Жұмыскерлермен қашықтан жұмыс істеу
Қашықтағы жұмыскерлерді штатқа қабылдау, олардың еңбекақылары мен салықтарын төлеу және қашықтағы жұмысты ұйымдастыру туралы кеңестер
Мақаланың мазмұны
Қашықтағы жұмыстың ыңғайын дүние жүзі пандемия кезінде көрді. Ал 2021 жылы Қазақстанның Еңбек кодексіне жұмыс беруші мен қашықтағы жұмыскердің қарым-қатынасын реттейтін заң бабы енгізілді. Қашықтағы қызметкерді жұмысқа алу тәртібі, оның жұмысын тексеру тәсілдері және жұмысқа қабылдаған кезде назар аударатын жайттар туралы осы мақалада сөз қозғаймыз. Бұл кеңестер қашықтан тек Қазақстан азаматтарымен жұмыс істегісі келетіндерге арналады.
Қашықтағы жұмыстың сипаты
Егер жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан мекенжайынан алыс жерден жұмыс істейтін болса, оның іс-әрекеті қашықтағы жұмыс деп аталады. Ол үшін кеңсеге келіп-кетудің қажеті жоқ, жұмысты үйде немесе басқа да ыңғайлы жерде істей беруге болады. Көбінесе, қашықтағы жұмысты адамдармен тікелей қатынаспайтын кеңсе қызметкерлері таңдайды.
Көптеген жұмыс берушілер қашықтағы жұмыс жөнді нәтиже бермейді деп санайды, себебі жұмыскерлердің іс-әрекетін бақылау қиын. Оған қарамастан, қашықтағы жұмыстың бизнес үшін тиімді жақтары бар:
- электр қуаты, интернет сияқты кеңсе шығындары үнемделеді;
- жұмыскерге жұмыс орнын ұйымдастырудың қажеті жоқ, яғни үстел, орындық, компьютер техникасын, т.б. сатып алудан ақша үнемдеуге болады;
- жұмысқа басқа қалалар мен өңірлерде тұратын мамандарды алуға болады.
Қашықтағы жұмыскерді штатқа қабылдау үшін қажет құжаттар
Қашықтағы жұмыскер офисте жұмыс істейтін кәдімгі жұмыскерлер сияқты штатқа стандартты тәртіппен қабылданады. Бар айырмашылығы — ол кеңсеге бармайтындықтан, оның құжаттарын сканерленген электронды түрде сұратып алуға болады. Еңбек шартын да қашықтан жасасуға болады: ол үшін қызметкер келісімшартты қағазға басып шығарып, оған қол қояды да, жұмыс берушіге сканерленген түрде жібереді. Содан кейін жұмыс беруші қол қойылған құжатты өз тарапынан басып шығарып, оған қол қойып, мөрін басады да, жұмыскерге сканерленген түрде жібереді.
Еңбек келісімшартында ескерілетін шарттар
Қашықтағы жұмыскермен келісімшарт жасасу кезінде болашақта түсініспеушілік пен дау-жанжал туындамасын деп, мына жұмыс шарттарын алдын-ала ескерген дұрыс:
- келісімшарттан жұмыс орны туралы мәліметтерді алып тастау — оны жұмыскер өзі шешеді;
- еңбек шартының мерзімі аяқталғанда бір-бірін жазбаша түрде хабарлау туралы шартты алып тастау — соңғы жұмыс күні ешкім ешкімге хабарлама жібермесе, келісімшарт мерзімі ұзартылған болып саналады;
- жалақы төлеу тәртібін, жұмыс көлемін және жұмыс нәтижесін қабылдау тәртібін жазу.
Жұмыскер еңбекақысы мен міндетті төлемдері
Қашықтағы жұмыскерлер жалақыны кәдімгі жұмыскерлермен бірдей алады. Еңбекақы мөлшерін және оны төлеу мерзімдерін еңбек келісімшартында белгілеп, жұмыскер ақшасын өзі келіп алып кете алмайтындықтан, оны картаға жіберіп отыру керек екенін ескеру қажет. Кейбір мамандар жұмысқа дейінгі жолға немесе жұмысқа жақын үй жалдауға ақша жұмсамағандықтан кеңседе жұмыс істейтін әріптестеріне қарағанда төменірек жалақыға келісе береді.
Барлық салықтар, жарналар және бюджетке төленетін төлемдер әдеттегі тәртіппен төленеді. Жұмыскердің еңбек демалысы мен сырқат демалысы да кәдімгі тәртіппен беріледі.
Жұмыс тәртібі
Жұмыс кестесін, үзілістер мен демалыстарды еңбек шартында міндетті түрде белгілеу қажет. Жұмыс тәртібі жұмыскердің ыңғайына қарай орнатылады, ал оның жұмыс күні кешірек басталып, кешірек аяқтала алады — оның барлығы туралы алдын-ала келіскен жөн.
