Халал сертификатын алу

Сертификаттың бағасы, жарамдылық мерзімі және құжаттар тізімі

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Нуридин Қалиев

Нуридин Қалиев

«HALAL Quality Center» ЖШС бас директоры

Халал сертификатын алу

«Халал» белгісі бар өнімдерді мұсылмандарға жеуге болады, өйткені олар өндіру мен союдың арнайы ережелеріне және басқа сапа стандарттарына сәйкес келеді. Олардың құрамында алкоголь, темекі, шошқа еті, қан сияқты шариғат және халал стандарты талаптарына қайшы келетін өнімдер жоқ. Кәсіпкерлерге бұл сертификатты алу міндетті емес, әркім өз еркімен ала алады.

Біз сертификатты қалай алуға болатынын, сертификаттауға қандай өнімдер жататынын, оның қанша тұратынын және бизнеске қандай пайда әкелетінін осы мақалада айтып береміз.

Халал сертификатының қажеттілігі

Халал сертификаты — өнімнің белгіленген талаптарға сай екендігін және мұсылмандар тұтынуға немесе пайдалануға жарамды екенін растайтын құжат. Яғни, ондай өнімді өндіру, сақтау, тасымалдау және сатудың барлық процестері ислам нормаларына сәйкес келеді.

Бизнес халал сертификатын жаңа клиенттерді тарту үшін алады. «Халал» белгісі бар өнімдер тек мұсылмандар арасында ғана емес, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына жоғары талап қоятын тұтынушылар арасында да танымал.

Сертификаттауға жататын өнімдер

Қазақстанда халал сертификаты осы өнімдерге беріледі:

  • ет және жартылай фабрикаттар (сиыр еті, жылқы еті, қой еті, құс еті рұқсат етіледі), сондай-ақ өңделген ет өнімдері (шұжық, шұжықша, консервілер);
  • сүт өнімдері, жұмыртқа;
  • кондитер өнімдері;
  • дәмдеуіштер мен тағам қоспалар;
  • өсімдік майлары;
  • су, сусындар, шырындар, шайлар;
  • дәрілер;
  • косметика және гигиена өнімдері.

Қазақстанда қызметтің әрбір түріне халал саласындағы ұлттық стандарттар бар. Олар сертификаттау органдарына, тамақ өнімдеріне, косметика мен парфюмерияға, тоқыма бұйымдарына, тағамдық қоспаларға, мейрамханаларға, кафелерге және жеткізу тізбегіне (сақтау, тасымалдау және бөлшек сауда) қойылатын талаптарды қамтиды.

Халал өнімдерге қойылатын негізгі талаптар

Ет өнімдеріне халал сертификатын алу үшін малды союға қатысты арнайы талаптарды орындау керек: өткір пышақпен бауыздау арқылы қанын шығарып, дұға оқылуы міндетті. Ет шошқа өнімдерімен жанаспауы керек.

Сусындардың құрамында спирт қоспасы болмауы керек.

Халал сертификатын тек өндірушілер ғана емес, кафе, қонақүй, мейрамхана және басқа да мекемелер ала алады. Олардың үйжайға, тамаққа деген өз талаптары бар. Мұндай мекемелерде сертификаттың болуы компания қызметкерлерінің шариғат заңдарын бұзбай жұмыс істейтіндерін растайды.

Әр қызмет түрі бойынша барлық стандарттарды Қазақстан стандарттау және метрология институтыны Қазстандарттың ресми сайтынан жүктеп алуға болады. Ол үшін веб-сайтта тіркеліп, жеке мәліметтерді енгізу қажет. Резидент кәсіпкерлер үшін стандарттар тегін беріледі, ал бейрезиденттер бір құжат үшін 2 мың теңгеден бастап төлеулері керек.

Қазақстанда халал сертификатын беретін орган

Қазақстанда халал сертификаттарын табыстаумен келесі ұйымдар айналысады: «ҚазСтандарт» республикалық кәсіпорны, Қазақстан Халал индустриясы қауымдастығы (ҚХИҚ), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал Даму» ЖШС, «HALAL сапа орталығы» ЖШС және т.б. Сондай-ақ, кәсіпкер халал сертификатын шетел стандарттары бойынша сертификаттауды ұсынатын ресейлік сертификаттау органдарынан ала алады.

Сертификаттау органдарында халал сертификаттау жұмысын жүргізуге рұқсат болуы керек. Қазақстандық органдарды Ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰАО) аккредиттейді.

Сертификаттау органын таңдау

Кәсіпкер халал сертификаттау органын таңдаған кезде екі шартқа назар аударуы керек:

  1. Жарамды ҰАО аккредиттеу аттестатының болуы.
  2. Халал сертификаттау органының штатында сертификатталған сарапшы-аудиторлардың, діни білім беретін ислам мәселелері бойынша сарапшылардың, сондай-ақ сертификаттау салаларындағы техника сарапшыларының болуы.

Халал сертификатын алу үшін керек құжаттар

Кәсіпкер алдымен таңдаған сертификаттау органдарының біреуіне өтініш беру керек. Содан кейін, кәсіпкерге қажетті құжат пакеті жіберіледі, түрлі сертификаттау органдарында құжат тізімі әр түрлі болады. Қажетті құжаттардың ішінде:

  • компанияны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы құжат;
  • ұйымның құрылым жүйесі, технология процестерінің жүйелері,
  • өнім сипаттамасы, құрамы, рецепті,
  • шикізатқа арналған техникалық шарттар,
  • норматив құжаттар (мемлекеттік стандарттар, нұсқаулықтар, техникалық регламенттер және т.б.),
  • қызметкерлерді оқыту сертификаттары,
  • сапа менеджменті жүйесі бойынша құжаттар,
  • тұтынушылардың наразылық журналдары.

