Шағын бюджетпен ашуға болатын бизнес-идеялар
Аз ақшамен бастауға болатын кәсіп түрлері
Мақаланың мазмұны
Кәсіп бастау үшін міндетті түрде көп ақша талап етілмейді. Осы мақалада шағын бюджетпен ашуға болатын бизнес түрлері туралы айтып береміз. Арнайы білім болғанын қажет етпейтін салаларды қарастырып, жаңа кәсіп ашуға салықты санамағанда қанша ақша қажет екенін есептеп, кәсіпкерлердің тәжірибелерін бөлісеміз.
Кілем мен диван тазалау
Бастапқы инвестициялар: 20 мың теңгеден басталады.
Жұмсақ жиһазды химиямен тазалауды кішігірім қаражтпен де ұйымдастыруға болады. Бастапқыда барлығын өзіңіз істеп, кейінірек бизнесті кеңейту туралы ойлануыңызға болады. Негізгі шығын кәсіби жабдықтар мен химиялық заттарды сатып алуға кетеді. Бастапқыда Karcher шаңсорғышын жалға алуға болады, оның бағасы тәулігіне 9 мың теңгеден басталады. Жалға берушілер жабдықты қалай пайдалану керектігін көрсетіп береді. Содан кейін, мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде жарнама жасап, алғашқы тапсырыстарды табуыңызға болады.
Химиямен тазалау қызметтерінің бағалары көбінесе қалыптасқан: диван, креслолар — 5 мың теңге, кілем мен ковроландар — шаршы метріне 800 теңге тұрады. Тапсырыстың төменгі құны 15 мың теңге, өйткені адамдар әдетте, диван, екі кресло және бір кілемді бірден тазалауды сұрайды. Осындай химиялық жолмен тазалау шамамен екі сағат алады. Күніне үш тапсырыс түсіп тұрса, онда орта есеппен 45 мың теңге табыс алуға болады. Техника жалдау ақысын, химикаттарды және жарнаманы есепке алғанда бір күнде қолға 25 мың теңге таза пайда келеді.
Кейс
Алматыдағы Magic Clean химиямен тазалау қызметінің басшысы Максим Бенько тазалау ісін осыдан 12 жыл бұрын, Қазақстанда бұл сала енді ғана дамып келе жатқан кезде бастаған. Кәсіпкер 80 000 теңгеге қолданылған Karcher Puzzi шаңсорғышын, 20 000 теңгеге қарапайым кір жуғыш ұнтақ пен түрлі шүберек сатып алып, алғашқы тапсырысын қабылдады. Сонда бір-екі сағаттық жұмыс үшін клиент 20 мың теңгеге жуық ақша төледі, осындай табыс кәсіпкерді қатты шабыттандырды. Максим кәсібін «Барлық дивандар — 5000 теңге» қызметінен бастады, уақыт өте келе тапсырыстар көбейді, компанияда веб-сайт, әлеуметтік желілердегі парақшалар пайда болды, сондай-ақ, арнайы оқудан өтіп, жабдықтарды жаңартып, жаңа клиенттерді тарту және көбейту үшін жарнама беруге мүмкіндік туды.
Қазір компания орташа сегменттен жоғары клиенттерге қызмет көрсетеді, оның жартысы — коммерциялық тапсырыстар, қалғаны — жеке тапсырыстар. Негізгі трафик Google және Yandex контекст жарнамасынан келеді. Сондай-ақ, компания хабарландыру тақталарында да орналасқан, бірақ ол жерден көбінесе бюджеттік тапсырыс келеді, ал ол компанияның нысаналы аудиториясына жатпайды. Күніне жарнама арқылы екі жоғары чекті тапсырыс келеді. Айына шамамен 60 тапсырыс шығады. Тапсырыстар шамалы болғанымен, олардың құны өсті. Кәсіпорынның айлық айналымы 2,5 миллион теңгені құрайды, оның таза пайдасы — 1,5–2 миллион теңге. Құрал-жабдықтарға, химиялық заттар мен жаңа саптамаларға айына шамамен 400-500 мың теңге қажет. Қазір командада үш адам бар — жетекшінің өзі және оның екі көмекшісі.
Жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлерге Максим Бенько жабдықты жалға алғанның орнына, бөліп-төлеп сатып алғанды дұрыс деп санайды, өйткені ол арзанырақ және тиімдірек болып шығады. Сондай-ақ, сала бойынша білім алуға да қаражат бөлу керек — бұл өте маңызды нәрсе. Қазір тазалау жұмыстарының қыр-сырын ашатын көптеген онлайн курстар бар, оларды өту үшін орташа есеппен 100 мың теңге керек. Оқудан өту жұмыс барысында болып қалатын көптеген қателерді болдырмауға мүмкіндік береді.
«Химиямен тазалау бизнесіне „кіру" де оңай, одан шығу да оңай, өйткені жұмыстың ерекшеліктерін білмегендіктен, кілем немесе диван бүлініп қалса, шығын жарты миллион теңгеден бір миллион теңгеге дейін баруы мүмкін».
Жыл бойы құлпынай өсіру
Бастапқы инвестициялар: 30 мың теңгеден басталады.
Ашық жерде құлпынай өсіру — кәсіптің ең арзан түрі болып табылады, кәсіпкер оны өзінің меншікті жерінде де бастай алады. Бұл жағдайда тек тыңайтқыштар, отырғызу материалы, суару және зиянкестер мен арамшөптерден қорғайтын дәрі-дәрмек қажет. Ашық жерде өскен құлпынай тәтті болады. Өсіру технологиясы мен сорттары туралы ақпаратты ашық дереккөзден табуға болады. Кемшіліктердің бірі — кәсіптің маусымдығы болып табылады, өйткені аймаққа байланысты құлпынай өсіру мамырдан қыркүйекке дейін ғана созылады.
Құлпынайды гидропоникалық жолмен де өсіруге болады — бұл топырақтан емес, минералды ерітіндімен қоректенетін әдіс. Сондықтан, өсімдік тезірек өсіп, өнім береді, күнделікті суару да қажет емес, топыраққа байланысты зиянкестер мен аурулар да жоқ.
Гидропоника әдісі жылыжайларда ғана емес, сонымен қатар, үй терезелерінде өсіруде де қолданылады. Ол кәдімгі пластик контейнерлерден тұрады. Егер үлкен отырғызу алаңдары туралы айтатын болсақ, онда бұл жүйенің кемшіліктеріне құрылымдардың жоғары бағасы және электр энергиясының құны кіреді, өйткені өсімдіктердің өсуіне ерітіндіге оттегінің үздіксіз жеткізілуі қажет. Ал егер кәсіпкер құлпынайды осындай жолмен өнеркәсіптік деңгейде өсіруді шешсе, онда жылыжай салу қажет болады.
Жазда жидектерді 2 мың теңгеге сатуға болады, ал қыста оның бағасы екі есе өсіп, 5 мың теңгеге дейін көтеріледі. Құлпынайды онлайн, хабарландыру тақталары, жеке мекемелер және жеке тұлғалар арқылы сатуға, сондай-ақ мессенджер чаттарына хабарламалар жіберу арқылы сатуға болады.
Кейс
Павлодарлық кәсіпкер Ерназар Абраев екі жылдан бері құлпынай өсіріп, сатумен айналысып жүр. Өзінің меншікті 5 соттық жер телімінде бастап, өзі үшін көкөніс, жеміс-жидек өсірумен айналысты. Құлпынайды аз-аздап сатып алған таныстары мен достары оның алғашқы клиенттері болды. Уақыт өте келе, сұраныс артты да, кәсіпкер бизнесін дамытуға ақша бөлді — құлпынайдың бірнеше сорттарын сынау үшін сатып алып, қосымша жер жалға алды, жүйектерге тамшылатып суару жүйелерін орнатты. Жер жалдауға, көшет пен тыңайтқыш сатып алуға, суаруды ұйымдастыруға 500 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Мысалы, бір құлпынай бұтасы орта есеппен 250 теңге болса, бес соттыққа 2,5 мың кетеді, оған қоса 30 мың теңге тұратын тамшылататын лента, пленка, электр қосылымы қажет.
Қазір Ерназардың 20 соттық жері бар, әрбір бес соттық маусымына 3 миллион теңгедей табыс әкеледі. Тиісінше, аумақ неғұрлым үлкен болса, табыс соғұрлым жоғары болады.
