8 наурыз сайын сәтсіздікке тап болатынбыз
Қарапайым сайттан гүлдер маркетплейсіне дейін

Мақаланың мазмұны
Астаналық Аблайхан Аяпов 11 жыл бұрын өзі сайт құрастырып, жарнама жасау арқылы гүлдерге тапсырыстар жинай бастады. Бүгінгі таңда Guls.kz гүлдер маркетплейсі ай сайын 2 мың тапсырысты өңдеп, бүкіл ел бойынша гүл шоқтарын жеткізеді.
15 мың теңгеден бастадым
Мен Қостанай қаласында туып өстім, 18 жасымда Астанаға көшіп келдім. Гүл сататын дүкен иесінің көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Бір айдың ішінде негізгі процестерді түсініп, өз жобам жайлы ойлана бастадым.
Мен гүл жеткізу сайтын жасауды шештім, оны арнайы құрастырушы арқылы жасап, домен сатып алдым, SEO-ны баптап, жарнама қостым — барлығына 15 мың теңге кетті. Ол кезде онлайн гүл дүкендері іс жүзінде болған жоқ, сайттың өзі үлкен артықшылық берді. Алғашқы тапсырыстар бірден түсе бастады — күніне екі-үш тапсырыс болатын. Бастапқыда мен Астана бойынша жұмыс істедім, кейін бүкіл ел бойынша жеткізіп көруді шештім — гипотезам расталып, тапсырыстар саны өсе бастады. Бірінші жылы күніне 10-ға жуық тапсырыс болған.
Жеткізушілерді өзім іздедім — істеп жүрген гүл дүкендеріне жазып, бізбен ынтымақтастық құруды ұсындым, оларды бағаларына, ассортименті және гүл шоқтарының сапасына қарап таңдадым. Кейін оларға тапсырыстарды беріп, олардың қаншалықты тез және сапалы орындағанын бақылай бастадым. Қазір еліміз бойынша 50-ге жуық жеткізушіміз бар. Біз гүл шоқтарын гүл дүкендері жоқ шағын елді мекендерге де жеткіземіз, жеткізуді курьерлер арқылы ұйымдастырамыз. Жұмыс барысы келесідей өтеді — біз клиенттерден тапсырыс қабылдаймыз да, оны ассортиментіне қарай сенімді жеткізушілерге береміз.
Компанияда аутсорстағы мамандарды есептемегенде 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Штатта сату бөлімі, жеткізушілер мамандары, логисттер, маркетологтар және бухгалтер бар.
Алғашқы жылдары 8 наурызда сәтсіздіктерге тап бола беретінбіз
11 жыл ішінде көптеген қиындықтар болды — басында бұл бизнес табыс әкеле ме деген ойдан бастап карантин кезіне дейін, көптеген дүкендер жабылып жатқанда, біз жұмысты жалғастыруды шештік: курьерлермен келісіп, жеткізуді реттеп, үш есе өстік.
Жұмыстың алғашқы жылдарындағы ең үлкен қиындық 8 наурыз болды. Біз мерекеге бар ынтамен дайындалдық, бірақ алдында не күтіп тұрғанын толық түсінбедік. Қызметкерлерді алып, жеткізушілермен келісіп, жарнаманы қосып, тапсырыстарды қабылдай бастадық. Бірақ 8 наурыздан бір күн бұрын сұраныс біз күткеннен асып түсетіні белгілі болды. Әдетте күніне 100-ге жуық тапсырыс қабылдайтынбыз және біздің жұмысымыз осы санға үйреніп, орныққан еді, ал мереке кезінде бұл сан 5–10 есе артады. Мұндай ағынды өңдеу үшін ұжымды бірнеше есе көбейтіп, қызметкерлерді алдын ала үйрету керек. Оған қоса, бұл сұраныс тек бір күнге ғана болады. Бізге жұмыс қолы жетіспеді. Жаңа қызметкерлер не істеу керектігін бірден түсінбеді, жұмысқа өзім кіріп, тапсырыстарды қабылдауға тура келді. Бірақ сонда да жоғары жүктемені көтеру қиын болды.
Екінші жылы біз қызметкерлер мәселесін шештік, алдын ала менеджерлер санын көбейтіп, оларды оқыттық, бірақ басқа бір қиындыққа тап болдық — жеткізушілердің өзінде гүлдер жетпей қалды.
Бір жылдан кейін біз бұған да дайындалып қойдық — жеткізушілермен біз үшін арнайы гүл тапсырыстары туралы алдын ала келістік. Әр қаланың серіктестерімен ұзақ мерзімді қарым-қатынас қалыптастыру үшін күш жұмсадық — біз оларға сатып алуды көбейтіп, бізге раушан гүлдерінің қосымша партияларын сатып алуға және бөлек сақтау орындарын бөлуге көмектестік.
Төртінші жылы күніне 2 мың адам кіретін сайт 20 мың келушінің жүгін көтере алмай, істен шықты. Сонда бізге қосымша сервер қуатын сатып алуға тура келді. Біздің түсінгеніміз — бизнестің дамуын алдын ала жоспарлап, адамдардың жаппай тапсырыс жасауына дайындалу маңызды.
