Гүлдер дүкенін ашу
Қажет жабдық, қызметкерлерді жалдау, тауар сатып алу, бастапқы инвестициялар

Мақаланың мазмұны
Гүл бизнесін ашу романтикалық бастама болып көрінеді — жайлы дүкен, әдемі гүл шоқтары, көңілі толған клиенттер. Бірақ іс жүзінде басқаша болуы мүмкін: гүлдер солып қалады, бақылаусыз қалған сатушылар кассадан тыс ақша жасайды, ал жалдауға кеткен ақша барлық табысты жеп қою мүмкін. Гүл дүкенін ашып, шығындарға батпау жолдары туралы осы мақалада анықтайық.
Дүкен түрін таңдау
Гүл бизнесі әртүрлі болады:
- жол бойындағы киоск — бұнда адамдар жиі өткенімен, чегі төмен болады
- сауда орталығында орналасқан дүкен — бұнда клиенттер ағыны тұрақты болады, бірақ жалдау ақысы қымбат
- интернет-дүкен — жалға алудың ақысы арзан, бірақ сапалы контент пен жарнамаға ақша кетеді
- брендтелген гүл салоны — бұнда чек жоғары болады, бірақ бастапқы кезеңде бизнесті бастау үшін көп ақша керек және маркетинг шығындары бар
Мен 11 жыл бойы гүл бизнесімен айналысып жүрмін, гүлдер маркетплейсін дамытып келемін. Екі қалада офлайн гүл дүкендерін ашқам. Қазір елімізде онлайн сауда және гүлдер саласы қарқынды дамып келеді. Ай сайын біз бүкіл Қазақстан бойынша 2 мыңға жуық тапсырыс қабылдаймыз, сондықтан істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнесті онлайн түрде бастауды кеңес беремін.
Егер сіз дүкенді офлайн түрде ашатын болсаңыз, онда сізге чегі жоғары аймақты таңдау керек. Мысалы, бір раушан гүлін 400 теңгеге сататындардың чегі мен табысы төмен болады. Қазір премиум сегменттің болашағы зор — мұнда адамдар көбірек және жиі гүл сатып алады.
Бизнесті тіркеу
Ең алғашқы қадам — бизнесті тіркеу және салық режимін таңдау. ЖК немесе ЖШС-ның арасында қайсысы тиімдірек екенін түсіну үшін біздің мақаламызды оқыңыз. ЖШС ашу барысы туралы осы сілтеме арқылы білуге болады, ал ЖК тіркеу және салық режимін таңдау үшін келесі сілтеме бойынша ұсынылатын мақалалар көмектеседі:
Бизнес ашпас бұрын дұрыс ЭҚЖЖ таңдау керек. Бөлшек гүл дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде келесі ЭҚЖЖ кодтары қолайлы:
- 47764 — Сауда алаңы 2000 ш.м-ден астам (2000 ш.м. және жоғары) сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендерде гүлдер мен бөлме өсімдіктерін бөлшек саудада сату
- 47761 — Сауда алаңы 2000 ш.м-ден аз сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендерде гүлдер мен бөлме өсімдіктерін бөлшек саудада сату
Кәсіпкерге таңдаған салық режиміне қарамастан, банкте есеп айырысу шотын ашу қажет болады.
Дүкеннің орналасатын жерін таңдау
Орын таңдау — бұл стратегиялық маңызды қадам. Жалпы көлеміне, орналасқан жеріне, тіпті ылғалдылық пен дүкендегі температура деңгейі сияқты жайттарға назар аудару керек.
Жалпы ауданы ең аз дегенде 20 шаршы метрден басталуы керек. Оның көп бөлігін тоңазытқыш алады — онсыз болмайды. Сондай-ақ, флористке арналған орынды, дайын гүл шоқтары тұратын витринаны, қаптаманы сақтауға арналған орынды дайындап қою керек. Жаңа кесілген гүлдер, бөлме өсімдіктері, декор және түрлі сыйлықтар сияқты кең ассортименті бар гүл салонына 50 шаршы метрден астам бөлме қажет болады. Су жүйесі болғаны жақсы, өйткені гүлдердің суын жиі ауыстырып тұру керек.
