Әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына қосылу

Әлеуметтік бизнес ашып, мемлекеттен қолдау алу

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Әйгерім Жаналинова

Әйгерім Жаналинова

Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының вице-президенті

Әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына қосылу

Қоғам мәселелерін шешумен немесе оның салдарын азайтумен айналысатын бизнес түрі әлеуметтік кәсіпкерлік деп аталады. Оның табысы кәсіпті көтеруге және халықтың әлеуметтік осал топтарының күнкөріс сапасын жақсартуға жаратылады. Әлеуметтік кәсіпкер болу үшін не істеу керек, оған қызметкерлерді қалай іздеу керек және ондай бизнестен не күтуге болады екені туралы осы мақалада айтып береміз.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің мәні

Әлеуметтік кәсіпкерлік (ӘК) — бұл тек табыс табу үшін ғана емес, қоғамның немесе экологияның белгілі бір мәселелерін шешу үшін бизнеспен айналысу амалы.

ӘК көптеген бағыттарды қамтиды, мысалы, мүмкіндіктері шектелген адамдарды жұмысқа тұрғызу, қоршаған ортаны қорғау, инклюзивті білім беру, т.б.

Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асады. 2023 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстанда 166 әлеуметтік кәсіпкер тіркелді.

ӘК-ның әдеттегі бизнес пен қайырымдылықтан айырмашылығы

Әдеттегі бизнестің басты мақсаты — ақша табу. Ал әлеуметтік жоба қоғамға пайда әкелуді мақсат етіп, тапқан табысын бизнесті дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсайды.

Мысалы, сіз әлеуметтік кәсіпкер болып істеп, мүгедек адамдарды жұмысқа тұрғызып жүрсіз дейік. Жұмысқа тәжірибесіз жұмыскерді ала отыра, сіз оған жұмысты үйретуге уақыт кетіріп, энергияңызды жұмсайтын боласыз, оған бейімделуге уақыт бересіз, жұмыс барысындағы қателерін кешіресіз, оған жалақы төлеп, оның ерекшеліктеріне түсіністікпен қарайтын боласыз. Ал әдеттегі бизнес жүргізгенде сіз компанияңыздың жылдам өсіп-өркендеуіне және ақшалай табысына жеткізетін тәжірибесі және кәсіби дағдылары бар жұмыскерлерді алатын боласыз.

Бірақ әлеуметтік кәсіпкерлікті қайырымдылықпен шатастыруға болмайды: қайырымдылық жобалары демеушілердің көмегі мен қайырымдылықтың арқасында жұмыс істеп, өздерін-өздері ақтай алмай, сырттан келген көмексіз жабылып қалуы мүмкін. Ал әлеуметтік кәсіпкер өзі тұрақты табыс тауып, ісін дамыта алады.

Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы

Бұл әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытумен және оған қолдау көрсетумен айналысатын әлеуметтік кәсіпкерлер бірлестігі. Қауымдастық жаңа кәсіпкерлерге білім-кеңес береді, өткелі отырған маңызды іс-шаралар мен грант бағдарламалары туралы хабарлап отырады, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда ӘК-лердің мүдделерін білдіреді.

Қауымдастықтың әлеуметтік желілерінде әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі жаңалықтар оқып, гранттар жөнінде, әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне өтініш беру мерзімдері және бизнес идеялары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға болады.

Сондай-ақ, Қауымдастық Әлеуметтік кәсіпкердің кодексін, яғни әлеуметтік кәсіпкерлердің этикалы мінез-құлық нормалары мен ережелері жинағын құрастырды. Ол ӘК қатарына кіргісі келетіндерге арналған Ар-намыс кодексінің бір түрі. Кодекстің қағидалары бизнесте және жұмыскерлермен орнатылатын қарым-қатынаста адал болу, парасатты болу деген сияқты қасиеттерді насихаттайды.

