Бизнес туралы мақалалар

Бизнесті дамытуға 5 млн теңге ұтып алу

Грант ұтып алу үшін арнайы мәртебеге ие болып, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін үйрету курстарын аяқтап, жобаңызды комиссия алдында қорғау керек

Бизнесті дамытуға 5 млн теңге ұтып алу
Валида Самущенко

Валида Самущенко

7SEVEN компаниясының басшысы және негізін қалаушы

Мақаланың мазмұны

2024 жылдан бастап бизнесті ашуға және дамытуға 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар тек әлеуметтік кәсіпкерлерге және «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистеріне ғана беріледі. Грант алушыларға қандай талаптар қойылатынын және қандай құжаттарды жинау керек екенін осы мақалада айтып береміз.

Жоба мен қатысушылар туралы

Бұрын қолданыста болған 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба күшін жойды. Оның аясында бизнестің әр саласындағы жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейін грант алған. Тәжірибе көрсеткендей, барлығы іріктеуден өте алмайды, өтініш берушілер байқауға дайындалуға өз ақшаларын жұмсағандықтан, олардың арасында наразылық пайда болды. Бағдарлама өзінің тиімсіздігін көрсетті.

Мемлекетте жаңартылған ережелермен кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасы қабылданды. Олар бойынша өтеусіз грантқа өтінімді енді «әлеуметтік кәсіпкерлік» мәртебесі бар ЖК мен ЖШС және  «Бір ауыл — бір өнім»  жобасының финалистері бере алады. Бұл санаттардағы кәсіпкерлердің ақша ұтып алу мүмкіндігі жоғарырақ.

Грант беру шарттары

Грант шикізат пен материал сатып алуға, құрал-жабдық жөндеуге және жаңадан сатып алуға беріледі, технологияларға, франшизаларға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына үміткер мына шарттарды орындауға міндетті:

  1. өз қаражатыңыздан кем дегенде 20% қосу;
  2. бөлінген бюджетті мақсатына сай шоттан шотқа аудару арқылы жұмсау;
  3. жаңа жұмыс орындарын ашу.

Осылайша, мемлекет ауылдардағы кәсіпкерлер мен жұмыс орындарының санын арттыруға үміттенеді.

Бірақ егер сіз қаражатты кредиттерді төлеуге, үй салуға немесе үй сатып алуға, жер учаскесін сатып алуға, жалақы төлеуге, жалдау ақысын төлеуге және акцизделетін өніммен байланысты бизнеске жұмсағыңыз келсе, онда өтінішіңіз қабылданбай қалып, грант та берілмейтін болады. Мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылар тізімінде тұрған, несие бойынша берешегі және төленбеген салықтары бар, мемлекеттік грантқа бұрын ие болған кәсіпкерлерден өтініштер қабылданбайды.

Бизнес-жобаны іске асыруға грант берілген сәттен бастап 18 айға дейін беріледі.

Қатысушылар тапсыратын құжат тізімі

  • Мерзімі 3 жылдан аспаған әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін немесе «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасына қатысуын растайтын құжат.
  • Мерзімі 3 жылдан аспаған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлерді даярлау курстарын аяқтау туралы сертификат.
  • Жеке кәсіпкерліктің есеп шотынан алынған банк көшірмесі. Шарт бойынша сіз жобаға өз ақшаңызды да қосуыңыз қажет. Яғни, шотыңызда грант мөлшерінің 20%-нан артық ақша болуға тиіс. Мысалы, егер сіз мемлекеттен 4 млн теңге мөлшерінде грант алатын болсаңыз, онда шотыңызда кемінде 800 мың теңге жатуға тиіс. Сөйтіп, жалпы алғанда, сіз 4,8 млн теңге жұмсайтын боласыз.
  • Enbek.kz еңбек биржасында тіркелген қызметкерлердің нақты саны туралы анықтама. Бұл анықтамаға компания басшысының қолын қойып, мөр басу қажет.
  • Бизнес-жоспар — бұл сіздің бизнесіңізді дамытуға, сондай-ақ, бөлінген ақшаны жұмсауға байланысты жоспарларыңыз бен болжамдарыңызды қамтитын құжат.
  • Шығындардың есебі мен болжамы: ол сатып алынатын заттардың тізімі, бағалары және сатып алу мерзімдері. Құжатты Excel кестесінде жасаған ыңғайлы болады.

Оқу сертификатын алу

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлерді даярлау курстарын аяқтау туралы сертификат — грант алуға үміткерлердің барлығы үшін міндетті шарт. Оқу Skills Enbek платформасында тегін өтеді.

