Алматыда ЖШС-ға арналған жеңілдетілген несие алу
Несие шарттары, пайыздық мөлшерлеме және басқа да шарттары
Мақаланың мазмұны
Алматыда ЖШС ретінде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері «Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 2% немесе 6% мөлшермесі бойынша жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізе алады.
Бағдарламаның мәні
Кәсіпкерлерге несие «Almaty Finance» ЖШС береді. Бұл «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын несие ұйымы. Бағдарлама тек Алматы қаласында тіркелген және жұмыс істейтін ЖШС-ға ғана беріледі.
Несие қандай мақсаттарға беріледі
- инвестициялық мақсаттарға — компанияны кеңейту, жаңғырту, сондай-ақ, негізгі құралдар, мысалы, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдық сатып алу, және еңбек етуге қолайлы шарттар жасау;
- айналым қаражатын толықтыруға — бұл тауар, қажет материалдар сатып алу және басқа да өндірістік мақсаттар.
Қаржыландырудың басым салалары
- өндіріс және қайта өңдеу;
- әлеуметтік бағдарланған кәсіпкерлік, оның ішінде білім беру, спорт және денсаулық сақтау;
- импортты алмастыру жобалары;
- экспортқа бағытталған жобалар;
- шығармашылық экономика;
- қаланың (қонақ үйдің) нөмірлік қорын ұлғайту, туризм;
- шағын өнеркәсіптік парктерде іске асырылатын жобалар;
- Алматы индустриялық аймағы мен «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА аумағында іске асырылатын жобалар.
Несие шарттары
Несиелеу мерзімі
- Негізгі құралдарды сатып алу немесе инвестициялық мақсаттар — жеті жылға дейін;
- Айналым қаражатын толықтыру — үш жылға дейін.
Несие сомасы мен сыйақы мөлшерлемесі
- жылдық 2% — Алматының шетінде орналасқан шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттеріне беріледі, несие сомасы — 70 млн теңгеге дейін;
- жылдық 6% — қаланың кез келген аудандарындағы барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне беріледі, несие сомасы — 500 млн теңгеге дейін.
Кепіл
Кепіл сомасы кредит сомасын (үш айдың пайыздарын қосқанда) 100% жабуы тиіс, оның ішінде кепілдің негізгі түрлері 60%-дан кем емес болуы керек.
Негізгі кепіл ретінде жылжымайтын мүлік (тұрғын үйлер, пәтерлер, коммерциялық жылжымайтын мүлік және жер учаскелері) болуы мүмкін. Бірақ кепіл ретінде 60 жастан асқан ғимараттар және ауылшаруашылық жерлері жарамайды. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктердің кепілдіктерін, KazakhExport АҚ-нан немесе мемлекет қатысатын басқа қаржы институттарынан несиені сақтандыру және мемлекеттік бағалы қағаздар алуға болады.
Қосымша кепіл ретінде жабдық, автокөлік, арнайы техника сияқты жылжымалы мүлік болуы мүмкін.
Өтініш беру үшін қажет құжаттар
Құжаттар тізіміне келесілер кіреді:
- несие алуға өтініш,
- компанияның құрылтай құжаттарының көшірмелері,
- жобаның бизнес-жоспары (жеңілдетілген нұсқаға рұқсат етіледі),
- басқа құжаттар (бухгалтерлік баланс, кірістер мен шығындар туралы есеп және т.б.).
Несие алу үшін өтініш беру
Almaty Finance-та өтінімдерді жинайтын онлайн платформа жоқ. Өтініш беру үшін кеңсеге жеке келу керек. Әрбір кәсіпкерге барлық кезеңдерде онымен бірге жүретін жеке менеджер тағайындалады.
Кездесуден кейін несие берушіге қажетті құжаттар тізімі және оларды дайындау бойынша кеңес беріледі. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлер сол ғимаратта орналасқан Qoldaý кәсіпкерлік орталығында тегін оқытуға немесе бизнес-жоспар дайындауға көмек ала алады.
Өтінім беруге бағдарламаның басталғанын күтудің қажеті жоқ, ол үнемі жүзеге асырылады, яғни кез келген уақытта өтініш беруге болады. Әр жобаның жеке қарастыру мерзімі болады.
Алматылық кәсіпкерлер бизнесті кеңейту немесе жаңадан ашу үшін мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады. Мұз кешендері, жүзу бассейндері, коворкинг орталықтары, аяқ киім, сусындар, құрылыс материалдарының өндірісі, IT саласындағы жобалар және тағы басқа баламалы қаржыландырудың арқасында іске қосылды. Негізгі шарттардың бірі — жоба төлемге қабілетті болуы және іске асырылуы қажет.