TikTok-та бизнесті дамыту және сауда жасау жолдары
Парақшаны дайындау, жарнаманы қосу, трендтерден хабардар болу
Мақаланың мазмұны
TikTok — бұл көңіл көтеруге ғана емес, сонымен қатар бизнесті алға жылжытуға да қолайлы ең танымал әлеуметтік желілердің бірі. Бұл алаң арқылы кәсіпкерлер тауарларын сатып, қызметтерін ұсынады және әлеуетті клиенттерін қызықтыратын контент жасай алады. TikTok арқылы бизнесті дамыту жолдары мен ондағы қазақстандық кәсіпкерлер қалай табыс табатынын айтып берейік.
Нысаналы аудиторияны анықтап, бизнес-аккаунтқа көшу
Компанияның әлеуетті клиентін анықтап алу — табысқа жетудің алғашқы қадамы. Желіде тіркелмес бұрын блогтың бағытын таңдап, контент стратегияны құрастырған жөн. Ол үшін бірнеше сұрақтарға жауап беру керек: парақшаға кім кіретін болады, тауарларыңызды кімге сатып, қызметтеріңізді кімге көрсетесіз және осы тауашадағы бәсекелестерден қалай ерекшеленесіз.
Мысалы, гүл дүкені TikTok-та сауда жасағысы келеді, бірақ мұнда жоғары бәсекелестікке тап болады. Көптеген ұқсас парақшалардың арасында жоғалып кетпеу үшін бірегей даму стратегиясын таңдау маңызды. Мүмкін сіз көрермендердің күлкісі мен эмоциясын оятатын, көңілді және есте қаларлық контент түсіріп жатқан боларсыз немесе күнделікті арзан бағалы науқандар өткізетін шығарсыз немесе шабыттандыратын, романтикалық видео арқылы сатып алуға ынталандыратын шығарсыз. Ең бастысы — басқалардан ерекшелену.
Сонымен, бірінші қадамды жасайық — парақшамызды бірден аналитикаға, таргет жарнамаға және басқа құралдарға мүмкіндік беретін бизнес-аккаунтқа ауыстырамыз. Ауысу үшін профиль баптауына өтіп, тиісті аккаунт түрін таңдау керек.
Контент жасап, парақшаны дайындау
Компанияның профиль сипаттамасында үш мәліметті — мекенжай, байланыс әдісі және әлеуметтік желіге сілтемені көрсету керек. Клиенттің компания көмегіне жүгіну барысы мүмкіндігінше оңай өтуі керек, қай жерге келіп, кімге хабарласып, жазу керектігі бірден түсінікті болуы қажет.
Тартымды және құрылымы бар аккаунт клиентті қызықтырып, сеніміне ие болады және жазылуға итермелейді. Осыған қатысты бірнеше кеңес бар:
- профиль суреті ретінде компания логотипін немесе жасайтын қызметіңізге сәйкес суретті қойған дұрыс. Ең бастысы — қарапайым әрі есте қалатын сурет
- аккаунт атауы қысқа және түсінікті болуы керек, компания атауын немесе қызмет бағытын жазуға болады
- бір-екі сөйлеммен парақшаны сипаттау үшін немен айналысып, қандай тауар ұсынатыныңызды жазыңыз, сондай-ақ бірегей сауда ұсынысын немесе аудитория бұдан қандай пайда көретіні туралы жазыңыз
- сайтқа немесе Instagram, Telegram, Youtube сияқты басқа әлеуметтік желілерге сілтеме қалдырыңыз
Әрі қарай 6-10 бейне-контент жариялау керек, осылайша клиент сіздің кім екеніңізді, не сататыныңызды және парақшаңызға неліктен жазылу керектігін бірден түсінеді. Профильді қалыптастыру 7 күннен 10 күнге дейін уақыт алады. Бұл кезеңде кідіріп қалмаңыз.
Танымал адамдар ұзақ бейнелерді жариялай береді (60 минутқа дейін рұқсат етіледі), себебі адамдарға оларды қараған қызық, бірақ тауарлар, курс сататын немесе қызмет көрсететін коммерциялық аккаунттарға ұзақтығы бір минутқа дейін бейнелер салған жеткілікті. Алайда көрсетілетін қызмет пен сатылатын тауардың артықшылықтарын көрсету үшін 15 секунд тым аз.
