Транзиттік шот деген не
Жұмыс барысы мен маңызы
Қайрат Садықов
Jusan Business-тегі барлық валюталық операцияларды басқарады
Мақаланың мазмұны
Шетел контрагенттермен жұмыс істейтін және сыртқы экономикалық қызмет жүргізетін қазақстандық кәсіпкерлер валюталық шот ашуға міндетті. Әрбір валютаға арнап жеке шот ашу керек. Әдетте ЖК мен ЖШС иелері транзиттік шоттың бар екені туралы валюталық шот ашылған сәтте ғана біледі. Бұл шот жайлы және оның не үшін қажет екенін осы мақалада айтып береміз.
Транзиттік шот дегеніміз не
Транзиттік шот — бұл валюта уақытша сақталатын арнайы банк шоты. Шетел контрагенттерінен түскен ақша валюталық бақылау жүргізілгенше осы шотта жатады.
Құжаттарды тексергеннен кейін ақша бірден валюталық шотқа түседі. Яғни, іс жүзінде бұл шот мәміленің заңдылығы тексерілгенше ақшаны уақытша сақтауға болатын орын, сондықтан мұндай шот транзиттік деп аталады.
Транзиттік шоттың маңызы
Транзиттік шотты банктің өзі ашады. ҚР Ұлттық Банкі елден елге ақша қозғалысын бақылайды, валюталық операциялардың заңдылығын тексереді, сондықтан екінші деңгейдегі банктерді шетел валютасымен операциялар орындайтын клиенттер туралы есеп беруге міндеттейді.
Транзиттік шот банктерге қателіктерді болдырмауға және төлемдерді өңдеуді жеңілдетуге көмектеседі. Кәсіпкер үшін бұл кірістерді тиімді басқаруды және ақша барлық деректерді тексергеннен кейін ғана түсетініне кепілдік береді. Кәсіпкерге транзиттік шот ашу үшін ештеңе жасау керек емес, бұны банк толығымен өзі реттейді, оған тек соманы растау қажет болады.
Жұмыс барысы
Жеке кәсіпкер Қазақстанда жасалған кәмпиттерді Ресей компаниясына сатып, төлемді рубльмен алады делік. Контрагент жіберген ақша рубль шотына емес, транзиттік шотқа уақытша аударылады. Банк клиентке транзиттік шотқа ақша түскені туралы хабарлайды, содан кейін кәсіпкер соманы мобильді қолданба арқылы растайды (есепке алуға өтініш автоматты түрде қалыптастырылады). Валюталық бақылаудан өткеннен кейін қаражат шотқа аударылады.
Клиент соманы 180 күн ішінде растауы керек, әйтпесе банк оны ақша жіберушіге қайтарып жібереді. Мұны ақша түскеннен кейін бірден жасаған жөн, өйткені тексеру барысында банк басқа да құжаттарды сұрауы немесе ақпаратты толықтыруды ұсынуы мүмкін. Құжаттар тізімі мәміленің сомасына байланысты. Егер ол 10 000 долларға тең немесе одан аспайтын сома болса, онда әдетте қолданбадағы соманы растау жеткілікті болады, бұл ретте жазба автоматты түрде қалыптастырылады. Ал егер ол бұл сомадан асып кететін болса, онда келісімшартта жазылған мәміле бойынша инвойс, келісімшарт және басқа жабу құжаттары қажет болады. Мысалы, актілер, тауар жөнелтпе құжаттары, шот-фактуралар немесе көлік құжаттары. Оларды банк тіркеп, қабылдауы үшін алдын-ала жіберу керек.
Валюталық заңнамаға сәйкес мамандар валюталық бақылау жүргізіп, жөнелтілген төлемнің валюта келісімшартына сәйкес тағайындалуын, төлем валютасының келісімшартта белгіленген валютаға сәйкестігін, келісімшарттағы сома қалдығының бекітілген мөлшерден асып кетпеуін, т.б. деректерді тексереді. Егер барлық талаптар дұрыс орындалған болса, онда банк ақшаны транзиттік шоттан валюталық шотқа аударады, ал ЖК оларды өз қалауы бойынша ұстай алады. Ал қателіктер болса, сарапшылар кәсіпкерге қате туралы ескертіп, оны түзетуге көмектеседі.
Егер кәсіпкер төлемді шетел контрагентіне өзі жіберсе, онда ақша алдымен банк-корреспондентке кетеді, ол ақшаны алушы банкке жібереді, содан кейін ғана сома серіктестің шотына түседі.
Ерекше жағдайлар
Валютадағы ақша әрқашан алдымен транзиттік шотқа түседі, тексеріледі, содан кейін ғана валюталық шотқа аударылады. Бірақ егер төлем құжаттарында банкке төлем алушыны және төлемнің мақсатын нақты анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажет ақпарат болса, онда ақша бірден валюталық шотқа жіберіледі.
Транзиттік шот — бұл банктерге мәміленің заңдылығын тексеру үшін қолданылатын қажетті шара. Ақша аударымдары валюталық бақылаудан өтеді — бұл шетел контрагенттерімен жұмыс істейтін барлық кәсіпкерлерге міндетті рәсім.