ЖШС құрамынан шығу

ЖШС-ның қатысушылар санын өзгерту тәртібі мен шарттары

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Альмира Токтарханова

Альмира Токтарханова

автор

Маржан Кобеева

Маржан Кобеева

сарапшы, SQIF Capital АҚ-ның заң департаментінің директоры

ЖШС құрамынан шығу

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) — құрылтайшысы бір немесе бірнеше адам, әлде заңды тұлға болуы мүмкін компания. Олар ЖШС-ның қатысушылары болып саналады. Қатысушы серіктестіктің құрамынан біржақты, өз үлесін басқа тұлғаға тапсыру арқылы шыға алады. 

ЖШС-дан шығу жолдары:

  • серіктестіктің қатысушысы өз үлесін ЖШС-ның басқа қатысушысына немесе үшінші тұлғаға сату
  • шығып жатқан қатысушының үлесін толық өтеу арқылы жарғылық капиталды азайту.

ЖШС-дағы үлесті сату тәртібі

Үлесті ЖШС-ның қалған қатысушыларына сату

Ең алдымен ЖШС-ның қатысушысы өз үлесін дәл сол серіктестіктің қалған қатысушыларына ұсынуы қажет. Үлесін (оның бөлігін) бір немесе бірнеше қатысушыларға сатуға құқылы.

Үлесті сату тәртібі:

  1. Серіктестіктің атқарушы органына қатысушы үлесін сату ниеті туралы хабарлама жіберу керек. ЖШС-ның атқарушы органы дирекция, басқарма (алқалы атқарушы орган) немесе директор, серіктестіктің басқарушысы (жеке-дара атқарушы орган) болуы мүмкін.
  2. Атқарушы орган жеті күннің ішінде ЖШС-ның басқа қатысушыларына үлесті сатып алу ұсынысы туралы хабарлайды.
  3. Серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушылары үлесті немесе оның бөлігін сатып алатыны туралы хабарлайды. Бұны атқарушы органнан хабарлама алғаннан бастап жеті күннің ішінде жасау керек. 

Егер бір қатысушы үлестің тек жартысын сатып алғысы келсе, басқа қатысушыға тек қалған жартысын немесе одан аз бөлігін сатып алуға болады. Бастысы, үлесті сатып алу туралы келіп түскен ұсыныстардың жалпы шамасы оның сатылатын мөлшерінен артық болмауы қажет. 

Қатысушылардың ешқайсысы үлесті сатып алғысы келмесе, оны ЖШС-ның өзі сатып алуға құқылы.

ЖШС-ның қатысушысы жарғылық капиталға салымның төленіп қойылған бөлігін ғана сата алады. Мысалы, қатысушысының жарғылық капиталдағы үлесі 50% болса, ал сату туралы шешім қабылдаған кезде тек 25%-ын төлесе, онда тек 25% үлесін ғана сата алады.

Одан кейін серіктестіктің мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесті немесе оның бөлігін иеліктен шығару шарты жасалып, нотариалды куәландыранады.  

Үлесті үшінші тұлғаға сату

ЖШС-ның қатысушылары үлестің тек бөлігін сатып алуы немесе мүлдем сатып алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда қатысушы өз үлесін немесе үлесінің сатылмаған бөлігін үшінші тұлғаларға сата алады. Сатылымға қойылатын бағасы хабарламада жазылған бағадан төмен болмауы керек. Әйтпесе сатып алу-сату шарты жарамсыз деп саналады. 

ЖШС-ның құрылтай құжаттарында үлесті үшінші тұлғаға сатуға тыйым салынуы немесе шектеу қойылуы мүмкін. Тыйым салынған жағдайда үлесті тек серіктестіктің қатысушыларына сатуға болады. Шектеулер қойылған болса, құрылтай құжаттарында қандай тұлағаларға және қандай тәртіппен сатуға болатыны туралы жазылуы керек.

Үлесті немесе оның бөлігін серіктестіктің басқа қатысушыларына сату ниеті туралы хабарлама

ЖШС-дан шығып жатқан қатысушы атқарушы органға жіберетін хатты хабарлама деп атаймыз. Бұл құжатта көрсетілетін ақпарат:

  • алушының есімі (алқалы атқарушы орган немесе алушының лауазымы);
  • ЖШС-ның мекенжайы;
  • ЖШС-ның телефон нөмірі;
  • жіберуші қажет деп санаған басқа да ақпарат.
     

