Квантовый воин: йога орталығын ашу

Қызығушылықты табыс әкелетін ісіне айналдыру

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Майя Бесім

Бизнес ашу үшін қандай да бір белгіленген мерзім жоқ. Қазіргі таңда істі кез келген жаста, кез келген тәжірибемен және аз ақшамен де бастауға болады. Мұны 38 жасында тұрақты жұмысын тастап, Астанада өзінің «Квантовый воин» атты йога орталығын ашқан Майя Бесімнің хикаясы дәлелдейді.

Бәрін тастап, жаңа іс бастау

38 жасымда экономист мамандығы бойынша жұмысымды тастап, өз бетімше жұмыс жасауды, ешкімге тәуелді болмауды шештім. Офиске бару әбден жалықтырды, жұмысым қуаныш әкелмеді, еркіндікке ұмтылдым, жан-жақты дамығым келді. Сол кезде йогаға барып жүрдім, маған жаттығудың әр минуты ұнады. Өмір бақи жанталасып жұмыс істедім, ал өзіңді күту керек деген ой сол кезде мен үшін жаңалық болды.

Жаңа бағыт меңгеруге деген ұмтылыс пен шешім тез келді. Мен 2019 жылы үш айлық йога мұғалімі курсын бітіріп, сертификат алдым және сабақ бере бастадым. Сол кезде оқуыма 200 мың теңге төледім. Бір қызығы, мен оқудың екінші айында йога мұғалімі сертификатысыз сабақ бере бастадым. Бұл қадам асығыс сияқты көрінуі мүмкін, бірақ сол кезде ақша қажет болды. Би студиясының кішкентай бөлмесін сағаттап жалға алып, алғашқы топты қабылдап алдым да, қалған оқу ақысын тапқан ақшамнан төледім.

Тұрақты жұмысымды тастау, өз бетімше өмір сүру қорқынышты болды. Алғашында қиын болғаны рас, ақша жетіспеді, тапқан табысым тек зал жалдау мен отбасының ай сайынғы шығындарына жететін. Кейде адамдар алға ұмтылудан басқа амал қалмау үшін артындағы көпірлерді өртеп жібереді. Ол кезең дәл сондай болды.

Бірінші залымда бір жарым жыл істедім. Маған тек басқа топтармен көршілестігі жақпады — шулы болды, шавасанаға (толық демалуға арналған йога асана — автордың ескертуі) кіру және жаттығудан кейін қыздармен асықпай сөйлесуге мүмкіндік болмады. Сонда мен үйжайды басқа жерден жалдау керектігін шештім.

Жаңа зал мен мемлекеттен алынған грант

Мен қаланың ескі бөлігінде орын жалдау ақысы арзанға түсіп тұрған үйжайды таптым. Ол маған қатты ұнады — іші таза, жарық, жеке ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Адамдар көп жүретін жақсы аудан болып шықты, жақын жерде автобус аялдамасы бар, адамдарға жұмысқа дейін және жұмыстан кейін жетуге ыңғайлы болады.

Бәрі ойдағыдай болды. Мен жеке кәсіпкерлік ашуды шештім. Осы мәселемен салық басқармасына барсам, олар бұндай сұрақтармен айналыспайды екен. Бірақ олардың жанында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының офисі болды, онда кәсіпкерлерге әр түрлі мәселелер бойынша, оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қалай ашу, есептерді қалай дайындау мен тапсыру, салықтарды қай уақытта төлеу керек екенін айтып береді. Мен жылына екі рет есеп беру уақыты келгенде оларға бара бастадым — өзімнің электрондық цифрлық қолтаңбаммен барамын, ал кеңесшілер барлығын сол жерде тегін жасап береді.