  1. Business.enbek.kz порталына электронды пошта, мобильді телефон немесе ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.
  2. Жеке кабинеттегі «Мәртебені тексеру» бөлімінде бағдарлама шарттарынан өту ықтималдығыңызды анықтаңыз. Бұл жерде сіз қызметіңіздің категориясын таңдауыңыз қажет. Содан кейін сіздің жеке кабинетіңіз бен телефоныңызға бір сағат ішінде хабарлама келеді.
  3. Хабарламаны алғаннан кейін 2 жұмыс күнінен асырмай оқуға жазылыңыз, себебі, үлгермесеңіз, тексерістен қайта өтуге тура келеді. Курс 12 модульден тұрады. Әр модульдің соңында тест тапсырып, сұрақтардың кемінде 70%-на дұрыс жауап беру керек.
  4. Оқу соңында 12 модульдің біреуіне де ұқсамайтын ең соңғы тестілеу өтеді. Әр қатысушыға тестіден өтуге 3 мүмкіндік беріледі. Оны тапсыра алмай қалсаңыз, курсты келесі жылы қайта өте алатын боласыз. Ал егер уақытты босқа кетіріп алғыңыз келмесе, онда курста өткеннің барлығын мұқият оқып, тестілеуге жауапты дайындалғаныңыз жөн болады.

Өтінім беруге дайындық

Аймақтардың өтінім беру кестелері өтініш беру мерзімінің басталуына 5-7 күн қалған кезде еш ескертусіз жарияланады, сол себепті, оны өзіңіз тексеріп отыруыңыз қажет. Егер сіздің облысыңыз кестеден табылмаса, онда өтініш қабылдау мерзімі әлі белгісіз деген сөз.

Өтінішті уақытында беріп үлгеру үшін мына үш құжатты алдын-ала дайындап қойыңыз:

  1. Жобаның бизнес-жоспары;
  2. Қаржы есебі және шығындардың болжамы;
  3. «Бастау Бизнес» оқуын аяқтау туралы сертификат.

Қызметкерлер саны туралы анықтаманы дайындауға немесе ЭҚЖЖ-ны өзгертуге екі-үш күн де жетеді, ал бизнес-жоспар жазу біраз уақыт алады: оны ойланып, зейін қойып құрастыру керек. Бизнес-жоспардың үлгісін «Атамекен» ҰКП-дан сұрап алуға болады.

Грантқа алуға өтініш беру

Kezekte.kz сайтына тіркеліңіз

Ол үшін «Жеке кабинет» батырмасын басып, пайдаланушылар түрлерінің арасынан «Жеке кәсіпкер» немесе «Заңды тұлға» жолдарын таңдаңыз. Содан кейін, пайдаланушы келісіміне ЭЦҚ-мен қол қойыңыз. Мобильді нөміріңіз бен электронды поштаңызды енгізіп, поштаға жіберілген кодты растаңыз да, жеке кабинетке кіруге арналған құпиясөз ойлап табыңыз. Соңында «Тіркелу» батырмасын басыңыз. Болды!

Пайдаланушы келісіміне қол қойыңыз

Келісім сол жақтағы мәзірдегі «Гранттар» бөлімінде орналасады.

  1. «SMS жіберу» батырмасын бассаңыз, сіздің Мобильді азаматтар базасында тіркелген нөміріңізге SMS арқылы дербес деректеріңізді пайдалану құқығын бөлісу туралы ақпарат жіберіледі. Ол хабарламаға телефоныңыздан «511» санын жіберіңіз де, kezekte.kz сайтында «Ары қарай» батырмасын басыңыз.
  2. Пайдаланушының деректерін өзгертіп, «”Жеке тұлғалар” мемлекеттік деректер қорымен синхрондау» батырмасын басыңыз, содан кейін оның алдындағы бетке қайтып келіп, «Жаңарту» батырмасын басыңыз. Ақпарат автоматты түрде жаңартылатын болады.
  3. «Банк реквизиттерін өзгерту» батырмасын басыңыз да, жеке кәсіпкерлігіңіздің есеп шотының мәліметтерін толтырыңыз, енгізілген деректерді сақтаңыз және оның алдындағы бетке кері қайтыңыз. «Таңдау» → «Табу» батырмаларын кезекпен басып, өз банкіңізді таңдаңыз да, «Ары қарай» батырмасын басыңыз.
  4. Келісімді оқығаныңызды растау үшін құсбелгі қойыңыз, содан кейін келісімге ЭЦҚ-мен қол қойыңыз.

Бизнес-жоспар үлгісін жасаңыз

«Бизнес-идеяларға арналған гранттар» → «Өтілшілер тілі» → «Жоба қалыптастыру» бөлімдеріне өтіңіз. Барлық өрістерді мұқият толтырып, дамыту стратегиясын, шығындарыңызды, болжалды экономикалық ықпалды, тәуекелдерді алдын-ала ойластырыңыз. Соңында енгізілген деректерді тексеріп, жобаңызды өтініш берген кезде пайдалану үшін сақтап қойыңыз. Грант ұтып алудың ықтималдығы да, бөлінген бюджетті жұмсау шарттары да бизнес-жоспарыңызға байланысты болады.

Өтінім беріңіз

«Бизнес-идеяларға арналған гранттар» → «Өтініштер» → «Өтініш беру» бөлімдеріне өтіңіз. Мәліметтерді бизнес-жоспардағыдай толтырып, ЖК есеп шотының банк реквизиттерін енгізіңіз де, алдын-ала сақтап қойған бизнес-жоспарыңызды қосып, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қойыңыз. Өтінішіңіздің күйін «Өтілшілер тілі» бөлімінде тексеруге болады.

