Лизингтің бизнеске қандай пайдасы бар

Лизинг деген не, оның кредит пен жалгерліктен не айырмашылығы бар және артықшылықтары қандай екені туралы айтып береміз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Лизингтің бизнеске қандай пайдасы бар

Жұмысқа қымбат техника немесе құрал-жабдық қажет етіліп, бірақ бюджетте бос қаражат жоқ болып, ал кредит алуға да жағдай болмағанда, немесе кредит алу тиімсіз көрінген кездерде лизинг алуға болады. Лизинг арқылы қажет мүлікті ұзақ уақытқа жалға алып, кейін қалдық құнына сатып алуға болады.

Лизинг деген не

Лизинг — бұл қандай да бір мүлікті қолайлы әрі пайыздары жеңіл шарттармен ұзақ уақыт бойы жалдау. Ондай мүлікке құрал-жабдық, тауарлар, жылжымайтын мүлік және автокөлік жатады.

Лизингке байланысты келісімшарттар жиынтығы лизинг мәмілесі деп аталады. Лизинг мәмілесіне лизинг беруші, лизинг алушы, сатушы, ал кейбір жағдайларда сақтандырушы да қатысады.

Лизинг беруші кәсіпкерге қажет болған тауар немесе мүлікті жалға беру үшін сатып алады.

Лизинг алушы лизинг берушіден тауар немесе мүлік жалдайды.

Сатушы лизинг алушыға қажет болған тауарды сатады.

Сақтандырушы лизинг компаниясын жалгер ақысы төленбеген жағдайлардан сақтандырады.

Лизингке берілмейтін заттар

Лизингке табиғат объектілері және құнды қағаздар берілмейді.

Лизинг қалай жұмыс істейді

Лизингтің көмегімен жылжымайтын мүлік, құрал-жабдық немесе көлік жалдауға болады, ал лизинг мерзімнің соңында ол мүлікті сатып алуға да болады.

Мысалы, кәсіпкерге қандай да бір құрал-жабдық керек болды дейік. Кәсіпкер лизинг компаниясына барып, қандай құрылғы керек екенін және оны кімнен алғысы келетінін түсіндіреді. Лизинг компаниясы кәсіпкердің тапсырысы бойынша сол құралды сатып алып, кәсіпкерге жалға береді де, төлем кестесіне сәйкес жалгер ақысын алып отырады. Ал лизинг мерзімі аяқталғанда кәсіпкер оны өзіне сатып алады, болмаса лизинг компаниясына қайтып береді.

Мүлік иелену құқығы жалдау мерзімі бойы лизинг компаниясына тиесілі болады, ал кәсіпкер оны тек өз керегінше ғана пайдалана алады. Сақтандыру полисін де, тұтынуға қатысты барлық шығындарды да өзі төлеп тұрады. Бірақ, егер мүлік істен шықса, жөндеу шығындарын сақтандыру компаниясы өтейтін болады.

Лизинг түрлері

Қазақстанда лизингтің мынадай түрлері бар:

  • қайтарылатын лизинг — кәсіпкер өз меншігіндегі мүлікті лизинг берушіге сатып, лизинг арқылы қайтып алады, яғни лизинг алушыға айналады. Солайша, ол саудадан түскен ақшаны да басқа мақсаттарға жұмсай алады, сатып жіберген мүлкін де жалға пайдалана алады, кейін оны өзіне қайтып сатып ала да алады;
  • қайталама лизинг — лизинг шарты бұзылғанда немесе оның мерзімі аяқталғанда лизинг компаниясы мүлікті басқа біреуге қайта жалға береді;
  • банк лизингі — банктен алынатын лизинг;
  • толық лизинг — жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын лизинг компаниясы жүргізеді;
  • қосалқы лизинг — кәсіпкер жалдап отырған мүлкін басқа біреуге жалға береді. Ол үшін қосалқы лизинг шарты жасалады;
  • таза лизинг — жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын лизинг беруші жүргізеді;
  • ислам лизингі — ислам банктері мен басқа да акционерлік қоғамдар шариғат бойынша беретін лизинг.

