Дайын бизнес сату

Бизнесті қалай бағалау керек, қажет құжаттар мен сатып алушыларды іздеу жолдары

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Маржан Кобеева

Маржан Кобеева

сарапшы, SQIF Capital АҚ-ның заң департаментінің директоры

Дайын бизнес сату

Бизнесті төмен табыс, қызмет түрін ауыстыру, басқа жерге көшу сияқты әр түрлі себептермен сатады. Қалай болғанда да, көздеген мақсаты бір — тез және тиімді қылып сату. Бірақ бизнесті сату дайындықты қажет етеді. Қандай құжаттар керек екенін, бизнес бағасын қалай анықтауға болатынын, сатып алушыларды тауып, мәмілені қалай жасау керектігін осы мақалада қарастырайық.

Бизнесті сатуға дайындау

Әлеуетті сатып алушыға бірқатар қаржы есептерін дайындап, көрсету қажет:

  • пайда мен залал туралы есептеме — бизнестің кірістері мен шығыстарын көрсетеді, оның табыстылығын бағалап, бағасын және өтеу мерзімін есептеуге мүмкіндік береді.
  • ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп — ақша қайда кетіп, қайдан келетінін, жеке қажеттіліктерге немесе бизнесті дамыту үшін алуға болатын азайтылмайтын қалдықты көрсетеді.
  • бухгалтерлік теңгерім — бұл компанияның меншігіндегі активтер мен пассивтер, жабдықтар мен қарыздарды көрсетеді; құжат ағымдағы жағдайды бағалау үшін қажет.

Бұл құжаттар бизнестің құнын бағалау кезінде маңызды болып табылатын жалпы қаржы күйін, оның кірістері мен шығыстарын көрсетеді. Егер бұндай есептер болмаса, оларды соңғы үш жылдағы деректерді жинап, жасау қажет. Бұл құжаттарды 1С бағдарламадан жасап алуға болады.

Салық есептерінің ішінде салық берешегінің жоқтығын растайтын құжатты дайындаған дұрыс.

Сондай-ақ кәсіпкерге құрылтай құжаттары (жарғы, құрылтай шарты, хаттамалар, шешімдер, тіркеу, қайта тіркеу туралы куәліктер), кадрлық құжаттар (еңбек шарттары, бұйрықтар), анықтамалар мен лицензиялар (егер қызмет лицензияланған болса), контрагенттермен келісімшарттар, соның ішінде жалға алу туралы келісімшарттар. Сайтыңыз болған жағдайда домен иелену құқығын, әлеуметтік желілерге кіру деректерін, клиенттер мен жеткізушілер дерекқорын және тағамдар мен сусындар дайындау рецепттерін бөлек дайындап қою керек.

Тауарлар және қызметтер шығару процесін қосымша сипаттауға болады — сатып алу қалай жүргізіледі, есептеулер қалай жасалады, қандай CRM жүйелері қолданылады, тауарлар қайда және қалай сақталады, кім не үшін жауапты және т.б.

Бизнес бағасын анықтау

Бұл бизнес сату барысындағы негізгі қадам. Кәсіпкер бизнесті қате бағалап, сатып алушылардан айырылуы мүмкін немесе нақты бағасынан төмен сатуы мүмкін.

Ең оңай жолы — бағалау компанияларына жүгіну. Олар компанияның нарықтағы бағасын анықтап, қаржы тәуекелдерін есептейді. Ол үшін бірқатар құжаттар жіберу керек — оның толық тізімін нысанды қарағаннан кейін береді. Орта есеппен бизнес бағалау есебін дайындау 10 күннен 14 күнге дейін созылады. Шағын компанияны бағалау бағасы 150 мың теңгеден басталады. Бірақ күрделі есеп жүргізетін ірі компания болса, онда құны жоғары болады.

Бизнес бағасын кәсіпкердің өзі де анықтай алады. Ең оңай жолы — орта айлық таза табысты 12-ге көбейтіп, оған барлық материалды құндылықтардың сомасын қосу. Бұл компанияның нарықтағы орта бағасы болады.

Бизнес бағасын қалай анықтауға болатыны туралы осы аптада бөлек мақала шығарамыз.

Сатып алушыларды табу

Сатып алушыларды табудың бірнеше жолдары бар:

  1. Жарнаманы OLX, Krisha.kz, Flagma.kz хабарландыру тақталарында және sdelka.kz сияқты арнайы платформаларда орналастыру.
  2. Постты Instagram, Facebook желісіндегі арнайы парақшаларда, жұмыс немесе жеке аккаунтында орналастыру, оған қоса достарыңыздан репост жасауды сұрау.
  3. Бизнесті іскерлік серіктестерге, әріптестерге, таныстарға немесе қызметкерлерге ұсыну — әдетте, мәмілелердің көпшілігі осы арналар арқылы жасалады.
  4. Бизнесті бәсекелестерге ұсыну — олар үшін бұл желілерін кеңейтуге мүмкіндік, бұл жағдайда ең бастысы —  мәміле жасамас бұрын клиент базасын бермеу және бизнес құпияларын айтпау.

Сарапшылар клиенттер мен жеткізушілер туралы мәлімет жайылып кетпеуі үшін сатып алушымен кездеспес бұрын құпия ақпарат пен іскерлік мәліметтерді жарияламауға кеңес береді.

