Мүгедектігі бар қызметкерді жұмысқа алу кезінде ескеретін жайттар
Ерекше жұмыс шарттары мен төленетін салықтар

Мақаланың мазмұны
Жұмыс беруші мүгедектігі бар адамдарға жайлы жұмыс орнынан бастап икемді жұмыс кестесіне дейін арнайы жағдайлар жасауға міндетті. Жеңілдіктер, төленетін салықтар мен қажет құжаттар туралы осы мақалада қарастырайық.
Бизнеске қарастырылатын жеңілдіктер
Компанияларға мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 2%–4% дейінгі мөлшерде квоталар белгіленген. Бұл дегеніміз, жұмыс беруші компанияның штатына байланысты мүгедектердің тиісті пайызын жалдауға міндетті: егер 50–100 жұмысшы болса — 2%, 101–250 жұмысшы — 3%, 251-ден астам жұмысшылар болса — 4%.
Мемлекет жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын құруға және жалақы төлеуге кететін шығындарын субсидиялайды:
- алғашқы 12 айда — жалақының 70%, бірақ 30 АЕК-тен (2025 жылы 117 960 теңге) артық емес
- 13 айдан 24 айға дейін — жалақының 65%, бірақ 30 АЕК-тен артық емес
- 25 айдан 36 айға дейін — жалақының 60%, бірақ 30 АЕК-тен артық емес
ЖК және ЖШС арнайы жұмыс орындарын құруға мемлекеттік субсидия ала алады, бірақ бірқатар шарттарды сақтау қажет:
- мүгедектігі бар қызметкер компанияда кемінде бір жыл жұмыс істеуі керек
- жұмыс берушінің жалақы мен салық бойынша қарыздары болмауы керек
- мүгедекке арналған жұмыс орны оның қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталуы тиіс
- жалақы лауазымға сай жалпы негізде төленеді
Субсидия алу үшін ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін келесі нысан бойынша Enbek.kz арқылы келесі жылға өтінім беру қажет. Өтініммен қоса банк шоты туралы анықтама және жұмыс орнын жабдықтауға арналған смета беріледі. Өтінім мақұлданғанып, жұмыс орны дайын болғаннан кейін, еңбек мобильдігі орталығы компанияға мүгедектігі бар қызметкерді жібереді.
Мүгедектігі бар қызметкерлердің құқықтары
Жұмыс орнының жабдығы
Мүгедектігі бар адамды жалдау кезінде оған еңбек жағдайларын жасау маңызды. Жұмыс орны қызметкердің жеке қажеттіліктерін ескеруі керек — бұл еңбек шартында тіркеледі. Көру және есту қабілетінің толық жоғалуы бар, кресло-арбамен жүріп–тұратын мүгедектігі бар адамның бекітілген жұмыс орнының стандарттары бар. Олардың ішінде:
- тифлокешендер және басқа бейімделген техника
- ымдау тілі аудармашысы
- кеңсе мен жұмыс аймағының ыңғайлы орналасуы
- санитарлық және гигиеналық нормаларды сақтау
Ғимаратқа ыңғайлы кіруді қамтамасыз ету де маңызды — пандустарды жабдықтау, ыңғайлы кіру аймақтарын жасақтау, кеңсенің жанында мүгедектігі бар адамдарға арналған көлік қоятын тұрақты орындарды бөлу.
Еңбек тәртібі
Мүгедектігі бар қызметкерді жұмысқа алу кезінде келесі ережелерді ескеру қажет:
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс аптасы 36 сағаттан аспауы керек, ал жұмыс күні 7 сағаттан аспауы керек; III топтағы мүгедектігі бар адамдарға мұндай шектеулер жоқ, олармен кәдімгі еңбек шартын жасауға болады
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың кемінде 6 күн қосымша ақылы демалыс алуға құқығы бар. Оларды мерзімнен тыс жұмысқа тартуға болмайды, іссапарға және түнгі жұмысқа тек жазбаша келісімін алып, медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана жіберуге болады
- мүгедектігі бар адамды оның келісімінсіз жұмыстан шығаруға немесе басқа қызметке ауыстыруға болмайды, тек денсаулық жағдайы қазіргі жұмысты орындауға мүмкіндік бермесе ғана ауыстыруға болады
- штатты қысқарту кезінде мүгедектігі бар адамдардың жұмыс орнында қалуға басым құқығы бар
Жалақы
Жалақы қызметкердің біліктілігіне, жұмыстың күрделігі мен көлеміне, сондай-ақ жұмыс уақытының ұзақтығына байланысты. Егер мүгедектігі бар қызметкер қысқартылған кесте бойынша жұмыс істесе, онда оның жалақысы толық жұмыс істейтін әріптестеріне қарағанда төмен болады. Бұл кемсітушілік емес.
