ЖШС-ны қайта тіркеу

Қайта тіркеу тәртібі, қажетті құжаттар және мемлекеттік баждың мөлшері

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

ЖШС-ны қайта тіркеу

ЖШС-ны қайта тіркеу — бұл компанияның тиісті органдарда өз туралы ақпаратын жаңартуға мүмкіндік беретін заңды процесс.

ЖШС-ны қайта тіркеу қажет болған жағдайлар

ЖШС-ны келесі жағдайларда қайта тіркеу керек:

  • ЖШС атауы өзгертілетін кезде,
  • жарғылық капиталдың мөлшері азайтылғанда,
  • ЖШС қатысушыларының құрамы өзгергенде (сатып алу-сату, айырбастау немесе мұрагерлікке байланысты).

Жарғылық капитал — бұл заңды тұлға мүлкінің ең төмен мөлшері, оны ұйымның кредиторларға кепілді түрде беретін қаражаты деп айтуға болады. Қазақстанда ЖШС жарғылық капиталының ең төмен мөлшері 100 АЕК құрайды (2024 жылы 369 200 теңге).

ЖШС-ны серіктестіктің филиалдары мен өкілдіктерінің атауы өзгертілетін жағдайда да қайта тіркеу қажет. Өзгертулер құрылтай құжаттарына тіркелмей енгізілсе, жарамсыз деп танылады.

ЖШС атауы өзгертілгенен кейін оның мөрін, бланкілерін, құқық белгілейтін құжаттарын, лицензияларын және маңдайшаларын өзгертуге тура келеді. Сондай-ақ, контрагенттер мен банктерге атау өзгергені туралы хабарлау қажет.

Жарғылық капитал мөлшерінің төмендеуіне байланысты қайта тіркелген кезде кредиторларға қосымша жазбаша хабарлама жіберілуге тиіс. ЖШС құрамына жаңа қатысушы енгізілген жағдайда оның салық берешегінің жоқтығын растайтын анықтама ұсыну қажет.

Кәсіпорынның заңды мекенжайы өзгерген жағдайда ЖШС-ны қайта тіркеу қажет емес, бірақ тіркеуші органды ол туралы бір ай ішінде хабардар ету керек. Әйтпесе, кәсіпкерге айыппұл салынады.

ЖШС-ны қайта тіркеу процесі

ЖШС-ны eGov порталында онлайн түрде қайта тіркеуге болады. Ол үшін заңды тұлғаның ЭЦҚ-мен өтінішке қол қойып, жеке кабинетте («Қызметтер алу тарихы» бөлімінде) өтінішті заңды тұлғаның басшысынан келісім алу қажет.

Қызметті офлайн түрде алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келесі құжаттармен келу қажет:

  1. Нысан бойынша жазылған өтініш.
  2. Қайта тіркеу туралы шешім немесе шешімнен алынған үзінді көшірме, заңды тұлғаның мөрі басылып расталған филиал немесе өкілдік туралы ереже.
  3. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген құрылтай құжаттарының үш данасы.
  4. Ескі құрылтай құжаттарының түпнұсқалары.
  5. Қызмет ақысын төлеу туралы түбіртек.

Қайта тіркеу қызметі төлемінің мөлшері мен мерзімі

Заңды тұлғаларды қайта тіркеу үшін 6,5 АЕК көлемінде (2024 жылы 23 998 теңге) мемлекеттік баж төленеді.

Қызмет өтініш берген күннен бастап бір жұмыс күнінде жүзеге асады.

Қайта тіркелгеннен кейін ЖШС-да келесі құжаттар болуы керек:

  • заңды тұлғаны қайта тіркеу туралы анықтама;
  • жарғы мен құрылтай шартының жаңа редакциясы;
  • құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу туралы шешім;
  • мәмілені растайтын құжат (сату немесе сыйға тарту шарты);
  • салық комитетіне және қызмет көрсетуші банкке жіберілетін тіркеу деректерінің өзгергені туралы хабарлама;
  • ЖШС атауы өзгерген кезде — жаңа мөр.


ЖШС-ны қайта тіркеу процесі қиын емес, бірақ заңмен қарастырылған барлық рәсімдерді қатаң сақтауды талап етеді. Егер кәсіпкердің қолында дайын құжаттар болса, онда компания қайта тіркеу процесін бір-екі күннің ішінде онлайн түрде істей алады.