Лизингтің жалгерліктен айырмашылығы

Жалгерлік дегеніміз — біреудің мүлкін уақытша ақылы пайданалу. Әдетте, жалгерлік шарты бір жылға жасалып, ұзартылуы мүмкін. Лизинг шарты бір жылдан астам мерзімге жасалады, ал мерзім соңында жалға берілген мүлік жалгердің меншігіне өтуі мүмкін.

Лизингтің кредиттен айырмашылығы

Кәсіпкер кредит алған кезде тауарды бірден иеленсе, лизинг алғанда қарызын төлеп болған соң ғана иелене алады.

Лизинг өтінішін 5-10 жұмыс күні ішінде тезірек қарастарады — мұнда клиент пен оның бизнесінің қаржы жағдайын талдау тәртібі жеңілдетілген.

Лизингте тауардың сатып алғандағы бағасының үстінен артық төленетін сома сыйақы мөлшерлемесі деп аталады. Ол алғашқы жарнаға, келісімшарт мерзіміне және лизингтің басқа да шарттарына байланысты болады.

Сондай-ақ, кредитке қарағанда, лизинг алу үшін кепіл керек емес, себебі кепіл ретінде жалға берілген мүлік қарастырылады.

Лизинг шартында не жазылуға тиіс

Лизинг шарты жазбаша түрде жасалады. Онда міндетті түрде мына шарттар жазылуы керек:

  1. шарттың мәні;
  2. сатушының атауы, сатушы мен тауарды кім таңдағаны туралы мәлімет;
  3. тауарды кәсіпкерге табыстау шарттары мен мерзімі;
  4. жалгерлік төлемдердің мөлшері мен төлем кестесі;
  5. тауар құны;
  6. келісімшарт мерзімі;
  7. кәсіпкер кейін тауарды сатып алғысы келсе — сатып алу шарттары;
  8. тауардың сипаты.

Бұл шарттарсыз лизинг шарты жарамсыз саналатын болады. Сондай-ақ, шартқа лизинг компаниясы мен кәсіпкердің келісімімен басқа да талаптарды қосуға болады.

Лизингтің бизнес үшін тиімді артықшылықтары

Лизингті кредитке қарағанда оңайырақ алуға болады, сондықтан да, ол шағын және орта бизнес үшін ыңғайлы. Басқа артықшылықтарын да қарастырайық.

Салықтары азырақ — жалға алынған мүлік лизинг компаниясының меншігінде болғандықтан, егер кәсіпкер жылжымайтын мүлік жалдаса, онда мүлік салығын, көлік жалдаса — көлік салығын төлемейді. Сондай-ақ, лизинг төлемдерін шығыс операцияларға жатқызып, салықтан босатылуға да болады.

Пайыздары төмен — сыйақы мөлшерлемесі әр клиентке жеке белгіленеді.

Кепілсіз — жалға берілетін тауардың өзі кепіл болып табылады.

Мерзімі ұзақ — лизингті мүліктің пайдалану мерзіміне байланысты 10 жылға дейін алуға болады.

Кез келген мүлік алу — компанияның бюджеті шектелген болса да, жаңа немесе ұсталған мүлік жалдап, бизнестің қажеттіліктерін өтеуге болады.

Жеңілдіктері бар — кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның көмегімен лизингтің пайыздық мөлшерлемесін азайтуға болады. Ол үшін «Даму» қорының сайтында өтінім беру керек.

Лизингтің кемшіліктерін де атап кетейік. Кәсіпкер мүлік иесі болмағандықтан, лизинг мерзімі аяқталмағанша, жалдаған мүлкті сатуға, сыйға беруге, айырбастауға немесе кепіл ретінде ұсынуға болмайды. Сондай-ақ, егер лизинг компаниясы банкрот болып танылса, онда кәсіпкер жалдаған мүлкінен айырылады. Сондықтан да, лизинг пен кредит екеуінің арасында қайсысы тиімді екенін таңдау үшін әр кәсіпкердің жағдайын бөлек қарастырған жөн.