Бизнес туралы мақалалар

Қытай сауда алаңдарында жеткізушілерді іздеу

Сауда алаңы мен жеткізушіні таңдап, алғашқы партияға тапсырыс беру

Қытай сауда алаңдарында жеткізушілерді іздеу
Жазира Марат

Жазира Марат

сериялық кәсіпкер, тауар бизнесі саласындағы сарапшы

Мақаланың мазмұны

Қытайлардың шығармайтыны жоқ, қазақстандық кәсіпкерлер қай тауашаны таңдаса да, жеткізушіні қытай нарығында таба алады. Тілдік кедергіге және басқа да қиындықтарға қарамастан, үйден шықпай-ақ сенімді контрагент табу және жұмыс барысын ұйымдастыру қиын, бірақ шешілетін мәселе. Мұны қалай жасау керектігін осы мақалада рет-ретімен қарастырайық.

Қытай сауда алаңдары

Қытайда жеткізушіні табудың ең оңай жолы — оларды танымал қытай сауда алаңдарында іздеу. Белгілі «Алиэкспресс» және «ТаоБао» сияқты сайттар бөлшек саудаға арналған. Кәсіпкерлер тауарды көбінесе 1688 және «Алибаба»-да сатып алады — мұнда тауарды үлкен көлемде алуға болады.

1688.com сайтында тауар сатып алу

Бұл зауыттар, фабрикалар және алыпсатарлар кездесетін қытай маркетплейсі. Бірақ кәсіпкерге өндірушілермен тікелей, үшінші тарапсыз байланысу керек. Бұны қалай істеуге болады?

Сайтта тек зауыттардың ұсыныстарын көрсететін сүзгі бар — іздеудің жоғарғы жағындағы басты бетте 找工厂 деген иероглифті басу керек, мұнда 找 «табу» және 工厂 зауыт немесе фабрика дегенді білдіреді. Немесе тікелей осы сайтқа өту керек.

Келесі қадам сенімді жеткізушілерді таңдау болады. Сайтта көптеген нұсқалар шығады, бірақ барлығына сене беруге болмайды. Назар аударатын бірінші нәрсе — компанияның профилі және оның рейтингі. Сатушының парақшасына өтіп, компанияның порталда тіркелгеніне қанша жыл болғанын, қызметкерлердің санын, кәсіпорынның ауданын, көрсетілген деректердің сайттың өзі немесе тәуелсіз тараптың тексергенін көру керек. Мұнда ең маңыздысы жеткізушінің деңгейі: өте жоғары класс (AAA), жоғары (АА), орташа (А), орташадан төмен (BBB), ең төменгі (BB). «АА» жеткізушілерін таңдауға тырысыңыз. Сондай-ақ қайтару пайызы 20% артық емес жеткізушілерді таңдауды кеңес береміз.

Мысалы, сізге балаларға арналған тауарлар қажет дейік. Тауарды тауып, сатушының парақшасына өтіңіз. Тауар карточкасының астында сатушының бір партиясы кем дегенде бес тауар жиынтығынан тұратынын көресіз. Жеткізуші сайтта бес жыл тіркелгені жақсы көрсеткіш, соңғы айда оның тауарды қайтару пайызы 40% — бұл да жаман емес. Дүкеннің атына бассаңыз, жалпы рейтингі «АА» екенін көруге болады — бұл да жақсы көрсеткіш болып саналады. Киімнің балаға қалай жарасатынын бейнеден көруге болады. Дүкенде басқа тауарларды да таңдауға болады.

Егер барлық көрсеткіштер көңіліңізден шықса, жеткізушіге жазып, келісе беруге болады.

Маркетплейстің функционалдығы толығымен қытай тілінде болғандықтан, жеткізушілермен байланысу үшін «Яндекс Аудармашы» немесе Google Translate қызметтерін пайдалану қажет. Қарапайым сөйлемдер жазған жөн.

