ЖК шоттарын бұғаттау себептері және оны алдын алу жолдары

Шоттарды бұғаттау себептері, салдары және қабылданатын шаралар

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Айжан Қыдырманова

Айжан Қыдырманова

20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер

ЖК шоттарын бұғаттау себептері және оны алдын алу жолдары

Кейде кәсіпкерлердің шоттары бұғатталуы мүмкін, яғни шығыс операциялары тоқтатылып, шоттағы ақшаға тыйым салынады немесе қолжетімділік уақытша шектеледі. Бұндай жағдай неліктен орын алады, оны болдырмау үшін не істеу керек, бұғатталған шотты пайдалануға бола ма және шотты бұғаттаудан шығару үшін не істеу керектігін осы мақалада айтып береміз.

Шотты кім және не себепті бұғаттай алады

Банк, салық органы және сот орындаушылары — әрқайсысы өз себептері бойынша кәсіпкердің ағымдағы шотын бұғаттауы мүмкін.

Салық органы

Кәсіпкер салық, айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлемеген кезде, салық органы шоттарды бұғаттайды. Барлық жұмыс шоттары бірден бұғатталады, бірақ тек қарыз мөлшеріне. Төлем уақыты тәуекелділік дәрежесіне байланысты: егер ЖК-ның тәуекелділігі жоғары болса, онда қарызды өтеуге бір күн беріледі, орташа тәуекелділік дәрежесіндегілерге — бес күн, тәуекелділік дәрежесі төмен болса — 10 күн. Кәсіпкер өзінің дұрыс екеніне және салық төлегеніне сенімді болса, салық органына төлемді растайтын құжатпен хабарласып, мән-жайды түсіндіруі қажет.

Сондай-ақ, шот декларацияны уақтылы тапсырмағаны үшін бұғатталуы мүмкін. Бұған қоса, егер сіз есептілікті тапсыру мерзімін кешіктірсеңіз, шот бірден бұғатталмайды — алдымен салық органы 10 күн ішінде хабарлама жібереді, содан кейін оны орындауға 30 күн бар. Бұғаттауды болдырмау үшін хабарламаға жауап беріп қана қоймай, оны берілген мерзімде орындау керек, яғни қажет форманы тапсырып, қарызды төлеу керек. Егер шот 30 күннен ерте бұғатталса, онда бұл заңсыз әрекет болып есептеледі, сондықтан салық органына бұғаттауды түсіндіру және алып тастау туралы сұрау жіберу керек, өйткені әлі уақыт бар.

Егер кәсіпкер салық төлеушінің жеке кабинетіндегі салық органының сұрауларына жауап бермесе, салық органы шотты бұғаттай алады. Мысалы, камералдық бақылаудан кейін тапсырылған салық есебінің негізінде оларда бухгалтерлік есеп немесе салық есебі бойынша сұрақтар туындауы мүмкін. Салық органдарының хабарламаларына үнемі жауап беру керек. Хабарламаны көріп, жай ғана назарға алу жеткіліксіз.

Қазіргі күнде салық органдары берешек сомасы 6 АЕК-тен (2024 жылы 22 152 теңге) аз болса шоттарды бұғаттай алмайды. Бірақ әлеуметтік төлемдер бойынша (зейнетақы және медицина сақтандыру қорларына түсетін түсімдер) шоттарды 1 теңге берешек болса да бұғаттайды, өйткені бұл қызметкерлер алдындағы қарыз болып саналады. Тәжірибеде 0 теңге 26 тиын берешегі үшін хабарлама түскен жағдайлар болған.

Сот орындаушылары

Жеке сот орындаушылары (ЖСО) кәсіпкердің қарызы болса банк шотын бұғаттай алады. Борышкерге ықпал етіп, ақшаны қайтарып алу үшін олар нотариалды әрекеттерге шектеу немесе елден кетуге тыйым салу сияқты шаралармен қатар банк шоттарын бұғаттайды.

Егер борышкердің бірнеше шоты болып, олардың біреуінде қарыз өтеуге ақша жететіндей болса, онда сот орындаушы тек сол шотты бұғаттай салады. Бірақ ондағы ақша жеткіліксіз болса, шекті сомаға жетпейінше, басқа шоттар да бұғатталады.

