Ескірген материал
Мемлекеттен бизнесті дамытуға субсидия алу
Субсидия алу шарттары мен бағдарламаға ілігетін бизнес түрлері жөнінде айтып, бөлінген қаражатты мақсатына сай пайдаланбаған үшін не болатыны туралы сөз қозғаймыз
Мақаланың мазмұны
Жеке кәсіп ашу үшін бір ғана бизнес-идея ойлап табу жеткіліксіз. Көптеген жаңа бастаушы кәсіпкерлер бизнестерін дамыту үшін ақша іздеуді бастайды. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірледі.
Субсидия деген не
Субсидия дегеніміз — бұл кәсіпкерлердің кредиттерінің сыйақы мөлшерлемелерін жеңілдетуді көздейтін мемлекеттік қолдау көрсету түрі. Субсидиялар тек қатаң белгіленген мақсаттарға беріледі, сондықтан да, қаражатты өзге қажеттіліктерге жұмсауға тыйым салынады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекет кәсіпкер кредитінің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтеуді ұсынады. Мысалы, егер кредиттің толық мөлшерлемесі 21,25% болса, оның 15% мемлекет өтейді де, қарыз алушы қалған 6,25% төлейді.
Субсидиялау түрлері
Ұлттық жоба екі бағытты қамтиды:
- портфельді субсидиялау — микро және шағын кәсіпкерліктерге арналған;
- индустриялық-инновациялық қызметке қолдау көрсету — экономиканың басым секторларындағы салаларда қызмет ететін кәсіпкерлерге арналған. Ауылдық елді-мекендер мен моноқалалардағы жобалар үшін сала бойынша шектеу жоқ.
Субсидия қандай мақсаттарға беріледі
Субсидия инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыру үшін беріледі.
- инвестициялық мақсаттарға компанияны кеңейту, модернизациялау, сондай-ақ, негізгі құралдар, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдық сатып алу, және еңбек етуге қолайлы шарттар жасау жатады
- айналым қаражатын толықтыру — бұл тауар сатып алу, жеткізушілермен есептесу, еңбекақы төлеу, үй-жай жалдау, салық төлеу және тағы да басқа мақсаттар
Субсидия қалай алуға болады
Субсидия алу үшін бизнеске қолайлы бағдарлама таңдап, барлық құжаттарды жинап, банкке хабарласу керек. Банк мамандары кәсіпкердің төлемқабілеттілігі мен қаржыландыру қажеттілігін тексереді, кепіл мүлігін бағалайды, басқа да стандартты рәсімдерді орындайды.
Содан кейін кәсіпкер «ДАМУ» қорына субсидиялау туралы өтінім мен банктің кредит беру бойынша қабылданған оң шешімін жібереді. Қор өтінімді 5 жұмыс күні ішінде қарастырады да, оң шешім қабылданған жағдайда субсидиялау туралы келісімшарт жасалады.
Бұдан басқа, бағдарлама аясында кәсіпкерге міндетті талаптар қойылады — «ДАМУ» қорының шешімінен 2 қаржы жылы өткенде төленетін салықтардың мөлшерін 10%-ға үлкейту және еңбекақы қорын ұлғайту немесе жұмыс орындарының санын көбейту.
Субсидиялау бағдарламалары
Субсидия арқылы сыйақы мөлшерлемесін төмендету үшін кәсіпкердің заемы арнайы талаптарға сай келуге тиіс.
Портфельді субсидиялау
Кімге арналған: микро және шағын бизнеске
Бизнестің қандай салалары кіреді: банк кредиті бойынша — ломбард, микроқаржы, факторинг немесе лизинг компанияларынан басқа және (азық-түліктен басқа) саудамен айналысушы компаниялардан басқа кез келген сала, ал микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша — экономиканың басым секторларындағы салалар.
Максималды кредиттеу сомасы: инвестициялауға — 20 миллион теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 5 миллион теңгеге дейін
Кредит субсидиялау мөлшері: Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі + 7%, оның 15% мемлекет, ал айырмасын кәсіпкер төлейді. Ал моно және шағын қалалар мен ауылдық елді-мекендер үшін — Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі + 7%, оның 16% мемлекет субсидиялайды да, айырмасын кәсіпкер төлейді.
Микрокредит субсидиялау мөлшері: сыйақы мөлшерлемесі 28%, оның бір жартысын кәсіпкер, екінші жартысын мемлекет төлейді.
Субсидиялау мерзімі: инвестициялауға — 3 жыл, ал айналым қаражатын толықтыруға — 2 жыл.
Индустриялық-инновациялық қызметке қолдау көрсету
Кімге арналған: индустриялық-инновациялық қызмет атқарушы кәсіпкерлерге.
Бизнестің қандай салалары кіреді: экономиканың басым секторларындағы салалар. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын есептемегенде, моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді-мекендердегі кәсіпкерлер үшін сала бойынша шектеу жоқ.
