Қызметкерді жұмысқа алу тәртібі
Қызметкерлерді компанияға алу, оған қажет құжаттар және еңбек шартында ескерілетін жайттар
Мақаланың мазмұны
Бизнес айналымы неғұрлым өсе бастаса, жұмыс процесстерін ұйымдастыруға соғұрлым көп адам қажет болады. Қызметкерлер компанияда заңды түрде жұмыс істеулері үшін оларды штатқа орналастыру керек. Мұның ең қиын жағы — лайықты жұмыскер тауып, онымен сұхбат өткізуде ғана, ал жұмысқа тұрғызудың ресми тәртібін біз осы мақалада толығырақ айтатын боламыз.
Жұмысқа қабылдау тәртібі
Қызметкер қабылдау стандартты тәртібіне мыналар кіреді:
- жұмысқа қабылдау туралы өтініш алу;
- жұмыскердің жеке құжаттарын сұрау;
- еңбек шартын жасасу;
- материалды жауапкершілік туралы шарт жасасу (ондай жауапкершілік қызметкердің міндеттеріне кіретін болса);
- жұмысқа қабылдау туралы бұйрық жасау;
- қызметкерге лауазым нұсқаулығын беру.
Қызметкер құжаттарының тізімі
Бұл құжаттар еңбек шартын жасасу үшін қажет.
- ҚР азаматтарынан — жеке куәлік;
16 жасқа толмағандардан — туу туралы куәлік;
шетел азаматтарынан — паспорт және ЖСН; - білім алу, біліктілік санатын көтеру және кәсіби дайындықтан өту туралы дипломдар, куәліктер, сертификаттар;
- еңбек кітапшасы, ұсыным хаттар (стажы болса);
- әскери билет немесе әскерге шақыру бөлімшесіне тіркелу туралы куәлік (әскери қызметке міндеттілер үшін);
- медициналық тексеруден өту туралы анықтама немесе санитарлық кітапша (медициналық куәландыруді өтуге міндеттілер үшін);
- мекенжай анықтамасы;
- соттылығының жоқтығы туралы анықтама (кәмелеттік жасқа толмағандарға байланысты білім беру, тәрбиелеу, демалыс және сауықтыру шараларын ұйымдастыру, дене шынықтыру және спорт, медицинамен қамтамасыздандыру, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және өнер салаларында жұмыс істейтіндерге).
Жұмысқа қабылдау туралы өтініш
Бұл болашақ қызметкердің жұмыс берушіден оны қызметке қабылдауды сұрайтын құжат. Өтініш компания басшысының атына жазылады. Оның мәтінінде қызметкердің толық аты-жөні, лауазымы, жұмысқа кірісу күні, өтінішті толтыру күні және қызметкердің қолы болуға тиіс. Өтінішті еркін нысанда жазуға болады.
Еңбек шарты
Еңбек шарты — бұл жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалатын келісім, онда екі жақтың құқықтары мен міндеттері, еңбекақы мөлшері, жұмыс тәртібі, еңбек демалысының кестесі және басқа да жұмыс шарттары бекітіледі.
Еңбек шартын қалай жасасуға болады
- онлайн — қызметкер мен жұмыс берушінің ЭЦҚ-мен растау арқылы «Электрондық еңбек биржасында»;
- қағаз нұсқада — қызметкермен бірге қол қою керек, бірақ оны кейін бәрібір enbek.kz сайтында Еңбек шарттарын есепке алу бірыңғай жүйесінде жұмыс берушінің ЭЦҚ-мен растау арқылы тіркеу керек болады.
Шартта не болуға тиіс
Еңбек шартының басқа келісімшарттардан айырмашылығы — жұмыскерге байланысты келесі шарттардың бекітілуінде:
- еңбек міндеттері;
- еңбек тәртібі;
- еңбекақы мөлшері.
Аяғы ауыр әйелдер, кәмелеттік жасқа толмағандар, 3 жасқа толмаған балалары барлар және мүгедек адамдар еңбек шартын жасасып, жұмысқа орналасуға құқылы. Барлық тыйымдар мен шектеулер Еңбек кодексінде бекітілген.
