Біз 8 наурызға орай қызғалдақ сатып, ақша таптық
Дәл осылай ақша тапқысы келетіндер не білуі керек

Мақаланың мазмұны
8 наурыз қарсаңында гүлдерге деген сұраныс бірнеше есе артады, кәсіпкерлердің көбі мұны ақша табудың жақсы мүмкіндігі деп санайды. 2024 жылы алматылық Дана Искакова да қызғалдақ сатып, пайда тапқысы келді. Кәсіпкер қыз дайындықты қашан бастағанын, қандай қиындықтарға тап болғанын және бизнес жайлы не түсінгенін бізге айтып берді.
Бизнес идеяның пайда болуы
Менің гүл бизнесімен айналысатын құрбыларым бар — олар мейрамханаларды іс-шараларға безендіреді. Олар негізінде кептірілген гүлдермен, кейде жаңа кесілген гүлдермен жұмыс істейді. Әңгіме кезінде маған жылыжайларда өсетін қызғалдақтарға тапсырыс бере бастағандары туралы айтты. Бұл идея мені қатты қызықтырды, мұны сынап көруді шештім. Сол кезде бос уақытым да болды. Көмекке күйеуімді, ағамды және жеңгемді шақырдым.
Біз жеткізушілерді іздей бастадық, Алматыда қызғалдақ өсіретін жылыжайлар қажет болды. Instagram арқылы жеткізушіні таптық, оның парақшасында әдемі сурет пен жылыжайдан түсірілген бейнелер болды, бәрі сенімді болып көрінді. 2024 жылдың қаңтарында біз келісімшарт жасасып, алғашқы төлем жасадық.
Жеткізушіге қатысты бірінші сәтсіздік
Жеткізуші гүлдерді 20-24 ақпан аралығында жеткізуге уәде берді, бірақ белгіленген күн жақындаған сайын қоңырауларға жауап беруді тоқтатты. Кейін байланысқа шыққан еді, бірақ жеткізуді кешіктірді. Нәтижесінде біз гүлдерімізді алдық, бірақ қораптарда басқа компанияның атын байқадық. Солай әр қызғалдаққа 15 теңгеден артық төлеп, алып қайта сататындарға тап болғанымызды түсіндік. Біз әр түрлі сорттардан 800 гүлге тапсырыс бердік. Сатып алуға шығын материалдарын қосқанда 375 мың теңге кетті. Гүлдің бір данасын 290 теңгеден алдық, ал сатқан кезде алдын ала тапсырыс бойынша 350 теңгеден саттық.
Біз сатып алу бағасын төмендету үшін тікелей жеткізушіге шығу керек екенін түсіндік. Ұзақ уақыт іздемей, қораптарда жазылған компаниямен байланысқа шықтық — бұл қаланың көптеген гүлмен айналысатын кәсіпкерлері білетін үлкен жылыжай болып шықты.
Логистика және гүлдерді сақтау барысы
Гүлдердің алғашқы партиясын 20 ақпаннан кейін алдық, ал 8 наурызға таман сатуды бастадық. Гүлдерді қайда сақтайтымызды ойладық: қызғалдақтарды қараңғы бөлмеде 0–7°C температурада сақтау керек. Мұндай жағдайда бүршіктер ашылмай, ұйықтап жатады. Жеке қоймамыз болмағандықтан, біз партияны үйіміздің жертөлесінде сақтауды шештік — бұған бөлменің көлемі мен температурасы жарап тұрды.
Бөлме гүлдердің санына байланысты кем дегенде 5 шаршы метр болуы керек, бірақ кең және кондиционері бар болғаны тіпті жақсы. Мұнда жарық болуы мүмкін, бірақ ең бастысы, күн сәулесі гүлдерге тікелей түспеу керек, әйтпесе бүршіктері ашылып кетеді.
Cондай-ақ гүлдерді дұрыс сақтау керек — оларды әкелгенде қораптарда қалдыруға немесе жай үстелге қоя салуға болмайды, кең ыдыстарды көбірек сатып алып, сонда сақтау керек.
Сату алдында қызғалдақтардың сабағын кесіп, бір күн бойы суға салып, тойғыздыру керек. Бұл маңызды қадам, гүлдер суға тою керек — сонда ғана олардың сабағы күшейеді, жапырақтары қаттырақ болады, ал суға салмаған жағдайда гүлдер солып қалған болып көрінеді. Бірде біз 11 қызғалдақты алдын ала суға қоюды үлгермей қалдық, клиент бір шоқ гүлімізден бас тартты.
Сатудан бір сағат бұрын гүлдерді жарыққа шығаруға болады.