Парақшаны дамыту
Парақша сауда жасауға дайын. Енді ең қызығы басталады — оны дамыту, яғни қаралымдар мен жазылмандардың санын арттыру. Жазылмандардың санын арнайы қызметтерді қолданып көбейту керек емес, керісінше сатып алғысы келетін нысаналы аудиторияны жинау маңызды.
Бастапқы кезеңде аптасына 5 рет жазба жариялау керек. Бұл көп болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде, мысалы, дүкендерге бұл күніне бір тауарға шолу жасау дегенді білдіреді.
Трендтерді қолдану
Трендтер — бұл TikTok-тағы контентті алға жылжытатын негізгі құрал. Компаниялар әлеуметтік желі оларды басқа пайдаланушыларға ұсыну үшін танымал дыбыстарды, хэштегтерді және челлендждерді пайдалана алады. Дегенмен, бірегейлікті сақтау үшін трендтерді брендіңіздің ерекшелігіне сай бейімдеу маңызды.
Пікірлерге жауап беру және тікелей эфир жасау
Пікірлерге жауап беру, пікірталастарға қатысу маңызды — өзара әрекеттесу неғұрлым көп болса, бейненің көрсетілу жиілігі соғұрлым жоғары болады.
Алаңда тікелей эфирлерге (стримингтерге) шығу мүмкіндігі бар, бұны да тауарға немесе қызметке жарнама жасау үшін қолданады. Бұл аудиторияның қызығушылығын арттырады — стрим кезінде аудиториямен әрекеттесіп, сұрақтарға жауап беріп, өнімнің сапасын, бағасын талқылауға болады. Орта есеппен алғанда, компаниялар тікелей эфирде шамамен төрт сағат бойы отырып, тауарды жарнамалай алады, оның ерекшеліктері туралы айта алады немесе кәсіпорынды көрсете алады. Осындай формат брендтің артында шынайы адамдар тұрғанын көрсетуге көмектеседі. Айтпақшы, алаңның өзі тікелей эфирлерді пайдаланушыларға ұсынып, стримның басталғаны туралы хабарлайды. Бұл үлкен аудиторияны жинауға көмектеседі.
Блогерлермен бірлесіп жұмыс істеу
Блогерлер аудиторияның сеніміне тез ие болуға көмектеседі. Аудиториясы сіздікімен сәйкес келетін тауашалы блогерлерді таңдап, ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізіңіз. Бұл тауарға шолу, тауар жайлы еске салу немесе челленджге қатысу болу мүмкін. Блогерлердің жарнамасы тегін емес екені анық. 500 мың аудиториясы бар блогерлер әзіл-оспақ, отбасылық құндылықтар сияқты кең тақырыптарды қамтиды, олар 500 мың теңгеден бастап ақы алады. Аудиториясы 15 мыңға жуық блогерлер, бір нақты тақырыбы бар, мысалы, нутрициологтар, фитнес-сарапшылар, риэлторлар, психологтар 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін сұрай алады.
Бұл тақырыптың жалғасы ретінде талқылауға тұрарлық тағы бір маңызды және нәтиже беретін қадам — бұл таргет жарнаманы қосу. Оны бөлек талқылаймыз.
Жарнама қосу
TikTok-та жарнаманы қосу үшін келесі қадамдарды орындау керек:
- бизнес-аккаунт-қа көшу
- TikTok Ads Manager-ге тіркелу
- бюджетті толтыру
- таргетке жіберу керек бейнені таңдау
- жарнама кабинетінде таргетті баптау
- іске қосу
Әрі қарай, жарнама модерациядан өтуі керек. Модерациядан сәтті өткеннен кейін жарнама пайдаланушыға көрсетіле бастайды.
Жарнамалық науқанның күнделікті бюджеті 20 доллардан басталады, бірақ жарнаманы бір күнге қосуға болмайды, бірден бес күннен немесе одан да көп уақытқа төлеп қою керек. Сондай-ақ, TikTok 8% мөлшерінде салық алады. Мысалы, компания 10 күн бойы бейнены жарнамалауды жоспарлап отыр дейік, яғни 200$ + 8% қажет болады.
Нәтижелерді талдау
TikTok аналитикасы жасалған әрекеттердің қаншалықты тиімді болғанын түсінуге көмектеседі. Қаралымдарға, лайктардың, пікірлердің, бөлісулердің санына, аудиторияның қатысуына, профильдегі сілтемелер бойынша өтулерге назар аударыңыз.