Банктер

Әдетте, банк прокуратура, салық органы сияқты уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың, немесе сот орындаушылар сияқты лауазымды тұлғалардың шешiмдерi бойынша ғана шоттардағы операцияларды тоқтатып, ақшаға тыйым салады.

Бірақ кейде банк өз шешімі бойынша шоттарды бұғаттай алады. Мысалы, мерзімі өткен несие қарызы болған жағдайда. Қай банктен алғаныңыз маңызды емес, ақша несие беруші банк пайдасына шоттан алынады. Банк кәсіпкерге қарызға байланысты бұғаттау және оны өтеу талабы туралы хабарлама жібереді. Оны сот орындаушысына бергенге дейін төлеген дұрыс, өйткені үстінен ЖСО қызметтерін де төлеуге тура келеді.

Шоттың бұғатталғаны туралы білу

Әр орган ақпаратты өзінше береді. Мысалы, банктер әдетте клиентке шектеулер туралы банктің мобильді қолданбасында ескертеді. Салық органы да ескертеді — олар салық төлеушінің жеке кабинетіне салық берешегін өтеу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.

Сот орындаушылары бұғаттау туралы хабарламаны пошта арқылы жібереді. Ал сот алдын ала ескертусіз бұғаттай салуы мүмкін, әсіресе егер сот отырысы шот иесінің қатысуынсыз өткен болса.

Шот бұғатталған кезде орын алатын жағдайлар

Шот бұғатталған кезде кәсіпкер қарыз мөлшеріне тең қаражатын пайдалана алмайды. Бірақ бұл шотқа түсімдер келе береді және кейбір шығындарды да төлеуге болады. Бұл қарыз толық өтелгенше дейін жалғасады. Яғни, шотта қарыз сомасына тең ақша болса, онда салық органы сол соманы ғана бұғаттайды, ал қалғанын пайдалануға болады.

Шот бұғатталған кезде жасалатын әрекеттер

Мысалы, шотты ЖСО бұғаттаған кезде кәсіпкер банк операцияларын жүргізе алмайды, бірақ салықтарды, алименттерді, әлеуметтік аударымдарды, кедендік төлемдер мен қызметкерлердің жалақысын төлей алады.

Сондықтан ағымдағы шот бұғатталған болса, банк бәрібір де салық берешегін өтеуге төлемді қабылдауға міндетті. Касса арқылы төлемге қолма-қол ақша іздеудің қажеті жоқ, салықтар әдеттегідей төленеді.

Шотты бұғаттаудан шығару үшін оның бастапқы себебіне назар аудару керек: егер бұл салық органы болса, онда салықтарды, айыппұлды немесе өсімпұлды төлеу керек немесе қажет есепті тапсыру керек. Егер банк операцияның ашықтығына күмәні болса — онда оларға контрагенттермен мәмілелерге ілеспе құжаттар ұсыну керек. Егер шот бұғатталуына сот орындаушылар себепкер болса — онда қарызды өтеу керек. Осылайша шот бойынша операциялар жасау қайтадан қолжетімді болады.

Қатерді азайту жолдары

Сарапшылардың кеңестері қарапайым — салықты уақытында төлеу, бухгалтерлік есепті тиянақты жүргізу, барлық салық міндеттемелерін орындау, сонымен қатар салық хабарламаларына міндетті түрде жауап беру — тіпті егер сіз бәрін дұрыс жасап, ештеңе бұзбай, уақытында төлеген болсаңыз да, жауап беруіңіз керек.

Jusan Business-те «Онлайн-бухгалтерия» атты салық қарыздары мен әкімшілік айыппұлдарды төлеуге болатын қызмет бар. Деректер мемлекеттік қызметтерден жиналады. Ағымдағы күн үшін барлық қарыздарды біліп, оларды бір түймені басу арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, онлайн-бухгалтерия 910 нысанын жасап, салық төлеуге мүмкіндік береді, бұл қызмет тегін.

 

Банк шоттарының бұғатталуы бизнес жүргізуді қиындату мүмкін, бірақ егер кәсіпкер салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді уақтылы төлеп, есеп беріп, барлық операциялар бойынша нақты есебін жүргізсе және салық органдарына уақтылы жауап берсе, онда шотты бұғаттау қаупін азайтуға болады.