Бизнес туралы мақалалар

Кәсіпкерлердің валюта операцияларын жүргізу тәртіптері

Шетел компанияларымен есептесу, шетел валютасын шотқа түсіру және валюта операцияларынан салық төлеу шарттары

Кәсіпкерлердің валюта операцияларын жүргізу тәртіптері
Қайрат Садықов

Қайрат Садықов

Jusan Business-тегі барлық валюталық операцияларды басқарады

Мақаланың мазмұны

Қазақстан кәсіпкерлері шетелдегі жеткізушілер мен тапсырыс берушілермен келісімшарт жасасып, шетел валютасын пайдаланып есептесе алады. Ал отандық компаниялар бір бірімен тек теңгемен ғана есептесе алады. Валюта операцияларының түрлері, валюта бақылауы, валюта репатриациясы және шетел валютасымен жасалған төлемдер үшін төленетін салықтар туралы осы мақалада айтып береміз.

Валюта операциясының мәні

Валюта операциясы — бұл шетел валютасының қатысуымен жасалатын әрекеттер: тауарларды сату және сатып алу, ақша аудару, қарыз алу, инвестициялар, валюта сатып алу, т.б. Мұндай операцияларға шетел серіктестерінен теңгемен қабылданған төлемдер де жатады.

ЖШС-лар мен ЖК-лер валюта операцияларын тек қана бейрезиденттермен, яғни басқа елде тіркелген немесе шетелде тұратын серіктестермен ғана жүргізе алады. Қазақстан компаниялары мен азаматтарының арасындағы операцияларды тек қана теңгемен жүргізуге болады. Ал валютаны елге әкелуге және елден әкетуге шектеу жоқ, бірақ мұнда ЕАЭО және ҚР кеден заңнамаларының талаптарын міндетті түрде ескеру қажет.

Валюта операцияларында пайдаланылатын валюталар:

  • шетел валютасы;
  • құндары шетел валютасында орнатылған құнды қағаздар мен төлем құжаттары;
  • бейрезиденттер шығарған номиналы жоқ құнды қағаздар;
  • алтын кесектер;
  • шетел төлемдері мен аударымдарындағы және валютаны елге әкелу және елден әкету операцияларындағы номиналы жоқ ұлттық валюта мен құнды қағаздар.

ҚР резиденттерімен шетел валютасымен есептесу

ЖК-лер мен ЖШС-ларға Қазақстан резиденттерімен шетел валютасында есептесуге мына жағдайларда рұқсат етіледі:

  • Ұлттық банкпен, Қаржы министрлігімен және ҚР шетел мекемелерімен есептесу;
  • банктегі валюта операцияларының комиссиясын төлеу;
  • құны шетел валютасында орнатылған құнды қағаздармен жүргізілетін операциялар;
  • алтын кесектерді теңгеге сату-сатып алу;
  • бажсыз сауда дүкендерінде (мысалы, Duty Free), халықаралық тасымалдау көліктерінде есептесу;
  • қызметкерге шетел іссапарларының ақысын төлеу.

Валюта төлемдерін банк арқылы жіберу

ҚР Ұлттық банкі қаражаттың елге келуін және елден кетуін бақылап, валюта операцияларының заңды өтуін тексереді де, валюта бағамының өзгерістерін реттеп отырады. Ол үшін еліміздің банктері Ұлттық банкке клиенттердің шетел валютасымен жүргізген операциялары жөнінде есеп береді. Компаниялар да өз жағынан есеп беріп отыруға тиіс, ол үшін компанияны Ұлттық банктің сайтында тіркеп, есептерді кешіктірмей тапсырып отыру керек.

Валюта шоты

Валюта операцияларын жүргізу үшін шетел валютасын қабылдайтын банк шотын ашу қажет, әрі әр валютаға арнап бөлек шот ашу керек. Мысалы, егер серіктес компания төлемін рубльмен жіберсе — рубль шотын, ал доллармен жіберсе — сәйкесінше, доллар шотын ашу керек. Егер сізде аударым валютасына арналған шот болмаса, онда ақшаны сіздің басқа шотыңызға түсіріп, нарық бағамына сәйкес теңгеге айырбастап алуыңызға болады. Мысалы, егер серіктес компания төлемді евромен жіберсе, ақша сіздің шотыңызға теңгемен бүгінгі валюта бағамына сәйкес аударылады.