Әр аптаның соңында компания қай бейне жақсы нәтиже әкелгенін және қайсысы аудиторияға ұнамағанын талдауы керек. Көбісі бейне 1 миллион қаралым жинаса, бұл керемет нәтиже деп ойлайды. Шын мәнісінде олай емес.
Көп қаралым жинады дегеніміз — бұл бейне басқа бейнелерге қарағанда көбірек қаралымға ие болғаны білдіреді. Мысалы, жарияланған 10 бейненің ішінде жетеуі 300-400 рет қаралым алды, ал үшеуі 1500 рет қаралды. Демек, бұл бейнелер аудиторияны қызықтырады, бұл тақырыптарға тағы бейне түсіру керек. Келесі бейнеге сізге ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ — сол форматта, стильде ұқсас тақырыпқа бейне түсіру керек.
Тұрақты талдау стратегияны түзетуге және нәтижелерді жақсартуға көмектеседі.
Кәсіпкерлердің кейстері
Ульяна Попова, @moon.collection.kz-тің маркетинг жөніндегі директоры:
Біз бір жарым жыл бұрын әшекей бұйымдар дүкенін аштық. Біздің негізгі сату арнамыз — бұл Астана мен Алматы қалаларындағы офлайн дүкендер. Біз TikTok-ты брендтің имиджін нығайту үшін қолданамыз, ассортиментті, шеберхананың ішінде не болып жатқанын көрсетеміз, осы маусымда не тренд болғанын айтамыз. Контент эстетикаға, шабытқа және сұлулыққа назар аудара отырып жасалады. Бізде клиент қай сату арнасынан келгенін бақылайтын жүйе жоқ, сондықтан біз TikTok-тан келетін тапсырыстарды сайтқа немесе мессенджерлерге жібереміз.
Шығындардың ішінде смм мамандардың қызметтері кіреді — бұған ай сайын шамамен 400 мың теңге кетеді. Біз жасаған бейнелерді бірден екі әлеуметтік желіге — TikTok және Instagram-ға қолданамыз. Бізде жарнамаға кететін нақты бір бюджет қарастырылмаған. TikTok-та таргет жарнамасын іске қосқан кезіміз болды — осы уақыт ішінде бұған барлығына шамамен 300 мың теңге жұмсалды. Мүмкіндігінше тікелей эфирлерді жүргіземіз, олардың өз шарттары бар екен, мысалы, эфирге шығу үшін 1000-нан астам жазылушы қажет, ал эфирге шыққан адамнын жасы 18-ден асқан болуы керек. Жалпы, TikTok алаңы бізді қызықтырады және біз бұл бағытта әрі қарай жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Аружан Болтаева, @lux.odezhda.almaty брендтің негізін қалаушы:
Мен әйелдер киім дүкенің аштым. TikTok-тағы парақшамды бір жыл бұрын белсенді түрде жүргізе бастадым. Мен бастапқыда нысаналы аудиторияма не тиімді екенін түсіну үшін неше түрлі форматтармен жұмыс жасадым, контентті өзім түсіріп жүрдім, қазір бейнені өңдеу және монтаждау үшін мамандарды тартамын. Олардың қызметтері айына шамамен 100–150 мың теңгеге шығады. Мен жұмысымда визуалды жақсартатын сапалы жарықтандыруды, кәсіби микрофонды және бейне редакторларын қолданамын. Күніне 2–3 бейне жариялаймын — бұл аудиторияның назарында болуға және әлеуметтік желі алгоритмдерін қолдауға көмектеседі.
TikTok — бұл керемет алаң, өйткені оның алгоритмдері тіпті жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге кең аудиторияға шығуға мүмкіндік береді. Менің мұндағы басты мақсатым — бұл сату. Сатудың ең тиімді жолы — бұл тікелей эфирлерді жүргізу, одан кейін менің тауарыма бейімделген трендтік бейнелер түсіру, сонымен қатар мен білім беру бейнелер түсіремін, алаң арқылы қалай сатуға болатынын айтып, жаңадан бастаған кәсіпкерлермен пайдалы кеңестермен бөлісемін.
