Төлемдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алаяқтардан қорғау
Интернеттегі транзакциялардың қауіпсіздігі
Мақаланың мазмұны
Қазіргі күндерде қолма-қол ақша төлейтіндер аз, көбісі карта арқылы немесе онлайн-төлемдерді таңдайды. Қауіпсіздік шараларын білмесеңіз, алаяқтардың құрбаны болу оңай көрінеді. Алаяқтар банк клиентінің жеке ақпаратын түрлі жолдармен алады. Сонымен бірге — оның қаржысына да қол жеткізе алады. Транзакцияларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін кеңестерді осы мақалада дайындап қойдық.
Алаяқтардың іс-әрекеттері
Алаяқ өзін банктегі байланыс орталығының немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, сіздің картаңызбен күдікті операция (мысалы, көп ақша сомасын аудару) өткізілгені туралы хабарлап, оны растауға сұрайтын жағдайлар неғұрлым кең таралған боп саналады. Уақыт өте келе мұндай әдістің тиімділігі төмендегенімен алаяқтықтың жаңа жолдары пайда болады.
Мысалы, электрондық пошта арқылы жіберілетін хаттар. Дастанға мұндай хат келгенін елестетейік: банк клиенттерінің арасында автомобильдің ұтыс ойыны басталғаны туралы хабарлама келеді. Қатысуға хаттағы сілтемені басу жеткілікті. Ұтыс ойыны қызық көрінгендіктен, Дастан хаттағы сілтемені басып, банктің басты бетінен бірақ шығады. Мұнда өзінің логині мен құпиясөзін енгізеді. «Кіру» батырмасын басқаннан кейін банктің сайтындағы техникалық ақаулар туралы хабарламаны көреді. Дастанға банктің сайтын жауып, келесі жолы осы бетке қайта кіргеннен басқа ештеңе қалмайды.
Айдың басында Дастан жалдау ақысын төлеуі тиіс. Ол ақшаны жалға берушінің шотына онлайн-төлем арқылы жібереді. Бірақ кейіннен жалдау ақысы бейтаныс үшінші тұлғаның шотына түскені анықталады. Мұның себебі түсініксіз көрінеді. Шын мәнінде банктен автомобиль ұтысында қатысқысы келген Дастан алаяқтардың құрбаны боп қалды — электрондық хаттағы сілтемемен банктің беті ретінде бүркемеленген сайтқа түсті. Мұндай сайтта Дастанмен енгізілген логин мен құпиясөз енді алаяқтардың қолдарына түсті. Олар Дастанның интернет-банкингіне кіріп, онлайн төлемдердің банк деректемелерін өздеріндікіне ауыстырды. Енді Дастан ақшаны бір тұлғаның шотына жібергенде, ақша шын мәнінде алаяқтар көрсеткен шотқа түседі.
Дастанның қателерін қайталамау үшін оларды талдайық.
Банк төлемдерінің қауіпсіздік шаралары
Электрондық поштаға келетін хаттардың жіберушілеріне назар аударыңыз
Хаттың банк атынан жіберілгенге қарамастан, жіберушінің электрондық мекенжайы банктің шын электрондық мекенжайынан ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, jusan.kz орнына jysan.kz тұруы мүмкін — мұндай жағдайда бір әріп айырмашылығын байқау қиын.
Антивирусты орнатыңыз
Жіберуші мен банктің шын электрондық мекенжайларының арасындағы айырмашылығын байқамай, Дастан сілтемені басып, сайтқа түсті. Оның компьютерінде белсенді антивирус болғанда, күдікті веб-сайт құрсауланған болар еді.
Компьютерге орнатылған антивирус күдікті сайттардан басқа зиянды файлдардан да қорғайды: вирусты көшіріп алу немесе флешкадан компьютерге көшіру қаупі бар. Осылайша сіздің дербес деректеріңіз алаяқтардың қолдарына түседі.
Дербес деректеріңізді компьютерде сақтамаңыз, үшінші тұлғаға бермеңіз
Алаяқтар құрбанының компьютеріне қосылып алатын жағдайлар да болады. Демек, веб-шолғышта сақталған барлық логиндер мен құпиясөздерге қол жеткізе алады деген қауіп бар.
Онлайн-банкингтің, басқа да жеке ақпаратыңыз енгізілген сайттардың логин мен құпиясөзін компьютерде сақтамауға тырысыңыз. Егер дәл қазір компьютермен жұмыс істеп отырмасаңыз, оны бұғаттауға немесе өшірген дұрыс. Осылайша сіздің деректеріңізге алаяқтар қол жеткізе алмайды.
Тауарды онлайн сатқанда немесе сатып алғанда беймәлім сайттарда банктік деректемелеріңізді енгізбеңіз. Тауар алған кезде ақшаны қолма-қол сатушының өзіне берген жөн.
Алаяқтар сондай-ақ мессенджердегі аккаунтты бұзып, телефон жазбасындағы барлық адамдарға өз картасына ақша жіберуді сұрап, жаппай тарату ұйымдастыра алады. Немесе сілтемені басу арқылы конкурста баласына дауыс беру туралы өтінішті жібереді. Мұндай сілтеме арқылы ашылған сайтта тіркелуге өзіңіздің жеке деректеріңізді көрсету қажет болса, сіз алаяқтардың сайтындасыз. Достарыңыздан немесе туыстарыңыздан материалдық көмек сұрап, хабар алған жағдайда, хабар жіберушіге қоңырау шалып, олардың алаяқ еместігіне көз жеткізіңіз.
Алаяқты қалай байқауға болады
Банк қызметкерлері ешқашан:
- клиенттің смартфонына келген СМС кодын, қандай да бір қолданбаларды орнатуды сұрамайды;
- өздерінің қызметтік куәліктерін мессенджерлер арқылы жібермейді. Мұндай әрекеттерді алаяқтар ғана жүргізе алады;
- банк карталарының деректемелерін сұрамайды;
- қандай да бір сылтаумен кредитке өтінім беруді сұрамайды.
Банк қызметкерлері клиенттерге мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де қызмет көрсетеді. Телефон алаяқтары көбінесе басқа елдерден қоңырау шалып, қазақша сөйлей алмайды. Атап айтқанда, Ұлттық банк жеке тұлғалармен жұмыс істемейтінін есте сақтаңыз. Телефонмен ҚР ҰБ қызметкерлері ретінде танысатын тұлғалар іс жүзінде әрқашан алаяқтар болып шығады. ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері азаматтарға қандай да бір операциялар жүргізу үшін бейне қоңырау шалмайды. Тіпті бейне қоңыраудағы адам арнайы киім киіп, отырған бөлмесі мемлекеттік органдарға ұқсас болса да — оны алаяқ деп санауға болады.
Қандай да бір күдіктеріңіз болса, алаяқтармен байланысты бірден үзген жөн. Әрқашан сақтанып, әңгімені немесе хат алмасуды үзіп, қосымша ақпарат алу үшін банктің ресми анықтамалық қызметіне жүгінген дұрыс.
Қаскүнемдер үнемі алаяқтықтың жаңа жолдарын ойлап табады. Сақ болыңыз және банк төлемдерінің негізгі қауіпсіздік шараларын сақтаңыз.