Jusan Oracle және оның бизнеске пайдасы

Бизнестің жылу картасы аудан тұрғындарының жаяу өту жиілігін және сондағы бәсекелестердің орташа чегін көрсетеді

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Бауыржан Әубакір

Бауыржан Әубакір

Data Scince-тың сарапшысы

Jusan Oracle және оның бизнеске пайдасы

Jusan Oracle — бұл кәсіпкерге бизнесті ашу, дамыту және жабу туралы шешім қабылдауға көмектесетін құрал. Шағын және орта бизнес иелері жылу картасын қалай пайдалана алатыны, бизнесте Data Science-тың қандай тәсілдерін қолдануға болатыны және ол үшін қандай маман қажет екені туралы осы мақалада айтып береміз.

Jusan Oracle-дың мәні

Jusan Oracle — бұл бизнеспен айналысып жүргендерге және бизнесті бастағысы келгендерге арналған портал, оның көмегімен кәсіпкерлер өз мүмкіндіктерін бағалауға, бәсекелестермен салыстыруға, түрлі аудандардағы орташа чектер мен клиенттердің санын қарай алады.

Портал алтыбұрыштарға, яғни гексагондарға бөлінген карта түрінде жасалған. Әр гексагон 15 минут ішінде жүріп өтуге болатын жер ауданына тең. Шағын бизнес көбінесе клиенттерге жақын орналасатындықтан, карта да сәйкесінше түстерге боялған: жасыл түсті аймақтарда адам көп жүреді, ал қызыл түстілері — адам жиі жүре бермейтін тұрғын аудандар.

Картадағы қызғылт сары түсті нүктелер — бұл банктердің POS-терминалдарын пайдаланатын бизнестердің орналасқан орындары, ал нүктелердің жиі топталған жерлері — ірі сауда орталықтары мен моллдар орналасқан аймақтар.

Қазіргі күні бұл карта Астана, Алматы және Қарағанды қалалары үшін дайындалған. Келер екі айда оған тағы екі қала мен екі-үш сала қосылуы мүмкін.

Картаны пайдалану жолдары

Jusan Oracle жылу картасында 160 мың ұйым талданған. Оның көмегімен істеуге болатын әрекеттер:

  1. аудандағы орташа чекті тексеру, өз өзіңді бәсекелестермен салыстыру және орналасу жеріне байланысты бағалардың өзгеруін көру;
  2. нақты локацияда орналасқан бизнес объектілерінің санын анықтап, дәл сол жерде бизнес ашу жөнінде шешім қабылдау;
  3. трафик индексін тексеру — сол ауданда қанша адам жаяу жүріп, транзакция жасайтынын анықтау. Трафик пайызбен өлшенеді: егер 70-тен астам болса — өте жақсы, 40–60 болса — орташа, ал 40-тан төмен болса — төмен деген сөз. Индекс алтыбұрыштағы бизнес объектілерінің санына байланысты өлшенеді: ауданда нүктелер неғұрлым көп болса, оларға соғұрлым көп адам баратын болады.

Деректердің дереккөздері

Ақпарат түрлі дереккөздерден жиналады:

  • мемлекеттік дерекқорлар;
  • картография сервистері;
  • клиент деректерін жасырған, жеке мәліметтерден толықтай тазартылған ақшалай транзакциялар;
  • ашық дереккөздерден алынған деректер — Электронды үкімет порталы, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты, т.б.

Jusan-ның дата сайентистері жинақталған деректерді талдап, пайдаланушыларға сайт арқылы оқуға ыңғайлы форматта ұсынады. Карта тоқсанына бір рет жаңартылады. Бірақ, бұл процестің толықтай автоматтандырылғанына қарамастан, мәліметтерді сайтқа орналастырмас бұрын деректерді адам тексеріп шығады.

Data Science-ты бизнесте пайдалану

1. Машина оқытуы

Рентген суреттерінде жаңа пайда болған кариесті анықтау үшін машина оқытуын қолданған тіс емханасының үлгісін қарастырайық. Көптеген рентген суреттерін зерттеу жұмысы дәрігердің көп уақытын алғады. Бұл істі жеделдету үшін емхана машина оқытуы моделін кариесі бар суреттерді іздеуге үйретті. Үйрету нәтижесінде алгоритм қажет суреттерді автоматты түрде 70%-ға дейін дұрыс тауып отырды.