Қазақстандық Visa немесе Mastercard картасын қосып, онымен тікелей төлем жасауға болмайды. Сауда алаңы тек қытай карталарын қабылдайды. Төлеу үшін қазақстандықтар Alipay қытай төлем жүйесінде шетелдік төлқұжатпен ғана тіркелуі қажет. Картаны тек брокерлер арқылы немесе криптовалютамен толтыруға болатыны ыңғайсыз. Брокерлер айырбастау бағамы бойынша 2-3 теңге үстіне қосып береді (мысалы, ресми бағам бойынша 1 юань 66 теңге тең болса, брокерлер 69 теңге алады).

Сонымен қатар, 1688 тек Қытай ішінде ғана жұмыс істейді, яғни оларда экспорт лицензиясы жоқ. Тауарды Қазақстанға әкелу үшін жеткізушіге өзінің қытай картасымен төлем жасап, тауарды қабылдап, өз атына экспорт құжаттарын рәсімдеп, жүкті сізге жіберетін көлік компаниясын немесе каргоны табу керек. Олар делдал бола алады.

Біздің телеграм арнамыздан 1688 сайтынан тауарларды сатып алуға арналған чек-листті жүктеп алыңыз.

alibaba.com сайтында сатып алу

Бұл қытайлық танымал сайт, мұнда өндірушілердің өздеріне қарағанда тауарларды жоғары бағамен қайта сататын сауда компаниялары көбірек. 1688-мен салыстырғанда «Алибаба» қымбатырақ.

Бірақ бұл сайтпен пайдалану оңай, өйткені орыс тіліндегі нұсқасы бар, сонымен қатар кәсіпкер тауарды үлкен көлемде тікелей Қазақстанға тапсырыс бере алады. Сауда алаңының көлік лицензиясы бар, сондықтан көлік компаниясын, карго және делдалдарды іздеудің қажеті жоқ, тауар елге тура келеді.

Орыс тіліндегі қаптама мен нұсқаулықты ұсынатын сатушылар бар, олардың көпшілігінде экспорт құжаттары болады.

Жеткізушіні іздеу кезінде сүзгілерді баптауға болады. Мысалы, тексерілген сатушыны табу үшін «Verified Поставщик» («Тексерілген жеткізуші») белгісін қою керек — бұл белгі тәуелсіз ұйым жеткізушіні тексергенін білдіреді және ол туралы есепті парақшасына өтіп, көруге болады. Сол есептен жеткізушінің түрін (өндіруші немесе сауда компаниясы), жұмысшылар санын, құрылған жылын, негізгі тауарларын, сонымен қатар кәсіпорынның бейне және фотосуреттерін көруге болады. Бұл ақпараттың барлығы «Обзор компании» («Компанияға шолу») парақшасында қолжетімді.

Тапсырысты қазақстандық Visa немесе Mastercard картасымен тікелей төлеуге болады. Жеткізу де тікелей, бірақ қымбатырақ шығады.

Қытай жеткізушілерімен келіссөздер жүргізу тәртібі

Тауар таңдағаннан кейін жеткізушілермен келіссөздер басталады. Егер сіз онлайн-аудармашының көмегімен өзіңіз сөйлесуді жоспарласаңыз, бірнеше жайттарды ескеру қажет. Қытай тілі — қиын тіл, бір таңбаның бірнеше мағынасы болуы мүмкін. Қысқа да, бір буынды тіркестерді қолданған дұрыс — «Сізде бұл тауар бар ма, жоқ па айтыңызшы» дегеннің орнына «Тауар бар ма?» деп жазыңыз. Аударманың сәйкестігін тексеру үшін осылай істеуге болады: сөз тіркесін қазақ тілінен ағылшын тіліне, содан кейін ағылшын тілінен қытай тіліне, содан кейін қытай тілінен қазақ тіліне аударыңыз.

