Бизнес туралы мақалалар

Ескірген материал

Бағдарлама шарттары өзгергендіктен, біз 2024 жылғы кепілдіктер жөнінде жаңа мақала жаздық.

Кәсіпкерлерге мемлекеттен кредитке арналған кепілдік алу

Мемлекеттік кепілдік деген не, оны қалай алуға болады және ол қандай жағдайларда қайтарып алынуы мүмкін

Кәсіпкерлерге мемлекеттен кредитке арналған кепілдік алу

Мақаланың мазмұны

Кредит алу үшін банкке кепіл беру керек — бұл қарыздың қайтарылатынына сенімді болу үшін алынатын кепілдік. Егер кредитті өтеу мүмкін болмаса, онда кредит беруші мекеме қарызгерден кепіл мүлкін алып, қарыз сомасын өтеу үшін сататын болады. Банк шарттары бойынша кепіл ретінде көлік, жер учаскесі, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, жабдық және басқа да құны кредит сомасына тең немесе одан да жоғары мүлік саналады.

Ал егер бизнесменде мүлік жоқ болса, бұл мәселені 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы мемлекеттік қолдау арқылы шешуге болады.

Кепілдік деген не

Кепілдік — бұл клиент келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындай алмайтын жағдайда, оның төлемдерін банк немесе мемлекет төлеп шығуына кепілдік беретіні туралы құжат.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша кәсіпкер алған кредитін төлей алмайтын жағдай туғанда, мемлекет оның негізгі борышының бір бөлігін өтеп шығатыны туралы банкке кепілдік береді.

Қолдау көрсету бағдарламасы бойынша кепілдік те алуға болады, кредиттың сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға да болады. Осылайша, мемлекет кәсіпкерлерге кешенді көмек көрсетпекші.

Кепілдік беру түрлері

Ұлттық жоба кепілдік беруді екі бағыт бойынша жүзеге асырады:

  • портфельдік кепілдік беру — микро және шағын кәсіпкерліктерге арналған;
  • индустриялық-инновациялық қызметке қолдау көрсету — экономиканың басым секторларындағы салаларда қызмет ететін кәсіпкерлерге арналған. Ауылдық елді-мекендер мен моноқалалардағы жобалар үшін сала бойынша шектеу жоқ.

Кепілдік қандай мақсаттарға беріледі

Кепілдік инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыру үшін беріледі.

  • инвестициялық мақсаттарға компанияны кеңейту, модернизациялау, сондай-ақ, негізгі құралдар, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдық сатып алу, және еңбек етуге қолайлы шарттар жасау жатады
  • айналым қаражатын толықтыру — бұл тауар сатып алу, жеткізушілермен есептесу, еңбекақы төлеу, үй-жай жалдау, салық төлеу және тағы да басқа мақсаттар

Кепілдік қалай алуға болады

Кепілдік алу үшін бизнеске қолайлы бағдарламаны таңдап, барлық қажетті құжаттарды жинап, банкке хабарласу керек. Банк мамандары кәсіпкердің төлемқабілеттілігі мен қаржыландыру қажеттілігін тексереді де, басқа да стандартты рәсімдерді орындайды.

Содан кейін кәсіпкер «ДАМУ» қорына кепілдік алу туралы өтінім мен банктің кредит беру бойынша қабылданған оң шешімін жібереді. Қор өтінімді 10 жұмыс күні ішінде қарастырады. Оң шешім қабылданған жағдайда кепілдік беру туралы келісімшарт жасалады.

Бизнеске арналған кепілдік беру бағдарламалары

Кепілдік алу үшін кәсіпкердің кредиті арнайы талаптарға сай болуға тиіс.

Портфельді кепілдік беру

Кімге арналған: ломбард, микроқаржы, факторинг, лизинг компаниялары мен (азық-түліктен басқа) саудамен айналысатын компаниялардан басқа микро және шағын бизнеске

Бизнестің қандай салалары кіреді: банк кредиті бойынша — кез келген сала, микроқаржылық ұйымдардың кредиттері бойынша — экономиканың басым секторларындағы салалар

Кредиттің максималды сомасы: инвестициялауға — 20 миллион теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 5 миллион теңгеге дейін

Берілетін кепілдік мөлшері: кредит сомасының 85%-на дейін

Сыйақы мөлшерлемесі: ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесі + 7%

Кепілдік беру мерзімі: кредит мерзімінен аспауға тиіс.

Индустриялық-инновациялық қызметке қолдау көрсету

Кімге арналған: индустриялық-инновациялық қызмет атқарушы кәсіпкерлерге.

Бизнестің қандай салалары кіреді: экономиканың басым секторларындағы салалар. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын есептемегенде, моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді-мекендердегі кәсіпкерлер үшін сала бойынша шектеу жоқ.

Кредиттің максималды сомасы: жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерге 1 млрд теңгеге дейін, жаңа бастаушы кәсіпкерлерге — 360 млн теңгеге дейін.

Кепілдіктің максималды сомасы: жаңа бастаушы кәсіпкерлерге – кредит сомасының 85% мөлшерінде, жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге:

  • 360 млн теңгеге дейінгі кредиттердің 85% мөлшерінде;
  • 600 млн теңгеге дейінгі кредиттердің 70%;
  • 1 млрд теңгеге дейінгі кредиттердің 50%.

