Бизнестің тиімділігін операциялық шығындар арқылы бағалау
Операциялық шығындарды жүйелі түрде есептеу арқылы бизнестің табыстылығын сақтау
Айжан Қыдырманова
20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер
Мақаланың мазмұны
Бизнес жүргізгенде шығындардың екі түрі болады: күрделі және операциялық шығындар.
Бизнесті бастағанға қажет шығындар күрделі шығындарды құрайды. Мысалы, пиццерия ашқанда пицца дайындауға арналған жабдықтар, жиһаз, жеткізуге арналған көлікті сатып алу керек. Бұны күрделі шығындар деп атаймыз.
Операциялық шығындар — бизнесті ашқан соң оның тұрақты жұмысына жұмсалатын шығындар. Пиццерия ай сайын азық-түлік сатып алып, жалдау ақысын, жарнаманы, қызметкерлердің жалақысын және т.б. төлеп отырады. Мұндай шығындар операциялық шығындарға жатады.
Операциялық шығындарды не үшін есептеу керек
Бухгалтерия операциялық шығындар туралы ақпаратқа сүйеніп салықты есептейді. Бизнес иесі операциялық шығындарды есептеп, компаниясының тиімділігін бағалайды.
Бизнестің табысын шығындар азайтады. Бизнестің табыстылығын барлық кірістер мен барлық шығындардың айырмасымен бағалау қарапайым және қолжетімді тәсіл ретінде көрінуі мүмкін, алайда мұндай бағалау нақты емес.
Мысалы, пиццерия жарнамаға көп қаражат жұмсаса да, клиенттерінің негізгі бөлігі ұзынқұлақтан естіп келеді. Табыс пен шығындардың айырмасы оң — компания табысты. Бірақ пиццерия жарнамаға кететін шығынның мөлшерін қысқартса, онда табысы артады.
Операциялық шығындарға сүйеніп операциялық кірісті есептеуге болады. Операциялық кіріс компания өзінің негізгі қызметінен табатын түсімді көрсетеді. Кредит берушілер мен инвесторлар бизнесті осы көрсеткіш арқылы бағалайды.
Кез келген бизнеске қаржылық тұрғыдан сенімділік беретін тірек керек. Сол себепті сақтық қоры ұйымдастырылады — компания төтенше жағдайларға белгілі соманы қалдырады. Сақтық қорының мөлшерін кем дегенде екі айдағы операциялық шығындардың мөлшерімен белгілеу ұсынылады.
Операциялық шығындарды ай немесе тоқсан сайын есептеген дұрыс. Сонда өзгерістерді бақылап, ақша ағынын түзеуге болады.
Операциялық шығындарды жіктеу жолдары
Операциялық шығындарды жіктеу жолдары компанияның негізгі қызметінің түріне байланысты.
Пиццерияны мысалға келтірейік. Оның негізгі қызметі — пицца дайындау және жеткізу. Мұндай жағдайда операциялық шығындарға мыналар жатады:
- жалдау ақысы;
- коммуналдық қызметтер;
- қызметкерлердің (аспаздардың, курьерлердің, әкімшілердің, тазалаушылардың) жалақысы;
- ыдыс-аяқ (пицца қораптары, майлықтар, бір рет қолданылатын ыдыс);
- пицца дайындауға арналған азық-түлікке тапсырыс беріп, жеткізу;
- жеткізу шығындары;
- жарнама;
- басқа да шығындар (жуғыш заттар, заңгер кеңесі, БҚ лицензиясы, кеңсе тауарлары).
Пиццерияның белгілі бір кезеңдегі операциялық шығындарын екі тәсілмен есептеуге болады:
- барлық шығындардан жоғарыда көрсетілмеген шығындарды шегеру;
- тізімдегі шығындардың барлығын қосу.
Компанияның негізгі қызметінің бірнеше түрі болса, операциялық шығындары анағұрлым күрделі есептеледі. Операциялық шығындарды әрбір қызмет түріне жеке жіктеп, ортақ шығындарын анықтау қажет.