Әлеуметтік кәсіпкер болу

Жеке кәсіпкерлік те, ЖШС да, қоғамдық бірлестіктер мен фондтар да әлеуметтік кәсіпкер бола алады. Ол үшін ӘК-ның төрт категориясының бірін таңдап, бір жыл әлеуметтік жоба ретінде жұмыс істеп, тапқан табыс мөлшерін көрсетіп, әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне кіруге арналған құжаттарды жинау қажет.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің барлық категориялары да халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейді (ХӘОТ):

  • зейнеткерлер мен зейнет жасына жетіп қалған адамдар,
  • тұрғылықты жері жоқ адамдар,
  • нашақорлықтан емделіп шыққан адамдар,
  • мүгедек балалардың ата-аналары мен асыраушылары,
  • 29 жасқа жетпеген балалар үйлерінің түлектері,
  • тұтқыннан босатылғандар,
  • мүгедектер,
  • жалғыз басты аналар, көп балалы аналар және тұрмыс жағдайы төмен әйелдер,
  • қандастар.

ӘК категориялары

Әлеуметтік кәсіпкер болу үшін мына шарттардың бірін орындау қажет:

  1. жұмысқа ХӘОТ-дан жұмыскер алу. Ондай жұмыскерлердің үлесі жұмыскерлердің жалпы үлесінің 50% құрауға тиіс, ал еңбекақы қоры табыстың 25%-нан тұруға тиіс.
  2. ХӘОТ жасап шығарған тауарлар мен қызметтерді сату. Ондай сауданың табысы жалпы табыстың 50%-нан кем болмауға тиіс.
  3. ХӘОТ-ға арналған тауар шығару, жұмыс істеу немесе қызмет көрсету, мысалы, медицина қызметтерін көрсету, протез жасау, демалыс және денсаулық шараларын ұйымдастыру, т.б. Ондай қызметтің табысы жалпы табыстың 50%-нан кем болмауға тиіс.
  4. қоғамдық пайдалы бағыттарда жұмыс істеу, мысалы, әлеуметтік жұмыскерлер мен волонтерлерді оқыту, ХӘОТ-на жататын қарттарға көмек көрсету, мектептерде бала суициді немесе ЖҚТБ/АҚТҚ тақырыптарында білім беру лекцияларын өткізу, т.б.

ӘК тізілімі

Әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау, жеңілдіктер мен преференциялар алу үшін тізілімге кіру қажет. Тізілім дегеніміз жұмыс істеп жатқан ӘК-лердің электронды деректер базасы, мемлекет оның көмегімен әлеуметтік ұйымдарды есепке алып отырады.

Тізілімге кіру

Тізілімге кіру үшін ӘК-ның төрт категориясының біреуін таңдап, құжаттар пакетін жинаңыз да, әкімдіктердегі Кәсіпкерлік басқармаларына өтініш беріңіз.

Қажет құжаттар

Бірінші категория:

  1. штат кестесінің көшірмесі;
  2. ХӘОТ-ға жататын жұмыскерлермен жасалған еңбек шарттарының көшірмелері;
  3. жұмыскердің ХӘОТ-ға жататынын растайтын құжаттардың көшірмелері;
  4. жұмыскерлердің саны мен жалақылары туралы мәліметтер;
  5. ХӘОТ-ға жататын жұмыскерлердің дербес деректерін өңдеуге берген келісімдерінің көшірмелері (деректер жергілікті атқарушы органдарға кәсіпкерді тізілімге енгізу үшін қажет екенін қосып жазу керек).

Екінші категория:

  1. ХӘОТ жасаған тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) саудасы туралы мәліметтер;
  2. саудадан түскен табыстың үлесі туралы анықтама.

Үшінші категория:

  1. ХӘОТ-ның шығарған тауары, жасалған жұмысы немесе көрсетілген қызметі туралы мәліметтер;
  2. кәсіптен түскен табыс үлесі туралы анықтама.

Төртінші категория:

  1. қоғамдық пайдалы қызмет туралы мәліметтер;
  2. кәсіптен түскен табыс үлесі туралы анықтама.

Құжаттар туралы толығырақ ақпарат алу үшін аймақтық қабылдау комиссиясына хабарласыңыз.

Егер өтінішті бейкоммерция ұйымы бергісі келсе, онда оның Жарғысына коммерция қызметін атқаратыны туралы мәлімет енгізіп, ондай қызметпен бір жыл айналысып, оның барлығын құжат арқылы растау қажет.

