Қазақстандық брендтерге Lamoda-да киім сату тәртібі

Жеткізушілерге қойылатын талаптар, сауда алаңның артықшылықтары және сауда комиссиясы

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Ажар Ақкөз

Ажар Ақкөз

«Медиатекс-Н» ЖШС-тың бренд-менеджері

Қазақстандық брендтерге Lamoda-да киім сату тәртібі

Lamoda — бұл Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінде киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар мен косметика сататын маркетплейс. Сайтта кез келген адам сауда жасай алмайды, өйткені маркетплейс тек сауда белгісі тіркелген бренд сатушыларымен ғана жұмыс істейді. Қазақстандық өндірушілер сауда алаңында қалай сата алатынын және одан қанша комиссия ұсталатынын осы мақаладан біле аласыздар.

Нені ескеру қажет

Қазақстандық брендтер маркетплейске серіктес болып тіркелгенімен, тек өз елінде ғана сауда жасай алады. Қазақстандық сатып алушылар отандық брендтердің тауарларын Lamoda мобильді қосымшасы мен сайтында Made in KZ белгісімен ажырата алады.

Маркетплейс тек ірі қалалармен ғана емес, өңірлерде орналасқан брендтермен де жұмыс істеуге дайын. Әр сатушы сауда алаңының логистика қызметін пайдалана алады. Маркетплейспен жұмыс істеудің екі тәсілі бар:

  1. Сатушы Lamoda-ны көрме-сөре ретінде пайдаланады да, тауарды сатып алушыға өзі жеткізіп береді.
  2. Сатушы Lamoda-ны көрме-сөре ретінде және тапсырыстарды клиентке жеткізетін курьер қызметі ретінде пайдаланады. Комиссия мөлшері таңдалған жұмыс түріне байланысты болады және әр сатушыға бөлек қарастырылады.

Маркетплейс артықшылықтары

  • Кәсіпкер маркетплейс ұйымдастырған науқандар мен сатылымдарға қатысу не қатыспау туралы өзі шешеді. Оған қатысу міндет емес. Егер сатушы науқаннан бас тартса, оған ешқандай айыппұл салынбайды, ал тауар карточкасы Wildberries-пен салыстырғанда өз орында қалады. Сондықтан, бұл алаңда киімді өз құнымен демпингсіз сатуға болады.
  • Маркетплейсте логистика қызметі мен тауарларды елдің кез келген қаласына жеткізу мүмкіндігі бар. Сатушыға тек тауарды қоймаға уақытында жеткізу қажет.
  • Байланыс орталығы тапсырыстарды тәулік бойы растайды және қолдау көрсетеді.
  • Елдің түкпір-түкпірінде тұратын клиенттерге қол жеткізуге болады. Маркетплейс сатып алуға дайын адал аудиториямен сауда жасауға мүмкіндік береді. Мұндай аудиторияға өз бетіңізбен шығу қиын, өйткені оның маркетингке кететін шығындары көп.
  • Әйгілі брендтермен бір сауда аланыңда істеп, сатып алушылардың сенімін жаулап алуға болады. Шағын дүкендер осылайша өз имидждерін көтере алады. Мұнда дүниежүзілік премиум брендтер де, танымал масс-маркет те сатылады. Маркетплейс тауар сапасы мен жеткізілім сапасын мұқият қадағалайды — клиентке қаптамасы жыртылған немесе өлшемі қате киім ешқашан жіберілмейді.

Маркетплейс кемшіліктері

  • Мақұлдау процедурасы ұзақ — менеджерлер ассортиментті, оның санын және бастапқы құжаттарды мұқият тексереді.
  • Басқа маркетплейстермен салыстырғанда комиссиялары жоғары.
  • Фотосуреттерге қатаң талаптар қойылады.
  • Тауар белгісі міндетті түрде болуы керек.

Серіктестерге қойылатын талаптар

  • ЖК немесе ЖШС 1 жылдан астам уақыт бұрын тіркелген болуы керек;
  • сәйкестік сертификаттары, брендті тіркеу құжаттары болуы керек;
  • дүкен сөресіне кемінде 100 артикул киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, 70 артикул аксессуарлар мен тұрмыс тауарлары, 50 артикул спорт тауарлары мен косметика енгізу қажет;
  • контентке биік талаптар қойылады  — тауар сипаттамасын, фотосуреттерді (бейне, инфографикаға тыйым салынады) нақты техникалық параметрлерге сәйкес толтыру керек.

Логистика және жұмыс істеу тәсілдері

Қазақстандық сатушылар тауарларды екі тәсілмен сата алады:

  • Кросс-докинг — сатушы тауарларын өз қоймасында сақтайды, бірақ оларды клиентке жеткізу үшін маркетплейстің логистика қызметін пайдаланады.
  • Дропшиппинг — сатушы тауарларды өз қоймасында сақтап, клиентке өзі жеткізеді.

