Бизнеске SMM маманын жұмысқа алу
Қызметкерді қайда іздеу және оған қанша төлеу керек
Руслан Төкеев
Jusan Digital бөлімінің басшысы, Марғұлан Сейсембайдың, PMG және Сбербанк Қазақстанның digital бөлімдерінің экс-басшысы
Мақаланың мазмұны
Бүгінгі күні клиенттер тауарлар мен қызметтерді көбінесе онлайн таңдайды. Әлеуметтік желілер бизнес жүргізудің бір бөлігіне айналды — олар арқылы кәсіпкерлер жаңа клиенттерді тартады, бренд танымалдылығын арттырады және сатылымдарды көбейтеді. Бірақ тәжірибелі SMM маманын табу оңай емес. Мұнда диплом емес, жасаған жұмыстары, мінездемелері мен жеке қабілеттері маңызды. Іздестіруді неден бастау керектігін және назар аударатын жайттар туралы осы мақалада айтып береміз.
Міндеттерді анықтау
Көбісі SMM маманын бәрін істей алатын — контент-жоспар мен посттар жазып, визуал табатын, бейне түсіріп, монтаж жасайтын, таргет жарнаманы іске қосып, аудиториямен байланысатын көп функционалды қызметкер деп ойлайды. Әрине, олай болғаны дұрыс-ақ, бірақ іс жүзінде SMM маманының міндеттері бүгінде айтарлықтай қысқарды. Бұндай маманды табуға болады, бірақ ол аталған әр бағытты жетік біле қоймас.
Сондықтан кәсіпкер SMM маманын іздемес бұрын қызметкердің нақты не істейтінін шешуі керек. Әйелдер киім дүкеніне фотосессиялардан бэкстейдж мен шоурум ішінде түсірілім жасайтын, сондай–ақ бейнені өңдеп, парақшаға салатын және күнделікті жазба жариялайтын қыз қажет. Бұндай жұмысқа копирайтинг қабілеті керек емес, ең бастысы — ізденімпаздығы және түсірілім жасау қабілеті. Жекеменшік білім беру мектебіне екі тілді алып жүретін, мүмкін, өзі де кадрға кіретін мобилограф қажет. Әр бизнестің қызмет саласына, ауқымы мен ерекшеліктеріне байланысты өз міндеттері бар.
Жұмыс сипаттамасын дайындау
Қызметкердің міндеттерін анықтағаннан кейін, лауазымға сипаттама жасап, қойылатын талаптар (тәжірибе, дағдылар, білімі) мен шарттарды (жұмыс кестесі, жалақы, өсу мүмкіндіктері) белгілеу керек. SMM маманының жұмыс сипаттамасының үлгісі:
Міндеттері:
- күніне 2–3 бейне түсіріп, контент-жоспарын жасау
- Instagram және TikTok парақшыларын жүргізу
- контент тиімділігін талдап, керек кезде өзгертулер енгізу
Қызметкерге қойылатын талаптар:
- жұмыс тәжірибесі бір жылдан кем емес
- портфолионың болуы
- CapCut және Canva бағдарламаларын білу
Жұмыс шарттары:
- 200 мың теңгеден бастап айлық + контент қаралымынан KPI
- мансаптық өсу мүмкіндігі
- икемді жұмыс кестесі
Қызметкерді іздеуге болатын алаңдар
Қызметкерді іздеуге арналған арнайы сайттар бар. Олардың ішінде Қазақстанда ең көп сұранысқа ие — hh.kz, бірақ оған ақы төлеу керек. Кәсіпқой мамандарға арналған LinkedIn әлеуметтік желісінде де іздеуге болады. Сайт бос жұмыс орны туралы хабарландыруды тегін салуға мүмкіндік береді, бірақ жаңа адамдармен байланыс орнатуға белсенді жұмысты қажет етеді.
Ең тез әрі тиімді нұсқа — телеграм арналары арқылы табу. Үміткер табуға арналған жұмыс арналарының тізімі:
- Чат фрилансеров. Вопросы/Ответы/Помощь (Фрилансерлердің чаты. Сұрақтар/Жауаптар/Көмек) — маркетинг мамандарының хабарландырулары
- Вакансии Казахстан — ТОЛЬКО Digital (Қазақстандағы бос жұмыс орындары — тек Digital ғана) — диджитал-маркетинг саласындағы бос жұмыс орындары; хабарландыру беру ақылы
- Годная работа (Жақсы жұмыс) — редакторлар, маркетологтар, SMM мамандары мен дизайнерлерге арналған бос жұмыс орындары
- SMM. Target. ADS — Қазақстанда мамандар мен медиа–жобаларды тегін іздеу
- Media Community | SMM | Қазақстан — фотографтарға, блогерлерге, SMM мамандарға, редакторларға және медиамен байланысты барлық адамдарға арналған арна
- Digital-маркетинг | SMM Алматы — Алматыдағы медиа өкілдерінің қауымдастығы, оның ішінде SMM де бар
Үміткерді Instagram желісінде де іздеуге болады. Ол үшін іздеу өрісінде «SMM» (немесе «смм») және қаланың атауын енгізу керек — нәтижесінде сипаттамасында мамандануы мен қаласы жазылғандардың парақшалары шығады. Ықтимал үміткердің сақталған stories-тарынан «Кейстер» пәпкесін тауып, жұмыстарын бағалайсыз.
Қызметкер табудың тағы бір жолы — маркетинг саласындағы таныстар арасында іздеу.
