Қосылған құн салығын төлеу

ҚҚС деген не, оның мөлшерлемелері қандай, кім төлеуі керек

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Қосылған құн салығын төлеу

ҚҚС деген не

Қосылған құн салығы (ҚҚС) тауар немесе қызмет бағасына қосылатын салық. ҚҚС-ты кәсіпкерлердің барлығы төлемейді — дәрі-дәрмек, акциздік маркалар, түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын сататындар салықтан босатылған.

2023 жылы Қазақстанда екі түрлі салық мөлшерлемесі бар:

  • 0% — экспортқа арналған тауарлар, халықаралық тасымалдауға байланысты жұмыстар мен қызметтер үшін жарамды;
  • 12% — ел бойынша сатылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін жарамды.

ҚҚС-ті кім төлейді

ҚҚС төлеу не төлемеу көбінесе кәсіптің тауар айналымына байланысты.

Егер тауар айналымы жылына 20 000 АЕК-тен асса (2024 жылы 73 840 000 теңге), онда ҚҚС-ті келесі санаттар төлейді:

  • ЖК, ЖШС және басқа заңды тұлғалар;
  • елде филиалдары мен офистері бар бейрезиденттер;
  • адвокаттар, нотариустар, бағалаушылар және жекеше тәжірибемен айналысатын басқа да тұлғалар.

Оңайлатылған режимдегі ЖК ҚҚС шегін 124 184 АЕК-ке (2024 жылы 458 487 328 теңге) дейін көбейте алады, бірақ ол үшін олар төлемді тек қолма-қол ақшасыз әдіс арқылы қабылдау керек және онлайн-касса машинасы, тауарларды есепке алу жүйесі (R-keeper және басқалары) және POS-терминалдан тұратын үш компонентті біріктірілген жүйені (ҮИЖ) пайдалану керек.

Тауар импортымен айналысатындардың барлығы салықты тауар айналымына қарамастан 12 пайыздық мөлшерлемемен төлейді.

ҚҚС-ті кім төлемейді

Егер айналым айтылған шектерден аспаса, онда кәсіпкер ҚҚС бойынша есептен бас тартып, салық төлемеуіне болады.

Сонымен қатар, салық төлемінен келесілер босатылады:

  • БЖС-тағы шаруа және фермер қожалықтары (бірақ егер шаруа қожалығы өз жұмысына керек тауарларды импорттаса, онда ол ҚҚС төлеу керек);
  • автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машиналарына арналған бөлшек өндірушілер;
  • бөлшек салық төлеушілер (бірақ қажет болған жағдайда бөлшек сауда салығын төлеушілер ҚҚС бойынша есепке тұра алады);
  • бекітілген шарттарды сақтай отырып, еркін экономикалық немесе логистикалық аймақ аумағынан тауар импорттайтын компаниялар.

Еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) — бұл Қазақстандағы басым қызмет түрлері бойынша компаниялар үшін ерекше құқықтық режимі бар аймақ. Елімізде әр түрлі салалық бағыттар бойынша 14 арнайы экономикалық аймақ бар. «Логистика» мәртебесі бар еркін экономикалық аймақ — дәл сол еркін экономикалық аймақ сияқты, бірақ мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне іргелес аймақ. Оның аумағына әкелінетін тауарлар кедендік декларациялауға жатпайды.

ҚҚС бойынша тіркеуге қашан тұру керек

Егер кәсіпкердің тауар айналымы шектен асып кетсе, онда 10 күн ішінде салық органына ҚҚС бойынша есепке тұру туралы өтініш беру қажет, әйтпесе айыппұл салынады. Мысалы, 1 қаңтар мен 30 тамыз аралығында ЖК айналымы 20 000 АЕК-тен асып тұрса, онда 10 қыркүйекке дейін салық органына өтініш беруі керек.

Ақша айналымын жасыру мүмкін емес, өйткені салық органдары айналымы шекке жақындап келген компанияларды жіті қадағалап отырады. Егер кәсіпкердің өзі есепке тұрмаса, онда салық органдары оған хабарлама жібереді. Оны алған кәсіпкер 30 күн ішінде тіркелуі керек, әйтпесе салық органдары банк шоттары бойынша операцияларды тоқтатады.

Кәсіпкер ҚҚС бойынша тіркеуге тұруды кешіктірсе, онда оған 50 АЕК (2024 жылы 184 600 теңге), оған қоса тіркеу мерзімін кешіктірген кезең үшін айналымның 15 пайызы көлемінде айыппұлдар салынады.

ҚҚС бойынша тіркеуге қалай тұру керек

Компаниялар ҚҚС бойынша тіркеуге өз еркімен тұра алады. Мысалы, егер кәсіпкер тек ҚҚС төлейтін жеткізушілермен жұмыс істейтін компанияның тапсырысын алғысы келсе, онда ҚҚС есебіне өз бетімен тұра алады. Бұл жағдайда ҚҚС бойынша тіркеуге тұру процесі кәдімгі тәртіппен өтеді.

ҚҚС бойынша тіркеуге тұру үшін 10 күн ішінде аумақтық Мемлекеттік кірістер комитетіне немесе e-gov әлде Салық төлеушінің кабинеті арқылы электронды түрде өтініш беру қажет. Осыдан кейін ЖК немесе ЖШС салық төлеуші сертификатын алады.

ҚҚС-ты қалай төлеу керек

Салық мөлшерін Салық төлеушінің кабинеті арқылы анықтап, онлайн төлеуге болады.

Бұл үшін бірнеше сервис бар:

  • Салық төлеушінің кабинеті;
  • e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;
  • банктердің мобильді қосымшалары;
  • egov.kz порталы.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер ҚҚС бойынша декларация тапсырулары қажет — 300.00 нысаны әр тоқсан сайын есеп берген айдан кейінгі айдың 15-іне дейін жіберіледі, ал ҚҚС төлеу мерзімі — 25-ші жұлдызымен шектеледі.

ҚҚС жеңілдіктері

Азық-түлік өнімдерінің кейбір түрлерін шығарумен, жеміс, көкөнісі, ауылшаруашылық жануарларының терісін және жүнін өңдеумен айналысатын компаниялар ҚҚС мөлшерін 70 пайызға төмендетуге құқылы. Осындай жеңілді алу үшін заңды тұлға резидент болуы керек және ондай өнімдерге бөлек есеп жүргізуі керек.


ҚҚС — бұл бюджетке төленетін салық түрі, бірақ оның төлемі тек тауарларға немесе қызметтерге үстеме ақы төлеу арқылы алынады. Мемлекет отандық өндірушілерді тек сауда жасайтын немесе қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлермен салыстырғанда көбірек ынталандыруға және олардың салық жүктемесін азайтуға тырысады.