Шетел азаматтарына Қазақстанда ЖШС-ті қалай ашуға болады
Қазақстанда бизнес ашу үшін шетел азаматтарына қосымша құжат жинау керек. Қалғанын онлайн түрде оп-оңай жасауға болады
Мақаланың мазмұны
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік — бұл шетел азаматтары үшін ең қолайлы бизнес жүргізу түрі. Көптеген шетел компаниялары өздерінің еншілес компанияларын Қазақстанда ЖШС ретінде тіркейді.
Оған кіретін қатысушылардың азаматтығы мен құрамына қарамастан, ЖШС жеке заңды тұлға болып табылады. Тіркеуден өткен соң, компания Қазақстан меншігі болып саналады да, ел ішіндегі мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерге қатыса алады.
ЖШС-ті тіркеу алдында шетел азаматы біршама құжаттар дайындау керек. Құжаттар қазақ және орыс тіліне аударылып, өзінің туған елінде нотариалды куәландырудан өтуге тиіс, содан кейін Қазақстанда заңдастырылуы немесе апостильден өткізілуі керек. Ал ЕАЭО елдері азаматтарына құжаттарды апостильдеу мен заңдастыру керек емес, тек нотариалды куәландырудан өткізу ғана жетеді.
Шетелдік жеке тұлға құжаттары
Қазақстанда бизнеспен айналысқысы келген шетел азаматтары ЖШС ашқысы келсе, оларға келесі құжаттар қажет болады:
- қазақ және орыс тілдеріне аударылып, нотариалды куәландырылған паспорт көшірмесі;
- С5 бизнес-иммигрант визасы (ЕАЭО елдері азаматтарына қажет емес);
- ЖШС-тің әр қатысушысы үшін жасалған қазақстандық ЖСН;
- құрылтай құжаттары:
- ЖШС ашу туралы шешім;
- құрылтай шарты;
- жарғы;
- ЖШС директорын тағайындау туралы шешім;
- ЭЦҚ (электрондық-цифрлық қолтаңба).
ЖСН — бұл 12 цифр тіркесінен тұратын жеке сәйкестендіру нөмірі. Ол адамның бірегей жеке мәліметтерінен бір-ақ рет құрастылырып, бұдан былай өзгертіле алмайды. ЖСН банк шотын ашуға, салық төлеуге және Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажет.
Шетелдік заңды тұлға құжаттары
Қазақстанда бизнеспен айналысқысы келген шетел компаниясы ЖШС ашқысы келсе, келесі құжаттар қажет болады:
- заңды тұлғаның шетел мемлекеті заңнамасына сәйкес тіркелгенін растайтын сауда тізілімінің заңдастырылған үзiндiсі;
- бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек (шағын және орта бизнестен талап етілмейді);
- қазақ және орыс тілдеріне аударылып, нотариалды куәландырылған шетелдік құрылтайшы паспортының көшірмесі;
- қазақстандық БСН;
- құрылтай құжаттары:
- ЖШС ашу туралы шешім;
- құрылтай шарты;
- жарғы;
- ЖШС директорын тағайындау туралы шешім;
- ЭЦҚ (электрондық-цифрлық қолтаңба).
БСН — бұл 12 цифр тіркесінен тұратын бизнес сәйкестендіру нөмірі. Ол заңды тұлғаларға (ұйымдарға, филиалдарға, өкілдіктерге) және бірлескен кәсіпкерліктерге беріледі.
Бизнес-иммигрант визасы
Шетелдіктерге Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет атқару үшін С5 санатындағы бизнес-иммигрант визасы қажет болады. Бұл виза бір мәртелі немесе көп мәртелі болуы мүмкін. Бір мәртелі виза 90 тәулікке дейінгі мерзімге, ал көп мәртелі — 2 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Бизнес-иммигрант — бұл бизнес ашқалы жатқан адам. Оны еңбек мигрантымен, яғни, С3 санатындағы визамен келетін жалдамалы қызметкермен шатыстыруға болмайды.
Шетел азаматы С5 визасын алу үшін құжаттарын өзі барып тапсырады, ал С3 визасын алуға қажет құжаттарды шетелдік қызметкерді жалдайын деп жатқан қазақстандық жұмыс беруші өзі тапсырады.
Бизнес-иммигрант визасы шетелдік заңды тұлғалар мен ЕАЭО елдерінің азаматтарына керек емес (оларға тек қазақстандың ЖСН мен ЭЦҚ алу қажет).
С5 визасын алу үшін қажет құжаттар
Бизнес-иммигрант визасы кепілгер немесе бизнес-әріптес ретіндегі қазақстандық компанияның шақыруы бойынша беріледі.
Виза алушы келесі құжаттарды ұсыну керек:
- шетел инвесторының ЖШС ашуына жергілікті атқарушы органдар қарсы еместігі туралы өтініш
- қызмет атқаруға кедергі жасайтын аурулардың жоқтығы туралы медициналық анықтама
- медициналық сақтандыру полисі;
- соттылығының жоқтығы туралы анықтама;
- кәсіпкерлік қызмет атқаруға сот шешімі бойынша тыйым салынбағандығы туралы анықтама.
