Қызметкерлерді қалалық мансап орталығы арқылы жұмысқа алу
Цифрлы платформада вакансия ашып, жас мамандарды іріктеуге болады
Асқар Азаматов
Қалалық мансап орталығының директоры
Мақаланың мазмұны
NEET — бұл «білім алмағандар және жұмыссыздар» категориясына жататын жастар тобы. Оған түрлі себептермен жұмысқа тұра алмай жүрген 14 жастан 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар кіреді. Бұл проблеманы қолға алу үшін Алматыда жастарды оқытып, жұмысқа тұрғызатын қалалық мансап орталығы ашылды. Орталық қандай мамандарды дайындайды және оларды жұмысқа қалай алуға болады деген сұрақтарға осы мақалада жауап береміз.
Қалалық мансап орталығының жұмысы
Қалалық мансап орталығы (ҚМО) — бұл жастарды жаңа мамандықтарға тегін оқытып, оларға жұмысқа тұруға көмектесетін жоба. Орталық әр түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар өткізеді, тағылымдамалар мен тәжірибелер ұйымдастырады және білім алған мамандарды жұмыс берушілермен байланыстырады.
Жоба Алматыда жергілікті Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асады: қалада 682 мыңға жуық жастар тұрады, олардың 47,8 мың адамы NEET категориясына кіреді.
Курстардың теориялы бөлігін ҚМО жоғары оқу орындары мен колледждермен бірігіп өткізеді, ал тәжірибелер мен тағылымдамалар келісім орнатылған компанияларда өтеді.
ҚМО-мен ынтымақтасудың бизнеске пайдасы
ҚМО-мен ынтымақтастық құру мына себептермен пайдалы:
- тегін тіркелу және вакансия ашу;
- мансаптарын көтергісі келетін дарынды мамандармен байланысу;
- тәжірибе немесе тағылымдама алғысы келетін жастарды іздеу;
- кадр мәселелерін шешу;
- болашақ мамандардың компанияңызға деген қызығушылығын көтеру үшін ҚМО өткізетін іс-шараларға, тегін мастер-класстарға, семинарларға, тренингтерге, дәрістерге, мансап жәрмеңкелеріне қатысу.
Ынтымақтастық екі жақ үшін толығынан тегін. Вакансияларды Jas Almaty порталында орналастыруға болады, ал тәжірибе, тағылымдама, мастер-класс, курс, т.б. өткізу үшін ҚМО-мен байланысу қажет. Сондай-ақ, жұмыскерлерді оқу барысында іріктеп, оқу соңында жұмысқа шақыруға болады.
ҚМО арқылы білім алған мамандар
Жастар оқу барысында келешекте жұмысқа тұруға немесе өз кәсіптерін ашуға қажет білім мен тәжірибе алады.
ҚМО мамандарға төрт бағытта білім береді:
- SOFT Skills — сауда, менеджмент, event-менеджмент, қаржы сауаттығы, мобилографтар, хореография педагогтары, колл-орталықтарының операторлары, SMM мамандары, т.б. салалардағы мамандар;
- IT Open web — графика дизайнерлері, 2D және 3D жобалаушылар, Swift тілінде жұмыс істейтін iOS әзірлеушілері, т.б.;
- PRO Service — баристалар, кондитерлер, экскурсия жетекшілері мен гидтар, бастауыш бухгалтерлер, қонақ үй ісі, маркетинг, мейрамхана ісі салаларындағы мамандар, т.б.;
- JAS Sheber — құмыра жасау, пішу және тігу, киіз басу, зергер бұйымдарын жасау, құрақ құрау шеберлері, т.б.
Курс бітіргендер соңында сертификат алып, JasAlmaty.kz цифрлы платформасындағы түйіндемелерінде оқуды аяқтағандарын білдіретін белгімен белгіленеді, ал жұмыс берушілер оларды мамандықтары мен негізгі дағдылары бойынша іріктей алады.
Jas Almaty платформасының маңызы
JasAlmaty.kz цифрлы порталы жастарды біріктіру мақсатында ашылды. Платформа Алматы қаласындағы вакансиялар, тәжірибелер, тағылымдамалар, білім беру орындары мен ойын-сауық шаралары сияқты ҚМО-ның барлық бағыттарын қамтиды. Порталға жұмыс іздеушілер де, жұмыс берушілер де тегін тіркеле алады.
Вакансия ашу
Егер сіз жұмыс беруші ретінде вакансия ашқыңыз келсе, онда тіркелу үшін компанияның ЖСН/БСН пайдаланыңыз. Тіркелу кезінде «Жұмыс беруші» батырмасын басыңыз да, Telegram, ЭЦҚ немесе eGov mobile-дегі QR көмегімен тіркеліп, компанияңыз туралы қысқа мәлімет жазыңыз.
Содан кейін вакансияңызды ашыңыз: «Вакансия орналастыру» батырмасын басып, жұмыскер лауазымын, жұмыс тәжірибесін, ұсынылатын жалақы мөлшерін, жұмыс кестесін және жұмыспен қамту түрін енгізіп, жұмыс міндеттерін сипаттаңыз.
Жұмыскерлерді іздеу
Ол үшін «Қызметкерлерді табу» бөліміне өтіп, іздеу өрісінде мамандықты немесе негізгі дағдыларды жазу керек. Мысалы, «экономист», «тігінші», «кадр ісін жүргізуші менеджер» немесе «жұмысты ұйымдастыру», «коммуникация» дегендей. Содан кейін сіз лайық үміткерлердің түйіндемелерін көретін боласыз.
Жұмыс іздеушінің түйіндемесінде негізгі мәліметтер жазылады: ол үміткердің аты-жөні, байланыс түрлері, қалаған жалақысы, білімі, платформада өтіп жатқан немесе аяқтаған курстары. Маманның түйіндемесінде курста үйретілген дағдылар жазылады.
ҚМО-мен жұмыс істеп жатқан компаниялар
JasAlmaty.kz-тегі жұмыс берушілер арасында Samruk Kazyna Construction, «Қазақтелеком», Air Astana, Wolt сияқты көптеген ірі компаниялар бар.
Орталықтан дайын үміткерлерді таңдап қана қоймай, белгілі бір мамандықтарға үйретіп беруді де сұрауға болады. Мысалы, Wolt компаниясында вакансия көп, әсіресе қолдау көрсету қызметіне мамандар өте қажет. Компания өкілдері курсқа қатысушыларға жұмыс негіздерін үйретіп, олардың ең үздіктерін тұрақты жұмысқа шақырмақ. ҚМО Toimart супермаркет желісімен де сол сияқты жұмыс істеді: оларға кассирлер, наубайшылар және тауарларды бөлшектеп өлшейтін жұмыскерлер қажет болды.
Биыл ҚМО 30 қысқа мерзімді курс өткізіп, алты мыңнан астам адамға білім берді. Платформаға әлі де өзгертулер енгізілуде: мұнда оқу курстарын, диплом алдындағы тәжірибелер мен өндіріс тәжірибелерін онлайн өткізу жоспарланып отыр. Ол арқылы компаниялар тәжірибе өткізу бағыттары мен орын сандарын өздері ұсына алатын болады. Қазір компаниялар платформада вакансия ашып, жұмысқа тағылымдама алушылар мен тәжірибеден өтушілерді іріктей алады, ал жастар өз беттерімен компаниялармен, білім беру мекемелерімен және бейүкімет ұйымдармен байланыс орната алады.