Бизнес туралы мақалалар

Франшизаны қалай ашуға болады

Франшиза дегеніміз не, оны қалай таңдауға болады және оның қандай тәуекелдері бар

Франшизаны қалай ашуға болады

Мақаланың мазмұны

Жаңадан басталған бизнес сауда белгісін жылжыту және технологияны дамыту үшін көп ресурстарды қажет етеді. Франшиза арқылы бизнесті ашу кәсіпкерке танымал бренд пен қалыптасқан бизнес-процесін береді. Бұл жобаны іске қосуды жеңілдетеді және тәуекелдерді азайтады.

Франшиза дегеніміз не

Франшиза — бұл дайын бренд атынан бизнес жүргізу және оның бизнес үлгісін пайдалану құқығы. Франшизаны сатуға негізделген бизнесті франчайзинг деп атайды.

Франшизаны сатып алушы — франчайзи мен бренд иесі — франчайзердің арасында шарттық қатынастар орнатылады. Дайын шешімдері, өнімі, логотипі және ұраны бар тауар белгісін пайдалану үшін франчайзи франчайзерге бастапқы жарна мен ай сайынғы алымдарды төлейді.

Мысалы, балмұздақ сату нүктесін ашу үшін кәсіпкер жеткізушілерді, тоңазытқыш пен орынды өз бетінше таба алады немесе дайын өнім мен фирмалық жабдықпен франшиза сатып ала алады.

Қай заңмен реттеледі

Қазақстандағы франчайзинг Азаматтық кодекспен және «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» ҚР Заңымен реттеледі.

Франчайзингке қатысушылар арасындағы қатынастар кешенді кәсіпкерлік лицензия туралы шарт негізінде құрылады.

Франшизаға не кіреді

Ең бастысы — тауар белгісін пайдалану. Әрі қарай бәрі нақты франчайзерге байланысты: сатып алушы өндіріс технологиясын және үй-жайларды іздеу, жеткізушілер мен бірінші клиенттерді табу бойынша дайын нұсқауларды ала алады.

Кейбіреулер бизнесті күйге келтіруге көмектеседі — орынды таңдап береді, үй-жайлардың орналасуы мен интерьер дизайнын жасап береді, қызметкерлерді жалдап және оқытып береді, жарнама қосып береді.

Франшизаға кететін шығындар

Франшиза бағасына не кіреді:

  • Паушалдық төлем — ол франшизаға төленетін бастапқы жарна, келісімшартқа қол қою кезінде бір рет төленеді. Оның құны брендтің дәрежесіне байланысты: атау неғұрлым танымал болса, кіреберіс сома соғұрлым қымбатырақ болады.

    Мысалы, «Сұңқар» балалар футбол клубында паушалдық төлем 600 мың теңгеден, ал «Red Dragon» тағам желісінде 2,5 миллион теңгеден болса, «Sahar & Vosk» эстетика студиясында ол 4,9 миллион теңгеден басталады.
  • Роялти — бұл брендті пайдаланғаны үшін ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы тұрақты төлемдер. Оны тұрақты сома немесе табыстан пайызы ретінде төлейді.

    Мысалы, «Поехали с нами» туристік агенттігі тауар айналымының 1%-ын, ал Rumi мейрамханалар желісі табыстың 6%-ын алады. CDEK алғашқы алты айда роялти алмайды, содан кейін — 10-15%-дан алады.
  • Бастапқы инвестициялар — бұл франшиза стандарттарына сәйкес бизнес бастауға қалған шығындар: үй-жайды жөндеу, жабдықты сатып алу және орнату, тауарларды сатып алу және т.б. Инвестициялардың көлемі бизнеске байланысты.

    Мысалы, Butuz балалар тауарлары франшизасына бастапқы инвестиция 950 мың теңге болса, Zakazbuketov.kz гүл дүкені франшизасына 10-15 миллион теңге қажет.
  • Франшизаны жалғастыру — франчайзинг келісім шартын жалғастыру үшін ақы. Әдетте, келісім-шарт 5 жылға жасалады. Франшизаның жарамдылық мерзімі тауар белгісінің жарамдылық мерзімінен, яғни 10 жылдан аспауы керек, содан кейін тіркеуді жаңарту қажет.

Франшизаның түрлері

Франшизаның үш негізгі түрі бар — тауарлық, өндірістік және қызмет көрсету.

