Бизнес туралы мақалалар

Тауар тасымалдаудың ең тиімді жолы

Қытай, Түркия, ТМД елдерінен және Еуропадан жүк жеткізуді ұйымдастыру

Тауар тасымалдаудың ең тиімді жолы
Саят Бейсенов

Саят Бейсенов

Silkway Transportation компаниясының негізін қалаушы

Мақаланың мазмұны

Дұрыс ұйымдастырылған логистика шығындарды азайтады, бизнеске пайда әкеледі. Шағын кәсіпорындарға логистика мәселелерін, яғни тауарларды немен, қалай және кім арқылы тасымалдау керектігін, көбінесе өз бетінше шешуге тура келеді.

Логистиканың негізгі мақсаты — жүкті көп шығындалмай жеткізу. Әрбір кәсіпорынның өз логистика тапсырмалары бар. Мысалы, шикізат импорттаушы компания кеден рәсімдеуін өткізетін және құжаттар дайындайтын көлік компаниясының қызметін қажет етеді, ал қала ішінде тәтті тағамдар жеткізетін шағын дүкенге курьер қызметі жеткілікті.

Тауар тасымалдауға тиімді көлік

Шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін автомобиль көлігі жүк тасымалдаудың оңтайлы жолы болып қала береді, өйткені ол жылдам, арзан және сенімді. Автофураның жүк көтергіштігі 20 тоннаны құрайды.

Егер жүк көлемі одан да көп болса, онда теміржол көлігін таңдаған дұрыс. Теміржол көлігі тиімді тәсіл болып келеді, себебі бір вагонмен 63 тонна жүк тасымалдауға болады.

Егер кәсіпкерге жеткізу құнына қарамастан тауарды тезірек жеткізу маңызды болса, онда ол әуе жеткізілімін таңдайды. Жеткізу 3–7 күн алады, жеткізу уақыты тауар жиналатын орынға байланысты. Салмақ пен өлшемдерге қойылған шектеулер де бар — әуе көлігінің 1 шаршы метріне түсетін жүктеме 400 кг-нан аспауы керек.

Жеткізу құны жүктің бағытына, жеделдігіне, салмағы мен көлеміне байланысты. Мысалы, тауарды ұшақпен жеткізу қымбатырақ, бірақ жылдамырақ болады, ал автокөлік арқылы арзанырақ, бірақ ұзағырақ болады.

Төлем әдетте жүкті алғаннан кейін төленеді, немесе алдын ала 50% мөлшерінде жүзеге асырылады. Өлшемсіз жүктерді тасымалдау үшін жоғарылатылған коэффициент қолданылады. Жүкті қайта өлшегеннен кейін соңғы құнын нақтылау маңызды, себебі ол алдын ала айтылған бағадан жоғары болуы мүмкін.

Жүк жөнелту

Жүкті әр түрлі тәсілмен тасымалдауға болады, ол тауардың құны мен кауіпсіздігіне әсер етеді. Клиент фрахт автосын таңдағанда, оған қосымша тиеусіз жеке вагон бөлінеді. Көліктің сыйымдылығы мен тоннажы әр түрлі болуы мүмкін — 500 кг-нан 20 тоннаға дейін. Мұндай тәсіл жүктің қауіпсіздігіне алаңдап, оны бір көліктен екіншісіне ауыстыруды қаламаған кезде таңдалады. Жүкті бір көлікпен жеткізу тәсілі уақыт үнемдейді және қауіпті, сынғыш немесе өлшемсіз жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді.

Шығындарды азайту үшін логистика компаниялары көбінесе клиенттерге жүктерді біріктіруді ұсынады — олар жүктің бірнеше партиясын бір фураға, вагонға немесе жүк бөліміне жинап, жеткізеді. Егер кәсіпкердің тауар топтамасы шағын болса, оған жинақталған жүк жіберген тиімді болады. Бұндай әдіс тауарды бөлек көліккпен бірікпей жібергенге қарағанда бес есе арзан. Егер жүк сынғыш болса, онда кәсіпкер көлік компаниясынан бұл көлікпен тағы қандай тауар тасымалданбақ екенін және жөнелтілген жүк қондыру станцияларында басқа көлікке қайта тиеледі ме екенін анықтауы керек, өйткені жүк басқа көлікке ауыстырылып тиілсе, зақымдалуы мүмкін. Тасымалдау құнын үнемдеу үшін оны өз бетімен алдын ала орап жіберуге болады, немесе көлік компаниясына жүкке қосымша қауіпсіздік шаралары қажет екені туралы хабарлауға болады.

