Қазақстанда несие берудің жас шектеулері
Жас шамасының несие шарттарына әсері

Ажар Әлімхан
Jusan Business-те онлайн несиелеу және қайта қаржыландыруға жауапты
Мақаланың мазмұны
Қазақстанда несие алуға 18 жастан бастап рұқсат етілген. Басқа жас шектеулері заңмен нақты белгіленбеген. Әр банк пен микроқаржы ұйымы (МҚҰ) қарыз алушыларға өз талаптарын айқындайды. Жас шегінің белгілену себептерін түсініп көрейік.
Несие алуға жастың әсері
Қаржы мекемелерiнiң көпшiлiгi қарыз алушының ең төменгі жасы 21, ал несиенің мерзімі толық аяқталған кезде жас шамасын 65-70 деп белгілейді.
Қарыз алушының жасы несие мақұлдау кезінде шешуші фактор болып табылмайды. Банктер мен кредиттік ұйымдар ең алдымен өтініш берушінің төлем қабілеттілігін бағалайды: кіріс деңгейі, оның тұрақтылығы және несиелік тарих басты назарға алынады. Алайда жас көрсеткіші іс жүзінде несиені мақұлдау ықтималдығына жанама әсер етуі мүмкін.
Әртүрлі жас топтарының қаржылық тұрақтылық деңгейі де әркелкі. Мысалы, жастардың жұмыс тәжірибесі, тұрақты табысы мен несие тарихы қалыптаспаған болуы мүмкін. Сол себепті банк олардың төлем қабілетін жеткіліксіз деп бағалауы ықтимал.
Егер негізгі табыс көзі зейнетақы болса, несие төлеу қиынға соғуы мүмкін. Сонымен қатар, жасы ұлғайған сайын медицинаға жұмсалатын шығындар артып, қосымша табыс табу мүмкіндіктері азаяды. Бұл қаржылық жүктемені ұлғайтады. Сондай-ақ, банктер Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығын ескеріп, ықтимал тәуекелдерді бағалайды.
Зейнеткерлер үшін несиелеу шарттары
Онлайн несие
Көптеген банктер мен МҚҰ өз өнімдерінің шарттарында және мобильді қолданбаларында көрсетілген қатаң жас шектеулерін белгілейді. Мысалы, Jusan Business-те ЖК үшін онлайн несие тек 21 жастан бастап, несие мерзімі аяқталған кезде 63 жастан аспайтын тұлғаларға беріледі. Қарыз алушы 62 жаста болса, ол 3 жылға несие ала алмайды — несие мерзімі аяқталғанда оның жасы 65-ке жетеді. Мұндай жағдайда жүйе автоматты түрде қысқа мерзімді несие ұсынады — мысалы, 3, 6 немесе 12 айға.
Онлайн несиелеу кезінде банк белгілеген жас шектеулеріне назар аударыңыз. Қарыз алушы белгіленген жас шегінен асып кетсе, жүйе автоматты түрде несие беруден бас тартады.
Офлайн несие
Онлайн несиелеуге қарағанда, офлайн рәсімдеу кезінде неғұрлым икемді тәсіл қолданылуы мүмкін. Кепілді несиелерде (мысалы, ипотека немесе автонесие) банктер жасы үлкен қарыз алушылардың өтінімдерін қарастыруы ықтимал — мүліктің кепілге қойылуы несие берушінің тәуекелдерін азайтады.
Кейбір өтінімдер банк тарапынан жеке қарастырылады. Мұндай жағдайда қарыз алушының жасы басты рөл атқармайды. Ең бастысы — тұрақты кіріс пен оң несиелік тарих. Бұл стандартты жас шектеулерінен асқан жағдайда да несие мақұлдану ықтималдығын арттырады.
Несиелеу шарттары тәуекел деңгейіне байланысты өзгереді, сондықтан нақты мәмілені тікелей несие беретін ұйымнан анықтаған жөн.
Несие алу мүмкіндігін арттыру тәсілдері
Тұрақты табысты растау
Қарыз алушының табысы неғұрлым жоғары әрі тұрақты болса, несиені мақұлдау мүмкіндігі соғұрлым артады. Жастар үшін бұл — тұрақты жалақысы бар ресми жұмысты растау, ал зейнеткерлер үшін — зейнетақымен қатар қосымша табыс көздерінің болуы. Мысалы, жылжымайтын мүлікті жалға беру, қосымша жұмыс немесе туыстардың қаржылық қолдауы несие алу ықтималдығын жоғарылатуы мүмкін.
Оң несиелік тарих
Несиелік тарих — өтінімді мақұлдауға әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Егер қарыз алушының бұрынғы қарыздары бойынша кешіктірулері немесе өтелмеген берешегі болмаса, несие алу ықтималдығы айтарлықтай артады.
Кепіл немесе кепілгер
Қарыз алушы төлем қабілеттілігін жеткілікті деңгейде растай алмаса, банк кепіл немесе кепілгер талап етуі мүмкін. Бұл несие берушінің тәуекелін азайтып, өтінімді мақұлдау ықтималдығын арттырады.
Сақтандыру
Әсіресе жасы үлкен қарыз алушылар үшін сақтандыру несие алу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Сақтандыру полисі денсаулыққа қатысты шығындарды өтеп, несие бойынша міндеттемелердің орындалмау қаупін азайтады. Бұл өз кезегінде, банктің қарыз алушының қаржылық тұрақтылығына деген сенімін арттырады.
Қарыз жүктемесін төмендету
Егер қарыз алушының басқа несиелері болса, оларды мүмкіндігінше өтеу немесе азайтқан дұрыс. Бiрнеше қарыздың болуы жаңа несие алу мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін, сондықтан қаржылық жүктемені жеңілдету мақұлдау ықтималдығын арттырады.
Адамның жасы тікелей шектеу болып табылмайды, бірақ ол банк үшін маңызды қаржылық факторлармен байланысты болуы мүмкін. Егер қарыз алушының табысы тұрақты, несие тарихы оң және ол қаржылық міндеттемелерін орындауға қабілетті болса, жасы несие алуға кедергі келтірмейді.