Сауда мен маркетинг
Бірінші жеткізушімен келісімшарт жасасып, алдын ала төлемді жібергеннен кейін, біз клиенттерді іздей бастадық — коммерциялық ұсыныстар жібердік және Instagram желісінде парақша аштық. Алғашқы тапсырыстар таныс және корпоративті клиенттерден келді. Әдетте, компанияларға бірден 30-50 гүл шоқтары керек, әр гүл шоғының ішінде үш–бес гүл болады. Осылайша, біз 800 қызғалдақтың бірінші партиясын тек алдын ала тапсырыс бойынша арқылы сатып қойдық. Кейін тікелей жеткізушіден тағы 600 дана гүл сатып алып, бөлшек саудаға назар аудардық — Instagram және әр түрлі тұрғын үй кешендеріндегі тұрғындардың чаттары арқылы саттық.
Instagram-да таргет жарнаманы қостық — оған үш айдың ішінде 120 доллар кетті. Парақшамызды өзіміз жүргіздік, жеткізушілерден жылыжайда түскен бейнелер мен фотосуреттерді сұрап, жазбаның астында мәтін жазып тұрдық.
Бизнестен түскен пайда
Қызғалдақ бизнесі өте табысты. 8 наурыз қарсаңында біз үстінен 100%, ал дәл 8 наурыз күні үстіне 300% қостық. Мысалы, бір гүлді 290 теңгеден сатып алсақ, 8 наурызда оны 850 теңгеден саттық.
Бірақ қызғалдақ — бұл маусымдық бизнес, онымен тек жылдың басында ғана айналысуға болады. Кез келген маусымдық бизнес сияқты, бұл үлкен жұмысты қажет етеді: қызғалдақтарды зақымдамау үшін оны дұрыс тасымалдау керек, сақтайтын жері дайын болу керек, сол жерде температураны бақылау, суды ауыстырып тұру және сату алдында суға тойғыздыру керек. Бұның бәрін бақылау керек.
Мен өзім бәріне тиянақты қарайтын адаммын. Сегізінші наурыз — бұл үлкен жауапкершілік, адамдар әжелерін, аналарын, әйелдерін, қыздарын, әпкелерін қуанту үшін гүл шоқтарын сатып алады. Клиенттерді жібермеу үшін біз жұмысқа 100% кірістік. 5–8 наурыз аралығында тіпті ұйқыны ұмытып, 1,5–2 сағат ұйықтап алып, қайта жұмысқа кірісетінбіз. Бір сәтте робот сияқты жұмыс істеп, естен адасып кеттік — бүгін қай күн, уақыт қанша, біз не жедік? Сол кезде біз үздіксіз тапсырыстарды қаптау және оларды қабылдау үстінде болдық. Жалпы, біз сатып алуға 700 мың теңге жұмсадық, оған қызғалдақтар, орау қағаздары, ленталар, қайшылар, кескіштер, шелектер және жеткізу шығындары кірді.
Әдетте жеткізуді клиенттердің өздері төлейді, бірақ біз акция жарияладық — 4 наурызға дейін гүл шоғына алдын ала тапсырыс бергенде, жеткізу тегін. Біз Яндекс жеткізумен пайдаланбаймыз деп шештік, гүлдерді өз көлігімізбен тасыдық, бензинге қосымша шығындар болды.
Биыл біз гүлдерді сатып алу уақытын жіберіп алдық. Келесі жылы мүмкін тағы да қайталап көрерміз.
Шығындар:
- сатып алу: қызғалдақтар, қағаз, лента, қайшылар, шелектер — 700 мың теңге
- жарнама — 120 доллар
Үстеме:
- 8 наурызға дейін — 100%
- 7–8 наурыз аралығында — 300%
Кәсіпкерлерге кеңес
Қызғалдақ бизнесі табысты, бірақ көп күш пен уақытты қажет етеді. Негізгі қиындықтар — бұл дайындық барысында адамға түсетін жоғары жүктеме, сақтау және тасымалдау қиындықтары және клиенттер алдындағы үлкен жауапкершілік, мұның бәрі кәсіпкерге қосымша стресс болады. Егер сіз бұған дайын болсаңыз — бастап көріңіз, бірақ барлық қадамдарды мұқият жоспарлаңыз. Бұл орайда берер бірнеше кеңесім бар:
- Дайындықты қазан немесе қараша айларынан бастауға болады — осы кезеңде сіз қызғалдақ сорттарын таңдап, жеткізушілермен келісімшарттарға қол қоя аласыз, 20-30% мөлшерінде алдын ала төлем жасай аласыз
- Жеткізушілерді тексеріңіз — біз бірден тікелей жылыжаймен жұмыс істеген жағдайда, 100–150 мың теңге үнемдейтін едік
- Гүлдерді сақтайтын бөлмені дайындаңыз — сізге кондиционері орнатылған, ішінде шелектері және суға арналған ыдыстары бар кем дегенде 3-4 шаршы метр қажет
- Жұмыс барысын реттеп қойыңыз — суару, сақтау және қаптау жүйесін ойластырыңыз
- Маркетингпен алдын ала айналысыңыз — 3–4 ай бұрын парақша ашып, контент дайындаңыз, жарнама қосыңыз
- Тапсырыстардың көп болатынына және үлкен жауапкершілік танытуға дайын болыңыз.