Қаптама түрлері

Тасымалдау кезінде жүкті дұрыстап орау маңызды. Компаниялар клиенттерге қаптаманың бірнеше түрін ұсына алады:

  • Палет тақтасы — ол биіктігі өзгертілетін ағаш контейнер. Жүк биіктігі 2 м дейін, ұзындығы 1,15 м дейін, ені 0,75 м дейін, салмағы 1 тоннаға дейін болуы керек. Паллет тақталарын әуе тасымалына алуға болмайды, және компанияға қайтарып беріледі. Ал тасымалдау құны 25%-ға артады.
  • Қатты қаптама (ағаш жәшік) — сынғыш, ірі және өлшемсіз жүктерге жарамды. Биіктігі 2 метрден аспауы керек. Бұл қаптама түрін шағын көлемді жүктерді тасымалдауға пайдаланылмайды, себебі ол жүк салмағы мен көлемін арттырады. Қатты қаптама да тасымалдау құнын 25%-ға арттырады.
  • Көпіршікті пленканы жүкті қаптаманың ішіне қосымша бекітуді қажет болған кезде және сынғыш тауар жеткізу кезінде таңдауға болады. Оны қаптаманың басқа түрлерімен біріктіруге болады.
  • Картон қорап салмағы 35 кг-ға дейінгі шағын жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылады.
  • Паллеттеу — бұл жүктерді паллеттерге орналастырып, пленкамен орау әдісі. Паллеттің салмағы шамамен 25 кг болады, ал оның жүк көтергіштігі жүктің қалай жайғастырылғанына байланысты 1000–1500 кг құрайды.

Қытай мен Түркиядан тауар жеткізу

Бұл елдермен бизнес жүргізетін көптеген кәсіпкерлер тауарды өз бетімен жеткізбей, көлік-логистика компанияларының қызметін немесе карго жеткізуі қызметтерін пайдаланады.

Карго жеткізуі — бұл әр түрлі тауар партиялары бір автофурамен немесе темір жол контейнерімен бірнеше адамға жеткізілетін топтастырылған тасымалдау әдісі. Егер кәсіпкерге кез келген тауардың 200 кг-ын тасымалдау қажет болса, онда ол тұтас контейнер жалдамай-ақ қойып, контейнерішінен орын сатып ала алады. Карго жеткізуі арқылы неше түрлі заттар тасымалданады: киім, аяқ киім, құрылыс материалдар, электроника, жиһаз, автокөлік бөлшектері және т.б. Мұндай жүк тасымалдау түрі Қытай мен Түркияда кең таралған. Тауар жеткізу мерзімі екі аптаға созылады.

Логистика компаниясы жеткізуге байланысты барлық мәселелерді шеше алады: жүкті жеткізушіден қоймаға қабылдау, қаптау, қабылдау орнына жеткізу, кеден рәсімдеуінен өткізу, ілеспе және рұқсат құжаттарын дайындау, т.б. Кәсіпкер бұл жағдайда жүкті дайын құжаттарымен қабылдай салады.

Тасымалдаушыны таңдау

Жаңадан бастаған кәсіпкерлер елге тауар импорттаудың «сұр» схемаларына тап болмас үшін тасымалдаушыны мұқият таңдауы керек. Мұндай тасымалдаушылар әртүрлі тапсырыстар жинап алып, кеденде барлығын біртұтас өнім, мысалы, құрылыс материалдар ретіде декларациялайды. Егер кеден қызметкері таныс адам болса, көлік шекарадан өтіп кеткенде, кәсіпкер тауарды ешқандай құжатсыз қабылдап алады. Мұндай заңсыз ынтымақтастық тәуекелге толы — тауар шекарада тәркіленуі мүмкін, ал қолда ешқандай құжат болмағандықтан өтемақы алу да мүмкін болмай қалады.

Осы схема бойынша жұмыс істейтін компанияның белгілері:

  • мәміле шарттары бекітілген келісімшарт жоқ,
  • басқа көлік компанияларымен салыстырғанда бағасы төмен,
  • жүктің жай-күйі мен жұмыс тәртібі туралы ақпарат берілмейді.

Тәртіппен жұмыс істейтін компаниялар шарттары, тараптардың жауапкершілігі және жеткізу мерзімдері бекітілген келісімшарт жасайды. Сондай-ақ, мұндай компаниялар жүкті шекарадан өткізіп, кеден рәсімдеуімен айналысады. Осы жолмен Қытай мен Түркиядан әкелінген тауарларды кәсіпорын балансына қойып, қайта сатуға болады.

Ресейден, ТМД-ның басқа елдерінен және Еуропадан жүк жеткізу

Ресей, Беларусь және ТМД-ның басқа елдерінен тауар жеткізу үшін көлік-логистика компанияны табу керек. Кәсіпкер алдын ала төрт құжат дайындайды — ол тауар-көлік жөнелтпе құжат, тауарларға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ), CMR халықаралық тауар-көлік жүкқұжат және көлік жөнелтпе құжаты. Көптеген логистика компаниялары барлық қажетті құжаттарды дайындап, рәсімдеуге дайын.

