Қазақстанда СЭҚ ТН кодын алу жолдары
Код бойынша тауарды жіктеу

Мақаланың мазмұны
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) — тауарларды жіктеуге арналған арнайы код. Ол импорт пен экспорт ережелерін белгілеу, шектеулерді анықтау және кедендік төлемдерді есептеу үшін қажет. СЭҚ ТН кодын қалай анықтауға болатынын осы мақалада түсіндіреміз.
СЭҚ ТН кодындағы сандардың мәні
СЭҚ ТН — тауардың сипаттамасын көрсететін он таңбалы код. Мысалы, киім импортында жиі қолданылатын 6109100000 кодын қарастырайық.
Алғашқы екі сан (61) — тауардың трикотаж (машинамен немесе қолмен тоқылған) киім екенін білдіреді.
Келесі екі сан (09) — 61-топтың ішіндегі нақты санатты көрсетеді. Бұл жағдайда, трикотаж бұйымы ішкі киімге жатады.
Бесінші мен алтыншы сандар (10) бұйымның материалын анықтайды — тауар мақта иірімжібінен жасалған.
Соңғы төрт сан (0000) басқа да ерешеліктерін сипаттауға қолданылады. Егер тауарға қосымша нақтылау қажет болмаса, әдетте мұнда нөлдер тұрады.
Тауарлар материалына, мақсатына және қасиеттеріне қарай жіктеледі. Кодты алдын ала анықтау үшін арнайы онлайн-сервистерді пайдалануға болады. Алайда түпкілікті жіктеуді тек ресми қорытынды растайды.
Тауарды жіктеу туралы шешімдердің түрлері
Тауарды жіктеу туралы алдын ала шешім
Мұндай шешім тауар елге әкелінгенге дейін кеден органы беретін ресми құжатты білдіреді. Онда көрсетілген СЭҚ ТН коды кейіннен кедендік рәсімдер кезінде қолданылады. Алдын ала шешім әрбір нақты тауар бойынша жеке қабылданады.
Құжат қабылданған күннен бастап үш жыл бойы жарамды.
Тауарды құрастырылмаған немесе жиналмаған түрде жіктеу туралы шешім
Егер тауар белгілі бір уақыт ішінде бірнеше бөлшектермен әкелінсе, оны жіктеу үшін арнайы алдын ала шешім рәсімделеді. Бұл құжат жекелеген топтамалардың бір санатқа жататынын және ортақ СЭҚ ТН коды болуы мүмкін екенін растайды. Мұндай шешім тауарды кеденде дұрыс рәсімдеуге және жеткізілімдерді бөлшектеуден қорғауға көмектеседі.
Шешім қабылданған күннен бастап екі жыл бойы жарамды.
Кодты анықтау тәсілдері
Кодты анықтаудың екі жолы бар:
- мамандандырылған ұйымдардың көмегіне жүгіну
- ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) өтініш беру
Тауарды жіктеу туралы алдын ала шешімді алу нұсқаулығы
- Өтінішті 7-қосымшаға сәйкес мына нысан бойынша толтырыңыз. Оны жергілікті ХҚКО-ға қағаз нұсқада тапсыруға немесе ЭЦҚ арқылы онлайн жіберуге болады.
- Өтініште тауардың толық атауын, тауар белгісін, негізгі техникалық және коммерциялық сипаттамаларын көрсету қажет.
- 9 АЕК (2025 жылы 35 388 теңге) мөлшеріндегі кедендік алым алдын ала төленуі тиіс. Төлем өтініш берушінің тіркелген жері бойынша ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер басқармасында (МКБ) жүргізіледі.
- Өтінішке қоса тапсырылатын құжаттар: алым төленгенін растайтын чек, тауардың фотосуреттері, сызбалары мен паспорттары, құжаттаманың аудармалары (егер олар қазақ немесе орыс тілінде болмаса).
Ұсынылған деректер жеткіліксіз болғанда, 10 жұмыс күні ішінде өтініш берушіден қосымша мәліметтер сұратылады. Оларды 60 күнтізбелік күн ішінде тапсыру қажет.
Барлық құжаттар тапсырылған сәттен бастап, 20 жұмыс күні ішінде жіктеу туралы шешім қабылданады.
Тауарды құрастырылмаған немесе жиналмаған түрде жіктеу туралы шешімді алу нұсқаулығы
Алдымен өтінішті 8-қосымшаға сәйкес мына нысан бойынша толтыру қажет. Оны жергілікті ХҚКО-ға қағаз нұсқада тапсыруға немесе ЭЦҚ арқылы онлайн жіберуге болады.
Өтінішке қоса берілетін құжаттар:
- тауардың әкелінгенін растайтын құжаттың (сыртқы экономикалық келісімшарт, сатып алу-сату немесе жеткізу шарты, басқа да келісімдер) нотариалды куәландырылған көшірмесі
- тауардың бөлшектері мен функцияларының сипаттамасы
- бұйымдардың сызбалары, схемалары, фотосуреттері мен тауардың ерекшеліктері
Егер тауар транзитпен өтпесе, оның СЭҚ ТН кодын анықтау үшін өтініш кедендік декларация тіркелгенге дейін берілуі тиіс.
Ұсынылған деректер жеткіліксіз болғанда, 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтер сұратылады. Оларды 30 күнтізбелік күн ішінде тапсыру қажет.
Барлық құжаттар тапсырылғаннан кейін, 30 жұмыс күні ішінде тауарды жіктеу және СЭҚ ТН кодын анықтау туралы шешім қабылданады.
СЭҚ ТН коды тауардың кеденде дұрыс рәсімделуін қамтамасыз етеді. Қате жіктеу шекарадағы іркілістерге әкелуі мүмкін. Кодты мамандардың көмегімен немесе өз бетінше анықтауға болады. Екінші жағдайда, құжаттарды дайындап, алымды төлеп, шешімді күту қажет. Рәсімдеу барысын жылдамдату үшін тауар туралы толық ақпаратты бірден ұсынған жөн.