Ол үшін алдымен интерн тіс дәрігері 500-ге жуық суреттерді қарап шығып, олардың арасынан кариес тиген тістерді белгіледі. Дата сайентист сол суреттердің негізінде алгоритмдер жазып дайындады: оның біреуі жеке тістерді іріктей алатын болса, екіншісі кариесті анықтай алатын болды. Осылайша, шамамен 10 мың рентген суреті өңделіп, оның үш жүзіне жуығында науқасты әлі мазалап үлгермей, енді ғана зақымдана бастаған тістер анықталды. Модель таңдаған суреттер дәрігерге қайта жіберілді, ал ол өз жағынан алгоритмнің жұмысын тексеріп, кеткен қателерді тапты. Ақырында, кариес 150 суретте шынымен де расталды.

Кариес орта есеппен екі-үш айда асқынып кетуі мүмкін. Зақымдалған тістердің рентген суреттері алгоритмнің жұмысынан кейін автоматты түрде CRM жүйесіне түседі, ал CRM болса, клиентке екі айдан кейін қоңырау шалуды жоспарлап қояды. Ол уақытқа қарай клиенттердің 60%-да тістері ауыра бастайды. Бұның көмегімен клиенттер дәрігерге қайта келетін болды да, тіс емханасы жаңа клиенттерді тарту үшін рентген суретін тегін жасатуға акция өткізді. Бұның барлығы бизнестің кеңеюіне әсер етті. Бірте-бірте, бірнеше жаңа емхана да ашылды, ал олардың орналасу жерлері деректердің көмегімен табылды: түрлі аудандардағы халық тығыздығы мен бәсекелестер туралы ақпарат картография сервистерінен тартылды.

2. Big Data

Деректерді Meta немесе Google жарнама кабинеттерімен жұмыс істегенде де пайдалануға болады. Мысалы, бір киім дүкені таргет жарнамасын қызықпайтын клиенттерден жасырып, бюджетін үнемдеді.

Жарнаманы әзірлеу кезінде тауарлар мен қызметтерді қызығушылық танытпайтын адамдарға босқа көрсете бермеу үшін, клиенттің сипатын жақсы білу керек. Қажетсіз адамдарды жарнама кабинеті арқылы алып тастау қиын болса да, бір құпия тәсіл бар. Аталмыш дүкен жаңа клиенттерді қаратып, ескілеріне бір тиын жұмсамау үшін өзінің бейілділік бағдарламасының деректерін, яғни сатып алушылардың байланыс нөмірлерін пайдаланды. Телефон нөмірлері жарнама кабинетінің қара тізіміне енгізіліп, клиенттер жарнаманы көрмейтін болды. Оның арқасында дүкен жаңа клиенттерді таргеттеп, шығындарын азайтты.

3. Chat GPT

Атақты Chat GPT чат-боты тек қана пайдаланушымен әңгімелесіп, мәтін жаза ғана қоймай, сондай-ақ, кез келген ақпаратты талдай да алады. Ол үшін оған деректерді Excel түрінде жіберіп, түсіндіріп беруді сұрау керек — сонда чат деректердің негізінде графиктер салып, жасырын мәліметтерді іздей бастайды. Бірақ, Chat GPT жазып берген кез келген мәліметті соңында адам өзі тексеріп, жөнге келтіруі керек. Сондай-ақ, чат дұрыс жұмыс істесін десеңіз, оған нақты нұсқау беру керек: ол «анау-мынауды ойлап тап» деген сияқты түсініксіз тапсырыстарды жөнді өңдей алмайды, тек бұрын ойлап табылған заттарды жазып береді.


Деректермен үлкен ұйымдар да, шағын кәсіпкерлер де жұмыс істей алады. Ірі компанияларға кәсіби мамандар қажет болса, шағын компаниялар деректерді өз беттерімен Excel кестесінде талдай алады. Дата сайентистердің өздері деректерге алғашқы шолуды сол бағдарламада жасайды — оның ішінде түрлі өзара байланыстар мен заңдылықтарды іздеуге көмектесетін кітапханалар бар. Ол үшін жұмысқа әдейі маман алудың қажеті жоқ, себебі деректерді ашық дереккөздерден де алуға болады, ал егер ол да жеткіліксіз болса, онда сағат саны бойынша төлем алатын фриланс жұмыскерлерді немесе тәжірибе алу үшін шағын жалақыға келісе салатын студенттерді жалдауға болады.