Pool city: балаларға арналған бассейн ашу

Ауыр жағдайдан шығу үшін бизнес құру

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Махичехра Санжарова

Өскемендік Анна Ананина ұлына диагноз қойылған соң автокөлігі мен пәтерін сатып, бар ақшасын Pool City балаларға арналған жаттығу бассейнін ашуға салды. Инвестиция бір жыл ішінде ақталып, бизнес табыс әкеле бастады. Жас кәсіпкер қыз бизнестің қыр-сырын ашып, қандай қиындықтарға тап болғанын және бұл іспен неліктен ары қарай айналыспақшы екенін айтып берді.

Арман қумай, зәру болдым 

Мен банкте бағалаушы болып жұмыс істеп жүрдім, ол кезде кәсіп ашу деген еш ой болмады. Бала туғаннан кейін мен отбасыма көбірек көңіл бөлгім келді, себебі балам дүниеге денсаулығы нашар болып келді. Кезекті комиссияда ұлым диагноз алды. Біз баламыз үшін бәрін жасауға дайын болдық. Сол сәттен бастап үнемі оңалтудан өтіп, емдік дене шынықтыруға қатыса бастадық. Елімізде мұндай диагнозы бар балалар өкпесі әлсіз болғандықтан жиі қайтыс болады. Дәрігерлер бізге жүзумен айналысуға және массаж жасауға кеңес берді.

Біз баланы бассейнге апара бастадық, оған жақсы жаттықтырушы таптық. Сол кезде алғашқы нәтиже де пайда бола бастады. Бізге үнемі аптасына үш рет жаттығып, бұндай режимді өмір бойы ұстану керек. Сол бір жыл ішінде біз неше түрлі жерге бардық, бірақ маған қаламыздың орталықтарындағы гигиена, қосымша қызметтер мен тұрмыс жағдайларына ана тұрғысынан да, клиент тұрғысынан да көңілім толмады. Мен өте тынымсыз ана болдым, балама барлығының ең жақсысын бергім келді.

Дәл сол сәтте менде талабыма сай балаларға арналған бассейнін ашу идеясы пайда болды. Ол кезде бізде көлік және салынып жатқан үйде пәтер болатын, біз оларды сатып, бәрін бизнеске саламыз деп шештік.

Бассейнге орын іздеу

Біз жалға берілетін орын іздей бастадық. Каркасты бассейндер орнататымыз деп біз бірден шештік, өйткені олар жылжымалы, ыңғайлы және іргетасқа қаланатын бассейндерге қарағанда арзанырақ. Сөйтіп, біз перспективті, бәсекелестері жоқ және үйге жақын аудан таңдап алдық.

Біз көптеген хабарландыруларды қарап шығып, ұсыныстардың көбі бізге жақпайтынын көрдік. Ақыры бір күні бір дүкенге су сатып алуға кіріп, дүкен жалдап жүрген адамдар жақын арада көшкелі отырғанын анықтадық. Ол дүкен тұрғын үйдің астыңғы қабатында орналасқан жақсы және жайлы орын екен. Дүкен иесі үш ай жалдауға алдын ала 1 миллион теңге сұрады. Оны төлеу үшін біз көлігімізді саттық. Орын жалдау ақысын жөндеу жұмыстары кезінде де төлеу керек болды, бірақ көзіміз жанып, іске тез кірісіп кеттік.

Бизнеске арналған үйжайды қалай жалдауға болады

Жұмысты ұйымдастыру

Біз бұл салада бұрын жұмыс істемегендіктен, балаларға арналған бассейн ұстайтын ерлі-зайыпты таныстарды таптық. Олардан көмек сұрадық: бизнестің нюанстарын айтып беріп, жабдық жеткізушілерін іздеуге көмектесіп, дайындық кезеңінде кеңес беріп отырсаңыздар, ақшасын төлейміз деп келістік. Бірақ кейін олар бізге бағалардың барлығын көтеріп жібергенін түсіндік. Мысалы, олар каркасты тостағандарға 800 мың теңге сұраса, сайтта ол 500 мың теңге тұрады екен. Бізге ондай жұмыс әрине ұнамады. Ақыры бәрін өзіміз істейміз деп шештік.