Бизнес-иммигрантқа қойылатын талаптар
Бизнес-иммигрант Қазақстанға келгелі екі ай ішінде келесі талаптарды орындауға тиіс:
- ЖШС тіркеу;
- Банкке жарғылық капиталдың минималды мөлшері — 100 АЕК-тен кем емес мөлшерде қаражат салу (2024 жылы 369 200 теңге).
ЖШС-ті тіркеу тәртібі
ЖШС-ті тіркеу тәртібі қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін бірдей. Оны egov.kz электрондық үкімет порталында жүзеге асыруға болады.
Қажетті құжаттар:
Электрондық өтініш беру үшін электрондық сауалнама толтырып, PDF форматындағы келесі құжаттардың сканерленген нұсқаларын жіберу керек:
- сауда тізілімінің заңдастырылған үзiндiсі (заңды тұлғалар үшін);
- құрылтайшы паспортының көшірмесі.
ЖШС-ті тіркеу тәртібі:
1. egov.kz сайтында ЭЦҚ көмегімен авторизациялану;
2. «Бизнеске» → «Бизнесті тіркеу және дамыту» → «Бизнесті тіркеу және жою» бөлімдеріне өту;
3. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, банктік шот ашу және өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан жұмыскерді міндетті сақтандыруды ескере отырып олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» қосымша бетіне өту → «Онлайн сұрау»-ды басу;
4. «Занды тұлғаларды, филиалдары (өкілдіктерді) мемлекеттік (есептік) тіркеу» (орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін)» пунктін таңдау;
5. Келесі өрістерді толтыру:
- Ұйым түрі — Заңды тұлға
- Ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны (ҰҚН) — Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
- Компанияның үш тілдегі атауы (ҰҚН-сыз)
- Басшының ЖСН-і, басшы тағайындау туралы шешімнің нөмірі мен күні
- Құрылтайшылардың ЖСН-і, толық аты-жөні, салымдарының сомасы және жарғылық капиталдағы пайыздық үлесі (ЖШС-те бір-ақ қатысушы болса — 100% болады)
- Типтік (үлгілі) жарғы бойынша әрекет етуі туралы мәлімет
- ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі туралы мәлімет
- Заңды мекенжайы, телефон нөмірі
- Бизнес түрі (ЭҚЖЖ)
- Штат — жоспарланған қызметкерлер саны
- Дайын!
15 минуттан кейін өтініш бетін жаңартып, ЖШС тіркеу туралы анықтаманы қазақ және орыс тілінде PDF форматында алуға болады.
ЖШС тіркегеннен кейін келесі кезеңдерден өту керек:
- жаңа компаниялар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде тіркелетіндіктен, бизнес үшін қолайлы салық режимін таңдау;
- жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру шартын жасау;
- ақшасыз төлемдер қабылдау үшін банк шотын ашу;
- қолма-қол төлемдерді қабылдау үшін онлайн-касса тіркеу;
- кейбір бизнес түрлері үшін POS-терминал сатып алу;
- бизнес түріне байланысты талап етілетін болса, лицензия алу;
- ҚҚС төлеушілерімен жұмыс істеу немесе жылына 20 000 АЕК-тен астам (2024 жылы 73 840 000 теңге) табыс табу жоспарланған болса, ҚҚС бойынша есепке тұру.
Бұл туралы толығырақ біздің арнайы мақаламызда оқуға болады:
ЖШС-тің банк шоты
ЖШС-ке арналған банк шотын Қазақстанның кез келген банкінде онлайн түрде немесе банк бөлімшесіне барып ашуға болады. Шотты банк бөлімшесінде ашу үшін компания директорының құжаттары қажет болуы мүмкін, оған қоса қызмет көрсету үшін комиссия ұсталуы мүмкін.
Шотты онлайн ашу үшін құжат жинаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, оған 15-ақ минут уақыт кетеді. Шотты интернет-банкинг арқылы ашқан ыңғайлы, себебі бұл жағдайда банкке бармай-ақ, компанияның қаражатын басқару, төлем тапсырмаларын шығару және салықтарды төлеу мүмкін болады.
Jusan Business мобильді қосымшасында шотты тез және тегін ашуға болады. Ол үшін не істеу керек:
- Jusan Business қосымшасын жүктеу;
- шот ашу туралы өтінім толтыру;
- шот ашылғаны туралы SMS алу;
- жұмыс істеуді бастау.
Шетел азаматына Қазақстанда қандай қызметпен айналысуға болмайды
Шетелдіктерге келесі қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салынған:
- күзет қызметімен айналысу;
- БАҚ саласында жұмыс істейтін заңды тұлғаға тиесілі акциялардың 20%-нан астам үлесін иелену, пайдалану немесе басқару;
- телебайланыс саласында жұмыс істейтін заңды тұлғаға тиесілі дауыс беретін акциялардың 49%-нан астам үлесін иелену, пайдалану немесе басқару.