Бизнес туралы мақалалар

Өз идеяңызға инвесторларды табу жолдары

Инвесторлар ақша салуға дайын стартапты жасау

Өз идеяңызға инвесторларды табу жолдары

Мақаланың мазмұны

Кәсіпкерлер бастапқы капитал арқылы идеяны бизнеске айналдырады. Мысалы, өз өндірістегі саздан жасалған бұйымдарын сату үшін алдын ала қыш өндірісіне арнайы жабдықтар сатып алып, үйжайды жалдап, жарнамаға қаражат табу керек. 

Инвестициялар стартаптарға қаржылық қолдау көрсетуге және оларды болашақта кеңейтуге көмектеседі. Инвесторларды қайдан іздеу керектігін және олардың стартап идеясын қалай ұсыну керектігін осы мақалада айтып береміз.

Идеямен таныстыруға дайындау

Инвесторға ақшаны қайда салатынын және одан қандай пайда әкелетінін түсіну маңызды. Идея кезеңіндегі бизнес перспективалы болып көрінуі мүмкін, бірақ құр идеяның өзі инвесторларға жеткіліксіз. Бизнестің қаржы жүйесі мен оны жүргізу стратегиясы құрғанда, оның барлық тәуекелері анық көрінеді. Құрылған қаржы моделі және бизнес стратегиясы барлық тәуекелдерді қарауға және инвесторға болашақ шығындар мен пайда табу жолдарын түсіндіруге көмектеседі.

Инвестицияларды іздемес бұрын өнімнің сынақ нұсқасын жасап, оның өміршеңдігін тексеру ұсынылады. Мысалы, нарықта өнімнің қаншалықты сұранысқа ие болғанын мен бір айдың ішіндегі одан түскен кірісті бағалауға болады. Егер бағаланған нәтижесі жақсы болса, оны әлеуетті инвесторларға көрсетілетін таныстырылымда көрсетуге болады. Әйтпесе, стартаптың тұжырымдамасын қайта қарастырып, жаңа түрінде көрсетуге ұсынылады. Осылайша инвесторларды бизнесіңізге инвестиция салуға көндіруге болады. 

Таныстырылымда көрсетілетін ақпараттың мысалдары:

  • кәсіпкер ретінде сіз туралы қысқаша ақпарат: бизнесті бастау әрекеттері, қаржыландыруды табу жолдары және нәтижелер. Нәтижелеріңіз теріс болғаны қорқынышты емес. Оларды да көрсетіңіз — инвесторларға адалдығыңыз маңызды;
  • инвестиция іздейтін бизнестің сипаттамасы;
  • шығыстардың алдын ала есептеулері, болжамды кіріс пен бизнестің өтелу мерзімдері. Егер өнімнің сынақ нұсқасын іске қосу әрекеті болса, бұл ақпаратты сандармен де көрсетуге болады. Бірақ таныстырылымды тек сандар жиынынан да жасаудың қажеті жоқ. Ақпаратты визуалды түрде қабылдауға оңайырақ: графиктер мен схемаларды қосыңыз;
  • қажет сомасы, инвестиция мерзімі мен инвесторалдың бизнестегі үлесі;
  • жобада қандай қауіптер болуы мүмкін және олармен күресу жолдары;
  • сіздің байланыс ақпаратыңыз.

Инвесторларды қайда іздеуге болады

Нетворкинг

Нетворкинг — бұл кәсіби саладағы ортақ міндеттерді бірлесіп шешу үшін  пайдалы байланыстар құру процесі.

Инвесторларды табудың ең оңай және қол жетімді тәсілі — достар, таныстар және таныс достар арасында іздеу.

Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі кәсіпкерлерге арналған өзекті іс-шаралар туралы ақпаратты іздеу пайдалы. Мұндай іс-шараларда әлеуетті инвесторларды тауып, оларға өзіңіздің стартапыңыздың идеясын көрсете аласыз және көп пайдалы танысулар құра аласыз. Бизнес-форумдар, конференциялар мен көрмелер тұрақты түрде өткізіледі. Мысалы, Дубайда Gitex және Сауд Арабиясында STEP Conference халықаралық конференциялар өткізіледі.

Бизнес-періште

Дамудың бастапқы кезеңіндегі шағын стартаптарға қаражат салатын инвесторлар бизнес-періштерге жатады. Бизнес-періштердің көбісі — бизнес жүргізу тәжірибесі мол ірі кәсіпкерлер. Сол себепті олар стартапқа қаржыдан басқа бизнес жүргізу туралы кеңестермен, пайдалы байланыстарымен және стартапты дамытуға көмектеседі. 

Мұндай көмегін бизнес-періштер компанияның үлесіне айырбастап, бизнестің тең иесі болады. Инвестициялаудың шарттары әр түрі болуы мүмкін: кейбір бизнес-періштелер стартап істеріне араласпай қаражат ұсынуға дайын, ал басқалары компанияны басқаруға белсенді қатысуды қалайды.

Бизнес-періштерді олардың қауымдастықтарының арнайы сайттарынан табуға болады, мысалы, Central Asian Business Angels және UMAY Angles Сlub. MENACatalyst (Палестина), Wamda Capital (Біріккен Араб Әмірліктері), Cairo Angels (Мысыр) сияқты халықаралық алаңдарды зерттеуге болады.

