Astana Hub бизнесті дамытуға жағдай жасайды
Технопарк кәсіпкерлерге бизнес бағдарламаларына қатысуға, грант ұтып алуға және инвесторлармен танысуға мүмкіндіктер ашады
Мақаланың мазмұны
Стартап — бұл болашақта сұранысқа ие болатын инновациялық идеяның арқасында ашылған жаңа компания. Google, SpaceX, Apple және Facebook компанияларының барлығы да кезінде эксперимент ретінде ашылған аты әлемге әйгілі стартаптарға жатады. Қазақстанда Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі жаңа стартаптарға қолдау көрсетеді. Технопаркқа резидент ретінде қалай тіркелуге болатыны, Astana Hub-та қандай бағдарламалар жүзеге асатыны және оларға қатысу үшін не істеу керегі туралы осы мақалада айтып береміз.
Astana Hub деген не
Astana Hub — бұл қазақстандық және шетелдік технологиялық компанияларды дамыту мақсатында ашылған алаң. Хаб Астана қаласында орналасқан. Ол дүние жүзінің дарынды IT-мамандарын біріктіріп, оларға жобаларының кез келген даму кезеңінде қолдау көрсетеді. Astana Hub қауымдастығы бір-бірімен қызметтесіп, араласып тұратын 900 IT-компания мен стартаптан тұрады.
Astana Hub-та кәсіпкерлер стартап қалай ашылады, инвестицияны қайдан тартуға болады, оның бизнес моделін құрудың және сұранысты талдаудың жолдары қандай, халықаралық нарыққа қалай шығуға болады және сала көшбасшысы атану үшін не істеу керек деген сияқты сұрақтарға жауап ала алады.
Паркті кімдер үшін ашты
- IT-стартаптар мен IT-компаниялар;
- IT саласындағы сарапшылар;
- венчурлық инвесторлар — стартапқа немесе бизнес идеясына ақша салушы адамдар;
- бизнес-періштелер — бұл стартапқа бастапқы кезеңдерде қаржылай және сарапшылық қолдау көрсетуші инвесторлар;
- менторлар — бұл жобаға өз білімімен және тәжірибесімен көмектесуші кеңесшілер;
- трекерлер — стартапқа білім беру бағдарламаларын өтуге көмектесуші ұстаздар;
- IT саласына қызығушылық танытушы қауым.
Технопарктің бағдарламалары
Astana Hub-тың бағдарламалары екіге бөлінеді: білім беру және бизнеске арналған бағыттар. Білім беру бағдарламалары жаңа IT-кәсіпкерлерге пайдалы дағдыларды үйрететін болса, бизнес бағдарламалары компанияларының көрсеткіштерін жақсартқысы келетін кәсіпкерлерге тиімді болады. Бұл бағдарламалар үнемі жаңарып тұратындықтан, өтінім қабылдау мерзімдерін технопарктің сайтында қарап отырған жөн.
Білім беру бағдарламалары
- Startup School — стартап ашу, идеяны шамалы қаражат жұмсай отырып тексеру, MVP жасау, инвесторларды жобамен таныстыру, стартаптардың негізгі қателерін білу тақырыптарын ашатын бағдарлама.
- Freelance School — фриланс негіздері, портфолио жасау, жұмыс іздеу, клиенттермен жұмыс істеу, тайм-менеджмент, бәсекелестерді талдау сияқты тақырыптарға бағышталған бағдарлама.
- No Code School — веб-сервистер мен қосымшаларды бағдарламалаусыз жасап шығаруды үйрететін бағдарлама.
- Tech Orda — бағдарламалау мектептерінде IT мамандықтарын үйренуге 600 000 теңгеге дейін грант ұсынатын бағдарлама.
- Startuphana — IT саласына және Astana Hub-тың жұмысына арналған екі онлайн-форум.
Бизнес бағдарламалары
- Инкубация — ашылғалы тұрған стартаптарға арналған бағдарлама: білім базасын пайдаланудан, сарапшылардың кеңестерінен, инвестиция тартуға көмек беруден тұрады.
- Акселерация — стартапың даму үдерісін жылдамдатуға бағытталған бағдарлама: оған коучтер мен бизнес-періштелердің кеңестері, тәлімгерлік көмек, бизнес процестерін құру, тәжірибелік қолдау көрсету, қатысушылармен тәжірибе алмасу кіреді.
- Smart City Accelerator Almaty — көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, экология, энергияны үнемдеу және басқа да қала қызметтерін цифрландырушы жобаларға арналған бағдарлама.
- Techpreneurs — стартаптардың дамуын кез келген кезеңдерде жылдамдататын акселератор: бағдарламаға жеке тренинг және кеңес беру, воркшоптар мен мастер-кластар, ай сайынғы диагностика кіреді.