Сұхбат өткізу
Таңдалған үміткердің біліктілігіне көз жеткізу және қабілетін бағалау үшін сұхбат өткізу қажет. Алдымен компания туралы және маманнан не күтетініңізді айтып беріңіз. Оның білімі мен тәжірибесін бағалау үшін бірнеше сұрақтар қою керек. Мысалы, жұмыс барысында қандай құралдар қолданатыны, әлеуметтік желілерде жылжыту стратегиясын қалай құрастыратыны, қойылған мақсаттарға қалай қол жеткізуге болатыны туралы, бұрынғы жұмыс орнында ұқсас міндеттерді орындау тәсілдері мен жеткен нәтижелері. Сондай-ақ, үміткер сіздің бизнесіңіздің саласы мен аудиториясын қаншалықты түсінетінін тексеру керек.
Тек жауап қана алып отырмай, маманның сұхбат кезінде өзін қалай ұстайтынын бақылау керек — оның қарым-қатынас орнату қабілеті, ынтасы және жұмысқа деген дайындығы. Қорықпай, қосымша сұрақтар қойыңыз. Үміткер өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп беру керек. Егер ол ақпаратпен оңай бөлісіп, портфолиосы бар болса және ынтымақтастыққа дайын болса, онда бұл жақсы белгі.
Тест тапсырмасы
Іс жүзіндегі қабілетін бағалау үшін шағын сынақ тапсырмасын ұсынуға болады — мысалы, жарты айлық контент-жоспарын, бір пост мәтінін немесе рилске сценарий жазып беру. Әдетте, жұмыс істейтін мамандар, ақшасы төленбесе, тест тапсырғысы келмейді. Үміткердің жұмысқа жарайтынын бағалау үшін кейстерді алдын ала зерттеп, сұхбат алған жеткілікті.
Төлемақысы
SMM саласындағы мамандардың жалақысы қойылған міндеттерге байланысты — олардың тізімі неғұрлым үлкен болса, ақысы соғұрлым жоғары болады. Орта есеппен, стандартты міндеттер алып жүретін SMM маманы 200 мың теңгеден бастап алады. Қаламақысы одан төмен болса, үміткердің өз қабілетіне сенімсіздігін немесе үлкен жауапкершіліктен қорқатынын көрсетеді.
Маманды жұмысқа алу
Әдетте, SMM мамандар азаматтық–құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт бойынша жұмыс жасайды — бұл жұмыс берушіге де, маманның өзіне де ыңғайлы. Нақты көрсетілетін қызметтер мен оларға бөлінетін бағаны анықтап, бір жылға келісімшарт жасау керек. Қалаған кезде қызметкерді штатқа да алуға болады — қызметкерді жұмысқа алу тәртібі туралы және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қалай жұмыс істеуге болатыны туралы біз басқа мақалаларда жаздық:
Кейін маманға жұмыстың мән–жайын түсіндіріп, командамен таныстырып, алғашқы тапсырмаларын қойыңыз.
Жұмыс тиімділігін бағалау
Жұмыстың тиімділігі қойылған міндеттерге байланысты. Мысалы, сізге парақшадағы жазылмандар санын көбейту және посттардың көрсетілімдерін арттыру керек. Онда бастапқы көрсеткіштерге — қазіргі жазышулардың саны, посттардың көрсетілімдері және бір айда қандай нәтиже күтетініңізге қарау керек. Егер сізде қазір 155 жазылман болса, ал бір айдан кейін 10 мың жазылман талап етсеңіз, үлкен команда мен жарнамаға қаражатсыз, бұл мақсатқа жету екіталай. Бір маманға нақты және жүзеге асыра алатындай міндеттер қою керек, мысалы, 2 мың жазылман қосу, әйтпесе жоспарды орындау үшін ол статистикаға нашар әсер ететін және парақшаны төмен түсіретін басқа елдерден боттар қоса салады.
Әдетте, шағын және орта бизнеске сату көлемін арттыру маңызды. Бұл SMM маманының жұмысының тікелей пайдасын көрсететін негізгі көрсеткіш. Мұндай тапсырманы орындау үшін ол гипотезалар құрып, іс-әрекет жоспарын анықтайды. Егер гипотезада белсенді аудитория сатылымды арттырады делінсе, онда келесі қадам ретінде аудиториямен өзара әрекеттесуді жақсартуға болады, яғни лайк, пікірлер, бөлісулер мен көріністердің санын бақылау қажет.
SMM маманының тиімділігі көптеген факторларға, соның ішінде нақты мақсаттар мен міндеттерге байланысты. Бұл ретте SMM маманының жұмысын үнемі талдап отыру керек, нақты бір уақыт ішінде қойылған мақсаттарға жетуін бағалап, қажет болған жағдайда стратегияны түзетіп тұру керек.
SMM маманын табу уақыт алады. Оның міндеттерін анықтау керек, маманның өзін тауып, портфолиосын тексеріп, бизнеске қаншалықты сәйкес келетінін бағалау керек. SMM-ге кететін шығындар — бұл бизнеске қосқан инвестиция сияқты, сондықтан жақсы үміткер табуға уақыт пен күшіңізді аямаңыз. Тәжірибелі маман жаңадан бастап жүрген қызметкерге қарағанда жарнама арқылы бизнеске қалай ақша табуға болатынын біледі. Маман тек посттар жариялап қана қоймай, стратегия құрып, аудиторияның мінез-құлқын талдап, өз жұмысының нәтижелерін бағалайды. Әлеуметтік желілер — бұл қуатты құрал, бірақ ол тек маманның қолында ғана жұмыс істейді.