  • Тауарлық — тауарды бренд атауымен сатуға құқық береді. Мысалы, O’STIN немесе Zara киім дүкендерінің франшизалары.
  • Өндірістік — тура сол технологиямен, сол брендпен өнімді жасауға құқық береді. Мысалы, Coca-Cola және Pepsi сусындарының өндірісі.
  • Қызмет көрсету — сатушы брендімен қызмет көрсетуге немесе жұмысты орындауға құқық береді. Мысалы, СДЭК құжатты және жүкті жеткізу қызметі.

Франшиза кәсіпорындардың саны бойынша келесіге бөлінеді:

  • Тікелей — бір сату нүктесін ашуға мүмкіндік береді, әрбір жаңа нүкте үшін бөлек төлеу керек;
  • Мультифраншизалар — бірнеше сауда нүктелерін ашуға мүмкіндік береді, олардың саны шартпен белгіленеді.

Екі жақ арасындағы қарым-қатынастардың сипаты да әр түрлі болуы мүмкін және ол келісім-шартпен анықталады:

  • Классикалық — франчайзи барлығын франчайзердің нұсқаумен қатаң түрде жасайды. Шарт талаптарының орындалуы мен сауда нүктесінің табыстылық туралы ай сайын есеп береді, роялти мен паушалдық төлемді жүйелі түрде аударады.
  • Еркін — шешім қабылдайтын және өз бетімен бизнес жүргізетін франчайзиге толық еркіндігін береді.
  • Толық аяқталған — франчайзер бизнесті өзі іске қосып, оны сатып алушыға дайын түрде береді, жобаны бақыламайды, бірақ белгілеген бір табыс деңгейін талап етеді.
  • Жалға алу — алдыңғы жүйеге ұқсас: франчайзи табысын алады, бірақ оның меншік құқығы жоқ.
  • Мастер-франшиза — франчайзи өз атынан франшизаны басқаларға қайта сата алады.

Франшиза қалай жұмыс істейді

Біріншіден, екі жақ кешендi кәсiпкерлiк лицензия келісім-шартына қол қояды. Онда франчайзидің тауарларының немесе қызметтерінің сапасы түпнұсқадан төмен болмауы туралы шарт жазылған. Франчайзер осы шарттың орындалуын бақылауға құқылы.

Одан әрі тараптар тауар таңбасын пайдалану құқығын беру тіркеледі, әйтпесе сатып алған кәсіпкер онымен жұмыс істей алмайды. Тіркеу келісімшартқа қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей берілуі тиіс.

Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін:

  1. Франчайзи паушалдық төлемді төлейді;
  2. Франчайзер нұсқауларды және шартта қарастырылғанның барлығын береді;
  3. Франчайзи бизнесті іске қосады.

Әрі қарай не болатыны келісімшарт талаптарына байланысты. Кейбіреулер бастапқыда бизнеске қолайлы орынды табуға және жабдықты таңдауға, инфрақұрылымды орнатуға көмектеседі.

Кейде франчайзерлер бизнес операциялары, тұтынушыларға қызмет көрсету және өнімнің толық бейнесін беру үшін оқу бағдарламаларын ұсынады.

Келісімшарт қашан тоқтатылады

  • келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін,
  • тараптардың келісімі бойынша,
  • хабарлау арқылы біржақты тәртіпте,
  • сот арқылы.

Франшиза тиімді екенін қалай түсунуге болады

Франшизаны сатып алудың тиімділігі бар-жоғын анықтау үшін бастапқы жұмсалған қаражаттарды, күтілетін кірісті және шығындарды теңестіру керек.

Мысалы, франшизадан түсетін ай сайынғы кіріс 1,5 миллион теңге, ал шығысы — 300 мың теңге болады деп күтілуде. Жобаға бастапқы жарна 7 миллион теңгені құрайды. Осы ақшаны франчайзи шамамен алты айдың ішінде қайтарып, одан кейін ай сайынғы шығындарды есепке алғанда 1,2 миллион теңге табыс табады.

Басқа да нұсқа болуы мүмкін. Мысалы, ай сайынғы пайда 350 мың теңге болып, шығын — 150 мың теңге болса, онда бизнес 20 айда, яғни шамамен 1,5 жылда өтеледі.