Еңбек шартының міндетті тармақтары
- жұмыс берушінің реквизиттері:
- жеке кәсіпкерліктер — жұмыс берушінің аты-жөні, жеке куәлігінің нөмірі мен берілген күні, ЖСН;
- ЖШС — компания атауы, мекенжайы, мемлекеттік тіркеу туралы құжат нөмірі мен берілген күні, БСН;
- Қызметкер реквизиттері: аты-жөні, мекенжайы, жеке куәлігінің немесе паспортының нөмірі және берілген күні, ЖСН;
- лауазымы;
- жұмыс орны;
- шарт мерзімі;
- жұмысқа кірісу күні;
- жұмыс және демалыс кестесі;
- еңбек ақысын төлеу шарттары;
- еңбек ету шарттары (зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтіндер үшін кепілдіктер мен жеңілдіктер);
- жұмыскердің құқықтары мен міндеттері;
- жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
- шартқа өзгертулер енгізу және шартты бұзу тәртібі;
- қызметкерге кепілдіктер мен өтемақылар төлеу тәртібі;
- қызметкерді сақтандыру шарттары;
- қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігі;
- шартты жасасу күні мен оның нөмірі.
Бұл тармақтарға өзгертулер енгізу үшін, мысалы, қызметкердің мекенжайын, еңбекақы мөлшерін немесе жұмыс кестесін өзгерту үшн қосалқы келісім жасасу қажет. Ол құжатқа да екіжақты қол қойып, үстіне компания мөрін басу қажет. Оның бір нұсқасы жұмыс берушіде қалып, екінші нұсқасы қызметкерге табыс етіледі.
Материалды жауапкершілік туралы шарт
Егер қызметкерге оның лауазымына байланысты мүлік, құндылықтар немесе ақша тапсырылатын болса, онда онымен толық материалды жауапкершілік туралы шарт жасасқан дұрыс болады.
Материалды жауапкершілік — бұл қызметкердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде жұмыс берушінің мүлкіне, өніміне, қаражатына және басқа да құндылықтарына зиян келтірілген жағдайда өтемақы төлеу міндеті.
Қызметкердің жұмысы оған тапсырылған мүлікті сақтауға, өңдеуге, сатуға, тасымалдауға, қолдануға және тағы басқа түрлі пайдалануға байланысты болса, онымен материалды жауапкершілік туралы шарт жасалады. Онда тараптардың міндеттері, қызметкердің жауапкершілігі және жұмыс беруші мен жұмыскердің реквизиттері мен қолтаңбалары бекітіледі.
Жұмысқа қабылдау туралы бұйрық
Бұйрық — бұл қызметкердің жұмысқа қабылданғанын растайтын ресми құжат. Бұйрықты компания басшысы шығарады. Оған еңбек шартындағы мәліметтер жазылуға тиіс:
- қызметкердің аты-жөні;
- қызметкер жұмыс істейтін бөлімше атауы;
- лауазымы;
- жұмысқа кірісу күні;
- еңбекақы және басқа да жұмыс үшін төленетін ақылардың шарттары;
- сынақ мерзімінің ұзақтығы (қажет болса).
Лауазым нұсқаулығы
Бұл құжат қызметкердің міндеттерін толықтай сипаттау үшін қажет. Ол жұмыскерлердің міндеттеріне байланысты туған даулар мен келіспеген жайдайларды сот арқылы шешерде, қызметкерлерді аттестаттауда, сынақ мерзімінде жұмыстан шығаруда немесе штатты қысқарту кезінде қажет болып қалуы мүмкін. Лауазым нұсқаулығы міндетті құжат түріне жатпайды, сондықтан да жұмыс берушілердің кейбіреуі оны қажет етпейді.
Қызметкер үшін төленетін салықтар мен төлемдер
Штаттағы қызметкер саны және олар үшін төленетін төлемдер компанияның салық режиміне байланысты.
Жеке кәсіпкерлік:
- жалпыға бірдей белгіленген режимде — 250 адамға дейін;
- оңайлатылған режимде — ЖК иесімен қоса 30 адамға дейін;
ЖШС:
- жалпыға бірдей белгіленген режимде — қызметкер саны шектелмеген;
- оңайлатылған режимде — 30 адамға дейін;
- тіркелген шегерім пайдаланылатын режимде — 50 адамға дейін;
- бөлшек салық режимінде — 200 адамға дейін.
Салық салу тәртібі туралы біздің басқа мақалаларымызда оқыңыздар.