Бизнес-инкубаторлар 

Бұл стартапқа инвестиция жасайтын ұйымдар. Олар мемлекет пен жеке меншік компаниялармен қаржыландырылады, сондықтан бизнес-періштерге қарағанда бизнес-инкубаторлар ірі сома салуға дайын.

Мұндай ұйымдар бастапқы қаржылық шығыстарды өз мойнына алғаннан басқа бизнесті ашып, оны жүргізу туралы кеңес береді: салық есептілігін жасауға, бизнес жүргізу стратегиясын құруға және тағы басқаға үйретеді. 

Бизнес-инкубаторлар компанияның үлесін алуға талап етпейді. Әр ұйымның стартапқа инвестициялаудың өз шарттары бар. Мысалы, басында бизнес-инкубаторлар үйжайды жалға алу төлемін өзіне алады. Алайда бизнес ашылғаннан кейін белгілі уақыт өткенде жалдау ақысының тек жартысын төлейді де қалған жартысын кәсіпкердің өзі төлеуі қажет. Бизнес-инкубаторлар тек өздерінің шарттарымен инвестициялауға келіседі.

Бизнес-инкубаторлардың мысалдары: MOST, nFactorial, TechGarden. Халықаралық бизнес-инкубаторлар: Astrolabs (БАӘ), Flat6Labs (Мысыр, Сауд Арабиясы), Oasis500 (Иордания). 

Краудфандинг

Краундфандинг (ағылш. crowdfunding — топпен қаржыландыру) — бұл түрлі дереккөзден түсетін инвестициялар.

Ісін жаңа бастаған кәсіпкер қаржылық қолдау мен өзінің стартапына инвестициялар іздеу туралы хабарландыруды интернет-алаңдарда орналастыра алады. Барлық ниет білдірушілер өздері қалаған сомасын инвестициялайды. Бұл қайырымдылық қорларына ұксас және ақшаны қайтару талап етілмейді. Қаржылай қолдау алу мүмкіндігін арттыру үшін әлеуетті инвесторларға компанияңыздың тауарына (қызметіне) жеңілдік немесе қандай да бір бірегей өнімін ұсынуға болады. 

Краундфандингтердің мысалдары: GoCrowd, iKapitalist, InvestRoom. Халықаралық: Eureeca, Zoomaal.

Венчурлік қорлар

Бұл бағалы қағаздарға инвестициялаудың бір түрі. Венчурлік қорлар бизнестің бастапқы сатысындағы болашақта олардың бағалы қағаздардың құны ұлғайту перспективасына сеніп, қаржылық көмек көрсетеді. Бизнес-инкубаторларға қарағанда венчурлік инвесторлар тәуекел деңгейі жоғары стартаптарға қаражат салуға дайын.

Венчурлік қорлардың мысалдары: Falconry Fund, MOST VENTURES. Халықаралық венчурлік қорлар: Wamda Capital, BECO Capital, Rasmal Ventures.

Гранттар мен конкурстар

Мемлекеттік немесе жеке қорлар өткізетін конкурстардың жеңімпаздары өз стартаптарына өтеусіз инвестицияларды ала алады.

Сондай-ақ, мемлекеттен грант ұтып алуға, жеңілдетілген несие немесе өз бизнесін ашу үшін субсидия алуға болатын түрлі бағдарламалар бар. Бағдарламалардың ережелерімен танысып, — егер сіздің қызметіңіз оларға сәйкес келсе, — өтінім жіберіп, іріктеуден өтуге болады. Бизнесті мемлекеттік қолдау туралы толығырақ мына сілтемеден білуге болады.

Инвестициялармен бизнесті кеңейту

Бизнес-акселераторлар — бизнесті дамытуға инвестиция салатын ұйымдар. Жұмыс қағидаты бизнес-инкубаторларға ұқсас. Бірақ бизнес-акселераторлардың көбісі тек бұрыннан жүргізіліп жатқан тұрақты кірісі бар компанияларға инвестициялайды. Демек, мұндай инвесторларға бизнесті кеңейту мақсатында жүгіну керек.

2024 жылы Сауд Арабиясында Al-Farabi Innovation Hub ұйымы ашылды. Осы жоба шеңберінде стартаптар акселерациялық бағдарламалар арқылы инвестициялар ала алады. Al-Farabi Innovation Hub стартаптарға өз идеяларын сынақтан өткізуге ғана емес, сондай-ақ өңірлік деңгейде кеңейтуге көмектесетін құралға айналады.

 

 

Бизнесіңізге ақша салатын инвесторларды табу үшін тек идеяның өзі жеткіліксіз. Таныстырылым жасау қажет. Ол шағын, бірақ ақпаратқа толы болуы тиіс. Инвесторға стартап идеясын, оны іске асыру жолдары мен өнімнің нарықта қаншалықты сұранысқа ие екенін таныстырылым арқылы көрсетіледі. Осының бәрін өнімнің сынақ нұсқасын тестілеуден кейін алынған нәтижелермен бекіткен дұрыс. Инвесторларды әлеуметтік желілерден, интернет-алаңдардан және кәсіпкерлерге арналған іс-шаралардан табуға болады.