Өтініш беру тәртібі

Өтініш беру үшін бизнесіңіз тіркелу күнінен бастап кемінде бір жыл жұмыс істеуі керек. Өтініш пен құжаттар ЖК немесе ЖШС тіркелген елді-мекендегі Кәсіпкерлік басқармасына тапсырылады. Оны онлайн немесе офлайн беруге болады.

Өтініштер тоқсанына бір рет, яғни 1 наурыздан 15 наурызға дейін, 1 маусымнан 15 маусымға дейін, 1 қыркүйектен 15 қыркүйекке дейін және 1 желтоқсаннан 15 желтоқсанға дейінгі мерзімдерде қабылданады. Өтініш қабылдау мерзімдері әр аймақта бөлек белгіленеді. Оларды gov.kz сайтында, БАҚ-та және аймақтық Кәсіпкерлік басқармаларында қарап отыруға болады.

Содан кейін өтінішті жұмыспен қамту орталықтарының, салық департаменттерінің, әкімдіктердің жұмыскерлерінен, әлеуметтік кәсіпкерлерден және қоғам қайраткерлерінен тұратын комиссия қарастырып, әр үміткермен сұхбат өткізіп, грант беру туралы шешім қабылдайды.

Өтініш қабылданбаған жағдайда оны келесі тоқсанда қайта беріп көруге болады.

Комиссиямен сұхбаттасу

Комиссияның оң шешімін алу үшін өз жобаңызды жақсылап дайындап, әлеуметтік кәсіпкерлік сізге не үшін керек екенін, қандай салаға кірейін деп жатқаныңызды және ниетіңіз қаншалықты мықты екенін өзіңіз үшін түсініп алуыңыз қажет. Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін жыл сайын ақтап отыру керек. Сондай-ақ, комиссия сізге тексеріспен келе алатынына да дайын болуыңыз керек.

ХӘОТ-ға жататын жұмыскерлерді іздеу

Бірінші тәсіл — жұмыспен қамту орталықтары арқылы іздеу. Оларда жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, зейнет жасындағы адамдарға арналған «Күміс жас» бағдарламасы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жұмыс орындары сияқты бағдарламалар бар.

Орталыққа өтініш берерде сіз мүгедек адамдарды жұмысқа алуға дайын екеніңіз туралы жаза аласыз. Бірақ сіз ондай адамдарда жұмыс тәжірибесінің жоқтығына және олардың диагноздарының ерекшеліктеріне дайын болуыңыз қажет.

Сондай-ақ, үміткерлерді мессенджерлер арқылы да іздеуге болады, мысалы, есту қабілеті нашар адамдарда WhatsApp-та өздерінің чаттары бар. Сол чаттарға жұмыскер іздейтініңіз туралы хабарлама берсеңіз, олар оны бір-біріне таратып, сізді өздері тауып алады.

Ондай жұмыскерлерді жұмысқа алғанда ОЖБ (Оңалту жеке бағдарламасы) анықтамасын, яғни жұмыс істеуге рұқсат етілгені туралы анықтамаларын сұрау керек. Онсыз мүгедек адамды жұмысқа алуға болмайды.

Әлеуметтік кәсіпкерлерді көбінесе ондай адамдар өздері іздейді, себебі олар жұмыс шарттары жақсы әрі тұрақты жұмыс орнында істегісі келеді. Бұл жерде жұмыс берушіге қойылатын басты талаптар — олардың құқықтарын бұзбау, жұмыс кестесінен тыс жұмыс істеткізбеу және психоэмоционалды күйлерін ескеріп отыру.

ӘК-ні қолдау шаралары

Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң жақында ғана күшіне енгендіктен, мемлекет ұсынған қолдау шаралары толығынан жұмыс істемейді. Қазіргі таңда мынадай көмек алуға болады:

  1. «Даму» қоры ұсынған жеңілдетілген кредиттеу:
    • 1,5 млрд теңгеге дейін — инвестициялау мақсатына,
    • 500 млн теңгеге дейін — айналым қаражатын толықтыру мақсатына.
  2. Мөлшері 5 млн теңгеге дейінгі «Бастау Бизнес» мемлекеттік гранттары.
  3. Қаржысыз қолдау — ақпаратты көмек, кәсіби қарым-қатынас орнату, оқыту, т.б.
  4. Аймақтық Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар беретін жалдау ақысы төмен жұмыс бөлмелері мен кеңселері.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің тәуекелдері