Дүкенге келетін адам ағына орналасқан жерге байланысты. Ең қолайлы нұсқа — бұл адамдар көп жүретін қарбалас көшелердің бірінен орын табу. Бірақ басқа нысандармен көршілес болу да маңызды — мейрамханалар, зергерлік салондар, сауда орталықтары, кеңселер, ауруханалар жақын болғаны жақсы.
Жалдау келісімшартына қол қоймас бұрын, шығындарды жабу үшін қанша сауда жасау қажет екенін есептеп, сол жерде белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігін бағалау маңызды. Ыңғайсыз жерде арзан бағаға тапқан орын тиімді болып көрінуі мүмкін, бірақ егер клиенттер болмаса, бұндай үнемдеу ақыр аяғында шығынға айналады. Адамдар көп өтетін қымбат орын тек жоғары орташа чек пен ойластырылған маркетинг арқылы өзін ақтайды.
Жалдау келісімшартының ерекшеліктері жайлы осы мақалада жазған болатынбыз.
Жеке тұратын дүкеннің жақсы оқылатын және қалалық дизайн кодының талаптарына сай келетін маңдайшасы болуы керек. Бұл туралы толығырақ келесі мақалалардан оқи аласыз:
Бес жыл бұрын Астанада гүл дүкенін ашып, жағымсыз тәжірибе алдық. Біз наурыз айының басында Астананың шетінен дүкен аштық. Орын тауып, үлкен маңдайша орнаттық, ассортимент қалыптастырдық, бірақ 8 наурызда ешкім гүл алуға келмеді, яғни ең қызып тұрған кезде клиент болған жоқ. Дүкеніміз шығыннан басқа ештеңе әкелмеді. Біз гүлдерді ақырында онлайн жеткізу арқылы саттық, бөлмені жалдауға шамамен 400 мың теңге кетті. Бұл орынды жауып, онлайн дүкендерімізге назар аударуды шештік.
Уақыт өте келе тағы бір рет бұл ойды сынап көруді шештік және Алматыда, Арбаттың маңында ашылдық. Бұл орын жақсы болды, бірақ қызметкерлермен қиындықтар пайда болды — бақылау болмаған соң флористер өздеріне ақша жасады — бізге гүлдер солып қалды және оларды лақтырып тастағанын айтып, шын мәнінде клиенттерге сатып, өздеріне ақша жасап жүрді. Екі айдан кейін біз қайта жабылдық, онлайн сатылымға назар аудару керек екеніне тағы бір рет көзіміз жетті. Екінші рет ашылғанда тоңазытқыш алып, дүкенді безендірдік, флористерге ақы төледік, гүл сатып алдық, түрлі арналар арқылы жарнама қостық, нәтижесінде 2 млн теңгеге жуық шығынға баттық.
Жабдықты дайындау
Орын таңдалды, келесі қадам — оны барлық қажет заттармен жабдықтау. Гүл бизнесі — бұл гүл шоқтары тұрған витриналар ғана емес, тауарларды сақтау, күту және сатып алушыларға ұсынудың тұтас жүйесі.
- ең бастысы — тоңазытқыш камерасы болу керек. Көптеген кесілген гүлдерді сақтайтын оңтайлы температура +3–7 °С құрайды.
- флорист жұмыс жасайтын орын — бұған жұмыс үстелі, қайшылар, бақша қайшылары, пышақтар, скотч, тейп, буып-түйгіш баулар, қағаз, қаптамаға арналған материалдар сияқты құралдарға арнайы органайзер қажет. Жұмыс орны ығы-жығы болмау үшін кесілген және солған жапырақтарға арналған контейнерлер болу керек.
- дайын гүл шоқтары тұратын витриналар мен сөрелер.