Ешбір франчайзер кәсіпкерге оның франшизасында ақша таба алатынын нақты айта алмайды. Бірақ осы бағалауды өзі жасау үшін керек деректерді береді.

Франшизаны бағалау кезінде неге назар аудару керек:

  1. Табысты қарау. Бұл кез келген бизнестің жетістік өлшеудің ең тікелей жолы. Франчайзердің қаржы есептілігі бизнестен қандай табыс күтетіні туралы түсінік береді.
  2. Басқа франчайзилермен сөйлесу. Мүмкіндікше осы брендтің бар серіктестерімен әңгімелесу франшизаны сатып алу кезінде қандай тәуекелдер күтіп тұрғанын түсінуге мүмкіндік береді. Осы сұрақтарды сурауға ұялмаңыз:
    • іске қосу кезінде франчайзерден қандай көмек болды;
    • олардың үміттері мен қойылған өтелу мерзімі ақталды ма;
    • жұмыс барысында қандай көмек көрсетілді.
  3. Маусымдыққа байланысты франшизаның сұранысын бағалаңыз. Егер бұл маусымдық бизнес болса, онда бизнес қанша айда пайда әкелетінін түсінуіңіз керек, сонымен қатар қыста жазғы бизнесті сатып алудың қажеті жоқ.
  4. Франшиза иесімен жеке сөйлесу керек, сондықтан да офиске барып, жағдайды өз көзімен көріңіз.

Франшизадағы қызмет саласын қалай таңдауға болады

Франшиза әр түрлі бизнес салаларында бар. Мысалы, тамақтандыру, спорт тауарлары, киім-кешек, медициналық орталықтар, ойын-сауық және т.б.

Лайықты франшизаны таңдау қиын болуы мүмкін. Франчайзингті енді бастасаңыз, барлық кезеңдерінде қолдау көрсететін дәлелденген франшизадан бастағаны дұрыс. Сондай-ақ, тәжірибеңіз бар саланы таңдаған жөн.

Өз қаржы мүмкіндіктеріңізді бағалап, соларға сүйену маңызды. Франшизаны тек өз қаражатыңызбен ашу қиын болуы мүмкін, онда несие алу үшін банкке жүгінуге болады. Бұл кезеңде банктердің қайсысы қолайлы несиелеу шарттарын беретінін анықтаған жөн.

Франшиза кімге жарайды

Франшиза бизнесті аз тәуекелмен бастағысы келетіндер және одан тұрақты табыс алғысы келетіндер үшін қолайлы. Ал жеке бизнес өзінің бірегей идеясы және оны жүзеге асыруға күші бар адамдар үшін, сондай-ақ бәрін өз шарттарымен жасауды қалайтындар үшін қолайлы.

Франшиза артықшылықтары

Франшиза — ол дайын процестер мен шешімдер. Былай қараса, жұмыстың үлкен бөлігі жасалып қойған. Жабдықтаушылар табылды, стиль, дизайн және брендинг ойластырылды, сату жүйесі құрылды. Сондай-ақ, көбінесе франчайзерлер франчайзилерді оқытып, үнемі қолдау көрсетеді. Кейбір жағдайларда арнайы маркетинг және жарнама стратегияларын береді.

Франшизаны сатып алғанда, сіз келесі артықшылықтарды пайдалана аласыз:

  • Танымал бренд;
  • Дәлелденген бизнес үлгісі;
  • Сенімді жеткізушілерге қол жеткізу;
  • Дайын логотип, брендинг және стиль;
  • Потенциалды клиенттердің базасына қол жеткізу.

Франшизаның кемшіліктері мен тәуекелдері

Бәрін өз қалауыңызша жасай алмау және ай сайынғы роялти төлеу — франшизаның кемшіліктер болып табылады.

Басқа ықтимал кемшіліктер:

  • Бастапқы шығындардың жоғарылауы мүмкін;
  • Өз бетінше шешім қабылдау еркіндігі аздау;
  • Корпоративтік стандарттарды сақтау қажеттілігі.

Франшиза бизнесті бірден бастауға және өтелімдікке тез жетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкер өз ісін жаңадан бастағанда, барлық шешімдер мен нәтижелерге өзі ғана жауапты. Франшиза — бұл франчайзердің қолдауымен аз тәуекелмен және дәлелденген бизнес үлгісімен бизнес бастаудың жұмыс нұсқасы болып табылады.