Сертификат алу кезеңдері

  1. Сертификаттау органы өтінішті қабылдаған жағдайда кәсіпкер келісімшарт пен қажетті құжаттар тізімін алып, қызмет ақысын төлейді.
  2. Аудиттің бірінші кезеңі — құжаттарды сараптау басталады.
  3. Егер ескертулер болмаса, онда аудиттің екінші кезеңі — өндіріс жағдайын бағалау жүргізіледі. Стандарттау құжаттары, компанияның технологиялық процестерге сәйкестігі, кіріс және қабылдау бақылау жүйесінің болуы, құрал-жабдыққа қызмет көрсету және оны жөндеу жүйелерінің болуы, шикізат пен материалдардың болуы, сертификатталған өнім сапасының тұрақтылығы, сақтау шарттарының болуы және басқа да мәселелер тексеріледі. Бұл кезеңде өнім үлгілері аккредиттелген зертханада зертхана сынағын өту үшін таңдалып алынады.
  4. Аудит нәтижелері бойынша сертификаттау актісі жасалады. Өндіріс «Халал» стандарттарына сәйкес келмесе, кәсіпкерге анықталған сәйкессіздіктерді жоюға уақыт беріледі.
  5. Аудиттің барлық кезеңдері сәтті өткен жағдайда ішкі аттестаттау комиссиясының мүшелері аттестаттау туралы есептің материалдарын қарастырады да, шешім қабылданады.
  6. Сертификат алғаннан кейін ұйым өнімнің қаптамасына «Халал» ұлттық сәйкестік белгісін қолдануға құқылы болады.

Егер кәсіпорын барлық кезеңдерде халал қағидаттарына сай болса, онда сертификатты екі айдың ішінде ала алады. Алайда сертификат шығару мерзімі бір жылға дейін созылуы мүмкін.

Егер кәсіпкер алты ай ішінде жұмысқа түзетулер енгізіп үлгермесе, сертификаттау органы қарастыру процесін ең басынан бастайды, ал кәсіпкер қайтадан төлем жасайды да, құжаттарды сараптаудан өткізеді.

Өндірісте жылына бір рет инспекция аудиті өтіп отырады.

Халал сертификатының бағасы

Халал сертификатының бағасы кәсіпорынның қызмет түріне, шығарылатын өнім санына, сондай-ақ, сауданың ішкі нарыққа немесе экспортқа бағытталғанына байланысты. Тамақ өнімдерін өндіруге арналған «Халал» сертификатының құны 300 мың теңгеден басталып, 880 мың теңгеге дейін жетеді, фастфуд дүңгіршегі үшін — 100 мың теңге, ал кафе, мейрамханалар үшін — 250 мың теңгеден басталады. Зертханалық зерттеулер, сондай-ақ, іссапарға шығу қажет болған жағдайда жол жүру шығындары бөлек төленеді. Бұл ішкі нарыққа арналған сертификаттардың шамамен алынған бағасы.

Халықаралық халал сертификаттары 2 мың доллар және одан жоғары тұрады. Әр елде өзінің қолданыстағы сертификаттау стандарттары мен халал талаптары бар. Егер кәсіпкер өнімін араб нарықтарына экспорттауды жоспарласа, онда оған GSO стандарттарына сәйкес сертификат қажет болады, егер Малайзияға жоспарласа — MS стандарттарына сәйкес сертификат керек.

Халал сертификатының жарамдылық мерзімі

Халал сертификаты бір жылға беріледі, мерзімі өткеннен кейін кәсіпкер оны қайта рәсімдеуге өтініш бере алады.

Менеджмент жүйесін халал стандартына сәйкестіру туралы сертификат алатын компаниялар үшін сертификаттың жарамдылық мерзімі 36 айды құрайды. Әдетте, оны HACCP, ISO 22000 сәйкестіру сертификаты бар ірі кәсіпорындар алады. Бұл сертификат кәсіпорынның сапасы тұрақты азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатынын және өндіріс ережелері барлық кезеңдерінде сақталатынын білдіреді.

Егер компания келісімшарт шарттарын бұзса, сертификаттау органдары сертификаттың жарамдығын тоқтатады және кемшіліктерді жоюға 30 күн береді. Осы уақыт ішінде компания өз өнімдерін «Халал» белгісімен шығаруға құқысыз болады. Егер өндіруші жағдайын түзетпесе, оның халал сәйкестіру сертификаты күшін жоятын болады.

Егер компания сертификат мерзімін ұзартқысы келсе, ол сертификаттау органын кемінде үш ай бұрын хабардар етуі керек. Сертификаттың қайта рәсімдеу бағасы оның тұңғыш бағасына тең болады.

Жалған таңба алған үшін жауапқа тарту

Кәсіпкер өз өнімдерін сертификаттаудан өткізбегенше, «Халал» белгісін рұқсатсыз жапсыра алмайды. Белгіні рұқсатсыз пайдаланған үшін ол бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жалған жарнама жасағаныңыз үшін келесі айыппұл салынады:

  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК (738 400 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде.

Өнімнің қасиеттері немесе сапасы туралы тұтынушыларды жаңылыстыру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес келесі айыппұл салынады:

  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 20 АЕК (73 840 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК (110 760 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде.

Өндірісті сертификаттау органдары да қадағалайды — халал талаптары бұзылған жағдайда сертификат кері қайтарылады.


Халал сертификаты басқа рұқсат құжаттарының орнын ауыстыра алмайды, бірақ бизнесіңіздің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Халал белгісі тұтынушылардың сенімін арттырады, ел ішінде сатып алушылар санын көбейтуге және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Халал өнімдер өздерінің жоғары сапа стандарттарымен тек мұсылмандарды ғана емес, басқа тұтынушыларды да қызықтырады.