Мен «Атамекенде» мемлекеттен грант ұтып алуға болатынын білдім. Бір-екі апта ішінде арнайы онлайн-тренингтен өтіп, берілген сертификатпен өтініш бердім. Тренинг барысында бизнес-жоспар құру және оны қорғау жолдары түсіндірілді. Гранттар жеке кәсіпкер ретінде бір жылға дейін тіркелген кәсіпкерлерге қолжетімді болды. Ол кезде менің орталығыма енді бір жыл толатын еді, бірақ мен оқудан өтіп, өтініш беріп үлгердім.

Сөйтіп, 580 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Бұл маған мемлекет тарапынан үлкен қолдау болды. Сол ақшаға йогаға арналған жаңа кілемшелер, диван, шкаф, орындықтар сатып алдым. Қуанышыма шек болмады — ешқандай тамыр-таныссыз-ақ, бизнесімді дамытуға қаражат ұтып алдым және мемлекеттік бағдарламалардың шынымен жұмыс істейтінін түсіндім.

Бизнесті дамытуға 5 млн теңге ұтып алу

Орталықтың жұмыс тәртібі

Біз жұмыс істей бастадық. Бұрынғы залдағы қыздар артымнан келді, күндізгі және кешкі топтар Instagram желісіндегі жарнама арқылы толыға бастады. Кесте пайда болды, қазір сабақ жексенбіден басқа әр күн сайын өтеді.

Бүгінде орталықта менімен бірге үш йога мұғалімі және шығыс би тобы бар. Ай сайынғы жазылым құны 12 сабаққа 22 мың теңге құрайды. Жалдау ақысының өсуіне байланысты төлемақыны да аздап көтердік, бірақ оған қарамастан, баға қолжетімді болып тұр. Орта есеппен шағын йога студияларының табысы 500 мың теңгеден және одан да жоғары болуы мүмкін.

Залымыз кішкентай болғандықтан, топта ең көбі сегіз адам бола алады. Бұл әр қатысушыға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Барлық инструкторлар оқыту үдерісіне байыппен қарайды және әр сабақты әр түрлі, пайдалы және қызықты өткізуге тырысады.

Йога орталықтарында жиі кездесетін мәселе — тұрақты йога инструкторлары мен клиенттерді табу. Мен орталықтағы мұғалімдерді өзім оқыттым, одан шыққан нәтижеге 100% ризамын. Бірақ жаңа клиенттерді табу әлі де оңай емес.

Йогаға қатысу маусым мен бірнеше факторларға байланысты. Әдетте, демалыс пен мереке кезінде, мысалы Ораза айында, адамдар аз келеді. Ал қыркүйектен бастап бәрі қайтадан келе бастайды, күз бен қыс — ол біздің ең табысты уақытымыз.

Келушілердің орташа жасы — 30-дан жоғары жастағы қыздар. Йогаға жас клиенттер көбінесе келмейді. Біздің елімізде адамдар өз денсаулықтарына алаңдаған кезде ғана йогаға бара бастайды. Йоганың көмегімен қатысушылар репродуктивті жүйелерінің жұмысын жақсартады, остеохондроздан, шығыңқы және кішкентай грыжалардан құтылады. Бірақ адамдар йогаға тек денсаулық мәселелерімен ғана емес, ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін да келеді.

Йогадағы басты қағида — өзіңізді басқалармен салыстырмау керек. Залда айналар болса да (олар би үшін қажет), жаттығу кезінде біз оларға арқамызбен тұрып жаттығу жасаймыз, өйткені олар қыздарымыздың назарын аударады. Ең бастысы, нәтижені мұғалім көруі керек, ал алдымызда айна тұрғанда, ішкі дүниеге қарамай сыртқы келбетіміз туралы алаңдап тұрамыз. Бұл дұрыс емес.