Әлеуметтік кәсіпкерлікте біршама тәуекел бар, олардың кейбіреулері бұл сегмент үшін де ерекше. Негізгі тәуекелдерге шола кетейік:

  • Жеткіліксіз қаржыландыру. Көптеген әлеуметтік кәсіпорындар гранттардың, қайырымдылық көмек пен инвестициялардың арқасында жұмыс істейді. Егер қаржыландыру көзі сарқылса, онда жұмысты ары қарай жалғастыру мүмкін болмай қалады. Сондықтан да, компания өзін-өзі қамтамасыз ете білу керек.
  • Кәсіпкерде бизнес құзіреттерінің аз болуы. Кейбір әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік бастама жағынан жақсы дағдыланған болса да, бизнесті басқаруға икемі шамалы болуы мүмкін.
  • Жұмыстағы адамдарға байланып отыру. Кейбір жаңа бастаған әлеуметтік кәсіпкерліктердің жұмысы бір немесе бірнеше адамның арқасында жүреді. Егер ондай адамдар компаниядан кетіп қалса, жұмыс жағдайы қиындап қалуы мүмкін.
  • Қоғамды қатыстыру мәселелері. Әлеуметтік бастаманың мән-мағынасын жергілікті қоғамға қате түсіндіргенде, немесе оларды аз қатыстырғанда, әлеуметтік бастама нәтиже бермей қалады, немесе қоғам ол бастамадан тіпті бас тартуы мүмкін.
  • Басты тәуекел — кәсіпкердің өзінің шаршап кетуі. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу үшін көп уақыт пен энергия қажет, сол себепті, егер ұйым басшысы өзі шаршап, энергиясы таусылса, онда оған ешқандай жеңілдіктер де, гранттар да көмектесе алмайды.

Әлеуметтік кәсіпкерлер бұл тәуекелдерді ескеріп отыру қажет, мұндай кәсіпке саналы көзқараспен келіп, үнемі бейімделіп отыруға және ауыр шешімдер қабылдауға дайын болу керек.

Бұдан көп табыс күтудің де керегі жоқ, себебі ӘК — альтруистік жұмыс түрі. Бұл жерде, керісінше, ақша табу тәсілін іздеу қажет, себебі ол да өте бір күрделі мәселе. Көптеген әлеуметтік кәсіпкерлер бұл кәсіпке бизнестің қыр-сырын білмей, тек өз ауыртпалықтарынан босатылу үшін келеді. Мысалы, ерекше баланың анасы басқа балаларға көмектесу үшін оңалту орталығын ашқысы келеді. Орталықтың қызметтері басқаларға қол жетерлі болсын деп, ол тәуекелдерді ескермей, бағаларын төмен қояды да, шығынға батып кетеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу үшін жалғыз адал ниет болғаны жеткіліксіз, мұнда қаржы жағынан да сауатты болу керек.

Жаңа бастаған әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған кеңестер

Ең алдымен, сіз әлеуметтік жобамен не үшін айналысқыңыз келетінін өзіңіз үшін анықтап алыңыз. Бизнестің идеясын ойластырыңыз, ол сізге табыс әкеле отырып, қоғамға да пайдалы болуға тиіс. Өңірдегі немесе елдегі қандай әлеуметтік мәселені шешуге күшіңіз жететіні туралы ойланып, өзіңізге ең жағымды амалын таңдаңыз.

Бизнес-жоспарды өзіңіз құрастырыңыз. «Мейірімді» жобаға да бизнес-жоспардың әр тармағын жақсылап тұрып ойланып құрастыру қажет, болмаса шығынға жылдам батып кететін боласыз.

Бастапқы қаржыландыру мен форс-мажор жағдайына қаражат қорын дайындап қойыңыз. Бизнес сізге зиян тигізбеу керек.

Әлеуметтік кәсіпкерлік — бұл мүмкіндіктері шектелген адамдарды қатыстыратын, оларды жұмысқа тұрғызатын және оларға қызмет көрсететін орасан зор жұмыс бағыты. Сондықтан да, онымен жеңілдік, грант немесе жұмысқа арналған бөлме алу үшін айналысқан дұрыс емес. Бұл жұмыс — арнайы бір мақсат пен миссияның бір түрі екенін түсініп барып қана кірісу керек.