Орал зауытын нарықтық экономика аясында қайта құру

Кеңес заманының арнайы техника шығаратын зауыты жұмысын жаңа заманға бейімдеп, өндірісін жаңартып, табысқа шықты

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Орал зауытын нарықтық экономика аясында қайта құру
Асқар Сағынов

«УральскАгроРемМаш» компаниясының тарихы 1955 жылы басталды. Бастапқыда зауыт ауыл шаруашылығы техникаcын жөндеп, мұнай өнімдерін тасымалдайтын бензин тасушы көлік пен автоцистерналарды шығаратын, ал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін дербес жолға шықты.

Зауыт жұмысының жалғасуы, дамуы, табыс әкелуі мақсатында өндірістік процестерді қайта құру жолдарын директордың орынбасары
Асқар Сағынов
айтып берді.

Зауыт тарихы

Кеңес заманында зауытта жоспарлы мемлекеттік тапсырыс көлемі орасан зор болды — жылына алты мың дана автотехника шығарылды. Кәсіпорынның негізгі қызметі автокөліктер мен оларға арналған қозғалтқыштарды күрделі жөндеуден өткізу болатын, одан басқа зауыт өнеркәсіп өнімдерін — автоцистерналар, жанармай таситын көліктер, мұнай өнімдеріне арналған цистерналар шығарды. Зауыт ысырмаларды өндіруге арналған шойын игерді, пластмассадан жасалған бөлшектер мен резеңке бұйымдарды жасады.

Еліміз тәуелсіздік алғанымен, 1993 жылы зауыт «УральскАгроРемМаш» акционерлік қоғамына айналды. Алғашқы жылдары қиын болды, жұмыс істеу бағытын ешкім түсінбеді. 1996 жылы компания банкрот болуға жақындап қалған еді, сондықтан, жаңа акционерлердің қалауынша зауытта басшылық ауысып, стратегия да сәйкесінше өзгерді.

Зауыттағы жаңа кезең 2000 жылы өрт сөндіру техникасын шығаруды игергеннен басталды. Осы уақыт ішінде конструктор бюросының мамандары өрт сөндіру көлігінің 30-дан астам үлгісін, арнайы техниканың 60 үлгісін жасап шығарды.

2010 жылы зауыт цехтары екі мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңғыртылды. Зауыт өнім желісін кеңейтіп, коммуналдық техника — суару машиналары мен қоқыс шығаратын машиналарды шығара бастады.

Өндіріс бағыттары

Қазір зауытта өндірістің үш бағыты бар: біріншісі — IVECO шассиін жинауы, екіншісі — арнайы техника (тралдар, қышқылдар мен жанармай таситын көліктер), үшіншісі — өрт сөндіру техникасы.

IVECO шассиін жинау

Зауытта еуропалық технология бойынша жүк көліктері мен коммерциялық көліктерге арналған шассилер шығаруға мүмкіндік беретін еуропалық компаниямен лицензиялық келісім де бар.

Бұл бағытқа әр түрлі жабдықтарды құрастыру өндірісі кіреді:

  • IVECO Daily — жүк көтерімділігі 3-5 тоннаны құрайтын шағын тоннажды шасси.
  • IVECO Eurocargo — жүк көтерімділігі 8-15 тоннаны құрайтын орташа тоннажды шасси.
  • IVECO 682 — жүк көтерімділігі 20-25 тоннаны құрайтын ауыр тоннажды шасси.

Арнайы техника

Бұл өндірістің тағы бір бағыты. Арнайы техника еліміздің нарығында сұранысқа ие өнім болып табылады. Қазір тапсырыстардың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыстардан тұрады, бірақ зауыт басшылығы коммерциялық техниканың үлесін көбейтуді жоспарлап отыр.

Зауыт КамАЗ, МАЗ, IVECO шассилеріндегі арнайы құрал-жабдықтарды, оның ішінде жанармай құю машинасы, су тасығыш, термофургон, автогидрокөтергіш, қоқыс таситын көлік, кран-манипулятор қондырғылары бар борттық көлік, самосвал, құрама жол көлігі сияқты техника шығарады. Сонымен қатар, зауыт тіркемелер — тіркеме цистерналар, жартылай тіркеме цистерналар, ауыр жүк таситын жартылай тіркемелер (тралдар), самосвалдар, астық және цемент таситын жартылай тіркемелер шығарады.