Йогада дағдыларыңызды шексіз жетілдіре беруге болады, сондықтан да, осы жолда тек жеке басыңыздың дамығаны ғана маңызды, өзіңізді баяғы өзіңізбен ғана салыстыру керек. Бізде әр түрлі анатомия және физиология ерекшеліктеріміз бар. Бір әдіс бәріне жарай бермейді. Сіздің деніңіз тек саналы көзқарас арқылы сау бола алады. Бұл жерде бірден қиын жаттығу жасау, бірден нәтижеге жету деген мақсат жоқ. Йога денені біртіндеп дамытады. Егер фитнесте бұлшықеттерді мүмкіндігінше тез шынықтыру маңызды болса, йогада жайбағыс күйде өскен бағаланады. Сіз асығыс болсаңыз, бұл жарыстан қатты зардап шегуіңіз мүмкін, ал дене үшін ол түрлі жарақаттармен аяқталады.

Клиент табу

Жаңа клиенттерді тартудың негізгі жолы — Instagram парақшасы. Қажет болғанда, жарнаманы іске қосамыз. Адамдар бізді 2GIS-тегі шолуларға қарап, орналасқан жеріміздің ыңғайлылығына қарай таңдайды.

Біз 1Fit сияқты фитнес жазылымдарын сату қызметтерімен жұмыс істейміз. Ол үшін қосымшаға тіркеліп, зал кестесін беру керек. Егер 1Fit клиенті бізге келсе, әрбір адам үшін тіркелген банк картасына ақша түседі. Платформаға тіркелу тегін, жеке кабинетте статистиканы, оның ішінде кіру, қарау мен шолу санын көруге болады. Бизнестің бастапқы кезеңдерінде мұндай қызметтерге қосылу танымал болу үшін жақсы көмектесе алады, бірақ оның кемшіліктерінің бірі — ол қатысушылардың тұрақсыздығы болып табылады, өйткені күн сайын әр түрлі адамдар келуі мүмкін, ал йогада жүйелілік пен тұрақтылық маңызды.

Жай ғана йога емес, ой-сананы жаңғырту орталығы

«Квантовый воин» — бұл жай ғана йогамен айналысатын орын емес. Бұл адамның денін, рухын, шығармашылығын дамытуға арналған орын. Біз әр түрлі шебер сабақтарын, тренингтер мен рухани тәжірибелерді өткіземіз.

Біз топта жайлы микроклиматтың сақталуына көп көңіл бөлеміз, қыздар бір-бірін үнемі қолдап тұрады. 8 наурыз, Жаңа жыл сияқты мерекелерді бірге тойлаймыз, өзім сценарий жазып, сыйлықтар жасаймын. Менің ойымша, көптеген орталықтарға мұндай достық пен жылы атмосфера жетіспейді. Бізде демалып отыратын орнымыз бар, онда адамдар практикадан кейін шай ішеді, әңгімелеседі.

Орталықта жаңа кітаптармен толықтырылып тұратын кітапхана бар. Қатысушылар кепіл ретінде ақша қалдырып, кітаптарды тегін пайдалана алады. Парақшамызда кітаптардың тізімін көруге болады.

Йога әлі күнге дейін менің өмірімнің маңызды бөлігі болып табылады. Ол шоғырлануға, энергияны қалпына келтіруге, денемен қайта байланысуға көмектеседі. Мен орталықта бас жетекші де, әкімші де, инструктор да, SMM маманы да, сыпырушы да болып жұмыс істесем де, маған осы жұмыс қатты ұнайды, осы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Мен өз білімімді үнемі жаңартып отырамын, аяғы ауыр әйелдерге немесе егде адамдарға арналған йога сияқты әр түрлі йога әдістерін үйреніп жүремін.

Йога орталығын ашуға кететін қаржы

Бизнеске кететін шығындарды бір реттік және тұрақты деп екіге бөлуге болады.