Максималды кредиттеу сомасы: бір кәсіпкерге 3 млрд теңгеге дейін болуға тиіс. Бір бизнес-жобаның кредиті бірнеше үлестес кәсіпкерге берілетін болса да, кредит сомасы 3 млрд теңгеден аспауға тиіс. Ал моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді-мекендердегі бизнестер үшін — бір кәсіпкерге 1,5 млрд теңгеге дейін болуға тиіс.
Кредитті субсидиялау мөлшері: Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі + 5%, оның 13% мемлекет субсидиялайды, ал қалғанын кәсіпкер төлейді.
Шымкент қаласындағы, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы және облыс орталықтарындағы өңдеуші өнеркәсіп салаларындаға жобалармен айналысатын кәсіпкерлер үшін — ҰБ базалық мөлшерлемесі + 5%, оның 14% мемлекет субсидиялайды да, айырмасын кәсіпкер төлейді.
Субсидиялау мерзімі: инвестициялауға — 5 жыл, айналым қаражатын толықтыруға — 3 жыл.
Оған қандай құжат қажет
Банктің кредит беру бойынша қабылданған оң шешімін алғаннан соң, кәсіпкер «ДАМУ» қорына субсидиялау туралы өтінім беруге тиіс. Құжат дайындау барысында «ДАМУ» қорының менеджерлерінен көмек немесе консультация сұрауға болады.
Құжаттар пакетіне не кіреді:
- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы құжат
- жобаның бизнес-жоспары
- тауарлардың ЕАЭО-ның бір елінен екінші еліне тасымалданғанын растайтын ілеспе құжаттардың көшірмелері (бар болса)
- «жасыл жобаның» сыртқы бағалау провайдерінің қорытындысы немесе куәлігі (қызмет түрі «жасыл» жобаларға жататын болса)
Өтінім беру кезінде сұратылған кезеңде салық бойынша берешектің жоқтығы туралы анықтама да талап етіледі.
Өтінімді онлайн түрде беруге болады
Индустриалық-инновациялық қызметке қолдау көрсету жобасы аясында өтінімді «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беруге болады. Бұл жағдайда мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен салық бойынша берешектің жоқтығы туралы мәлімет жүйеде автоматты түрде шығады.
Қажетті құжаттар:
- бизнес-жоспар немесе жоба бойынша сараптамалық қорытынды
- тауарлардың ЕАЭО-ның бір елінен екінші еліне тасымалданғанын растайтын ілеспе құжаттардың көшірмелері (бар болса)
- кредит беру бойынша оң шешім қабылданғаны туралы банк хатының сканерленген көшірмесі
- «жасыл жобаның» сыртқы бағалау провайдерінің сканерленген қорытындысы немесе куәлігі (қызмет түрі «жасыл» жобаларға жататын болса)
Қор өтінімдерді бес күн ішінде қарастырады да, шешім қабылдағаннан кейін, кәсіпкерге хаттамадан алынған үзінді көшірме мен банктің ілеспе хатын жібереді.
Субсидия қандай мақсаттарға берілмейді
Мемлекет субсидияламайтін салалар тізімі:
- есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет;
- акцизделетін өнімдерді өндіру және көтерме сату;
- астық қабылдау орындарында астық сақтау қызметі;
- ұтыс ойындарын өткізу;
- құмар ойын бизнесі;
- радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызмет;
- банк және сақтандыру қызметі (сақтандыру агенттерінен басқа);
- аудиторлық қызмет;
- бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет атқару;
- кредит бюросы;
- күзет қызметі;
- азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет;
- ломбардтар, микроқаржылық және факторингтік ұйымдар, лизингтік компаниялар;
- моторлы көлік құралдарын өндіру;
- медициналық мақсатта құрамында спирті бар (бальзамдардан басқа) өнім шығару;
- кен өндіру және карьерлерді қазу (құм және қиыршық тас өндіретін карьерлерден басқа)
- акцияларының 50%-нан астамы мемлекетке тиесілі жобалар;
- «Жекеменшік мекеме» және «Бейкоммерциялық ұйым» меншік нысандарындағы жобалар.
Нені есте сақтау керек
Бүгінгі күні бизнеске арналған субсидияларды оңай, тез, әрі артық бюрократиямен айналыспай-ақ алуға болады. Ескеретін жайт: мемлекет берген қаражатты тек бизнес-жоспарда жазылған мақсаттарға ғана жұмсау керек. Барлық шығын есептілік кезеңдерінде және тексеру барысында растайтын чектер мен жүкқұжаттарды ұсыну керек болған кезде көрінетін болады. Сонымен қатар, қызмет түгелдей ап-айқын болуы үшін уақытында келісімшарттар жасап отырып, төлемдерді шоттан шотқа жүргізіп отырған жөн.
Қаражатты мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда кәсіпкер субсидия сомасын мемлекетке толықтай қайтаруы қажет.