Бизнестің тауашасын таңдау
Қызығушылық пен сұраныс табысты бастаманың басты өлшемдері
Мақаланың мазмұны
Кәсіпкер ретінде тауашаңызды табу — табысқа жетудің ең бастапқы қадамы. Сіз көздеген нарықтың бір бөлігі тауаша болып атанады. Дұрыс таңдалған тауашаның арқасында бизнесіңізді кірісі мен берекесі мол болады.
Осы мақалада тауашаны байыппен таңдау жолдары туралы бірнеше кеңес береміз.
Сүйікті іс пен бизнес
Біріншіден, өзіңізге «Менің қолымнан қандай шаруа келеді және адамдар ол үшін төлеуге дайын ба?» деген сұрақ қойыңыз. Мысалы, Аяжанның шеберлікпен тоқылған ойыншықтарына достары арнайы сыйлық ретінде тапсырыс бере бастамайынша, ісінің ақша әкелетініне толықтай сенбеген. Осылайша бизнестің түрі де өздігімен-ақ пайда болды — тапсырысқа тоқыма тоқу.
Нағыз лайфхак: өзіңіз сүйсініп жасайтын істі іздеп көріңіз. Бизнесті спринт емес, марафон дегеніміз дұрыс. Жасап жатқан ісіңіз өзіңізге ұнамаса, бизнесіңіз ұзаққа бармауы мүмкін.
Ұсыныстың бірегейлігі
Айталық, cүйікті ісіңізді таптыңыз. Бірақ бизнесті бәсекелестік те құрайтынын ұмытпау керек. Тауарыңыздың не қызметіңіздің нарықта бар заттардан айырмашылығын түсіну маңызды.
Бургер дайындап сатқыңыз келеді, бірақ қасыңызда дәл сондай ондаған орын бар екенін елестетейік. Ерекшелену жолдары қандай? Бәлкім, ерекше соустар қосылған бургер дайындайсыз ба, әлде тапсырыстарды бәрінен де тез жеткізесіз бе? Адамдарды басқа компанияларға қарағанда сізді таңдауға итермелейтін себеп сіздің бірегейлігіңізді білдіреді.
Кеңесіміз — әр түрлі нәрселерді көріп, тәжірибе жасаудан қорықпаңыз. Нарықтағы ұсынысыңыз ерекше әрі қажет боп көрінгені жақсы. Мысалы, Аяжан тоқитын ойыншықтардың ерекшелігі — кілтке тағылатын брелок ретінде қолдану мүмкіндігінде.
Нарықтағы сұранысты талдау
Осы кезеңде өнімнің қаншалықты сұранысқа ие екеніне назар аудару маңызды. Жылдар бойы керемет нәрселер жасасаңыз да, олар ешкімге қажет болмаған соң бизнесіңіз кәдімгі хоббиге айналып кетеді. Мысалы, Аяжан оқушылардың әр түрлі сүйкімді заттарды ұнататынын түсінсе де, бұл сауданың жүретініне кепіл бола алмайды. Мүмкін болатын сұранысты алдын ала бағалау үшін әртүрлі әдістерді пайдалануға болады.
Біріншіден, нарықтағы бәсекелестердің ұсыныстарын қарастырыңыз. Ол үшін сізге мыналар қажет:
- Іздеу жүйелері — қызметіңізге немесе тауарыңызға байланысты түйінді сөздер арқылы нарықтағы компанияларды іздеңіз. Олардың сайттарын, бағаларын, клиентерінің пікірлері мен компаниялардың бірегей, ерекше ұсыныстарын зерттеңіз.
- Маркетплейстер — танымал алаңдарда сатылатын ұқсас тауарларды тексеріңіз. Сатып алушылардың пікірлері мен өнімнің рейтингтері оның танымалдылығының деңгейін көрсетеді.
- Бағаларды талдау — бәсекелестердің тауарларының әрі қызметтерінің бағаларын салыстырыңыз. Бағалары мен сұранысы жоғары болса, сатып алушыларыңызға бәсекелестермен салыстырғанда неғұрлым тиімді ұсыныс жасасаңыз болады.
Екіншіден, тауарыңыздың әрі қызметіңіздің сұранысы туралы адамдардан тікелей сұрау ең қарапайым тәсілдердің бірі болып табылады. Ол үшін әлеуметтік желілерде жазба жариялаңыз («… сатып алар ма едіңіз?»). Google Forms сияқты арнайы сервистер арқылы сауалнама жүргізіп, әлеуетті клиенттеріңізбен сөйлесе аласыз. Олар көздеген аудиторияңызға кіретін достарыңыз, әріптестеріңіз, көршілеріңіз болуы мүмкін — солардан сұраңыз.
Үшіншіден, интернет-форумдар мен әлеуметтік желілермен пайдаланыңыз. Сіздің тауашаңызбен байланысты форумдарды тауып, адамдар не туралы жазатынын қараңыз. Қандай қиындықтар бар екенін, ағымдағы ұсыныстарда нені ұнатып, нені ұнатпайтындарын зерттеңіз. Мысалы, зоодүкен ашқыңыз келсе, форумдарда клиенттер қандай маңызды нәрселерді талқылап жатқанын білуге болады — жылдам жеткізу, тауарлардың бағасы, дүкеннің ассортименті. Бейінді топтар мен әлеуметтік желілердегі қауымдастықтардағы пікірлерден де қажетті ақпаратты табу әбден мүмкін. Ұқсас тауарлар мен қызметтер туралы пікірлер де бәсекелестердің жасаған қателіктерін алдын алуға көмектеседі: адамдар жиі нені ұнатпайтындарын және болашақта қандай өзгерістер қалайтындары туралы бөліседі.
Бәсекелестерді жау емес, ақпарат көзі ретінде қарастырыңыз. Олар арқылы жұмысты дұрыс жүргізу жолдарын түсінуге болады. Сіздің клиенттеріңіз бола алатын адамдармен сөйлесіңіз, шынайы пікірлер жинаңыз және адамдарға не қажет екенін түсініңіз.
Сөзден іске көшіп, идеяңызды сынап көрейік
Іске асырылған кезде идеялардың көбісі басында ойлағандай тартымды болмай шығуы мүмкін. «Мен тұратын ауданда тіс емдейтін клиника жоқ екен! Ашсам, сұранысқа ие боламын!» — деген ой бастапқыда дұрыс көрінеді. Бірақ бұрыннан барып жүрген дәрігерлеге үйреніп қалған адамдарды клиникаңызға тарту қиынға түседі. Аяжанның жағдайында да: материалға ақша бөліп, тоқыған ойыншықтары дұрыс сатылмауы мүмкін.
Тағы бір лайфхак: бизнес-идеяңызға барлық күшіңізді салмас бұрын оны шағын аудитория арасында сынап көріңіз. Тауардың шағын партиясын жасап, достарыңызға, таныстарыңызға немесе әлеуметтік желілер арқылы клиенттерге ұсыныңыз. Тапсырыс көбейсе, тіпті жақсы! Егер сұраныс болмаса, оны бастапқы кезеңде білген жөн.
Юнит-экономика мен мүмкін қауіп-қатерлер
Бизнесті бастамас бұрын, есептеріңіздің барлығы дұрыс екеніне көз жеткізіңіз. Өндірістің бағасын, үстеме баға мен басқа салымдардың өтелетін уақытын білу қажет. Қарапайым есеп жасаңыз: тауар бірлігіне қанша ақша жұмсап, қандай пайда таба аласыз. Толығырақ ақпаратты мына мақалалардан таба аласыз:
Бизнесте тепе-теңдік маңызды. Өзіңізге де ұнайтын, сұранысы бар және пайда әкелетін істі табу — өнер. Байқап көруден, талдау жасаудан және бейімделуден қорықпаңыз. Естеріңізде болсын: жақсы бизнес жалаң идеяларға үміттеніп қана қоймай, сонымен қатар икемділік пен жаңа нәрселерді игеруге дайын болу негізінде құрылады.