Бір реттік шығындарға келесілер кіреді:

  1. Йога инструкторы болу үшін сертификатталған орталықта оқу курстарын (кемінде 200 сағат) өту. Курстын бағасы 200 мың теңгеден басталады.
  2. Залды жөндеу. Жаңадан бастаған кәсіпкерлер дайын залдарды жалға алуға тырысады, өйткені тіпті косметикалық жөндеу жұмыстары көп қаражат қажет етуі мүмкін. Бағасы үйжайдың бастапқы ахуалына байланысты. Мен дайын жөнделген залды жалға алдым.
  3. Құрал-жабдық сатып алу. Йогада арнайы құрал-жабдықтың, әсіресе кілемшелердің сапасы маңызды болады, өйткені олар студияның беделін көтереді және сабақтарды өткізуге үлкен әсер етеді. Кілемшелердің бағасы 2500 теңгеден 70 мың теңгеге дейін кете береді. Кілемшелердің қаражатыңызға байланысты таңдау керек. Арзандары нашар көрінеді және тез шашылады, ал сапалы кілемшелер бірнеше жылға дейін сақталады. Мен бастапқыда кілемшелерді таңдағанда қателестім — сатып алған кілемшілердің сапасы өте жақсы болғанымен, олар кіршең болып шықты, маған басқа күңгірт түсті кілемшілерді таңдау керек болатын, оны кейін түсіндім. Кілемшілердің саны залдың сыйымдылығына қарай есептеледі. Қосымша жабдық кәсіпкердің қалауы мен қаражатына байланысты. Бастапқы кезеңде текшелер (бағасы 1,5 мың теңгеден басталады) мен белдіктерді (3 мың теңгеден басталады) сатып алуға болады. Жалпы, йогамен ешқандай құралсыз-ақ айналысуға болады — йоганың өзі өте көп қырлы. Йогамен енді айналысып жүрген адамдарға құралдар жаттығу жасауды жеңілдетеді, мысалы шынтақ астына текше қоюға немесе баумен аяғыңызға жетуге көмектеседі. Барлық құрал-жабдықтарға 150–200 мың теңге аралығында кетуі мүмкін.
  4. Жиһаз. Демалыс орны немесе шешінетін бөлме үшін диван, үстел, орындықтар, ілгіш немесе шкафтар қажет болуы мүмкін. Олардың бағасы сапасына байланысты. Кейбір заттарды қолдан сатып алсаңыз, 100 мың теңге аралығында жұмсауға болады.

Шағын орталықтың тұрақты шығындарына зал жалдау ақысы, қызметкерлердің жалақысы және салық төлемдері кіреді. Жалақының мөлшері екі жақтың келісіміне байланысты, мысалы біз 50/50 төлеп жұмыс істейміз.

Йога орталығын ашқысы келетін кәсіпкерлерге арналған кеңестер

Ең бастысы қорықпау керек. Әр ұстаздың өз клиенті табылады. Көптеген адамдар йога орталығын ашу үшін 10 миллион теңге керек деп қателеседі — мен қолымдаға 150 мың теңгемен бастадым.

Жаңадан бастаған кәсіпкерлер арасында кең тараған тағы бір қате — ол ашылған бизнес отбасы мен балаларға көбірек бос уақыт бөлуге мүмкіндік береді деген ой. Ол олай емес, көбінесе бизнес бар уақытыңызды алады. Бірінші жылы бизнесті жүргізу стресс әкелуі мүмкін. Оған дайын болу керек.

Йога инструкторларының көбі өз орталықтарын ашуды армандайды, бірақ олар жалдау ақысын төлей алмаймын немесе топтарды жинай алмаймын деп қорқады. Қалай болса да, егер сіз қалап тұрсаңыз, неге ашпасқа? Тырысуыңыз керек. Қазір йогаға үлкен сұраныс бар, жұмыссыз қалу мүмкін емес. Бірақ сонымен бірге бизнесте рөлдерді ажырату маңызды: инструктор болу бір бөлек, кәсіпкер болу бір бөлек.

Ақырында айтарым, өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз. Сіз душ және киім ауыстыратын бөлмелері бар үлкен залдан емес, шағын ғана орыннан бастай аласыз, солай бірте-бірте дамуға болады. Әркімнің өз жолы бар.