- суға арналған ыдыстар — әр түрлі биіктіктегі шелектер немесе вазалар. Пластикалық шелектер үлкен көлемдегі гүлдерді сақтау үшін жақсы болады, бірақ витриналарға қою үшін сабақтар көрінетін шыны цилиндрлер қажет.
- ауа ылғалдандырғышы — қыста ыстық ауа бөлмені құрғатып жібереді, жаңа бүршіктер тез солып қалады, ал гүлдер ылғалды жақсы көреді.
- төлемдерді қабылдауға арналған POS терминал.
- жарықтандыру — бейтарап ақ жарық шамдары түстердің табиғи реңктерін көрсетеді, ал жылы жарық бөлмені жайлы етеді. Жарықтандырудың екі түрін біріктірген жақсы: жұмыс аймағындағы жарқын шамдар мен витринадағы жылы түстердегі жарық. Сондай-ақ гүлдерді суретке түсіру үшін дөңгелек шамды сатып алуға болады.
Біз осыдан бес жыл бұрын 500 мың теңгеге қолдан тоңазытқыш сатып алдық. Оны сатып алмай, өзіміз құрып аламыз деген ой да болған — бір бұрышын әйнекпен оқшаулап, жақсы кондиционер орнатамыз деп едік, бірақ бұл ойдан бас тарттық. Сөрелер орнаттық, гүлсауыттары мен флористтың үстелін сатып алдық. Қазір бұндай гүл дүкенін жабдықтау үшін 1 миллион теңгеден бастап ақша кетеді. Кейде тоңазытқышы орнатылған дайын орынды бірден табуға болады. Мысалы гүл дүкені көшіп кетіп, орынның иесі оны тоңазытқышпен бірге жалға береді, бірақ бұрынғы жалға алушылар көшіп кеткен болса, бұл дүкеннің табысты емес екенін немесе иесімен қиындықтар болғанын түсіну керек.
Қызметкерлерді жалдау
Гүл бизнесі үшін негізгі қызметкер — бұл флорист. Ол гүл шоқтарын жинап, орайды, гүлдерге күтім жасайды, төлем қабылдайды. Кішкентай дүкен үшін бір флорист жеткілікті. Ал егер гүл дүкені үйлену тойлары және корпоративтік іс-шараларға арналған күрделі композицияларға тапсырыс алатын болса, бөлек флорист–декоратор қажет болады.
Оған қоса тауар сатып алушы керек. Шағын дүкендерде бұл жұмысты иесі өзіне алады, ірі дүкендерде — басқа арнайы адам жүргізеді. Гүлдерді тұрақты әрі жедел сатып алу керек. Сатып алушы көтерме жеткізушілерін білу керек, маусымдықты түсініп, сұранысты болжап, логистиканы бақылауы керек.
Гүлдерді жеткізу үшін курьер қажет, бірақ көбі такси қызметін пайдаланады.
Қазақстанда флористердің көбі арнайы курстарды бітіреді немесе салонға тәжірибесіз келіп, оны сол жерде жинақтайды. Тест тапсырмасы ретінде әдетте 1–3 букет жинауды сұрайды, жылдамдыққа және гүлмен жұмыс істеуіне қарайды, адамның жеке қасиеттерін бағалайды. Мен пассивті, жабыраңқы, уытты адамдарды жұмысқа алуға кеңес бермеймін — олар бизнеске кедергі жасап, оның дамуын тоқтатып тұрады. Көбісі жаңадан бастап жүрген флористерді алады, оларды өздеріне икемдеп үйретуге болады. Іздеу үшін hh.kz және телеграм арналарының көмегіне жүгінген жөн. Жақсы флорист іздеудің мағынасы жоқ, маманның деңгейін бағалай білу үшін жұмысты өзіңіз түсінуіңіз керек. Флористтің жалақысы кестеге байланысты — бұл 12–16 сағат немесе жарты күн істейтін жұмыс болуы мүмкін. Тапсырыстардан түсетін табыстың 2,5–5 пайызы беріледі, бірақ салондардың бәрі пайыздар жүйесін қолданбайды. Компания сапалы кадрларды тарту үшін өз миссиясы мен философиясын анықтап, ассортименті мен жұмыс жағдайлары жақсы болуы керек. Қазір адамдар жұмысқа тек ақша табу үшін бармайды, олар өз жұмыстарына мән береді.