Валюта шоты былай жұмыс істейді: мысалы, сіз шетел компаниясымен құрылыс материалдарын жеткізу туралы келісімшарт жасадыңыз дейік. Тапсырыс беруші сізге тауарлардың төлемін жібергенде, ақша сіздің шотыңызға бірден түсе қоймайды. Ол алдымен банктің транзит шоты арқылы өтеді, ол кезде валюта бақылауы мәмілеңіздің заңды түрде өтіп жатқанын, яғни жөнелтілген төлемнің валюта келісімшартына сәйкес тағайындалуын, төлем валютасының келісімшартта белгіленген валютаға сәйкестігін, келісімшарттағы сома қалдығының бекітілген мөлшерден асып кетпеуін, т.б. деректерді тексереді. Егер барлық талаптар дұрыс орындалған болса, сонда ғана ақша шотыңызға аударылатын болады.

Ал егер аударым мәліметтері толық енгізілмесе, онда сіз банкке аударым сомасын растайтын хат жібермегеніңізше, ақша транзит шотында жататын болады. Ол хатта аударымның қандай келісімшартпен келіп түскенін, ақша не үшін төленгенін, ол толықтай төлем ба, әлде алдын-ала төлем ба екендігін, оны қандай шотқа түсіру керектігін жазу қажет.

Төлем жібергенде немесе ақша аударғанда құны 10 000 долларға дейінгі келісімшарттарды тіркеудің қажеті жоқ, себебі төлемді растауға тек рұқсат беруші мәліметтердің болғаны жеткілікті.

Валюта келісімшарты

Валюта келісімшарты — бұл компания мен оның контрагенті жасасқан кәдімгі сауда келісімшарты. Оны халықаралық төлем жібермес бұрын банкте алдын-ала тіркеп, төлем тағайындау кезінде жазып жіберу кажет. Ондай келісімшарттарды компаниялар өздері құрастырады. Jusan Business-те келісімшартты оңай онлайн тіркеп, тіркеу нәтижесі туралы хабарлама алуға болады.

Валюта келісімшартын банктің валюта бақылауынан өткізу үшін келісімшартта міндетті өрістердің болуын тексеру керек: ол келісімшарт күні, тапсырыс беруші мен жеткізуші туралы мәліметтер, келісімшарт мәні — мысалы, автобөлшек сату немесе заңгер қызметтерін көрсету; төлем шарттары, төлем валютасы, келісімшарт валютасы, тауарды жеткізу шарттары — репатриация мерзімі, қызмет көрсету мерзімі, ал тауар сатсаңыз — тасымалдау туралы мәліметтер: көлік түрі, тауар өтетін транзит елдер, т.б. Мәмілеге енгізілген кез келген өзгерістерді, мысалы, төлем сомасын көтеру немесе жеткізу мерзімдерін ұзарту сияқты маңызды шарттарды банкке қосымша келісімшарт ұсынып растау керек.

Егер келісімшарт құны 50 000 доллардан асып кететін болса, банк валюта келісімшартына арнайы есеп нөмірін (ЕН) тағайындайды. ЕН бір рет беріліп, клиент басқа банкке ауысқысы келсе де, өзгеріссіз қалады.

Аударым комиссиялары

Халықаралық аударым жасағанда қаражат кейде алушының шотына тікелей түспейді. Ондай жағдай жөнелтушінің банкі ақша алушының банкімен жұмыс істемеген кезде, яғни, екі банкте серіктестік қарым-қатынас құрылмағанына байланысты болады. Алайда, бұл жағдайда жөнелтуші жақтың банкі мен қабылдаушы жақтың банкінің арасында екеуімен де жұмыс істей алатын ортақ банктер болуы мүмкін. Ондай банктер ақшаны бір-біріне беріп жібере отырып, дәнекер қызметін атқарады. Олардың әрқайсысы қызмет көрсеткендері үшін өз комиссиясын ұстап отырады.