TikTok маған барлық сатылымдардың ішінде шамамен 70%-ын әкеледі. Сатудың негізі құралы — тікелей эфирлер. Мен ақылы таргет жарнаманы қоспаймын. Тікелей эфирден түскен табысым орта есеппен алғанда 300–500 мың теңгені құрайды. TikTok арқылы айына 4-6 млн теңгеге дейін табыс табамын. Тікелей эфирлерді ванхундар жүргізеді — бұл эфир кезінде тауарларды көрсететін және клиенттермен сауда жасайтын қыздар. Олар сатылымдардан өз пайызын алады.
Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге сапаны жақсартуға ақша аямай салу керек, сонымен қатар тікелей эфирге шығуға кеңес беремін — бұл шынымен нәтиже береді, аналитиканы қадағалап, әрдайым белсенді болу керек.
Ерлан Атикеев, @unimarket.kz онлайн дүкеннің иесі:
Біз ірі тұрмыстық техниканың көтерме саудамен айналысамыз, бизнесті үш жыл бұрын бастадық. TikTok алаңына 2024 жылдың ақпанында шығып, осы уақыт ішінде парақшамызды жақсы алдыға көтере алдық — қазір бізде 35 мыңға жуық жазылушымыз бар. Біз тауарларды қоймаға әкелгеннен бастап бейнелерді салып тұрамыз, егер қызықты ұсыныстар болып жатса — тұрмыстық техникадан жиі комбо дайындап, науқанды жарнамалауды бастаймыз. Біз контенттің жүйелілігін сақтауға тырысамыз, өйткені кез-келген тауар сату үшін тұрақтылық қажет екенін түсінеміз. Контентті өзіміз түсіреміз, әйелім монтаж жасауға көмектеседі — ол кәсіби мобилограф, бейнені өңдеп, салатын уақытын ұсынып тұрады. Біз сырттан мамандарды тартпаймыз, бәрі өз күшімізбен жасаймыз. Тікелей эфирге шықпаймыз және таргет жарнаманы қоспаймыз — біз таргетті бір рет қосып көрдік, бірақ ол нәтижесін бермеді, көру саны біздің көңілімізден шықпады. Біздің алға жылжуымыз — табиғи түрде орын алады, бейнелер өздері адамдарға ұнап, жиі көрсетіледі.
Бізде бірнеше сату арналары бар — бұл маркетплейстер мен Instagram және TikTok сияқты әлеуметтік желілер. Солардың ішінде TikTok барлық сатылымдардың көбісін әкеледі, адамдар қоңырау шалып, жазып тұрады. Бұл арнадан күніне сатылымдар 2–3 млн теңгеге құрайды, ал айлық айналымы — 30–35 млн теңгеге жетеді.
Жаңа бастаған кәсіпкерлерге осы алаңға шығып, тауар немесе қызмет көрсетуді алға жылжуды ұсынамын. Сіздің бірегей өніміңіз болуы керек. Біздің бірегей сауда ұсынысы — бұл қол жетімді бағалар мен кең ассортимент. Жариялау кезінде өз бетінді көрсету маңызды — бұл аудиторияның сенімін тудырады. Камераға сөйлеуге уялмаңыз, бәрі тәжірибемен келеді. Алғашында бізде де бірнеше түсірілімдер болды, енді бейнелерді бірден түсіре бастадық. Ең бастысы — бастау.
Нені есте сақтау керек
- TikTok-қа міндетті түрде шығып, қызықты контент жасаңыз, сіздің әлеуетті сатып алушыларыңыз осында бар
- Контентті көбірек пайдаланушылар көру үшін танымал трендтер мен хэштегтерді пайдаланыңыз
- Аптасына бес бейнені жариялаңыз, ең көп қаралған бейнелерді алдыға тіркеп қойыңыз
- Клиенттерді қызықтыру үшін комментарийлерге жауап беріңіз және өзіңіз сұрақтар қойыңыз
- Аудиторияны кеңейту және брендке деген сенімділікті арттыру үшін микроинфлюенсерлермен серіктес болыңыз
- Пайдаланушыларды сатып алуға ынталандыру үшін конкурстар мен акциялар жасаңыз
- Барлығы ойдағыдай екенін түсіну үшін аналитиканы қадағалап отырыңыз
TikTok ойластырылған даму жоспарымен кіру арқылы жаңа тұтынушыларды тартады және сатылымдарды арттырады. Ең бастысы — креативті болу, трендтерді қолдану және аудиториямен сөйлесу.