Жобаңызды қорғап шығыңыз

Өтініштен кейін жобаны комиссия алдында қорғау күні, уақыты және орны жазылған хабарлама алатын боласыз. Жобаны қорғау үшін комиссияға өзіңіз барып қайтуыңыз қажет. Қорғау алдында жоба туралы презентация дайындап, оның электронды нұсқасы мен қағазға басылған бірнеше көшірмесін алып барыңыз. Қағаз нұсқа түрлі күтпеген тосын жағдайларда керек болып қалуы мүмкін.

Жобаны қорғауға 5–7 минут беріледі. Айтанын мәтініңізді алдын-ала дайындап, жоспарларыңыз бен үміттеріңізді нық айтып беріңіз. Комиссия өз шешімін сіздің өзіңізді қалай көрсеткеніңізге қарап қабылдайды.

Грант ұтқан жағдайда «Атамекен» ҰКП сізбен үш күн ішінде келісімшарт жасасып, келесі үш күн ішінде ЖК-ңыздың немесе ЖШС-ңыздың есеп шотына қаражат аударады.

Грант ұтып алу ықтималдығын арттыру

Гранттар әлеуметтік бағыттылық, бәсекеге қабілеттілік және жобаның іске асыруға дайындығы дәрежесіне қарай іріктеледі. Мемлекет ауыл тұрғындары мен халықтың әлеуметтік осал топтарына табыс табуға мүмкіндік беретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларды қолдауға дайын.

Мысалы, «Бір ауыл — бір өнім» жобасының финалистерінің бірі бұрын өртеп тастайтын қой мен түйе жүнін қайта өңдеуді қолға алған Маңғыстау облысының тұрғындары болды. Бұл киімдер, ойыншықтар, тұрмыс заттары сияқты қолдан жасалған бұйымдар шығарылатын 100% жергілікті шикізат.

Ақшаның мақсатқа сай жұмсалғанын тексеру

Алғашқы тексеру орта есеппен үш ай өткеннен кейін өтеді. Комиссия мына үш шарттың дұрыс орындалуын тексереді: шығындардың белгіленген мақсатқа сәйкестігі, қызметкер штанының өсуі және салық декларациялары.

Мысалы, сіз қаржы болжамдарында жобаның орындалу мерзімдерін 2024 жылғы қаңтардан маусымға дейін белгіледіңіз дейік. Егер сіз наурыз айында екі қызметкер аламын деп жазсаңыз, онда наурызда міндетті түрде enbek.kz сайтында екі адамды тіркеу керек. Егер екінші тоқсанның соңына құрал-жабдық сатып алу жоспарлаған болсаңыз, онда аталмыш құрал-жабдық маусым айында жеткізілуге тиіс.

Комиссия ақшаны бизнес-жоспарда жазылған мақсатта жұмсалғанын тексереді. Бұл кезде олар сатып алынған заттарды суретке түсіріп, шығындарды растайтын мына құжаттардың көшірмелерін алып кетеді:

  • сатып алу-сату келісімшарты;
  • төлем шоты;
  • төлем тапсырмасы;
  • электронды шот-фактура;
  • тауарлардың жөнелтпе құжаты немесе орындалған жұмыстар актісі.

Бұл құжаттарды көшірме түрінде тапсырған жөн: олардың түпнұсқаларын ешкімге бермей, өзіңізде сақтаңыз. Сонымен қатар, құжаттарды тапсырар кезде қабылдау-тапсыру актісін дайындап, барлығын сол акті арқылы тапсырғаныңыз дұрыс болады.

Ескеретін жайттар

Бөлінген қаражатты шоттан қолма-қол ақша түрінде шешіп алуға болмайды. Барлық төлемдер тек ЖК немесе ЖШС шотынан басқа шотқа тікелей жіберіліп төленуге тиіс — ол шығындарды растау үшін қажет.

Ақшаны мемлекетке қайтару керек болатын жағдайлар да кейде туындап қалады: мысалы, егер сіз қаражатты уақытында жұмсамасаңыз, немесе сатып алған кезде тауардың бағасы өзгерсе, немесе қажет тауар еш жерде табылмаса, мемлекетке ол туралы жазбаша түрде хабарлап, қалдық ақшамен не істеу керегі туралы ресми жауап алу керек.

Жалпы, ақшаны бизнес-жоспарда жазылмаған кез келген шығындарға жұмсау үшін әкімдіктен алдын-ала келісім алу керек, яғни, алдымен рұқсат алып, содан кейін ғана ақшаны жұмсай беруге болады. Егер әкімдік рұқсат етпесе, ақшаны мемлекеттің транзит шотына қайтару керек. Оның реквизиттері сізге жазбаша түрде жіберілетін болады. Содан кейін қағазға төлем тапсырмасын басып шығарып, қалған құжаттарға қоса сақтап қою қажет. Бұл да қаражаттың басқа мақсаттарға жұмсалмағанын растау үшін керек болады.