Жыл сайын біз қателіктерді талдап тұрамыз, күтілетін мәселелерді болжауға тырысамыз. Соңғы жылдары 8 наурыз мерекесі ойдағыдай өтті. Қазір біз бұл күнге сынақ ретінде емес, мүмкіндік ретінде қараймыз — біз өсіп келеміз, жаңа шешімдер іздейміз, қызмет көрсету сапасын жақсартамыз. Өткен 8 наурызда біз күніне 5 мың гүл шоғын жеткіздік.
Шаршаған кезім болды, бірақ қазір бизнесті әрі қарай дамытуға дайынмын
Бірнеше жыл бұрын біз «Империя цветов» атты екінші интернет–дүкенін ашып, ресейлік бизнес-үлгіні сынап көруді шештік. Басында тапсырыстар болмады, бірақ бірте-бірте жұмыс істейтін маркетинг әдістерін тауып, күніне 20-ға жуық тапсырыс қабылдай бастадық.
2022 жылы мен жеке күйзелісте болдым, гүлдерден шаршағанымды сезініп, жұмысымды өзгерту жайлы ойладым. Мен «Империя цветов»-ты сатуды шештім. Жарнаманы Instagram-да жариялап, бірден сатып алушыны таптым — ағам бизнеске қызығушылығын танытты. Қазір ол брендті дамытып жатыр.
Уақыт өте келе мен интернет–маркетинг маған жақын екенін түсініп, жұмысқа жаңа күшпен оралдым. Қазір біз ресей аудиториясына да жұмыс істейміз, Ресейдегі ең ірі 5 маркетплейске дейін өскіміз келеді. ТМД-ның басқа елдеріне, Еуропа мен Америкаға арналған flordex.com атты маркетплейсті іске қостық. Ол қазірдің өзінде жұмыс істейді, бірақ оған инвестиция қажет. Алдағы бес жылда біз бұл жобаға қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа шақыруды жоспарлап отырмыз — бізге бірнеше тілді — француз, неміс, ағылшын, итальян және т.б. білетін қызметкерлер қажет болады.
Әйелдер гүлдерді себепсіз жиі сыйға тартады
Гүл бизнесінің өз трендтері бар. Нарық өзгеруде — шағын офлайн дүкендер жиі жабылып қалады, жаңа ірі гүлдер брендтері мен маркетплейстер шығып жатыр. Клиенттердің қалауы да өзгеруде: егер бұрын олар көбі раушан гүлдеріне тапсырыс берсе, қазір дизайнерлік еуробукеттер, пиондар, пион тәрізді раушан гүлдері және стандартты емес композицияларды ұнатады. Адамдар тек классикалық емес, ерекше гүлдерді сыйлағылары келеді.
Біздің салада мүлдем сауда өтпейтін мерзімдер жоқ. Иә, 20–30% мөлшерінде азаюы мүмкін, бірақ гүлдер әрқашан сыйға тартылады — туған күндерге, мерейтойларға, үйлену тойларына, жүздесулерге. Ең жоғары сұраныс — 8 наурыз мерекесі. Біздің негізгі клиенттеріміз — 25 жастан асқан адамдар. Көбісі гүлдерді ер адамдар сатып алады деп ойлайды, бірақ статистика оның 50/50 екенін көрсетеді. Әйелдер бір-біріне гүлдерді жиі себепсіз сыйлайды, ал ерлер мерекелерге арнап алады.
Бизнестің басты қиындықтары
- Гүлдер — бұл тез бұзылатын тауар. Оларды дұрыс сақтап, қаптап, тез сату керек. Бұл қоймада бірнеше айға қалдырылатын өнім емес, бір апта ішінде гүл солып қалуы мүмкін, бұл қосымша шығындарға әкеледі.
- Кәсіби флористердің жетіспеушілігі — тағы бір мәселе. Көбі флорист болу тек гүлдерді әдемі қылып жинау деп ойлайды, бірақ бұл физикалық тұрғыдан да қиын жұмыс: су шелектерін тасу, күні бойы тік тұру, кейде суықта жұмыс істеу керек. Жақсы маманды табу уақыт алуы мүмкін.
- 8 наурыз сияқты қарбалас мерзімдер болып тұрады, оларға алдын ала дайындалу керек. Бұл күні бүкіл ел азаматтарына шұғыл түрде гүл қажет, бұл көлік кептелісіне, тапсырыстардың кешіктіруіне және шатасуына әкеледі. Бірде бізде күлкілі оқиға болды — курьер біркелкі гүл шоқтарын шатастырып, клиенттің сүйіктісіне арнаған 31 раушан гүлін «Менің сүйікті ботақаныма» деген ашықхатпен басқа клиенттің анасына берді. Клиент бізге ыза болды.
- 8 наурызға орай қызметкерлер табу. Біз жыл сайын қосымша жұмыс ретінде ақша тапқысы келетіндерді жұмысқа аламыз, бірақ былтыр жұмыс істегендер осы жылы жиі келіспейді, өйткені жұмыс көп, жауапкершілік жоғары. Біз тіпті осы күнге арнап ереже шығардық: жүйкені тыныштандыратын дәрі ішу. Қалжыңдап тұрған жоқпын.