Сыйақы мөлшерлемесі: ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесі + 5%,

Кепілдік беру мерзімі: кредит мерзімінен аспауға тиіс.

Кәсіпкердің өз кепілі: кредит мөлшерінің 15%-нан кем емес.

Кәсіпкердің 500 млн теңгеден асатын кредит берілетін жобаға қатысу үлесі: жоба құнының 10%-ын кәсіпкердің өз қаражаты – ақшасы, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкі құрауға тиіс.

Қарастыру мерзімі: 500 млн теңгеге дейінгі кредиттер – 5 жұмыс күніне дейін, 500 млн теңгеден астам кредиттер – 10 жұмыс күніне дейін.

Қандай құжаттар қажет

Банктің кредит беру бойынша қабылданған оң шешімін алғаннан соң, кәсіпкер «ДАМУ» қорына кепілдік алу туралы өтінім беруге тиіс. Құжаттарды дайындау барысында «ДАМУ» қорының менеджерлерінен көмек немесе консультация сұрауға болады.

Құжаттар пакетіне не кіреді:

  • заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы құжат
  • жобаның бизнес-жоспары
  • кәсіпкердің қаржылық қызметтері бойынша құжаттары
  • несиелік берешіктің бар-жоғы туралы, айналым туралы және салық берешегінің жоқтығы туралы анықтамалар
  • банктердегі барлық шоттар туралы деректер
  • жобаны жүзеге асыру бойынша құжаттар (бар болса): келісімшарттар, сатып алу-сату шарттары, ниет шарттары, жұмыс жүргізу және қызмет көрсету шарттары, орындалған жұмыстардың актілері, төлем шоттары, т.б.
  • тауарлардың ЕАЭО-ның бір елінен екінші еліне тасымалданғанын растайтын ілеспе құжаттардың көшірмелері (бар болса)
  • «жасыл жобаның» сыртқы бағалау провайдерінің қорытындысы немесе куәлігі (қызмет түрі «жасыл» жобаларға жататын болса)

Өтінімді онлайн түрде беруге болады

Индустриалық-инновациялық қызметке қолдау көрсету жобасы аясында өтінімді «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беруге болады. Бұл жағдайда мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен салық бойынша берешектің жоқтығы туралы мәлімет жүйеде автоматты түрде шығады.

Қажет құжаттар:

  • бизнес-жоспар немесе жоба бойынша сараптамалық қорытынды
  • ЭЦП көмегімен қол қойылған электрондық өтінім
  • кредиттік бюроға деректерді ұсыну және кредит есептілігін алу туралы келісім
  • дербес деректерді жинау және өңдеу туралы келісім
  • кепілдік сомасы есептелген, кредит немесе қаржы лизингін беру бойынша банктің немесе лизингтік компанияның оң шешімі туралы хаттың электрондық немесе сканерленген көшірмесі
  • заңды тұлғалар үшін — қатысушысының немесе басшысының ЭЦҚ-сымен қол қойылған кепілдік алу туралы шешім

Қор өтінімдерді 10 күн ішінде қарастырады да, шешім қабылдағаннан кейін, кәсіпкерге хаттамадан алынған үзінді көшірме мен банктің ілеспе хатын жібереді.

Кепілдік қандай мақсаттарға берілмейді

Мемлекет субсидияламайтін салалар тізімі:

  • есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет;
  • акцизделетін өнімдерді өндіру және көтерме сату;
  • астық қабылдау орындарында астық сақтау қызметі;
  • ұтыс ойындарын өткізу;
  • құмар ойын бизнесі;
  • радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызмет;
  • банк және сақтандыру қызметі (сақтандыру агенттерінен басқа);
  • аудиторлық қызмет;
  • бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет атқару;
  • кредиттік бюролар;
  • күзет қызметі;
  • азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет;
  • ломбардтар, микроқаржылық және факторингтік ұйымдар, лизингтік компаниялар;
  • моторлы көлік құралдарын өндіру;
  • медициналық мақсатта құрамында спирті бар (бальзамдардан басқа) өнім шығару;
  • кен өндіру және карьерлерді қазу (құм және қиыршық тас өндіретін карьерлерден басқа)
  • акцияларының 50%-нан астамы мемлекетке тиесілі жобалар;
  • «Жекеменшік мекеме» және «Бейкоммерциялық ұйым» меншік нысандарындағы жобалар.

Нені есте сақтау керек

Бүгінгі күні кепілдікті оңай, тез, әрі артық бюрократиямен айналыспай-ақ алуға болады. Ескеретін жайт: жоба аясында алынған қаражатты тек бизнес-жоспарда жазылған мақсаттарға ғана жұмсау керек. Барлық шығын есептілік кезеңдерінде және тексеру барысында растайтын чектер мен жүкқұжаттарды ұсыну керек болған кезде көрінетін болады. Сонымен қатар, қызмет түгелдей ап-айқын болуы үшін уақытында келісімшарттар жасап отырып, төлемдерді шоттан шотқа жүргізіп отырған жөн.

Қаражатты мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда кепілдік күшін жоюы мүмкін.