Жұмыскерді бақылау тәсілдерін де келісімшартта бекіту керек. Жұмыскер жұмыс уақытында үнемі байланыста болуға тиіс, бірақ егер сіз оған жұмыстан тыс уақытта тапсырма бергіңіз келсе, онда артық жұмыс үшін үстемақы төлеуге дайын болыңыз.
Жұмыс шарттары
Қашықтағы жұмыскердің жұмыс орнын ұйымдастыру жұмыс берушінің міндеттеріне кірмейтініне қарамастан, ол жұмысқа керек болатын бағдарламаларды мүмкіндігінше толық ұсынуға тиіс болады. Қызметкер бағдарлама жабдықтамысын өз ақшасына сатып алуға немесе жазылымдар үшін өзі төлеуге міндетті емес.
Егер ол өз компьютері мен принтерін пайдаланса, жұмыс уақытында пайдаланылатын интернет пен электр энергиясы үшін төлейтін болса, жұмыс мәселелеріне байланысты көлік пайдаланатын болса немесе шығын материалдарына ақша кетіретін болса, онда жұмыс беруші оған өтемақы төлейді. Өтемақы мөлшері мен оны төлеу тәртібі туралы жұмыскермен алдын-ала келісу қажет.
Жұмыскерді бейімдеу
Қызметкер жұмысқа кірісер алдында оған онбординг жүргізу керек, яғни жаңа адамды компаниямен таныстыру рәсімін өткізіп, жұмыс процестері, жиналыстар мен кездесулер қалай өтетіні туралы, кімнің не үшін жауапты екені туралы және кімге қандай сұрақпен баруға болатыны туралы түсіндіру қажет. Оны онлайн өткізу үшін бейнеқоңырау, презентация немесе бейненұсқаулық дайындауға болады.
Сондай-ақ, басшы мен жұмыскер екеуіне апта сайын онлайн-кездесулер өткізіп, жұмыс қалай орындалып жатқанын, жұмыста қиындық кездесе ме екенін және қандай көмек қажет екенін біліп отыруға да болады.
Жұмыскер жұмысын бақылау
Қашықтағы жұмыскерлердің іс-әрекетін бақылау оңай емес. Жұмыстың орындалу кезеңдерін Bitrix, Trello, Notion, Jira, т.б арнайы сервистер арқылы тексеруге болады. Кейбір сервистер жұмыс экрандарын бақылап, жұмыс күнінің басы мен аяғын белгілеп отырады.
Бірақ жұмыскердің жұмысын мына екі шарт арқылы бағалаған ыңғайлы:
- берілген тапсырма уақытында орындалса;
- жасалған жұмыстың сапасына қатысты еш күмән болмаса.
Бұл шарттар жұмыскердің үстінен үнемі бақылау жасағанның орнына, оған өзін өзі бос ұстап жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Қашықтағы жұмыскерлермен жұмыс істеуге арналған кеңестер
- Сұхбат өткізген кезде үміткерден жұмыс үлгілерін сұрап, оған тест тапсырмасын беріңіз, оның көмегімен маманның қабілеттерін бағалай алатын боласыз. Ал жұмысқа алғаннан кейін оған сынақ мерзімін орнатып, өз бетімен жұмыс істей алатынына көз жеткізген жөн.
- Жұмыскерге онлайн онбординг өткізіңіз, себебі ол ұжыммен алыстан жұмыс істейтін болатындықтан, компаниядағы жұмыс қарым-қатынастарын білуі керек.
- Орындалған жұмысты тапсыру уақыты мен мерзімін, жұмыс қоңыраулары өтетін күндерді және тапсырмалар бойынша есеп беру тәсілдерін нақты белгілеңіз.
- Қызметкермен байланыс тәсілдері туралы келісіңіз де, онымен байланыста болу уақытын белгілеңіз. Жұмыскердің жұмысына үнемі пікір қайтарып отырып, сұрақтарына уақытында жауап беріп отыруға тырысыңыз.
Егер сіз жұмыскерге жұмыс тәртібін орнатып, барлық мерзімдер мен жұмыс шарттарын нақты бекітіп алсаңыз, қашықтағы жұмыс жақсы нәтиже беретін болады. Қашықтан жұмыс істейтін мамандар көбінесе өздерінің жұмыс күндерін өздері ұйымдастырып, жұмысқа жауапты бола алады. Олар өздеріне өздері ыңғайлы жағдай жасап, кеңседегі шуға алаңдамай жұмыс істей береді. Ең бастысы, ондай жұмыскерлерге тапсырманы үсті-үстінен бере бермей, олар да жұмысқа күнде келіп жүретін жұмыскерлер сияқты мамандар екенін естен шығармаңыз.