Жастарға бизнесті дамытуға 2,5%-бен жеңілдетілген несие алу жолдары
Шарттары, жастарға қойылатын талаптар мен қажет құжаттар
Мақаланың мазмұны
Бизнес бастағысы немесе істерін кеңейткісі келетін 21 жастан 35 жасқа дейінгі қазақстандық кәсіпкерлер «Жас Ұрпақ» бағдарламасы шеңберінде төмен пайызбен 5 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың қыркүйек айының басында басталады деп күтілуде.
Бағдарламаның мәні
2,5%-дық шағын несие жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін беріледі. Конкурстық комиссия үздік деп таныған бизнес-жобалар жеңілдікті несие алады. Бағдарламаның операторы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) болып табылады.
Несие қандай мақсаттарға беріледі
Сала бойынша шектеулер жоқ, бірақ акцизделетін қызмет түрлеріне (темекі өнімдері мен алкоголь, мұнай өнімдеріне) шектеу салынады. Бизнес төрт бағытқа бөлінеді:
- агроөнеркәсіптік кешен (мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы);
- қызметтер саласы (IT, бухгалтерлік, тұрмыстық, ветеринарлық, спорттық, медициналық және басқа салалар);
- көтерме немесе бөлшек сауда;
- жеңіл және ауыр өнеркәсіп (киім, аяқ киім, шикізат өндірісі және т.б.)
Егер несие тұрғын үй сатып алуға, оны салуға немесе жөндеуге, жер, бағалы қағаздар сатып алуға, несие жабуға, жеке мақсаттарда пайдалануға алынып жатса, өтінімнен бас тартылады.
Қарыз алушыға қойылатын талаптар
- жасы — 21-ден бастап 35 жасқа дейін (өтініш берген кезде үміткердің жасы 34,5 жас болуы керек)
- ЖК-ның мерзімі — тіркелгеннен кейін 5 жылдан аз болуы керек;
- басқа несиелер бойынша кешіктіру мен салық қарыздарының болмауы;
- кепіл мүлкінің болуы (үшінші тұлғаны тартуға болады, кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің шоттарындағы ақша қабылданады).
Микронесие шарттары
- несиелеу мерзімі: мал шаруашылығына — 7 жыл, кез келген басқа мақсаттарға — 5 жыл.
- несиенің ең жоғары сомасы — 5 млн теңге.
- пайыз мөлшерлемесі — жылдық 2,5%-дан аспайды.
- жеңілдетілген демалыс — барлық мерзімнің үштен бірінен аспайды (егер несие 5 жылға болса, онда жеңілдікті кезең — 20 ай).
Өтінім беру үшін қажет құжаттар
Микрокредит алуға үміткер құжаттардың толық тізбесін ұсынады, олардың ішінде:
- микрокредит алу жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы құжат;
- жобаның бизнес-жоспары;
- банктен шоттың болуы туралы анықтама, ал кредиттер болған жағдайда — мерзімі өткен несиелік берешек туралы анықтама;
- жалақыны және өзге де кірістерді растайтын құжат (БЖЗҚ-дан үзінді көшірме);
- бағалау туралы есеп;
- кепілгерлік және кепіл құжаттары.
Өтінім беру жолдары
Үміткер онлайн өтініш бере алады. Онлайн өтінішті беру тәртібі:
- SMS-код арқылы сайтқа тіркеліңіз. ЖСН-ды енгізіңіз. Бұдан кейін 1414 нөмірінен қызмет көрсету үшін жеке деректерге қол жеткізу туралы сұрау келеді. Жауап ретінде «511» санын теріп жіберіңіз, бұл келісіміңізді білдіреді.
- Телефон нөмірі, ЖСН және басқа да ақпарат автоматты түрде тартылады.
- Порталға кіріп, «Жас ұрпақ» бағдарламасын таңдаңыз. Агроөнеркәсіптік кешен, қызметтер саласы, сауда, жеңіл және ауыр өнеркәсіп деген төрт бағыт пайда болады. Өз бағытыңызды таңдап, «өтінім беру» түймесін басыңыз.
- Өтініш пен Келісімді оқып, растау кодын енгізіңіз де кепіл мүлікті таңдаңыз.
- Несие туралы мәліметтерді толтырыңыз.
- Несие сомасын қалыптастырғаннан кейін мерзімін және өтеу тәртібін таңдаңыз. Жүйе өтінімді алдын ала мақұлдайды немесе бас тартады. Мақұлданған жағдайда несиені рәсімдеу үшін AНК филиалына жүгіну қажет.
Филиалдардың мекенжайлары мен телефондарын мына сілтемеден көруге болады.
Сондай-ақ, өтінішті офлайн түрде беруге болады — өтініштерді қабылдау басталған сәттен бастап қажет құжаттардың толық тізімімен АНК филиалдарының біріне хабарласуға болады. Менеджерлер олардың талаптарға сәйкестігін тексеріп, конкурстық комиссияның қарауына жібереді. Бизнес-жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына кемінде бір рет өткізіледі.
Үздік бизнес-жобалары бар кәсіпкерлер микрокредит беру шартына және кепілгерлік шартына қол қояды, содан кейін АНК 5 күн ішінде микрокредит сомасын өтініш берушінің банк шотына аударады. Кәсіпкерлер бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалғанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Егер кәсіпкер несие төлей алмаса немесе ақша басқа мақсатқа жұмсалса, онда бағдарлама операторы кепіл мүлкін өзіне алады.
Еліміздің түрлі өңірлерінде шығармашылық студиялар, ателье, стоматология, жүк тасымалдау компаниялары және басқа да қызмет түрлері жастарға шағын несие беру бағдарламасын іске қосудың арқасында пайда болды. Нақты іс-қимыл жоспары бар өзекті және әлеуметтік маңызы бар жобаларға артықшылық беріледі. Ең бастысы — өтінім беріп, өміршең бизнес-жоспарды ұсыну.