ЖК-ға декреттік демалысқа шығу
Құжаттарды дайындап, төлемдерді алу
Айжан Қыдырманова
20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер
Мақаланың мазмұны
Жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін әйелдер бала тууына байланысты декреттік төлемдер алуға құқылы. Кәсіпкер қыз-келіншектерге қандай жәрдемақы бар екенін және оларды қалай алуға болатынын, осы мақалада қарастырайық.
Кәсіпкер қыз-келіншек ала алатын төлемдер
Әр босанған әйел жұмыс істейтіне-істемейтіне қарамастан, мемлекеттік бюджет қорынан 38 АЕК (2024 жылы 140 296 теңге) мөлшерінде, ал төртінші және одан кейінгі балаға — 63 АЕК (2024 жылы 232 596 теңге) мөлшерінде нақты бірреттік мемлекеттік жәрдемақы алады.
Оған қоса жұмыс істеп жүрген әйел, оның ішінде жеке кәсіпкер де, тағы екі жәрдемақы ала алады:
- жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылғаны үшін бірреттік әлеуметтік төлем;
- бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлем.
Жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлем
Бұл төлем декрет демалысына шығар алдында бір рет төленеді, жәрдемақы бала туылғанға дейін және одан кейін айырлыған жалақысын өтейді. Басқаша айтқанда, әйел бала туып, декрет демалысына шықпаса, ол тауып жүрген ақшаны мемлекет өтеп береді. Жүктілік және босану демалысы 126 күнге беріледі — бұл мерзімге босанғанға дейін 70 күн және босанғаннан кейін 56 күн кіреді, күрделі босану немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда 140 күн беріледі (босануға дейін және босанғаннан кейін 70 күннен).
Бұл төлемді әйел тек барлық әлеуметтік аударымдарды — МЗЖ, ЖМЗЖ, ӘА, МӘМСЖ-ны төлеген жағдайда ғана ала алады.
Төлем мұндай формула бойынша есептеледі:
Орташа табыс × Еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициенті = Төлем
Соңғы 12 айдағы орташа айлық табысты есептеуді қарастырайық. Мысалы, ЖК бір жыл ішінде қорға табысынан 300 мың теңге төлемдерді қорға аударса, онда орташа табысы 300 мың теңгені құрайды.
Егер төлемдер тек соңғы сегіз айда аударылған болса, онда соңғы жылдағы орта табысы келесідей болады:
300 000 × 8 ай ÷ 12 = 200 000 теңге.
Еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициенті еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндерді 30-ға бөлу арқылы есептеледі. Мысалы, еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге берілген болса, онда 126 ÷ 30 = 4,2 болады, ал күрделі босану күтілсе, онда 140 ÷ 30 = 4,7.
Енді бұл мәндерді формулаға қолданайық:
300 000 × 4,2 = 1 260 000 теңге
1 260 000 теңге – 10% БЖЗҚ = 1 134 000 теңге. Дәл осы соманы әйел жүктілігі мен босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлем ретінде алады.
Бұндай есептеулер бала асырап алған әйелдерге де қолдануға болады.
Тіпті әйелдің табысы айтарлықтай жоғары болса да және олардан барлық әлеуметтік аударымдарды төлесе де, ең көп дегенде ол 7 ЕТЖ-ден (2024 жылы 595 000 теңге) аспайтын төлемді ала алады. Демек, есеп мынадай болады:
595 000 × 4,2 – 10% зейнетақы = 2 249 100 теңге.
Бұл айына 595 мың теңгеден астам табыс табатын әйел алатын ең жоғары төлем сомасы.
Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы
Әйел бұл төлемді баласы бір жарым жасқа толғанға дейін алатын болады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Тез есептеу үшін орташа айлық табысты 0,4-ке көбейтеміз.
Мысалы, соңғы екі жылда ЖК-нің орташа табысы 300 мың теңгені құрады, олардан әлеуметтік аударымдар төленді.
300 000 × 0,4 – 10% зейнетақы = 108 000 теңге
Демек, бұл сома ай сайын ананың банк шотына аударылады.
Еңбекке жарамсыздық парағын алу
Еңбекке жарамсыздық парағы яғни емхана парағы әйел тіркелген емханада беріледі. Әйел босанғанға дейін сонда кез келген уақытта тіркеле алады. Құжат жүктіліктің 30-шы аптасынан бастап, ал ядролық сынақтан өткен аумақтарда тұратындарға — 27-ші аптадан бастап беріледі.
Дәрігер жүктілікке байланысты 126 немесе 140 күнге парағын ресімдейді. Жүктілікке және босануға әрі бала асырап алуға байланысты табысынан айырылу төлемін алу кезінде еңбекке жарамсыздық парағы қажет болады.
Егер кәсіпкер қыз-келіншек декреттік демалысқа шыққанына қарамастан бизнес жұмысын жалғастырып жатса, салық міндеттемелері өзгеріссіз төленіп тұруы керек. Ал егер ЖК жұмыс істемесе, онда қызметті тоқтата тұруға болады.
Жәрдемақылар алуға өтініш беру тәртібі
egov.kz арқылы онлайн өтініш беріп, жәрдемақылар мен төлемдер алынады.
Жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлем алу үшін өтінішті осы сілтеме арқылы беруге болады. Бос өрісін толтырып, еңбекке жарамсыздық парағын бекіту керек. Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі туралы өтініш осы сілтеме арқылы беріледі. Ол үшін алдын ала баланың туу туралы куәлігін алу керек.
Қызметке ЭЦК-мен қол қойылады. Өтініш 7-8 күн қарастырылады. Жәрдемақылар есептелетін «Қазпошта» АҚ немесе «Халық банкі» АҚ-да өтініш берушінің атына ашылған жеке шоттың (IBAN) нөмірін көрсету қажет.
Біржолғы жәрдемақы алатын өтінішті еңбекке жарамсыздық парағы қолда болысымен, бірақ берілген күннен бастап 12 айдан кешіктірмей беруге болады, ал бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша өтінішті — нәресте туылған кезден бастап, бірақ туған кезден бастап 12 айдан кешіктірілмей беруге болады.
Кәсіпкер қыз-келіншек мемлекеттен барлық қажет жәрдемақыларды алу үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып, екі жыл ішінде қорға барлық әлеуметтік аударымдарды төлеп, жүктіліктің 30-шы аптасында емхана парағын ресімдеп, жәрдемақыларды алуға онлайн өтініш беруі керек.