Саудаға кірісу қадамдары

  1. Гугл-пішінге бренд туралы ақпарат — компания және бренд атауы, әлеуметтік желілерге сілтемелер, өз қоймасының бар-жоғы, тауарлардың бағасы, прайс-лист және басқа да ақпарат енгізіп, өтінім беру. Маркетплейс өтінімді тексеріп, сатушыға жауап береді.
  2. Егер шешім оң болса, тараптар келісімшартқа қол қояды. Бұл процес бір аптадан бір айға дейін созылуы мүмкін.
  3. Сатушы тауарды сайтқа жүктеп салуы керек, оған фото жасау және сипаттама мәтіндерін толтыру жөнінде нұсқаулар алдын ала беріледі.
  4. Содан кейін тек тапсырыс күту ғана қалады — ол сатушының кабинетінде көрсетіледі. Маркетплейс тапсырыстарды дайындап жіберуге 24 сағат береді. Егер сатушы кросс-докинг тәсілін таңдаса, онда қажет тауарды қоймаға апаруы керек, маркетплейс оны клиентке өзі жеткізеді. Дропшипинг тәсілін таңдаған сатушы клиентпен жеткізу туралы келісіп, тапсырысты өзі жеткізіп береді.

Бренд тәжірибесі

Anna Bask атты қазақстандық бренд 2015 жылдан бері бас киімдер шығарумен айналысады, ол еліміздегі жеңіл өнеркәсіп көшбасшыларының бірі. Оның ассортиментінде бас киімнің түр-түрі (киізден, текстильден, сабаннан жасалған қалпақтар, тоқылған бас киімдер), шарфтар, снудтар, саусақсыз қолғаптар, футболкалар, пололар, кардигандар, сөмкелер, галстуктар, басқа да декор бар. Компанияның бренд-менеджері Ажар Ақкозина Lamoda-мен жұмыс істеу тәжірибесі туралы айтып берді.

2016 жылы Lamoda бізге ұсыныспен өзі келді. Біздің бренд болып қалыптасқанымызға бір жыл болды, бізде тауар белгісі, тауар алатын клиенттеріміз болды. Біз интернеттегі сауданың дамуына қызығып, бұл бағытта жұмыс істеуге қуана келістік.

Біз логистика құру үшін кросс-докинг тәсілін таңдадық — біз тауарды маркетплейс қоймасына жібереміз, ал маркетплейс оны курьер арқылы клиенттерге жеткізеді. Оның арқасында сатып алушы бұйымдарды киіп көріп, таңдай алады.

Сауда алаңның тағы бір ыңғайлы жағы — мұнда қазақстандық жеткізушілерге арнайы бөлек функционалды маркетплейс бар. Біз Seller Center-дегі жеке кабинетте тауар мәліметтері мен фотосуреттерін жүктейміз. Мұнда барлық процестерге дайын нұсқау беріледі, сондай-ақ, әр сатушы өзінің жеке менеджеріне сұрақ қоя алады. Басқа платформалармен салыстырғанда, Lamoda тауарлардың келбетіне, әсіресе фотосуреттерге қатал қарайды және бір стильді ұстануды талап етіп, маркетплейс мәртебесін көтереді. Алайда, модерациядан өте алатын жоғары сапалы фотосурет жасау қиынға соғады. Маркетплейс біздің фотосуреттерімізді бірнеше рет қабылдамай, қайтарып жіберген.

Біз бұйымдарымызды тек Қазақстан аумағында сатамыз, ал Ресей нарығына шығу мүмкіндігі жоқ, себебі ол үшін ресейлік Lamoda.ru сайтына өтінім беріп, Ресейде өкілдік ашу керек.

Сауда алаңына шықпас бұрын, өз мүмкіндіктеріңізді әділ бағалаңыз — мысалы, жоғары сапалы фотоконтент жасауға ақшаңыз бар ма, автоматтандырылған саудаға ауысуға дайынсыз ба, жеке кабинеттен келетін тапсырыстарды өңдей алатын және жеткізу мәселелерін шеше алатын мамандарыңыз бар ма деген сұрақтарға жауап беріңіз. Біз жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлерге ассортиментті офлайн тексеріп, клиенттерден тауар туралы пікір алып, маркетплейске ең жақсыларын шығаруды ұсынамыз. Ассортимент матрицасын есептеп, балансты табу да өте маңызды.

Ажар Аққозина


Lamoda маркетплейстерге ұқсамайды, мұнда тек киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар мен косметика өнімдерін сатуға болады. Оның жоғары комиссиялары мен күрделі талаптары сенімсіз жеткізушілерді жолатпайды. Бұл сайт ресми бренд иелеріне қолайлы болады. Егер сатушыда бір тауардың кемінде 100 артикулы және брендке қатысты құжаттар бар болса, онда сауда жүргізу туралы өтінішті қорықпай жібере беруге болады.