Мысалы, пиццерияның иесі қосымша жаңа сығылған шырындар сатқысы келеді. Ол пицца мен шырын дайындауға қажет өнімдерді бір жеткізушіден сатып алады, бірақ шырынды дайындап, сату үшін басқа қызметкерлерді жұмысқа алады. Осының барлығын операциялық шығындарды есептегенде ескеру қажет.
Операциялық шығындар туралы ақпарат
Бухгалтерия қаржылық есептілікті халықаралық стандартқа немесе ұлттық стандартқа сүйеніп жүргізеді.
Халықаралық қаржылық есептілік стандарты. Операциялық шығындар туралы ақпарат ақша қаражатының қозғалысы туралы есепте көрсетілген. «Операциялық қызметтен түсетін ақша қаражатының қозғалысы» бағанындағы «Ақша қаражатының шығуы, барлығы» жолына назар аударыңыз.
Ұлттық қаржылық есептілік стандарты. Пайда мен залал туралы есепте шығындардың барлығы көрсетіледі. Қызметкерлердің жалақысы туралы ақпарат еңбекақы төлеуді есепке алу ведомостінде көрсетіледі.
Есеп өткен және ағымдағы кезеңдер бойынша ақпаратты қамтиды.
Есепті өзіңіз толтырғыңыз келсе, операциялық шығындарды дұрыс жіктей білу толтыру барысын жеңілдетеді.
Мысалы, халықаралық стандарт бойынша есептегі «Тауарлар мен қызметтер үшін өнім берушілерге төлемдер» жолына пиццерияның иесі белгілі кезеңнін пицца дайындауға арналған азық-түлікке жұмсалатын шығынды көрсетеді.
Табыстары мен шығындардың есебі ұлттық стандартқа сүйеніп жүргізілетін компанияларға бұл әсіресе пайдалы. Мысалы, пиццерияның пайда мен залал туралы есебіндегі «Өндірілген өнім, жұмыс, қызмет бойынша шығыстар» жолында пицца дайындауға арналған өнімдерге жұмсалатын шығыны көрсетіледі. Жалдау ақысы «Өзге де шығындарға» жатады.
Бизнестің тиімділігін талдау жолдары
Операциялық коэффициент
Компанияның кірістерінің негізгі қызметті қолдауға жұмсалатын үлесін операциялық коэффициент (OER — Operating expense ratio) анықтайды.
OER = Белгілі бір кезеңдегі операциялық шығындар ÷ Белгілі бір кезеңдегі түсім × 100%
Пиццерияның маусым айдағы OER-ін есептейік. Пиццерияның шығындарының қатарынан операциялық шығындарды белгілеп, олар туралы ақпаратты бухгалтерлік есептен аламыз.
Пиццерияның операциялық шығындарының барлығы: 3,5 млн теңге
Түсім: 65 млн теңге
OER = 3,5 млн теңге ÷ 65 млн теңге × 100% = 5,4%
Пиццерияның маусымдағы түсімінің 5,4% операциялық шығындарға жұмсалды.
Бизнестің тиімділігін талдау
Операциялық коэффициентті пайдалана отырып, бизнестің тиімділігін талдау үшін оны кезеңдерге бөліп есептеу қажет. Біз маусым айындағы пиццерияның OER-ін есептедік. Шілдені де дәл солай есептеп, нәтижелерін салыстырайық:
Пиццерияның операциялық шығындарының барлығы: 4,8 млн теңге
Түсім: 97 млн теңге
OER = 4,8 млн теңге ÷ 97 млн теңге × 100% = 4,9%
Маусыммен салыстырғанда, шілдедегі операциялық шығындармен бірге түсім де көбейді. Бұл көрсеткіштерді салыстырып, бизнестің табыстылығы өскенін түсіну қиын. Сол себепті екі айдың операциялық коэффициенттерін салыстыру қажет. Шілдедегі операциялық коэффициент маусымдағыдан төмен. Демек, шілдеде маусымға қарағанда компания аз жұмсады. Бизнестің стратегиясы дұрыс деп айта аламыз.
Шығындар күрделі және операциялық бола алады. Операциялық шығындар ай әрі тоқсан сайын есептеледі. Операциялық коэффициент арқылы бизнесіңіздің тиімділігін бағалауға болады: ол неғұрлым аз болса, бизнес соғұрлым табысты болады.