Кәсіпкер құлпынайдың әр түрлі сорттарын, Альбион, Сандра, Кабрильо, Мурано сияқты маусымда бірнеше рет жеміс беретін ремонтантты сорттарын сатып алады. Әрбір жидектің өз дәмі мен пішіні бар, әрқайсының өз сатып алушысы бар. Мысалы, шоколадпен қапталған құлпынай дайындау үшін Азия сорты жиі алынады. Оның пісетін уақыты мамырдан қазанға дейін созылады. Жидек кешке тез жиналып, жиналған күні сатылуы керек, оның бұзылып қалмауы маңызды. Құлпынай белгілі бір температурада 3–4 күн, ең көбі бір апта сақтала алады.
Ерназардың әлеуметтік желіде парақшасы жоқ, бірақ ол саудаға аса әсер етпейді, өйткені кафе, асхана, кофехана иелері, сонымен қатар базарларға тауар жеткізетін жеке сатушылар сияқты тұрақты клиенттер бар.
Кәсіпкер алдағы уақытта жерін бір гектарға дейін кеңейтіп, оған басқа да өнімдерді өсіруді жоспарлап отыр.
Бұл бизнеске қызығып тұрған кәсіпкерлерге Ерназар құлпынай өсіруді шағын учаскеде үйренуге кеңес береді. Кейін жер жалдап, топырақ дайындау керек — жүйектерге созылған мульча пленкасын және тамшылатып суаратын таспа төсеу керек. Ол үшін арнайы техника жалдауға болады, ол бес соттық жерді бір-екі сағаттың ішінде дайындап береді. Оның бағасы — 15 мың теңгеге дейін тұрады. Кейін сол жүйектерге өсімдіктер отырғызылады. Бес соттық жерді дайындау процесі шамамен үш күнге созылады. Отырғызудан бастап егін жинауға дейінгі уақыт 1–1,5 ай құрайды.
Жазда квас сату
Бастапқы инвестициялар: 100 мың теңгеден басталады.
Квас саудасы маусымға байланысты шектелгеніне қарамастан, кәсіпкер одан тез арада ақша таба алады, және ол үшін көп ақша қажет емес. Сауда орнын жабдықтау үшін квас толтырылған екі немесе үш термокег қажет, оларды босатылған сайын бір-бірімен ауыстырып тұруға болады. Сонымен қатар арнайы үстел, тент, сатушыға арналған орындық және бір рет қолданылатын шыныаяқтар қажет болады. Бір бөшкеге 20 литр квас құюға болады, ал бөшкенің бағасы 15 мың теңгеден басталады.
Ыстық күндері орташа есеппен 50 литр квас сатуға болады, демалыс және мереке күндері сатылым екі есе өседі. Жеткізушілер үшін орташа сату бағасы литріне 100-150 теңге құрайды, ал 0,5 литрлік стақанды 300 теңгеден сатуға болады.
Осылайша, өтімділік жақсы болатын жаздың ашық күндерінде бір сату нүктесіндегі орташа табыс шамамен 30 мың теңгені құрауы мүмкін. Бір айда бір нүктенің тауар айналымы 900 мың теңгеге жетеді. Бұл сомадан жабдық құнын, квастың бағасын және сатушының жалақысын шегеру керек.
Квас сату үшін жай ғана көшенің кез келген бір жеріңде тұра салуға болмайды, ол үшін маусымдық сауда жасау үшін қаладан жер жалдауға арнайы рұқсат қажет. Рұқсат жылдам жасалады — ол үшін қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өтініш беру керек, содан кейін өтініш Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісіледі, олар сауда нүктесі қаланың көркін бұзбайтынын тексереді. Рұқсатсыз жерде заңсыз сауда жасағаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұзушылық қайталанса, айыппұл екі еселенеді. Сондай-ақ, сатушылар салық төлеуі және санитарлық нормаларды сақтауы керек.
Бұл бизнестегі ең маңызды нәрсе — сауда орнын дұрыс таңдау, себебі ол сатылымға тікелей әсер етеді.