40 сағаттағы толық жұмыс уақыты үшін белгілі бір лауазымда 200 000 теңге жалақы қарастырылған делік. I немесе II топтағы мүгедектігі бар қызметкер қысқартылған кесте бойынша жұмыс істейді, мысалы, аптасына 36 сағат. Яғни, қызметкерге жұмыс істеген уақыты үшін 180 000 теңге төленеді.
Бұл тәсілден басқа, жұмыс беруші сағат бойынша жалақыны белгілей алады. Бұл жағдайда жалақы нақты жұмыс істеген сағаттар негізінде есептеледі, ал жұмыс жағдайлары еңбек шартында жазылады.
Төленетін салықтар
Мүгедектігі бар жұмысшыларға салық есептеу кезінде ерекшеліктер бар.
Жеке табыс салығы (ЖТС)
Барлық үш топтағы мүгедектігі бар қызметкерлердің ЖТС бойынша 882 АЕК (2025 жылы 3 468 000 теңге) мөлшерінде қосымша стандартты шегерімге құқығы бар.
Әлеуметтік салық (ӘС)
Әлеуметтік салық бойынша жеңілдіктер қарастырылмаған, мүгедектігі бар қызметкерлердің табыстарына жалпы ережелер бойынша әлеуметтік салық салынады.
- оңайлатылған ЖШС және ЖК төлемейді
- жалпыға бірдей белгіленген ЖК 1 АЕК (2025 жылы 3 932 теңге) төлейді
- жалпыға бірдей белгіленген ЖШС — 11% х (еңбекақы − МЗЖ − МӘМСЖ) − ӘА
- қызметкерлерінің кемінде 51%-ы тірек-қимыл аппараты, есту, сөйлеу немесе көру қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін арнайы ұйымдар ӘС-тан босатылады
Әлеуметтік аударымдар (ӘА)
Әлеуметтік аударымдар бойынша жеңілдіктер де қарастырылмаған. Жалпы ережелер бойынша 5% мөлшерінде есептеледі.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ)
Егер I немесе II топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, онда МЗЖ аударылмайды, қалған жағдайларда — стандартты 10% мөлшерінде ұсталады.
Жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ)
Егер I немесе II топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленсе, онда ЖМЗЖ аударылмайды, қалған жағдайларда — стандартты 2,5% мөлшерінде ұсталады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС, МӘМСЖ)
Жұмыс беруші мүгедектігі бар қызметкерлер үшін МӘМС мен МӘМСЖ аударымдарын төлемейді, өйткені бұл мемлекеттің міндеті.
Мүгедектігі бар қызметкерді жұмысқа алу тәртібі
Компаниялар мүгедектігі бар қызметкерлерді өз қалауы бойынша квотасыз және мемлекеттік қолдаусыз жұмысқа алуға құқылы. Мүгедектігі бар қызметкерді жұмысқа алу барысы кәдімгі жалдаудан айырмашылығы жоқ:
- Мүгедектік туралы анықтама алу — бұл құжат мүгедектің тобын көрсетеді
- Жұмыс кестесінің ерекшеліктері жазылған еңбек шартына қол қою
- Жұмыс орнын дайындау — қызметкерге ерекше жағдайлар қажет болуы мүмкін
Салынатын айыппұлдар
Белгіленген жұмыс орындарының квотасын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар: бірінші рет — ескерту жасалады, бір жыл ішінде жағдай қайталанып жатса — 5 АЕК–тен 10 АЕК–ке дейін айыппұл (2025 жылы 19 660 теңге 39 320 теңгеге дейін) салынады.
Егер жұмыс беруші мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдаудан негізсіз бас тартса немесе оның еңбек жағдайларын нашарлатса, ал ол өз жұмысын атқара алатын болса, бұл денсаулық жағдайына байланысты кемсітушілік ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл үшін компания әкімшілік жауапкершілікке тартылады — 30 АЕК–тен 100 АЕК–ке дейін (117 960 теңгеден 393 200 теңгеге дейін).
Жұмыс беруші электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындарының болуы туралы ақпаратты орналастыруы тиіс. Мүгедектігі бар қызметкерді жалдау кезінде оған белгілі бір еңбек жағдайларын ұйымдастыру қажет, ал мемлекет өз кезегінде жұмыс орнын жабдықтау және жалақы төлеу шығындарының бір бөлігін өтеп береді.