Бизнеске арналған депозиттерден пайда табу

Депозит түрлері және тәуекелдері

Бизнеске арналған депозиттерден пайда табу
Береке Алтаев

Береке Алтаев

product owner Jusan Business

Депозит — бұл пайда табудың тағы бір жолы. Кәсіпкер банкке өз ақшасын салса, банк оны пайдаланғаны үшін үстіне пайыз төлейді. Депозиттер арқылы жеке кәсіпкерліктер де, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де табыс таба алады.

Депозиттің ақшалай салымнан айырмашылығы

Депозит те, ақшалай салым да активтерді сыйақы алу үшін банкке салу тәсілдері. Депозитке берілетін құнды заттар әр түрлі болуы мүмкін: ақша, бағалы қағаздар, бағалы металдар, өнер бұйымдары және тағы басқа, ал салым тек ақшалай болуы мүмкін.

Бұл мақалада біз тек ақша салымдарын қарастырамыз.

Депозит түрлері

Депозит түрлері шарттар мен талаптарға байланысты.

Жинақтаушы депозиті

Бұл теңгелік депозиттер ішіндегі ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бар, ақшаны шешіп алу мүмкіндігі жоқ салым. Бұл депозит ақшасын банкке ұзақ уақытқа салуды жоспарлаған және оны мерзімінен бұрын пайдаланбайуға дайын салымшылар үшін қолайлы.

Кәсіпкер таңдаған салым мерзімі және депозит толықтыру мүмкіндігі пайыз мөлшерлемесіне тікелей әсер етеді, өйткені мерзім неғұрлым ұзақ болса, мөлшерме соғұрлым жоғары болады.

Банктер депозитті бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге ашуды ұсынады, бірақ депозитті бірнеше айға да ашуға болады. Негізгі шарт — ақшаны мерзімінен бұрын қайтарып алуға болмайды, әйтпесе салымшы бүкіл сыйақыдан айырылады. Салымшылардың көпшілігі толықтырылмайтын депозитті бір жылға немесе одан да ұзақ уақытқа ашады.

Мерзімді депозит

Бұл депозитте ақшаны толығымен немесе ішінара шешіп алу мүмкіндігі бар, бірақ ол жағдайда сыйақы мөлшері азайып қалады. Бұндай депозит жоғары мөлшерлеменің арқасында ақшаны тезірек жинауға және аса қажет болған жағдайда ақшаны шешіп алып пайдалануға мүмкіндік береді.

Мерзімді депозиттің жинақтаушы депозиттегідей ең маңызды шарттары — салым мерзімі мен толықтыру мүмкіндігі. Депозитті толықтыру мүмкіндігімен де, толықтырусыз да ашуға болады. Ақша депозитте неғұрлым ұзақ толықтырылмай сақталса, оның сыйақысы соғұрлым көп болады. Бірақ салымшылардың көпшілігі толықтыру мүмкіндігі бар депозитті таңдайды.

Мерзімді депозитті бір айдан астам мерзімге ашуға болады. Стандартты мерзім — бір жыл. Ақша мерзімнен бұрын алынатын болса, сыйақы ішінара сақталады.

Мерзімсіз депозит

Бұл депозитті кез келген уақытта толықтыруға болады және одан төмендетілмейтін қалдыққа дейінгі мөлшерде ақша алуға болады. Оның мөлшерлемесі төмен болады, бірақ келісімшарт бойынша салымшы ақшаны кез келген уақытта ала алады. Мерзімсіз депозит қазақстандықтар үшін ең үйреншікті салым түрі.

Мерзімсіз депозиттердің өз атауына қарамастан қолдану мерзімі бар. Ол пайыз мөлшерлемесін белгілі бір мерзімге бекіту үшін орнатылады. Әдетте, ол бір жылға ашылады, кейін оны ұзартуға болады. Бірақ мерзімге қарамастан, ақшаны кез келген уақытта алуға болады. Депозит мерзімі мөлшерлемеге әсер етпейді, өйткені бұл депозиттің мөлшермесі барлық мерзімдерде бірдей болады.