Бөлмелер жөнделіп тапсырылғаны бізге жақсы болды, ол жерге тек каркасты тостағандар сатып алып орнату, стандарттарға сәйкес желдету жүйесін жүргізу, шкафтар мен жиһаз орнату, сүлгілер мен басқа да керек-жарақ сатып алу ғана керек болды. Бірақ оған да ақша қажет болды. Біздің ақшамыз бітіп қалған еді, сол себепті пәтерімізді сатуға тура келді.

Қажет заттардың барлығын сатып алып, тостағандарды орнатып, құрылымдарды нығайтып, сүзгілеу және хлорлау жүйелерін қосқаннан кейін, қызметкерлер тауып, 2019 жылғы наурыз айында ашылдық.

Тосын қиындықтар

Орталығымыз ашылғаннан кейін тұрғындар үйлерінде балалар бассейні орналасқанына қарсы болды, себебі су басып, дымқыл пайда болатынынан және басқа да мәселелер туындайтынынан қорықты. Бізге тексеріс келіп бітпеді.

Біз әдеттегідей жұмыс істеп жүрдік те, соттан шықпай қойдық. Заң бойынша бассейндерді үйлердің төменгі қабаттарында барлық санитарлы нормаларды сақтай отырып орналастыруға болады. Оған қоса, сәулет тұрғысынан бізде қалыпты бассейн емес, каркасты құрылым орнатылған — оның суын кез келген уақытта ағызып, барлығын жинап, алып тастауға болады, сонда жалға алынған бөлме өзінің бастапқы қалпына келеді, бұл туралы сараптама қорытындысы да бар.

Бұл оқиға екі жарым жылға созылды. Пәтер иелері кооперативі төрағасы бізге қарсы шығып, үнемі кедергі жасап жүрді, оның мақсаты бізді қалай болса да орнымыздан қуып шығу болған сияқты.

Біз үш сот ісін жеңіп, тұрғын үйде орналасуға құқығымыз бар екенін дәлелдедік.

Команда

Ең қиыны маман тауып, команда жинау болды. Мен медицина саласында білімі бар немесе дене шынықтыру және спорт саласында білімі бар жаттықтырушыларды іздедім. Администратор ретінде клиенттермен оңай тіл таба алатын жас қыздарды іздедік, бірақ әдетте қыздар бір орында ұзақ істемейді екен.

Қазір бізде екі филиал мен 21 қызметкер бар. Әр филиалда екі тазалаушы, екі администратор және бір басқарушы істейді. Үнемі су ішінде жұмыс істеу қиын болғандықтан, он бір жаттықтырушы кезекпен ауысып отырады. Орталық 8:30-дан 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Жаттықтырушылар екі филиалға қатар ауысып шығады.

Жұмысқа қабылданған кезде әрбір жаттықтырушы әдістеме бойынша арнайы оқудан, содан кейін тағылымдамадан өтеді. Мен тағылымдама мерзімінде клиенттерге жаңа тренермен екі ай тегін жаттығуды мүмкіндігін беремін де, олар біздің орталығымызды әлеуметтік желілерде белгілейді. Бұл клиент тарту әдістерінің бірі, сондай-ақ бір баласын әкелген ананың, екінші баласы да айналысқысы келіп тұрады.

Клиент тарту

Бассейн екі айдан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған. Жаттығу шамамен 30 минутқа созылады. Бізге дені сау балалар да, мұқтаж балалар да келеді. Сауықтыратын жүзу церебральды сал ауруы, аутизм, Даун синдромы сияқты диагноздары бар және түрлі неврология проблемаларына шалдыққан балаларға көмектеседі. Бұндай балалар өмір бойы оңалтудан өтеді, курстап өтетін бағдарламалар оларға жарамайды.

Қазір клиенттеріміз бізге екі канал бойынша  — ауыздан ауызға сөз тарату арқылы және Instagram арқылы келеді. Әлеуметтік желідегі парақшаны мен өзім жүргіземін.

Ең басында акциялар ұйымдастырып жүргенде мен ай сайынғы абонементті 20 мың теңгеге емес, 10 мың теңгеге сатып жүрдім. Бастысы, шығын мен жұмысшылардың жалақысына жетсе болатын. Менің мақсатым клиент базасын жинау болды. Жобаны дамыту кезінде, әрине, ақша тапқым келеді, бірақ жақсы нәтиже алу үшін мен күте тұруға дайынмын.