Аударым комиссияларын ақша жіберуші де, ақша алушы да төлеуі мүмкін. Комиссия төлеу әдісін ақшаны жіберер кезде таңдау керек:

  • OUR — барлық аралық банктердің комиссияларын ақша жіберуші төлейді.
  • SHA — ақша жіберуші компания тек өз банкінің комиссиясын төлейді, ал басқа банктердің комиссиялары аударылған ақшадан ұсталатын болады.
  • BEN — барлық транзит банктердің комиссиялары толығынан аударылған ақшадан ұсталады.

Комиссия мөлшерлерін алдын-ала болжау мүмкін емес, себебі аударым өткізетін банктердің сауда қарым-қатынастары жылдам өзгеріп отырады. Сол себептен, егер ақша алушы келісімшартта жазылған соманы алсын десеңіз, онда OUR кепілденген төлемдерін таңдағаныңыз жөн.

Валюта репатриациясы

Репатриация — бұл шетел шоттарынан қазақстандық шотқа ақша қайтару. Яғни, ол шетелдегі тапсырыс берушінің сізге тауар немесе қызмет төлемі ретінде жіберген ақшасы, немесе сіз шетелдегі жөнелтушіден алдын-ала төленген тауарды немесе қызметті уақытында алмаған жағдайда сізге қайтарылатын ақша.

Репатриация мерзімі келісімшартта белгіленеді де, келісімшарттағы міндеттемелерді орындау мерзімін білдіреді. Импорт жасағанда ол тауар жеткізу немесе қызмет көрсету мерзіміне немесе мәміле бұзылған кезде алдын-ала төлемді қайтару мерзіміне; ал экспорт жасағанда — төлем қабылдау мерзіміне тең.

Валюта келісімшартында тауарды жеткізу немесе қызмет көрсету шарттары, яғни, келісімшарт құны мен мерзімі жазылуға тиіс. Мысалы, егер сіз Италиядан 100 мың долларға сөмке алуға тапсырыс бердіңіз дейік. Келісімшарт бойынша төлем жіберілгеннен кейін жеткізуші тауарды 180 күн ішінде жіберуге тиіс еді, бірақ кешігіп қалды. Бұл жағдайда банк сізге репатриация мерзімінің бұзылғаны жөнінде хабарлама жібереді. Сіз жеткізу мерзімін ұзартып, оған қосымша келісімшарт жасап, банкке ұсынуыңыз қажет. Болмаса, жеткізуші сізге ақшаңызды қайтаруға тиіс. Егер қосымша келісімшарт уақытында ұсынылмаса, және ақша да қайтарылмай жатса, Ұлттық банк сіздің банкіңізден валюта келісімшарты шарттарының бұзылғаны жөнінде хабарлама алады да, сізді қосымша тексеретін болады.

Валюта операцияларынан салық төлеу

ЖК мен ЖШС валюта операциялары бойынша есеп беріп, салық төлеуге тиіс. Жалпыға бірдей режимдегі компаниялар (ЖБР) оны табыс салығына қоса есептейді. Ал арнаулы салық режимдеріндегі компаниялар (АСР) өздерінің әдеттегі есептері мен салықтарына қоса, валюта операциялары үшін жалпыға бірдей режимдегі компаниялардың салығын төлеп, есеп береді.

Валюта операциялары бойынша есеп беру және салық төлеу мерзімдері:

  • ЖК: 220.00 СЕН декларациясын жылына бір рет 31 наурызға дейін тапсырып, 10% ЖТС жылына бір рет 10 сәуірге дейін төлейді.
  • ЖШС: 100.00 СЕН декларациясын жылына бір рет 31 наурызға дейін тапсырып, 20% КТС жылына бір рет 10 сәуірге дейін төлейді.

Jusan Business-те шетел валютасына шотын ашып, шетел серіктестеріне ақшаны жылдам, тиімді әрі онлайн аударуға болады. Ал Jusan Business мобильді қосымшасында төлем маршрутын бақылауға және ақшаның алушы шотына түскенін тексеруге болады. Сондай-ақ, банк клиенттерге кіріс аударымдар туралы хабарламалар жіберіп отырады, қаражатты шотқа түсіру туралы дайын хат үлгісі де қарастырылған.