Егер гүл дүкенінің иесі арзан өнім сатса, онда оған қызметкердің біліктілігі қажет емес. Бірақ егер кәсіпкер орта сегменттегі бренд жасап, талғам мен эстетиканы насихаттаса, онда басынан бастап қызметкерді оқытуға бюджет бөлу керек. Сонымен қатар жақсы пайыздар мен жалақыға дайын кадрларды жалдау немесе қолда бар адамдарды оқытуға болады.
Егер сіз онлайн дүкенді дамытатын болсаңыз немесе дүкеніңізді әлеуметтік желілерде жарнамалап жатсаңыз, онда сізге SMM маманы қажет болуы мүмкін. Оны жұмысқа алған кезде не нәрсеге назар аудару керектігі туралы осы мақалада жазған болатынбыз.
Гүл жеткізушісін таңдау
Жеткізушілермен бәрі оңай — әр қалада көтерме гүл базарлары бар. Гүлдерді өздері әкелетін немесе оларды делдалсыз сенімді ірі жеткізушілерден алатын адамдармен жұмыс істеу маңызды.
Сұранысы жоғары гүлдер сатып алудың 70% құрауы керек, қалған 30% — маусымдық, экзотикалық және кептірілген гүлдер болуы мүмкін. Содан кейін сатып алу қалыптасады: раушандар, хризантемалар, гортензиялар, ең танымал реңктердегі эустомалар, сары және қызғылт сары реңктерінен бас тарту керек, метрлік гүлдерді азырақ алған дұрыс, ал 40-50 см гүлдерді — көбірек. Жыл мезгіліне байланысты ассортиментті өзгертіп тұру қажет: жазда — баданалы жабайы гүлдер, пиондар, қыста — раушандар, ранункулюстер, күзде — хризантемалар. Раушан гүлдерін, хризантемаларды және басқа да тұрақты тауарларды үлкен партиялармен сатып алған тиімдірек.
Үстіне қанша үстеме қосу керек? Мен әрқашан бәрін 2,5–3-ке көбейтуді ұсынамын, бұл тиімді болып шығады. Бірақ оның да өз ерекшеліктері бар, ассортиментті алдыға тартатын өнім әрқашан қолжетімді болуы керек — клиент соған келеді, оны үлкен көлемде сату керек. Мысалы, науқан бойынша кениялық раушан гүлдер — 25, 35, 45, 51, 101 дана. Сонда маржа мен пайда болады. Қазір Қазақстанға көптеген жеткізушілер кіріп жатыр, мысалы қытайлар, бәсекелестік жоғары, бұл баға демпингіне қатты әсер етеді. Мен демпингті қолдануға кеңес бермеймін, қызмет көрсету сапасы мен деңгейін жақсарту керек, өйткені төмен бағаны ұнататындар бір арзан дүкеннен одан да арзан дүкен тауып алады.
Негізгі раушан плантациялары Эквадор, Колумбия және Кенияда орналасқан. Бұл гүлдердің бір бөлігі ең ірі әлемдік гүл логистикасы орталығына — Голландияда сұрыпталады, ол жерден әр түрлі елдерге, соның ішінде Қазақстанға жіберіледі. Гүлдер Қытайдан, Израильден және Африкадан да әкелінеді. Қазақстанда раушан мен 8 наурызға орай қызғалдақ өсіріледі. Жергілікті дүкендер көбінесе жеткізілімдерді біріктіретін және олардың аймақтарға таралуын қамтамасыз ететін делдалдардан гүл сатып алады.
Тауарды дүкен ашылғанға дейін бірнеше күн бұрын, жабдықтар мен қызметкерлер дайын болған кезде сатып алу керек. Әйтпесе, бүкіл партия солып қалады, өйткені гүл тез бұзылатын тауарға жатады.