Мен қаламызда тұратын әр түрлі блогерлермен жұмыс істедім — олар бізге бір ай бойы  тегін келіп, өз парақшаларында біз туралы әңгімелеп отырды. 2ГИС-те де жарнама қостым, бірақ ол нәтиже бермеді. Оған қарағанда таргет жақсы нәтиже берді — бағасы қымбат болғанымен, клиенттер келді. Менде жүйелі түрде жарнама беріп тұратын жеке маман жоқ. Қазір біз тек ағымдағы сұраныстарды қарастырамыз, ал керек кезде жарнама түрлерінің бірін қосамыз.

Мемлекеттен грант алдым

2020 жылы бізге сол ауданда тағы бір орын жалдау ұсынысы түсті. Бұл жолы бізге жөндеу жүргізген уақытта жалдау ақысын төлемеуге рұқсат беріліп, біз өз қалауымыз бойынша жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Екінші жерде балалар бассейнін ашу үшін «Гидрореабилитация» бағыты бойынша мемлекеттен қолдау алуға және бизнесімді дамытуға өтінім беріп, 5 миллион теңге ұтып алдым.

Бұл грант жабдық шығынының жартысын өтеп берді, бірақ біз өз ақшамызды да салдық. 

Бизнесті дамытуға 5 млн теңге ұтып алу

Шығын

Тостағандарда су температурасын екі түрлі жолмен сақтауға болады: суық су құйып, оны жылыту, немесе бірден жылы су құю. Біз екінші жолын таңдадық. Суды механикалық тәсілмен тазарту үшін суды құм салынған сүзгі қондырғылардан сүзіп шығаратын сорғы қолданылады. Су тазартылады, хлорланады, ультракүлгін сәуледен өтіп, қайтадан бассейнге қайтарылады. Бұл үздіксіз процесс, сорғы бір сағат ішінде бассейндегі барлық суды сүзгі арқылы тазартып шығарады. Біз судың температурасын үнемі қадағалап отырамыз, балалар жаттығатын бассейнінде ол 32-34 градус шамасында, ал ересек адамдар жаттығатын бассейінде — 28 градус болуы керек. Бөлмедегі температура деңгейі де маңызды, ол арнайы құрылғы арқылы бақыланады: егер температура 27 градустан төмен түссе, аппарат қосылып, ауа қыза бастайды. Біз ай сайын суды толығымен ағызып, тостағандарды жуып, дезинфекция жасаймыз. Барлық процедура шамамен 18 сағат алады.

Бұл техникалық ерекшеліктер шығындарға тікелей әсер етеді. Бізде бір жаттығу сабағының бағасы жоғары болып шығады. Ай сайын электр жарығына 300–400 мың теңге төлеймін. Жалпы алғанда, табыстың 10% коммуналды төлемдерге кетеді. Қызметкерлердің жалақысына жалпы табыстың 35% кетеді, ол клиент санына байланысты. Қызметкерлердің барлығы заңды түрде жұмыс істейді. Жалдау ақысына 450 мың теңге кетеді. Биылғы жылы ашылайын деп жатқан жаңа орынның ауданы үлкен болғандықтан, оның ақысы да жоғары болады — шамамен 800 мың теңге шығып тұр. Одан басқа, ағымдағы шығындар бюджеттің 5% алады, салықтар — 3%, төлем терминалдары арқылы төлем қабылдағанда банк 1% комиссия алады. Соңында таза пайда 30% шамасында шығады.

35% қызметкерлердің жалақысы
16% орын жалдау
10% коммуналды төлемдер
3% салықтар
1% банк комиссиясы
5% ағымдағы шығындар
30% таза пайда


Бір жаттығу сабағының бағасы 3500 теңге. Мен мұқтаж балаларға тек шығындар мен жаттықтырушы жалақысын өтейтіндей арзанырақ баға қоямын, олардан өзім еш тиын таппаймын. Өмір маған басқа жерде қайтаратынына сенемін.

Жоспарлар

Біз 2024 жылы үшінші филиал ашуға дайындала бастадық. Бізбен істейтін жалға беруші адам тағы бір коммерциялы алаң салып, қайта бірге жұмыс істейік деді. Қазір ол жерде біздің жобамызға сай жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу біткеннен кейін бізге жабдық пен инфрақұрылым орнатуға үш ай уақыт беріледі. Біз үш жастан үлкен балалар мен ересектерге ұзындығы 17 метр бассейн ашқалы отырмыз, себебі қаламызда ересектерге арналған таза бассейндер шамалы. Оны осы жылғы қыркүйек айында ашамыз деп жоспарлап отырмыз.