Келесі жайттарды сұраған жөн:

  • Қаптамамен бірге тауардың нақты салмағы. Сайтта тауар салмағы 300 грамм деп көрсетілсе, шын мәнінде ол 500 грамм болуы мүмкін, онда Қытайдан Қазақстанға жеткізу қымбатырақ болады.
  • Қаптаманың түрі целлофан немесе картон қорап па. Орыс немесе қазақ тіліндегі қаптаманың бар-жоғын сұраңыз. Әйтпесе, олар мүлдем қаптамасыз немесе қытай тіліндегі нұсқауларды жіберуі мүмкін.
  • Қоймадағы тауарлардың саны. Үлкен көлемде өндіреді ме, жоқ болса, тауарды өндіру қанша уақыт алады. Мысалы, сіз 100 данадан тұратын бірінші партияға тапсырыс беріп, оны тез сатсаңыз, ал келесі партия жеткізумен бірге бір айдан кейін ғана дайын болуы мүмкін.
  • Тауардың шынайы фотосуреттері. Сатушылар сайтта кәсіби фотосуреттерді орналастырады. Сәйкессіздіктерді болдырмау үшін тауардың шынайы фотосуретін сұраңыз.
  • Қосымша фотосуреттер. Тауар карточкасында немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызда пайдалануға болатын жоғары сапалы, түпнұсқа, кәсіби фотосуреттерді сатушыдан сұрап алсаңыз болады.

Жақсы сатушы тез жауап беріп, қаптамаға, дизайнға, таңбалауға жеңілдіктер жасауға дайын болады, өз тауар нұсқаларын ұсына алады және басқа сатып алушылардан оң пікірлері болады.

Делдал керек пе

«Алибаба»-дан тауар сатып алуға делдал керек емес, ал 1688-тен тапсырыс беру үшін міндетті түрде керек. Кем дегенде, делдал тауардың ақысын төлеп, жіберуге көмектеседі. Делдал келесі функцияларды атқара алады:

  • Тауарды жібермес бұрын тексеру. Топтамадағы кейбір тауарлар жарамсыз болып шығуы мүмкін, мысалы, 100 үтіктің 10-ында ақауы бар. Делдалсыз, кәсіпкер мұны тауар келгенде ғана көреді, яғни уақыт пен ақшасын жоғалтады.
  • Брендингпен көмектесу. Өз брендін құрғысы келетін бөлшек саудагерлер өндіріс процесіне мұқият болуы керек. Делдалдар таңбалауды және барлық шарттардың сақталуын бақылауға алады және компанияның Қытайдағы мүдделерінің өкілі ретінде әрекет ете алады.
  • Тауарларды заңды түрде сату үшін құжаттармен көмектесу. Делдал сатушының экспорт лицензиясының бар-жоғын тексереді.
  • Ассортимент туралы айтып беру. Делдал зауыттармен жұмыс істегендіктен, өндірушілердің жаңа өнімдері туралы біледі.
  • Басқа елде сауда жасайтындарға тауарды тікелей қажет елдегі маркетплейстің қоймасына жеткізеді.

Маркетплейстер

Сенімді делдал кәсіпкер үшін барлық жұмысты жасай алады, уақытты үнемдеп, сапалы тауарды табуға көмектеседі, бірақ оған төлеу керек. Әдетте делдалдар тауар құнының шамамен 10%-ын алады. Оның үстіне олардың арасында алаяқтар да бар.

 

Қытайда жеткізушіні табу уақыт алады. Жеткізушіні таңдаған кезде оның рейтингіне, басқа сатып алушылардың пікірлеріне және келіссөздер кезінде сөйлеген сөзіне назар аударыңыз. Тауардың үлкен партиясына бірден тапсырыс бермеңіз, тауардың сапасы мен жеткізу уақытын тексеру үшін аз партиядан бастаңыз. Делдал көмегіне жүгініңіз — оларға кеткен шығындар өтеледі және жосықсыз жеткізушілерден қорғайды.