Әр қаланың көтерме қоймалары бар, мысалы, Алматыда олардың бірнешеуі бар. Оларды табу қиын емес, тіпті қазір көтерме гүл сатушылары клиенттерді өздері іздейді — олар 2GIS-ті бақылап, жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлерге шығады. Кез келген флорист өз қаласында гүлдерді қайдан жаппай сатып алу керектігін біледі.
Алғашқы шағын партияны сатып алуға 50 мың теңге қажет, бұл ақша 100–150 раушан гүлге жетеді. Сондай-ақ басқа гүлдер, жасыл желектер және қаптауға арналған материалдар қажет. Кем дегенде 200 мың теңге қажет болады. Сатып алу күн сайын жүзеге асырылады, өйткені бұл бизнестегі мәміле мерзімі қысқа.
Жалпы гүл сататындардың басқа бизнестермен салыстырғанда пайдасы аз — шамамен 20%. Іс жүзінде партияның бір бөлігі сатылып кетеді, ал екіншісі — солып қалады. Сондай-ақ жалақы, жалдау ақысын төлеу керек, яғни әр жолы табысқа шығу қиын. Егер бірінші айда сауда жүрмесе немесе компания нөлге шықпаса, онда екінші ай қиынға соғады. Көптеген гүл бизнестері бастапқыда аз ақша жұмсалатынына байланысты оңай ашылады, бірақ бәсекелестікке төтеп бере алмай тез жабылады.
Бухгалтерлік есеп жүйесін таңдау
Гүл бизнесінде қалдықтарды бақылау, тапсырыстарды басқару және қаржыны қадағалап тұру маңызды. Бухгалтерлік есеп жүйесі бизнестің масштабына байланысты — біреу блокнот пен калькуляторды қолданады, ал біреуге автоматтандыру қажет.
Жаңадан бастаған кәсіпкерлер жазбаларды көбінесе ескі әдіспен жүргізеді — сатып алулар мен сатылымдарды ноутбукке немесе телефон жазбаларына тіркейді. Ыңғайлы болу үшін Excel немесе Google Sheets бағдарламаларында гүл шоқтарының құнын есептеу, қандай гүлдердің қандай бағамен сатып алынғанын, қайсысы сатылғанын және кассада қанша ақша қалғанын жазу үшін автоматты есептеулерді қолдануға болады. Бірақ қол есебін жүргізгенде жазуды ұмытып, есептеулерде қате жіберу немесе телефонды жоғалту қаупі бар екенін ұмытпау керек.
Бухгалтерлік есептің мамандандырылған бағдарламаларына бірден ауысқан дұрыс, мысалы:
- «1С:Розница», «МойСклад» — сатылымдар мен қалдықтар бойынша автоматтандырылған бақылау жүргізеді
- CRM-мен интеграцияланатын және чектер шығаратын онлайн-кассалар
- флористерге арналған мамандандырылған бағдарламалар — мысалы Posiflora, олар қандай гүлдер жақсы сатылатындығын және қайсысы өтпей, шығынға әкелетінін талдауға көмектеседі, кассалармен, CRM-мен, мессенджерлермен біріктірілген, клиенттердің деректері мен ұнататын тауарлары туралы ақпаратты сақтауға болады
Жарнама қосу
Жарнама нарықтан орын алуға көмектеседі. Бизнесті алға жылжытудың тиімді жолдарын қарастырайық:
- Instagram және TikTok парақшалары — гүл шоқтарының суреттері мен бейнелерін салу, науқандар мен байқаулар өткізу
- жаңа клиенттерді тарту үшін Google Ads және Яндекс.Директ-тегі контекстік жарнама қосу
- 2ГИС, Яндекс.Карталар, Google My Business сияқты қалалық карталарды қолдану
- аудиторияны кеңейту үшін үйлену агенттіктерімен, іс-шаралар менеджерлерімен ынтымақтастық құру
- бейілділік бағдарламасы — қайта тапсырыс жасаған клиенттерге жеңілдік ұсыну
- онлайн тапсырыс қабылдау үшін сайт жасау
Нысаналы аудиториясыз, тұрақты клиенттерсіз жұмыс істеу — бұл уақытты зая кетіргенмен бірдей. Кәсіпкерге бәсекелі нарықта өз құндылықтарын түсіну маңызды — бұдан тапсырыс матрицасы, тауар сатып алу, тауар бағасы қалыптасады. Әртүрлі бизнес-модельдер бар, мысалы, True Cost — бұнда клиент гүлдің нақты бағасын төлейді, бірақ бизнес бір гүл шоғын жинаудан 10–15 мың теңге пайда алады, яғни флористтің жұмысына төлейді.