Кейс
Алматы тұрғыны Әсел Ысқақ екі жылдан бері салқындатқыш сусындар, оның ішінде квас сатумен айналысқан. Оның айтуынша, квастың сатылымы тәулігіне жаздың жай күндері 10–20 литр, ал ыстық күндері — 100–150 литрге дейін жетті. Кәсіпкер квасты тікелей зауыттан емес, жеке саудагерлерден литрін 130 теңгеге сатып алып жүретін. Ал клиентке сатқанда баға үстемесі 100 пайыздан жоғары болды, яғни квастың 1,5 литрі 460 теңгеден, 2 литрі 560 теңгеден сатылды. Бұл бағаға 60 теңгелік бір реттік бөтелкенің құны қосылған.
Кәсіпкердің айтуынша, квас сату бизнесінің өзіндік қыр-сыры бар. Мысалы, бизнестің табысы аймақтың өтімділігіне, ауа-райына және квастың сапасына қатты байланысты. Көшеде сату үшін кәсіпкерлерге арнайы рұқсат қажет, бірақ ол көбінесе ешкімде жоқ, ал сатушылар қауіптерін біле тура сауда жасай береді. Дегенмен, барлық ұйымдастыру мәселелері шешілген болса, бизнес табысты болуы мүмкін.
Шұлық сату
Бастапқы инвестициялар: 100 мың теңгеден басталады.
Шұлық — жылдың қай мезгілінде де сұранысқа ие болатын өтімді тауар. Шұлықтың құны төмен болғанына байланысты мұндай тауардың үстеме бағасы 80 пайызға дейін болуы мүмкін. Тауар сатып алуға көп қаражат қажет емес — 50 мың теңгеден бастай алуға болады. Ол үшін Қытайға немесе Түркияға барудың қажеті жоқ, жақын жердегі көтерме базарға барсаңыз болады. Шұлықтың көтерме бағасы 200 теңге болса, үстіне баға қосып, 500 теңгеден сатуға болады.
Базардан сауда нүктесін ашып, бизнестің бұл түрін офлайн түрде дамытқан дұрыс. Сауда нүктесі жақсы жерде орналасқан болса, онда жарнамасыз-ақ сауда істеуге болады. Егер орын бірден көрінбейтін болса, онда клиентті жетелейтін белгілер жасауға болады. Тек шұлық сату үшін жеке үйжай жалдаған тиімсіз болады, оның орнына өтімді жерде шағын орын жалға алған дұрыс. Ақшаны тауар сатып алуға, сатышу жалақысын төлеуге жеткілікті болатындай етіп есептеу керек.
Сондай-ақ, шұлықтарды Интернетте сатуға болады, әсіресе жаңа жылдық шұлықтар, неше түрлі креативті жазулар немесе сүреттер салынған шұлықтар жақсы өтеді. Танымал кейіпкерлері бар түсті шұлықтар жастар арасында сұранысқа ие. Онлайн сату үшін кәсіпкерге әлеуметтік желілердегі жарнаманы қосуға немесе өнімді маркетплейстерде орналастыруға болады.
Сауданы бастағаннан кейін ассортиментті толықтырып отырып, сұранысты байқап тұру керек.
Кейс
Алматылық Мақсат Қалменов (аты әңгімелесушінің қалауымен өзгертілді) бір жылдан астам уақыттан бері интернет арқылы тауар, оның ішінде шұлық сатумен айналысады. Алғашқы тауарларды Қытайдың «1688» сайтынан 50 000 теңгеге сатып алып, шұлықтан басқа, футболка, шалбар, сөмке, әмиянға тапсырыс берген. Нарықта атақты спорттық брендтердің логотипі бар шұлықтардың тым көп екенін біліп, кәсіпкер американдық Carhartt брендін таңдады. Шұлықтың сатып алғандағы бағасы 700 теңге болса, ол оны 2000 теңгеден сатады.
Барлық сауда тек онлайн жүргізіледі. Жас кәсіпкер Tiktok және Instagram желілерінде парақшалар ашып, хабарландырулар тақталары арқылы жарнама береді. Достарына да кәсібі туралы айтады, солай ауыздан-ауызға әңгіме арқылы клиенттер де пайда болады.
Ұсынылған идеялар — шамалы бюджетпен ашуға болатын бизнестердің бір бөлігі ғана. Қалай болса да, бизнес-идеяны іздестіру кезінде кәсіпкер өз қалауына және қаблетіне қарауы керек. Тек жаңадан бастаған кәсіпкердің қызығушылығын тудыратын бизнес қана табысты бола алады.