Өрт сөндіру техникасы

Өрт сөндіру техникасына тапсырыстарды көбінесе мемлекеттік мекемелер береді. Келісімшарттар жылдың басында жасалады, ал дайын өнімді жылдың соңында өткізіледі. Өрт техникасын құрастыруға үш айдан сегіз айға дейін уақыт кетеді, өйткені ол күрделі құрылғы болғандықтан, мыңдаған бөлшек пен механизмдерден тұрады, оларды жасау үшін Еуропа мен Ресейден сатып алынатын металл мен бөлшектер қажет. Абай облысында өрт шыққанда, мемлекеттік мекеме өкілдері зауытқа хабарласып, дайын техниканың бар-жоғын сұраған. Қазір зауыт қоймасында техника сақтауға мүмкіндік жоқ, құрал-жабдықтар тек тапсырыс бойынша шығарылады.

Жыл сайын Қазақстанның ішкі нарығы 100–150-ге жуық өрт сөндіру техникасын тұтынады. Алайда, паркті жаңарту үшін бұл жеткіліксіз. Мысалы, көптеген облыстардағы төтенше жағдайлар департаменттері 1990-шы, 2000-шы жылдары шыққан техниканы пайдаланады. Паркте 5–10 жылда жаңа техника болсын десеңіз, жыл сайын көліктің 300–400 данасын жаңарту қажет. Бірақ, әрине, оның бәрі бюджетке байланысты.

Кепілдік беру және сатудан кейін қызмет көрсету

Техниканың пайдалану мерзімі бірқатар факторларға байланысты. Мысалы, өрт сөндіру көліктері үнемі экстремалды жағдайларда жұмыс істейді, сондықтан тез тозып кетеді. Қалай болғанда да, зауыт кем дегенде бір жылға кепілдік береді, сонымен қатар, компания әр сатып алушымен үнемі байланыста болады.

Зауыт базалық шасси жеткізушісімен бірге сатудан кейінгі қызмет көрсетеді, оған көліктің майы мен сүзгілерін ауыстыру кіреді. Одан кейінгі кезекті техникалық қызметті пайдаланушы персоналдың өзі жүргізеді. Жабдық кепілдік мерзімі ішінде бұзылса, зауыт бұзылу себептерін анықтау және жою үшін мобильді топ жібереді.

Жабдықты жеткізушілер

Зауыт көптеген жеткізушілермен байланыс орнатып, сенімді қарым-қатынас жасады.

Ресей металлдың негізгі жеткізушісі болып табылады. Сондай-ақ, зауыт Түркиямен және Еуропа елдерімен — Австрия, Италия, Словения, Германиямен ынтымақтасады.

Әзірге компания материал мен бөлшектердің импортына өте тәуелді болып отыр.

«Біз құрағыш өнімдер мен жиынтықтау бұйымдарды мүмкіндігінше Қазақстанда отандық өндірушілерден сатып алуға тырысамыз, бірақ, өкінішке қарай, елімізде біз пайдалана алатын өнімдерді шығару саласы әлі де дамымаған».

Қазақстан айналасында болып жатқан кез келген оқиға өнімнің бағасына әсер етеді. Осылайша, көршілес елдердегі әскери қақтығыс зауыттың қызметіне тікелей әсерін тигізді — тасымалдау шығындары өсті де, өнім құны қымбаттады. Егер бұрын барлық тауарлар Украина мен Еуропа арқылы өтіп, 10 күнде жеткізілетін болса, қазір бұл бағыт кемінде 20–25 күнде Түркия арқылы пароммен өтеді. Тиісінше, жүк тасымалдау екі-үш есе қымбатқа түседі. Бірақ барлық нюанстарға қарамастан, компания жұмысын жалғастыруда.

Менеджмент

Қазір ұжымымызда 230 қызметкер бар. Біз өндіріс персоналына көп көңіл бөлеміз, себебі олар компаниямыздың негізін құрайды. Қалған бөлімдер оларды қолдап, қызмет етеді. Өндіріс үнемі жүріп тұруға тиіс.

Зауытта біз жас мамандарды әрдайым қолдап тұрамыз — дәнекерлеушіден бастап технологқа дейін әрбіреуінің мүмкіндіктерін ашуға тырысамыз. Олардың қабілеттері мен құлшыныстары көрініп тұрса, тәжірибелерінің аз болуына қарамастан, әріптестер үнемі көмектесіп тұрады — тапсырмалар беріп, жауапкершілік тағып, жаңа дағдыларды үйретеді.

«Адамның жұмыс істегісі келетіні-келмейтіні бірден байқалады. Біз еңбекке бейжай қарамай, жұмыс істеймін дегендерге әрқашан көңіл бөлеміз. Біз университеттермен тығыз қарым-қатынас жасаймыз, оқытушылармен кездесеміз, түлектерді ашық есік күндеріне шақырамыз. Бір жыл бұрын олар бізге екі жас маманды жіберген еді, қазір олар ұжымға сіңіп, конструктор ретінде жұмыс істеп жатыр».

Компания өз қызметкерлеріне қамқорлық жасап, оларға тегін түскі ас беріп, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеді.