Брендтің ұстанымдарын анықтамаған компания бірге бір үстеме бағамен боялған хризантемаларды сататын көшедегі киоск сияқты сауда жасайды. Брендтің атынан сатылатын әдемі гүл шоқтары бағаны үш есе көтереді. Мен осылай жұмыс істеймін және осыған үйретемін. Осы уақыт ішінде мен 20 гүл дүкенін аштым, ең жақсы гүл желілері мен жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлерді оқытамын, флористерге арналған калькуляторды нарыққа шығардым. Мен гүл бизнесіне көмектесуге тырысамын, өйткені бұл негізгі білімі жоқ әуесқойлар кіретін бизнес.
Жаңадан бастайдындардың жіберетін қателіктері
Жаңадан бастаған кәсіпкерлер жиі біркелкі қателіктер жібереді:
- тым кең ассортиментті алады — тауардың көбі сатылмай қалады
- сатып алудан бұрын сұранысты тексермейді
- нақты құнын есептемейді
- флорист пен гүл орауына ақшасын аяйды
- кездейсоқ клиенттерге үміттенеді
Қаржылықтың үлкен қателігі — бұл дүкенді ойланбастан ашу, ештеңе есептемеу, жоғары жалақы қою, штатты тым көбейту немесе керісінше қажет адамдарды алмау, соңғы ақшаға бизнес ашу, ең басында қымбат орын жалдау немесе жарнамасыз ашылу. Мағынасы жоқ тәлімгерлікке 1,5–2 млн теңге төлеп, өзі 500 мың теңгеге ашылу. Оданда бұл ақшаны бизнеске салған дұрыс.
Мен 5–10 млн теңгеден бастап гүл дүкендерін ашуды ұсынамын, сонда жинақтаған ақша болады, бірақ ақырғы ақшаға ашылу дұрыс емес. Егер өзіңіздің орныңыз болса, онда жалға алуға жұмсамай, маркетинг пен тауар сатып алуға ақша жұмсауға болады.
Жаңадан бастайтындар бюджетті дұрыс бөліп, жұмыстың алғашқы күндерінен бастап сауда стратегиясын құрудың қаншалықты маңызды екенін жиі естен шығарады. Компания нарықтың ерекшелігін нақты түсінбестен, тез шығындарға батып кетуі мүмкін.
Бизнестің ерекшеліктерін түсінбей бірінші рет бастаған кәсіпкерге қиын болады. Гүлдер — бұл өте талғампаз және күтім қажет ететін тауар. Оны тез сату керек, әйтпесе солып қалады. Бизнесті, әдетте, осы саланың құпия сырларын білетін флористер ашады. Бірден жарнама жасау қажет, сонымен қатар біз сияқты гүлдер маркетплейстерімен серіктестік орнатып, қосымша клиенттер табуға болады. Ең аз дегенде 2–3 млн теңге қажет, бұл ақша бизнесті бастап, бір ай ұстап тұру үшін керек.
Гүл бизнесін бастау дайындықты қажет етеді. Мұнда бәрі маңызды — ұтымды орын, жеткізушілер, флористтің білгірлігі, тиімді жарнама. Дүкеннің жұмысы жақсы ұйымдастырылған болса, бизнес тұрақты пайдаға тез шығады. Шағын форматтан бастап, ассортиментті өзгертіп, сұранысты талдап, стратегияны кез келген уақытта түзетуге болады.