Содан кейін логистика компания жүктің орналасқан жеріне, көлеміне және салмағына қарап ең ыңғайлы бағыт пен көлікті таңдайды. Көбінесе, ол автомобиль немесе теміржол көлігі болады. Содан кейін компаниямен келісім-шарт жасалып, әр тасымалға өтінім жасалады. Жеткізу уақыты жеткізу бағытына байланысты 7 күннен 20 күнге дейін алады.

Қазақстан аумағына жеткізу

Қазақстан аумағына жеткізуге азырақ құжат талап етіледі — кәсіпкерге тек тауар-көлік жөнелтпе құжаты мен көлік жөнелтпе құжаты қажет. Ал қалған процедуралар халықаралық тасымалмен бірдей.

Қазақстан аумағына жүк тасымалдайтын стандартты газельдің нақты өлшемдері бар — ұзындығы 4 м, ені мен биіктігі 2 м. Көлемі — 16 текше метр. Егер жүк көлемі 1 текше метр орын алып жатса, логистер қалған 15 текше метрді басқа тапсырыстармен толтырады. Тапсырыс болмаған жағдайда, газель сол бағытта жүретін кез келген жүкпен толтырылады, немесе компания қосымша тапсырыстарды күтеді де, жүк кешігіп жеткізіледі.

Жүк шағын қалаларға көлікпен ауыстырып тиеу пунктіне дейін жеткізіледі, содан кейін компания оны қалаған пунктке жеткізу үшін көбінесе басқа көлік іздейді.

Логистика компаниясын таңдау

Қазақстанда әр түрлі тапсырыстарды орындайтын ондаған ірілі-ұсақты көлік компаниялары бар. Дұрыс таңдау жасау үшін жүк тасымалдаушыны беделі, ұсынылған шарттары, кепілдіктері, тарифтері бойынша бағалау керек.

Ірі жүктерді тасымалдауды ЖШС ретінде тіркелген және бір жылдан астам жұмыс істеп тұрған компанияларға сеніп тапсырған дұрыс. Офисі, қызметкерлері, заңгері, ресми сайты және нақты оң пікірлерінің болуы да маңызды.

Жүкті Мәскеуден Алматыға бір күнде жеткізіп беремін деген компанияларға сенбеу керек. Көбінесе, бұл алаяқтар сияқты әрекет ететін жосықсыз компаниялар — олар жүкті алып кетіп, оны қайтару үшін ақша талап етуі мүмкін. Кәсіпкер тасымалдың нақты мерзімдеріне назар аударуы керек — көлік жүретін маршрут бойынша шамамен қашықтықты бағалап, үстіне бір күн резерв қосу керек.

Сонымен қатар, сенімді тасымалдаушы клиентке кепілдіктер береді, мысалы, жеткізудің нақты мерзімі, жол жүру уақыты, жеткізуді кешіктіргені үшін салынатын айыппұлдар және форс-мажорлық жағдайлар көрсетіледі. Егер мұндай құжаттама ұсынылмаса, бұл логистика компаниямен ынтымақтасу қауіпті.

Кейбір жағдайларда жүкті сақтандыру қажет. Әдетте, тасымалдаушылар жүктің құны 2 мың доллардан асатын болса, оны сақтандыруды ұсынады. Бірақ көлік-логистика компания бәрібір жүктің сақталуын қамтамасыз етуге міндеттенеді. Кейбір көлік компаниялар жүк дұрыс оралмаса, оған жауап бермейтінін келісімде ұсақ әріптермен жазады. Қаптаманы компаниямен алдын ала талқылап, қажет болған жағдайда оған қосымша ақы төлеген дұрыс.

Мамандарға жүгіну қажет болған жағдайлар

Қазақстанда 100 кг-ға дейінгі жүктер тасымалдайтын компаниялар DELLA, Fa-Fa.kz және inDriver сияқты қызметтерді пайдалана отырып, логистиканы өз бетінше ұйымдастыра алады.

Егер жүктің салмағы 100 кг-нан асса, онда логистика компанияға сенген дұрыс.

Халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде салмаққа қарамай келісім-шарт бойынша жүкке толық жауап беретін және трек нөмірі арқылы жүктің жүру жолын қадағалайтын көлік компаниясын таңдаған жөн.


Логистика ұйымдастыру ісін жаңа бастаған кәсіпкерге қиын болуы мүмкін. Шығындарды азайту және пайданы арттыру үшін ең қолайлы маршрут пен көлікті таңдау керек. Қай көлікпен жүру жүк көлеміне байланысты және тасымалдау құнына әсер етеді. Шағын және орта бизнес үшін автокөлік ең тиімді нұсқа болып табылады, ал көлік және логистика компаниялар тауарларды қауіпсіз және уақытында жеткізуге көмектеседі.