа бірдеңені үйреніп отырады, спортпен де айналысады. Біз армандарымызды картаға жазып, алдымызға «пәтер алу», «көлік алу» деген сияқты мақсат қойдық, қазір қыздар сол мақсаттарына ақырындап жетіп жатыр. Тимбилдингтер де өткіземіз. Мысалы, 8 наурызда арт студиясына барып сурет салдық, ал жаңа жылда үстелге қоятын әшекейлер жасадық. Сонымен қатар, ең үздік тігіншіге арналған «Жыл қызметкері» сыйақысы да бар. Ол 100 доллар шамасындағы кішігірім ақша, бірақ қалай болса да, қыздардың көңілдерінен шығады. Ең бастысы, мен оларға жақсы жалақы төлеп отырамын.
Жақында бізге Қалима деген тігінші жұмысқа тұрды. Ол кішкентай кезінен естімейді екен, оған қарамастан, жұмысқа әрдайым күлімсіреп, көңілді болып келетін. Бірақ бір жұмадан кейін жұмысқа келіп, жылай бастады. Не болды десек, оның үйі өртеніп жатыр екен, ал үйінде екі кішкентай баласы мен түні бойы таксиде істеп, демалып ұйықтап жатқан күйеуі қалыпты. Күйеуі де естімейді екен. Сөйтіп, Қалима жұмыстан сұранып, үйіне қайтып барып, өт сөндірушілерді шақырды. Сол кезде мен оның қалай күн көріп жатқанын, қандай көмек керек екенін білгім келіп кетті. Біз оның соңынан барып, жағдайы нашар, әрі енді жанып кеткен «времянкада» тұрып жатқанын көрдік.
Біз оған киім апардық, тамақ апардық, ақша да жинадық — шамамен 700 мың теңгедей шықты. Бірақ оның құрбылары оны намыстандырып, біраз айыптады, себебі мүгедек адамдар көмек сұрауды ұят санайды екен. Сонымен қатар, біз Қалиманың тістері жоқ екенін біліп, дәрігер тауып, тіс салдырдық. Содан кейін пәтер табуға көмектесіп, балаларын балабақшаға тегін тұрғызып бердік. Бір жаны ашыған адам оларға тіпті жаңа көлік те сыйлады. Қалима мен күйеуінде 3 млн теңгеге жуық кредиттері бар екен, қазір екеуі олардың барлығын жауып, жақсы тұрып жатыр.
Қалима үкіметтен көмек күтіп, сол «времянкада» жанұясымен тұрып жатқанына көп болыпты: үкімет үйлеріне арнайы мамандар барып, олардың қандай жағдайда тұрып жатқандарын түсіріп алатынына уәде берген екен. Ақырында оларға ешкім де бармапты, тіпті өрттен кейін түк көмек келген жоқ. Ал әлеуметтік кәсіпкерлер тек қана жұмысқа тұрғызып қана қоймай, жұмыскерлердің жағдайларын да жасауға тырыды.