Бизнесті сату бірнеше айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Сатылатын уақыты бизнестің ерекшелігіне, оның сатып алушылар үшін тартымдылығына және нарықтағы жағдайға байланысты.

ЖК және ЖШС мәлімесі

ЖК мен ЖШС бизнестерін сату кезінде кейбір айырмашылықтар бар.

ЖК

ЖК-ны сату мүмкін емес, өйткені бұл бөлек компания емес, кәсіпкердің мәртебесі. Бірақ кәсіпкер ЖК-ға жататын материалды және материалды емес активтерді сата алады. Материалды активтерге бизнестің тауарлары, бөлмелері мен жабдықтары жатады. Мысалы, ательенің активтері — бұл тігін машиналары, маталар, аксессуарлар, киім үлгілері және шығын материалдары. Бұнын бәрін сату үшін сатып алу-сату келісімшартын жасау керек.

Материалды емес активтер — бұл кәсіпкердің тәжірибесі мен жетістіктері, клиент базасы, тауар белгісі, әлеуметтік желілердегі парақшалар, ақпараттық бағдарламалар. Оларды сату үшін ерекше құқықты иеліктен шығару туралы келісімшарт жасау керек. 

Егер контрагенттермен келісімшарттар болса, онда контрагент, кәсіпкер және бизнесті сатып алушы арасында үшжақты (талап ету құқығын беру) келісімшартқа қол қоюға болады — ол бойынша жеке кәсіпкердің міндеттері мен құқықтары жаңа меншік иесіне кетеді. Мысалы, ателье иесінде спорт мектебімен форма тігу туралы келісімі бар. Аяқталмаған тапсырысты басқа ЖК немесе ЖШС белгіленген мерзімде орындауы туралы келісімшарт жасауға болады.

Жалдау келісімшартын жасау үшін жалға берушіден жаңа меншік иесімен дәл сондай жалдау шартын жасайтыны туралы кепілдік хат алу қажет. Сондай-ақ үйжайды жалдау құқығын беру туралы келісімшартын жасауға болады.

Бірақ ағымдағы және жинақтау банк шотын беру мүмкін емес.

ЖШС

Заңды тұлғаларда сату рәсімі оңайырақ өтеді — бұнда бүкіл бизнес 100% үлеспен сатылады. Тараптар арасында үлесті сатып алу-сату келісімшарты жасалады. Ол бойынша барлық шарттар, лицензиялар мен міндеттемелер сақталады, өйткені заңды тұлға өзгермейді, тек оның иесі өзгереді.

Егер бизнес сатушы некеде болса, жұбайының компания үлесін иеліктен шығару туралы келісімі қажет. Егер бірнеше иесі болса, онда әр қатысушының үлесін сатып алу керек.

Әдетте, мәміле жасамас бұрын ниет туралы келісім жасалады, онда негізгі келісімшарттың мазмұны және оның жасалатын мерзімі көрсетіледі. Сондай-ақ, бизнес иесін барлық деректерді біліп, мәміледен соңғы сәтте бас тарта алатын жосықсыз сатып алушылардан қорғау үшін құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісімшартты жасаған жөн.

ЖШС бизнесін сатқан кезде бұндай мәмілелермен айналысатын маманданған заңгердің қызметтеріне жүгінген жөн.

Қателерді болдырмау жолдары

Бизнес сату кезінде жиі кездесетін қате — оның құнын дұрыс бағаламау. Кәсіпкерлер көбінесе қаншама уақыт пен күш жұмсалды деп эмоциялық тұрғыдан бизнесті асыра бағалайды. Бірақ сатып алушыға бұл маңызды емес, ол үшін ең бастысы — ол осы бизнес арқылы қанша ақша таба алатыны.

Мәміле жасау барысында қателеспеу үшін кәсіби бағалаушылар мен заңгерлерге жүгінген дұрыс. Біріншісі бизнестің нақты құнын бағалауға көмектеседі, екіншісі барлық қажет құжаттарды жасап береді.

Тағы бір маңызды кезең — барлық құқық, салық және қаржы құжаттарын алдын ала дайындау. Бухгалтерлік есеп жүргізу, салық декларацияларын уақытында тапсыру, басқарушылық есебін жүргізу маңызды. Әйтпесе, егер дәлсіздіктер пайда болса, сатып алушы болашақта сот арқылы бизнестің құнын даулау қаупі бар.

Сату барысында жаңа иеге кеңес беріп, көмектескен дұрыс — бизнестің барлық өзгешеліктері, тәуекелдері мен мәселелері туралы айтып беру керек. Көбісі сатып алушыны сатып алғаннан кейін бірнеше ай бойы сүйемелдеп жүреді, бұл сатып алушының сенімін арттырады және оның басында қателіктерге ұрынбауына көмектеседі.

 

Бизнес сату — дайындық, уақыт және кәсіби көзқарасты талап ететін күрделі процесс. Табыстылық туралы құжаттарды алдын ала дайындау, бар болған активтер мен түгел бизнес-процестерді сипаттау, бизнес құнын анықтау және сатып алушыны табу маңызды. Бұл кеңестерді ескере отырып, бизнесті сәтті сатуға болады.