Форс-мажорлық жағдайлар

Өндіріс — бұл бизнес, ал бизнес әрқашан тәуекелдермен байланысты. Мұнда түрлі күтпеген жағдайларға үнемі дайын болу керек.

«2022 жылдың соңында біз қышқыл тасымалдайтын техниканы жеткізуіміз керек еді. Бұл техника өте күрделі. Ресейде оны бір-екі компания ғана шығарса, Қазақстанда біз жалғыз өндіруші боламыз. Ондай техниканы жасау үшін Еуропадан тапсырыс арқылы алынатын болаттың арнайы маркалары мен бөлшектері қажет. Бөлшектерді жеткізу кешіккеніне байланысты, тапсырыстың уақытылы орындалуына қауіп төнді. Зауыт алдымен екі ауысыммен, кейін үш ауысыммен жұмыс істей бастады. Ақырында тапсырысты уақытында жеткізіп үлгердік. Біз қатты қобалжыдық. Өндірісте мұндай жағдайлар болып тұрады, команда мұны түсінеді де, жұмысқа 100% берілуге дайын.

Банк кредитінің көмегі

Өндірісте айналым қаражатына ақша үнемі қажет. Мысалы, мемлекеттік тапсырыстардың ақысы көбінесе кейін төленеді, ал өрт сөндіру машиналарын жасау үшін ірі айналым қаражаты қажет. Біз бұл мәселенің шешімін іздей бастағанда ең алдымен кредит туралы ойлаймыз.

«Jusan осындай форс-мажор жағдайларының бірінде көмектесті. Ол уақытта бізге қызмет көрсетіп жүрген банк жабылатын болды. Біз басқа банктермен келіссөздер жүргізе бастадық. Jusan бізге бірінші қол созып, кредит берді. Өндіріс тоқтаған жоқ. Егер айналым қаражаты тағы бір-екі ай жетіспесе, тығырыққа тірелетін едік — ақша жоқ, тапсырыс орындалуы керек, әйтпесе уақытында жеткізбегеніміз үшін айыппұлға ұшырап, мемлекеттік сатып алуға қатысудан қалып қоятын едік».

Жоспарлар

Өндіріс

Зауыт үзіліссіз дамысын десеңіз, өндіріс паркін жүйелі түрде жаңартып отыруыңыз қажет.

«Біз өндірістің барлық элементтеріне қажет құрылғыларды – кесу, майыстыру, дәнекерлеу құралдарын тұрақты түрде жаңартуға тырысамыз. Мұндай жұмыстар үнемі жалғасатын болады».

Қоғамдық тапсырыстардан жеке тапсырыстарға көшу

Зауыт мемлекеттік тапсырыстардан барынша бас тартуды жоспарлауда, өйткені оларға байланысты жұмыс тұрақсыз болады. Мемлекетте тапсырыс бірде бар, бірде жоқ болуы мүмкін. Сондықтан зауыт техниканы мұнай-газ және жеке меншік секторларына жеткізу үлесін арттыруда.

Экспорт

Алдағы жылдары зауыт ТМД елдеріне экспортқа шығуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жасалған алғашқы қадам — Ресейге ауыр жартылай тіркемелер жеткізу болды.

Ребрендинг жасауға уақыт келді

«УральскАгроРемМаш» атауы қазіргі таңда ескірді, оны өзгерту керек. Мұны тәжірибе де дәлелдеп отыр: зауыт өкілдері жиналыстар мен көрмелерге қатысқанда, компаниямыз ауыл шаруашылығы саласында тракторлар мен тұқым сепкіштер шығарады деп басқалар қате ойлайды. Сондықтан, зауыт басшылығы компания атауын өзгертіп, ребрендинг жасауды жоспарлап отыр.

Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған кеңестер

Ең алдымен, зор ынта болуы керек — кез келген өндіріс толық қызығушылық болғанда ғана жүреді. Біріншіден, кәсіпкер жұмыстың мән-жайын түсіну үшін өңдеуші өнеркәсіп саласында жобаны қоспас бұрын өндірісте шамалы тәжірибе алу керек. Процестерді түсінбей тұрып, бизнес ашқан өте қиын. Өндіріс — бұл ауыр кәсіп, оны жүргізу үшін көп еңбектеніп, шығындану керек, әрі табысы да мол емес. Онымен айналысу үшін үлкен талпыныс пен ынта қажет.

Сондықтан болар, жас кәсіпкерлердің көбі жылдам ақша тапқысы келіп, өндіріске бармай, саудаға бет бұрады.

Айналадағы экономикалық және технологиялық жағдайлар үнемі өзгеріп отырады, сондықтан да, өндіріспен айналысу үшін ынталы болу жеткіліксіз — оған бейімді әрі икемді болу қажет, шығындарды барынша азайту қабілеті де болғаны маңызды.