Мысалы:

ЖШС «Алтын қанат» директорына

А. Д. Асхатовқа 

Самұрық к-сі, 8 үй,

Алматы қ., 554433

тел. +71234568

Хабарламада қатысушы өз деректерін де жазады, үлесін немесе оның бөлігін сату ниеті туралы ескертіп, шамамен ойластырған бағасын теңгеде көресетеді. Бағасы туралы ЖШС-ның басқа қатысушыларымен жалпы жиналыста алдын ала келісіп алады.

Хабарламаны қолхатпен жіберу керек. Алушыға тапсырғанда хаттың бірінші парағының бет жағының төменгі оң жақ бұрышында хабарламаны алды деген белгі қойылады. Белгі кіріс құжатының реттік нөмірі мен оны қабылдаған күннен тұрады. 

Хабарламаны салым тізімдемесі бар тапсырыс хатпен жіберуге болады. Поштаның операторы хабарламаны жөнелтуге алғаны туралы түбіртек пен салым тізімдемесі жіберушіге беріледі. Хабарлама алушыға тапсырылғаны туралы жіберушіге қолхат рәсімделеді.  

Үшінші тұлғаға үлесті немесе оның бөлігін сатып алу-сату шарты

Бұл шартқа өз үлесін сатып жатқан  ЖШС қатысушысы мен сатып алатын үшінші тұлға отырады. 

Сатушы немесе сатып алушы жеке тұлға болса, сатып алу-сату шарты нотариалды рәсімделеді. Сатушы немесе сатып алушы заңды тұлға болса, шартқа өкілетті тұлғалар қол қояды. Өкілетті орган үлесті сатып алу немесе сату туралы шешімді қол қоймас бұрын қабылдауы керек. 

Жарғылық капиталды азайту арқылы ЖШС құрамынан шығу 

Қатысушыларының біреуі ЖШС-дан жарғылық капиталдың мөлшерін азайту арқылы шықса, қалған қатысушылардың үлестері сәйкесінше өзгереді

Бұл нұсқа ЖШС-да бірнеше қатысушы болса ғана жарайды.  

Серіктестіктің қатысушыларының барлығы салымдарын жарғылық капиталдың толық мөлшеріне дейін енгізсе ғана жарғылық капиталды азайту мүмкін.  

Жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдау

Серіктестіктің барлық қатысушылары жалпы жиналыс ұйымдастырады. Бұл жиналыста олар жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдап, ЖШС құрамынан шығып жатқан қатысушы үлесінің бағасын анықтайды. 

Шешім қабылданған күннен бастап екі айдың ішінде ЖШС өз кредиторларына жарғылық капиталдың азайғаны туралы хабарлайды. Хабарламаны жазбаша немесе «Заң газеті» секілді ресми басылымда жариялауға болады. 

Жарғылық капиталдың азайтылуын тіркеу

Жарғылық капиталдың азайтылуын ЖШС-ны тіркеген орган тіркейді.

Тіркеу шарттары:

  • кредиторларға хабарлағаннан немесе хабарландыруды жариялағаннан кейін бір ай өтті;
  • ЖШС кредиторлардың барлық талаптарын орындағаны туралы дәлелдеме ұсынды немесе кредиторлардың жарғылық капиталдың азайтылуын тіркеуге қарсы еместігі туралы хабарлады. 

ЖШС-ны қайта тіркеу туралы өтініш

ЖШС қайта тіркеу туралы өтінішті «“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ға береді. Өтінішті ЖШС-ның қатысушылары жалпы жиналыста жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдағаннан кейін алты айдың ішінде беру керек. 

Әйтпесе жарғылық капиталды азайту жүзеге асырылмады деп есептеледі. Бұл жағдайда қатысушылардың жаңа жалпы жиналысын ұйымдастырып, барлығын қайта бастау қажет болады. 

Бір қатысушыдан тұратын ЖШС

Серіктестіктің жалғыз қатысушысы үлесін басқа тұлғаға тапсырып ЖШС-дан шыға алады. ЖШС-ның жалғыз қатысушысы үлесін бірнеше тұлғаларға тапсырса, үлестің кімге қандай бөлігін тапсыратынын өз еркімен белгілейді.  
 

 

ЖШС-ның әрбір қатысушысы серіктестік мүлкінің үлесіне ие. ЖШС құрамынан шығу үшін қатысушы өз үлесін басқа қатысушыларға немесе үшінші тұлғаларға тапсыруы қажет. Үлесті тапсырудың бірнеше жолы бар. Қай жолдың қолайлы екенін құрылтай құжаттары мен ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысы анықтайды.