Бизнесті мұраға қалдыру тәртібі

Қажет құжаттарды рәсімдеу талаптары мен мерзімдері

Бизнесті мұраға қалдыру тәртібі
Маржан Кобеева

Маржан Кобеева

сарапшы, корпоративтік заңгер

Мақаланың мазмұны

Мұрагерлiк — азамат (мұра қалдырушы) қайтыс болғаннан немесе оның қайтыс болғаны жарияланған соң, мүлкінің сот тәртiбiмен туыстарына немесе басқа мұрагерлерге ауысуы. Бұған бизнес иесінің тірі кезінде ісін сыйға тарту, сату немесе сенімгерлік басқару шарты бойынша беруі жатпайды. Мұрагерлік өсиет бойынша немесе, егер өсиет болмаса, заң бойынша рәсімделеді. Маңызды шарттар мен қажет құжаттар туралы осы мақалада айтып береміз.

Бизнес түрінің ықпалы

ЖШС-дағы үлесті мұрагерлікпен алу

ЖШС құрылтайшысы қайтыс болған жағдайда оның үлесі мұрагерлерге өте алады. Бірақ бұл ЖШС жарғысына байланысты. Мысалы, егер жарғыда жаңа қатысушыларды тек басқа меншік иелерінің келісімімен қабылдауға болады деп көрсетілсе, мұрагерлер олардың келісімдерін алулары тиіс. Олай болмаған жағдайда, мұрагерлерге үлестiң нақты құны төленедi.

Мұрагерлік бойынша директордың лауазымы берілмейді — тек құрылтайшының бизнестегі үлесі ғана беріледі. Компанияның жаңа басшысы ЖШС қатысушыларының жиналысында сайланады.

ЖК-ны мұрагерлік арқылы алу

ЖК иесі қайтыс болған жағдайда, оның қызметі автоматты түрде тоқтатылады. Алайда мүлкі, активтері және тоқтатылмайтын құқықтары мен міндеттері мұрагерлерге өтеді. Олар мұндай активтерді өз аттарына рәсімдеп, бизнесті жалғастыру үшін жаңа ЖК аша алады.

Өсиет бойынша мұрагерлік

Өсиет болған жағдайда, мүлік мұра қалдырушының еркіне сай бөлінеді.

Бизнес иесі алдын ала кімге және қандай мөлшерде мұра қалатынын анықтай алады. Өсиетке мыналар енгізілуі мүмкін:

  • ЖШС-дағы үлес
  • жабдық, жылжымайтын мүлік, көлік
  • банк шоттары мен депозиттер
  • шарт (мысалы, сенімгерлік басқару туралы) бойынша құқықтар мен міндеттер 
  • болашақта сатып алынуы мүмкін мүлік

Алайда кейбiр мұрагерлер міндетті үлес алуға құқылы. Бұл санатқа мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, жұбайы (зайыбы) және ата-анасы жатады. Оларға заңмен белгіленген мұраның кемінде жартысы беріледі. Мысалы, мұра қалдырушының әйелі мен үш баласы бар. Алайда ол өсиет бойынша бүкіл мүлкін досына қалдырған. Соған қарамастан, әйелі мен балалары заң бойынша міндетті үлеске ие — оларға тиесілі заңды үлестің кемінде жартысы беріледі:

  • әрбір бала мен жұбайдың заңды үлесі — мүліктің 25%-ы
  • міндетті үлес — заңды үлестің жартысы, яғни 12,5%

Нәтижесінде, мұра қалдырушының досы барлық мүлікті емес, міндетті үлестер бөлінгеннен кейін қалғанын ғана алады.

Мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін нотариус өсиетті тексеріп, бизнесті өсиетте көрсетілген мұрагерлерге рәсімдейді.

Өсиетсіз мұрагерлік

Егер өсиет болмаса, бизнес заң бойынша мұрагерлер арасында бөлінеді. Ол үшін нотариусқа мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлікпен жүгіну қажет.

Мұрагерлер кезекпен анықталады:

  1. Мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен балалары, ата-анасы.
  2. Аға-інілері, апа-сіңлілері (оның ішінде толық емес туыстар), аталары, әжелері.
  3. Ағалары, апалары, аға-інілері, қарындастары және басқа да туыстары.

Егер бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса, құқық келесі кезектегі мұрагерлерге өтеді. Осылайша, мұрагер табылмаса, бизнес активтері иесіз мүлік боп саналады және сот шешімімен мемлекетке беріледі.

Мұраны рәсімдеу тәртібі

Мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін мұрагерлер нотариусқа оның қайтыс болғаны туралы куәлікпен жүгінуі керек. Егер тұлға қайтыс болды деп жарияланса, бұл мәселе сот арқылы шешіледі. Бұл ақылы рәсім — шамамен 1 АЕК (2025 жылы 3 932 теңге). Рәсімдеу тәртібі өсиеттің бар-жоғына байланысты.

Егер өсиет болса, онда мұрагерлер нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтінішті алты ай ішінде береді. Өтінішке мұра қалдырушының өсиеті, қайтыс болғаны туралы куәлік және мұраға қалдырылатын мүлікке құжаттар қоса беріледі. Содан кейін нотариус мұраға құқықты растайтын куәлік береді.

Егер өсиет болмаса, мүлік заң бойынша бөлінеді. Рәсім тәртібі ұқсас: нотариусқа жүгініп, құжаттарды тапсыру және туыстықты растау қажет. Мұраға құқық туралы куәлік мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай өткен соң беріледі. Мұндай мерзім барлық мұрагерлерді анықтап, олардың мұраны қабылдайтынын нақтылау және үлестерін белгілеу үшін қажет. Егер даулар болмаса, нотариус куәлікті ертерек рәсімдей алады.

Мұраға құқығы туралы куәлікті мүліктің немесе мұрагердің орналасқан жері бойынша ХҚКО бөлімшесінде тіркеу қажет.

ЖШС-дағы үлес мұраға қалса, құрылтайшыны әділет органдарында ауыстыру қажет.

Егер ЖК активтері мұраға қалған болса, оларды бизнес тіркелген жердегі ХҚКО бөлімшесінде мұрагердің атына рәсімдеу керек.

Бизнесті мұрагерлерге қалдыру бойынша кеңестер

Өсиетті алдын ала дайындау маңызды. Дауларды болдырмау үшін өсиетті алдын ала дайындап, мұрагерлер мен олардың үлестерін нақты көрсету қажет.

Серіктестермен мұрагерлік шарттарын талқылаңыз. Егер бизнесте бірнеше құрылтайшы болса, мұрагерлік тәртібін алдын ала келісіп, оны құрылтай құжаттарында бекіту маңызды.

Заңгерден кеңес алыңыз. Ол құжаттарды дұрыс рәсімдеуге және барлық ерекшеліктерді ескеруге көмектеседі.

 

Бизнесті мұраға қалдыру күрделі процесс. Бірақ оны дұрыс жоспарлауға болады. Ол үшін бизнестің ұйымдық-құқықтық түрін (ЖШС немесе ЖК), өсиеттің бар-жоғын және кейбір мұрагерлер үшін міндетті үлестерді ескеру маңызды. Дауларды болдырмау үшін өсиетті алдын ала рәсімдеп, серіктестермен келісіп, заңгерден кеңес алған жөн. Бұл мұрагерлердің құқықтарын қорғап, бизнестің тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.