- IT-компания ашу — бизнесін Қазақстанға көшіргісі келетіндерге арналған толық нұсқаулық.
- Аймақтық IT Hub — аймақтық IT-стартаптарға арналған бағдарлама: оның аясында кәсіпкерлерге бизнес процестерін құруға, бизнесті ұлғайтуға және инвестиция тартуға жәрдем беріледі.
- Scalerator — IT-қызметтерді экспорттауға бағытталған бағдарлама: нарықты талдау, нысаналы топты анықтау, клиент іздеу, шетел серіктестерімен келісімшарттар жасау сұрақтары бойынша көмек көрсету.
Қатысушыларға тиетін пайда
Astana Hub резиденттеріне біршама жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынылады:
- Шетел азаматтары C3 еңбек қызметі визасын үш жылдық мерзімнің орнына бес жылға ала алады;
- Штатқа қабылданатын шетел азаматтарының саны шектелмеген;
- Шетел азаматтарын шақыру үшін арнайы рұқсат қажет емес;
-
Қатысушылар кейбір салықтардан босатылады:
- корпоративті табыс салығы;
- ҚР азаматтары үшін төленетін жеке табыс салығы;
- роялти салығы;
- ҚҚС;
- үшінші елдерден тізімдегі тауарларды импорттауға салынатын ҚҚС;
- бейрезиденттер үшін төленетін ҚҚС;
- бейрезиденттер үшін төленетін әлеуметтік салық.
Қатысушыларға қойылатын талаптар
Astana Hub-тың қатысушысы ретінде Қазақстан резиденттері де, бейрезиденттер де тіркеле алады. Ол үшін Астанада орналасудың немесе бизнесті елордада тіркеудің қажеті жоқ, тек қана мына шарттарға сай болу керек:
- филиалдары жоқ заңды тұлға болу;
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесіне кіретін қызмет түрімен айналысу;
- компания акцияларының немесе жарғы капиталы үлесінің 50%-нан астамы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге және ұлттық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдарына тиесілі болмау;
- жер қойнауын пайдаланушы немесе арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болмау;
- акциз төлеуші болмау;
- инвестициялық басым жобалармен айналысатын және 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық стратегиялық жобалармен айналысатын ұйымдардың қатарына кірмеу.
Қажет құжаттар
Тіркелуге өтінім берер алдында мына құжаттарды дайындау керек:
- мемлекеттік тіркеу туралы құжат;
- жобаның бизнес-жоспары — оны еркін нысанда және кез келген форматта барлық өрістерді толтыра отырып тапсыру керек;
- салық берешегі туралы анықтама;
- компанияның орналасқан кеңсесіне байланысты құжаттарының көшірмелері — сатып алу-сату келісімшарты, жалдау келісімшарты, т.б.;
- жұмыскерлер саны мен олардың жобаға қатысу мерзімдері.
Құжаттарды қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде тапсыруға болады.
Astana Hub қатысушысы ретінде тіркелу
Технопарктің барлық мүмкіндіктерін ашу үшін алдымен қатысушы атағын алу керек — ол тегін беріледі. Ол үшін:
- astanahub.com сайтына тіркеліңіз;
- құжаттарды қоса отырып, онлайн-өтінім беріңіз;
- комиссия шешімін күтіңіз — ол 15 күннен аспайды;
- технопаркпен онлайн келісімшарт жасаңыз;
- Astana Hub қатысушысының куәлігін алыңыз.
Комиссия келесі жағдайларда тіркеуден бас тартуы мүмкін:
- егер компания АКТ саласындағы басым қызмет түрімен айналыспаса;
- егер компания басқа біреудің өніміне қолжетімдік сатып отырса, бірақ өзі оны иеленбесе;
- егер компания тауарларды СТ-КЗ сертификатысыз немесе сериялы өндіріске берілетін индустриалды сертификатсыз сататын болса;
- егер бизнес-жоспардың барлық өрістері толық және бірінен соң бірі толтырылмаса.
Стартап ашу үшін жалғыз идеяға сенімді болу жеткіліксіз — мұнда саланың қыр-сырын және бизнес жүргізу ережелерін де білу керек. Сондықтан да, егер сіз жұмысты қалай бастау керегі немесе оны ары қарай қалай дамытуға болатыны туралы білгіңіз келсе, Astana Hub-тың тегін бағдарламаларына қатысыңыз. Бағдарламалар жұмыстың ілгері бағытын анықтауға, пайдалы қарым-қатынас құруға, шетел мамандарын тартуға және салықтардан әжептәуір үнемдеуге көмектеc алады.