Қысқа мерзімді депозит

Бұл ақшаны бірнеше күнге немесе тіпті бір түнге салу мүмкіндігі бар заңды тұлғаларға арналған депозит. Бұндай депозитке ақшаны демалыс немесе мереке күндеріне салуға болады. Компаниялар мұндай депозиттен ақша қажет болмай тұрған жағдайда, мысалы, жеткізушілерді күту кезінде, мереке күндері және т.б. жағдайларда жылдам қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкер үшін ең тиімді депозит

Ең тиімді депозит туралы айту үшін компанияның басым мақсаттарын түсіну керек. Егер компанияда ай сайынғы айналымға қатыспайтын ақша болса, онда мерзімді немесе жинақтаушы депозиттерді таңдауға болады, олардың мөлшерлемелері ең жоғары болады.

Депозиттердің салымдары теңгеде және шетел валютасында болуы мүмкін. Шетел валютасындағы ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 1% құрайды.

Депозит тәуекелдері

Банк салымы клиент ақшасын сақтаудың қауіпсіз тәсілі, өйткені депозит ашқан кезде банк ақшаны қайтаруға кепілдік беретін шарт жасасады.

Одан басқа, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жеке кәсіпкерліктер мен жеке тұлғалардың ақшаларының сақталуын қамтамасыз етеді:

  • теңгедегі жинақтаушы салымдардың ең жоғары мөлшермесі 20 млн теңге;
  • жинақтаушы депозиттерден басқа теңгедегі депозиттерде — 10 млн теңгеге дейін;
  • шетел валютасындағы депозиттерде — 5 млн теңгеге дейін.

Бірақ ҚДКБҚ заңды тұлғалардың депозиттеріне, сондай-ақ, ислам банктеріндегі депозиттерге және депозит сертификаттарға кепілдік бермейді.

Депозитті банкте ашу және жабу

Егер жеке кәсіпкерліктің немесе заңды тұлғаның шотында ақша болса, онда депозитті тіркелген кезден бастап онлайн режимінде ашуға болады.

Депозитті жабу үшін жеке кәсіпкерліктер мен заңды тұлғалар банк бөлімшесіне барып, өтініш берулері керек. Депозит 30 күн ішінде жабылады.

Депозит сыйақысынан төленетін салық

Банктен түскен сыйақыдан 15% мөлшерінде корпоративті табыс салығы төленеді. Оны банк бірден ұстап, өзі төлейді. Жеке кәсіпкерліктер мен ЖШС өз бетінше ештеңе төлемейді.

Кәсіпкерлерге арналған депозиттерге байланысты кеңестер:

  1. Салымды шарттарына және толықтыру әдісіне қарап таңдаңыз. Ұзақ мерзімді толықтырылмайтын депозиттердің мөлшерлемелері жоғары болады, ал толықтыру мүмкіндігі бар депозиттердің мөлшерлемелері төмен болады.
  2. Қысқа мерзімді депозитке тек төтенше жағдайларда ғана қажет бола алатын қаражатыңызды салыңыз. Егер компания қорында жинақталған жұмсалмайтын капитал болса, онда жинақтаушы депозит пен мерзімді депозиттерді таңдаңыз, өйткені олардан түсетін пайыз жоғарырақ болады. Мерзімсіз депозитті сақтық қоры ретінде, ал жинақтаушы депозитті кепілдендірілген қайтарылатын қауіпсіз инвестиция ретінде есептеуге болады.
  3. Ықтимал тәуекелдерді азайту үшін салымды бірнеше банкке бөліп салыңыз. Бірақ егер банкке сенімді болсаңыз, онда ақшаңызды бір депозитке салғаныңыз дұрыс, себебі салым неғұрлым үлкен болса, оның пайыздық мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады.