Бизнес туралы мақалалар

Нейрожелілерді бизнесте пайдалану

Жұмыс барысын автоматтандыру, деректерді талдау, контент жасау

Нейрожелілерді бизнесте пайдалану

Мақаланың мазмұны

Кәсіпкерлер мәтін мен суреттерді жасау және бизнестің әр түрлі мәселелерін шешу үшін нейрондық желілерді пайдалана алады. Саудада — менеджерлердің клиенттермен әңгімелерін талдап, жиі кездесетін қарсылықтарды анықтауға болады, қаржыландыру мәселелерінде — шығындарды болжап, бюджетті оңтайландыруға болады, ал қызмет көрсетуде —  клиенттерге қолдау көрсету үшін 24/7 жұмыс істейтін чат-боттарды пайдалануға болады. Дайын қызметтерді бизнесте қолдану және оларға сұраулар жазу туралы осы мақалада айтып береміз.

Нейрожелінің мүмкіндіктері

Нейрожелілердің мүмкіндіктері зор — олар сатып алушылардың сұранысын болжай алады, келіп жатқан қоңырауларды талдап, оларды сәйкес қызметкерлерге жібере алады, жиі қойылатын сұрақтар бойынша кеңес бере алады, сауалнамалар жүргізе алады және т. б. Мұндай шешімдер үлкен технологиялық инвестицияларды және қолданыстағы бизнес-процестерді қайта қарауды талап етеді. Біз бизнесте дәл қазір қолдануға болатын шешімдерді қарастырамыз:

  • мәтін жазу: бизнес-жоспарлар, стратегиялар, тауар сипаттамалары, әлеуметтік желідегі жазбалар және блог мақалалары;
  • суреттерді жасап шығару: логотиптер, сайтқа, әлеуметтік желілерге, бейнелерге арналған визуал;
  • презентациялар жасау, сайттардың дизайнын әзірлеу және беттеу, музыка жасау;
  • ақпараттың кез келген көлемін талдау және сол бойынша ұсыныс беру.

Промттар — дайын шешім

Нейрондық желілерді пайдаланудағы ең басты мақсат — түсінікті промт жазу. Егер сіз жай стоматология туралы пост жазуды сұрасаңыз, ол жалпыланған мәтінді шығарып береді, бірақ егер сіз формат түрін көрсетіп, мәтін реңкін түсіндірсеңіз немесе рөлін анықтап, басқа түсініктемелер берсеңіз, нәтиже одан жақсырақ болады.

Мінсіз промт формуласы

Мінсіз сұрау мыналардан тұрады:

  1. Негізгі тапсырма — нақты не керек екенін және мәтін қай форматта (пост, мақала, хабарлама) керектігін жазу, мысалы: «Гүл дүкеніне Reels сценарийін жазып бер».
  2. Стилистика — мәтіннің стиль мен бағытын белгілейміз: «Мәтін жылы шырайлы және шабыт беретіндей болуы керек». Кейбіреулер нейрожелінің рөлін анықтайды: «Сен — контентпен айналысасың» немесе «өмір салтымен бөлісетін танымал блогер сияқты жаз».
  3. Көлемі — бұны барлық промттарда жазған жөн, мысалы, «ұзындығы 1 минутқа дейінгі бейнеге арналған сценарий».
  4. Мақсат — қандай нәтиже күтіп тұрғанымызды түсіндіреміз, мысалы, «парақша ұсыныстар арнасына шығу керек», «компанияның құндылықтарын жеткізу керек», «соңына дейін қаралым болу керек және адамдардың комментарий жазуға ниеті болу керек».
  5. Нақтылау — мұнда нысаналы аудиторияны жазамыз, мысалы, «дос жігіттер».
  6. Шектеулер — қорытынды нәтижеде керек емес нәрселерді анықтап жазамыз, мысалы: «Жаргон сөздерді қолданбау, бәсекелестер туралы айтпау, Уикипедияны дереккөз ретінде пайдаланбау» немесе «дөрекілікке жол бермеу».
  7. Мысалдар — ЖИ сұрауды жақсы түсінуі үшін ненің жақсы-жаман екенін көрсетіп береміз, мысалы, сіздің ойыңызша, жақсы және жаман тақырыптар тізімі.

Көлемді сұраулар жазудан қорықпаңыз — промттың ұзақтығы 6 мың таңбаға дейін болуы мүмкін, ал ChatGPT+ ақылы нұсқасында сұрау ретінде 25 мың сөз жазуға болады.

Енді промтты қалай жазу керектігін біліп алып, практика жүзінде бірқатар жұмыс міндеттерді автоматтандырып көрейік: маркетинг, SMM-нан бастап қаржы құруға және клиенттерге қызмет көрсетуге дейін. Мақаладан дайын промттарды алып, бизнесіңіздің параметрлеріне келтірсеңіз жеткілікті, сол сәттен бастап қолдана беруге болады. Нейрондық желілердің ішінде біз ChatGPT және Midjourney-ды пайдаланамыз. Мақаланың соңында бизнеске арналған ақысыз және ақылы нейрожелілердің қосымша тізімін береміз.

ChatGPT орыс тіліндегі мәтіндерді жақсы түсінеді, бірақ қазақ тілінде жазылған промттармен жұмыс істеу кезінде аударманың ерекшеліктері мен тіл құрылымына байланысты дәлсіздіктер болуы мүмкін.

Сату бөлімін автоматтандыру

Қарсылықтармен жұмыс жасау

Сату менеджерлерінің көбі клиенттердің «Бұл қымбат», «Әлі ойланып көремін», «Кейін қоңырау шаламын» сияқты қарсылықтарымен жұмыс істеуі керек. Арнайы жазылған скрипттер қоңырауды сатып алуға дейін өткізуге көмектеседі, бірақ мұндай алгоритмдерді жазу үшін кейде көптеген айлар қажет. Нейрожелі өнім бойынша жалпы қарсылықтар жасауға және олармен жұмыс істеу әдістерін әзірлеуге көмектеседі.

Промт:

Сен терезе орнату бойынша сату бөлімінің басшысысың. Клиенттердің өзекті қарсылықтарының тізімін жасап, оларды үш топқа бөл:: жалпы және жиі кездесетін, клиенттердің тар шеңберіне тән және ерекше, жекелеген жағдайларда пайда болатын қарсылықтар. Әр тармаққа қарсылық жазыңыз, клиенттің логикасын түсіндіріңіз, жауап беру үшін дәйекті және сауатты тәсілді ұсыныңыз. Кәсіби бол, штамптар мен қысымнан аулақ бол. Жауаптар конструктивты және әлепті болуы керек.

Сату бөлімінің әңгімелерін талдау

Сату бөлімінен компанияның табысы мен клиенттердің жалпы әсері байланысты. Сондықтан процестерді баптау маңызды. Нейрожелілер сату мамандарының әңгімелерін талдай алады. Ол үшін әрбір сатушыға CRM-нан телефон әңгімелерін жүктеп алып, ChatGPT-ге жіберу керек. Ол қай қызметкерлерге сыпайылық, білімділік, кәсіпқойлық жетіспейтінін анықтап, олардың күшті және әлсіз жақтарын анықтайды, мысалы, біреу эмоционалды сатуды жақсы біледі, ал екіншісі фактілер мен логика арқылы сатады.

Промт:

Сен сату бөлімінің басшысысың: ішкі есіктерді сататын сату менеджерінің әңгімелері толық жазылған файлды талдап бер. Әр әңгімені келесі критерийлер бойынша бағала: әдептілік пен тілдесудегі сыйластық, өнім туралы ақпаратты жеткізудің толықтығы, қарсылықтарды өңдеу сапасы, өнім бойынша білімі, клиентті тыңдауы, сатушының біліктілік деңгейі мен сенімділігі, клиентке қысымның болмауы. Әр әңгіменің күшті және әлсіз жақтарын көрсете отырып, жақсартуға тұрарлық сөз тіркестерінің мысалдарын келтір және менеджердің барлық жұмысына жалпы баға бер.

Маркетингті автоматтандыру

Аудиторияны тарту және ұстап қалу

Компания жаңа клиенттерді тарту үшін жарнама, науқандар, серіктестіктер және PR сияқты маркетинг қызметінің әр түрлі түрлерімен айналысатын маркетологтарды жалдайды. Жасанды интеллект бұл жұмысты өз мойнына алып, клиенттерді тарту, ұстап қалу және сеніміне кіру стратегиясын ұсына алады.

Промт:

Фитнес-орталыққа жаңа клиенттерді әкелетін жоспарын жаса. Ең танымал арналардан бастап бірегей арналарға дейін 10 түрлі арналарды таңда. Әр арнаға: нысаналы аудиторияны, оның пайдасын, артықшылықтарын, негізгі хабарламаларын көрсет. Әр арнаның қысқаша сипаттамасын бер және оны максималды нәтижеге қалай жақсырақ пайдалану керектігін түсіндір.

Логотип жасау

Нейрожелілер логотип жасағанда, түстермен, пішіндермен, стильдермен және қаріптермен тәжірибе жасауда жаңа идеялар беріп көмектеседі. ChatGPT-ді тұжырымдама әзірлеу және эскиздерді жасау үшін пайдаланып, ал Midjourney, Ideogram-ды оны шығарып беру үшін пайдалануға болады. Бірақ есіңізде болсын — бұл брендтің фирмалық символикасы қандай болуы керек екендігі туралы нақты түсінік болмаған кезде алғашқы жоба кезеңінде ыңғайлы, бірақ сапалы, ерекше логотип жасау үшін графикалық дизайнерге жүгінген дұрыс, ол нейрожелі әлі жасай алмайтын нәрселерді ескереді.

ChatGPT-ге арналған промт:

Сен — логотип жасайтын дизайнерсің. Жартылай фабрикат шығаратын бренд үшін логотип жаса. Ол бірегей, есте қаларлық және бренд құндылықтарына сәйкес болуы керек. Әзірлеу кезінде келесі аспектілерді ескер: түстер палитрасы (сапамен, дәмді тағаммен және қолжетімділікпен байланысты түстерді қолдан, түстердің үйлесімді гаммасы жұмсақ болуы керек), типографика (өнімнің сапасын көрсететін қаріптерді таңда, шрифт оқуға оңай, бірегей болуы керек), визуалды ассоциациялар мен белгілер (логотип экологиялық тазалықты көрсету керек, қажетсіз бөлшектер мен күрделі пішіндерден аулақ бол), эмоционалдық ассоциациялар (логотип аудиторияда сенім, шабыт, қауіпсіздікті оятуы керек). Логотип қажет ассоциацияларды тудыруы және оңай танылуы үшін қарапайымдылыққа назар аудар. Нәтижені тізім пішімінде көрсет: логотиптің негізгі тұжырымдамасы, негізгі түстер және олардың эмоционалды байланысы, қаріп және оның бренд сипатына қатынасы, таңбалар немесе элементтер және олардың брендке маңыздылығы, аудиториядан күтілетін сезімдер мен ассоциациялар.

SMM-ды автоматтандыру

Нейрожелілердің мәтіндеріне қатысты негізгі наразылық — ол бір қалып бойынша шығатыны және оны адам жазбағандықтан, сөздерде ешқандай жылулық пен эмоцияның жоқтығы. Эмоционалды жазбалар жасау үшін шағын бір лайфхак бар — нейрондық желіден тәубе ету форматында эмоционалды мәтін жазуды сұраңыз. Бұл кез келген мазмұнға қатысты — стиль мен сарынды белгілеңіз. Нейрожелінің көмегімен әр түрлі мәтіндерді — тауар карточкасының сипаттамасын, сценарийді, постты жазуға ең көп дегенде 15 минут уақыт кетеді.

Reels

Адамда Reels жасауға идеялар таусылып қалуы мүмкін, бірақ нейрожеліде емес. Ол әр түрлі форматтағы және әр түрлі тауашаларға арнап идеялардың қажет санын шығарып береді. Ең бастысы — түсініктемелер жазу. Қазіргі таңда Instagram-да smm-мамандар ChatGPT жазған сценарийлер бойынша бейнелерді қалай түсіретіні және олар жасанды, күлкілі болып шығатыны туралы көптеген мысқыл бейнелер бар. Мұның бәрі нақты түсініктемелердің жоқтығынан.

Промт:

Инвестициялық кеңесшіге арналған 10 қысқа бейне идеясын ойлап тап (ұзақтығы 1 минутқа дейін болуы керек). Әр түрлі форматтарын ауыстырып отыр: сарапшының жеке кеңестері, нақты жағдайларды талдау, инвестициялаудың қызықты тәсілдеріне шолу. Әрбір идея бірегей, қабылдауға оңай және бірден аудиторияның қызығушылығын тудыруы керек. Нәтижені келесі форматта бер: тақырып атауы және қысқаша мазмұны.

Ұсынылған сценарийлер стандартты болып көрінсе, түсініктеме қосуға болады — интеллектуалды аудиторияға арнап жаз, әзіл қос, тренд бойынша бейнелер түсір. Сәйкес идеяны таңдағаннан кейін кадрға бөлінген, дыбыстары мен эмоциялары сипатталған сценарий жазуды сұраңыз.

Аудиторияны дайындау

Instagram және Telegram-дағы бөлек сату форматы — бұл пайдаланушылар белгілеген бір уақыт ішінде контент оқып, тауар немесе қызметті сатып алу ниеті.

Промт:

Тамақтану курсын сату үшін Instagram Stories-те 10 күндік пост жоспарын жаса. Аудиторияны дайындауды келесі кезеңдерге бөл: алғашқы 4 күн — интрига мен қызығушылықты оят, тақырыптың маңыздылығын атап өт, 5-10 күн — өнімді жарияла, оның артықшылықтары туралы айтып, сатуды бастаңыз. Кәсіпкерлер мен маркетологтардың аудиториясына назар аудар. Қайталаудан аулақ бол және қызығушылықты сақтау үшін ерекше сөздерді қолдан.

Қаржыны талдау

Нейрондық желі кәсіпкерлерге үлкен көлемдегі ақпаратты тез талдауға көмектеседі. Мысалы, сізде өткен жылдар немесе айлардың кірістері мен шығыстары туралы деректер болса, ChatGPT соған негізделген болжам жасап, бюджетіңізді үнемдеу жолын ұсынады.

Промт:

Тоқсандық кіріс пен шығыс деректерін талда. Қазіргі үрдістер сақталса, келесі тоқсанда қандай пайда мен шығыстарды күтуге болады? Екі көрсеткіштегі ықтимал өзгерістерді бағалай отырып, әр ай бойынша бөлек жаз. Таза табысты арттыру үшін қандай шығыс баптарын үнемдеуге болатынын көрсет. Келесі тоқсанда қаржы бойынша көрсеткіштерді жақсарту үшін бюджетті қалай үнемдеу болатынын ұсын.

Чат-бот жасау

Кәсіпкерлер сату бөліміне жүктемені азайту және тапсырыстарды жинау үшін чат-боттарды белсенді түрде пайдаланады. Клиент тәулік уақытына, жүктемеге немесе мереке күндеріне қарамастан, өз сұрақтарына жауаптарды жедел түрде алады. Бұл ыңғайлы.

Сұлулық салондары, фитнес-клубтар, білім беру орталықтары клиенттерді тіркеу, кестелер жіберу, арнайы науқандарды ұсыну үшін, емханалар мен медициналық орталықтар — кездесулерге жазылу, сырқаттық белгілер туралы ақпарат жинау және келу алдында нұсқаулықтарды жіберу үшін, ал мейрамханалар мен кафелер — үстелді брондау үшін қолданатын чат-боттар бар. Клиенттер ұсынылған батырмаларды басады, ал чат-бот кесте, мекенжай, жазылу, тапсырыс беру және т.б. туралы дайын мәтінмен жауап береді. Мұндай жұмыс алдын ала әзірленген алгоритмдер мен боттан ұзақ ойлануды қажет етпейтін жауаптарға негізделген. Бұны SendPulse, BotHelp және т.б сияқты дайын қызметтер арқылы қосуға болады.

Кәсіпкерлер бір қадам алға басып, ChatGPT қолданбасын чат-ботқа қосып, пайдаланушыларға жетілдірілген автоматтандырылған жауаптарды бере алады. Сонда нейрожелі клиентпен өзі тікелей байланысатын сату бөлімінің немесе байланыс орталығының қызметкері болып жұмыс істейді. Мұндай чат-ботты сайтқа, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге дайын платформалар арқылы қосуға болады, мысалы, SendPulse, ChatApp және тағы басқа. Клиент нейрожелімен байланысып жатқанын түсінбей де қалады. Нейрожеліні клиенттің көптеген сұрақтарына жауап беретіндей, сәлемдесіп, көмек ұсынатындай, сұрауды түсіну үшін егжей-тегжейлерді нақтылайтындай, ең жиі кездесетін немесе лайықты өнімдерді ұсынып, акциялар мен жеңілдіктер туралы айтып беретіндей оқытуға болады.

Бизнеске пайдалы нейрондық желілер тізімін телеграм-арнамыздан жүктеп алуға болады.

 

Нейрожелілерді бизнеске енгізу — бұл тренд емес, қажеттілік болып табылады. ЖИ компанияларға ресурстарды үнемдеуге және күнделікті тапсырмаларды орындау уақытын қысқартуға көмектесіп, шығармашылық пен жаңа идеяларға көбірек уақыт береді, бірақ ол есептеулерде және кейбір тұжырымдарында қателіктер жіберуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн, сондықтан ұсыныстарды қайта тексеріп, ал күрделі стратегиялық және қаржылық міндеттерді мамандарға тапсырған дұрыс.