Бизнес туралы мақалалар

Қазақстанда пәтерді заңды түрде жалға беру

ЖК тіркеу және тұрғын үйді жалға беру шартын жасасу

Қазақстанда пәтерді заңды түрде жалға беру
Маржан Кобеева

Маржан Кобеева

сарапшы, SQIF Capital АҚ-ның заң департаментінің директоры

Мақаланың мазмұны

Тұрғын үйді жалға беруден түсетін табыс ресми түрде тіркеліп, оған салық салынуы тиіс. Пәтерді заңды түрде ЖК ретінде тіркеліп те, тіркелмей де жалға беруге болады. Салық салу режимінің қолайлы түрін таңдау және заңды бұзбай әрекет ету жолдарын осы мақалада түсіндіреміз.

Тұрғын үйді жалға беру шарты

Бұл құжат жалға алушы мен жалға беруші арасындағы келеңсіз жағдайларды алдын алуға көмектеседі. Шартта әдетте жалға беру мерзімі, төлем сомасы мен күні, сондай-ақ кепілдік жарнасының бар-жоғы көрсетіледі. Сонымен қатар, пәтердің жай-күйін тексеру жиілігін, тұрмыстық техниканы бүлдірген жағдайда зардапты өтеу қажеттілігі мен тараптардың келісімі бойынша басқа да қосымша шарттарды атап өтуге болады.

Пәтердегі техника, жиһаз бен интерьер заттары қабылдау-тапсыру актісінде көрсетіледі. Бұл құжат үйдегі заттар бүлінген немесе жоғалған жағдайда қажет болады.

Мұндай шарттар нотариалды куәландыруды талап етпейді, тек жалға алушы мен жалға берушінің қолы жеткілікті.

Пәтерді ЖК ретінде тіркелмей жалға беру

Тұрғын үйді жалға беру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Мұндай жағдайда жеке тұлға ретiнде табыстың 10% мөлшерiнде табыс салығы төленеді.

Мысалы, егер пәтерді айына 300 000 теңгеге жалға берсеңіз, онда жылдық табыс:
300 000 ₸× 12 ай = 3,6 млн теңгені құрайды.

Бұл сомадан есептелетін салық: 3,6 млн ₸ × 10% = 360 000 ₸.

Жыл сайын 270.00 СЕН нысаны бойынша декларация тапсырылады.

Есеп беру мерзімі: келесі жылдың 31 наурызына дейін. Мысалы, 2025 жыл бойынша декларацияны 2026 жылдың 31 наурызына дейін тапсыру керек.

Салық төлеу мерзімі: келесі жылдың 10 сәуіріне дейін. Мысалы, 2025 жыл бойынша салықты
2026 жылдың 10 сәуіріне дейін төлеу керек.

Пәтерді ЖК ретінде жалға беру

Тұрғын үйді жалға беретін жеке кәсіпкерге салық салудың екі түрі қолжетімді: патент негізінде және оңайлатылған режим бойынша.

«Меншікті жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқару» (68201) ЭҚҚЖ коды таңдау ұсынылады.

ЖК салықтар мен әлеуметтік аударымдарды төлеуге міндетті. Олар ең аз дегенде 1 АЕК-тен (2025 жылы 85 000 теңгеден) есептеледі.

Әлеуметтік аударымдар есебі:

  • МЗЖ (зейнетақы жарналары):
    85 000 ₸ × 10% = 8 500 ₸
  • ЖМЗЖ (жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары):
    85 000 ₸ × 2,5% = 2 125 ₸
  • ӘА (әлеуметтік аударымдар):
    85 000 ₸ × 5% = 4 250 ₸
  • МӘМСЖ (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары):
    1,4 × 85 000 ₸ × 5% = 5 950 ₸

Сонымен, әлеуметтік аударымдардың ең төменгі сомасы 20 825 теңгені құрайды.

Салық сомасы таңдалған салық салу режиміне байланысты өзгеріп отырады.

Патент

Патенттегі ЖК-ларға қызметкер жалдауға тыйым салынады. Жылдық табысы 3 528 АЕК-тен (2025 жылы 13 872 096 теңгеден) аспауы тиіс. Бұл дегеніңіз, жалдау ақысы айына 1,15 млн теңгеден немесе тәулігіне 38 мың теңгеден аспауы қажет. ЖК бірнеше пәтерді бір жылға емес, әртүрлі мерзімге жалға беруі мүмкін. Бірақ табысының жалпы сомасы белгіленген лимиттен аспауы тиіс.

Патенттегі ЖК кірістің 1%-ы мөлшерінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді.

Оңайлатылған ЖК

Тұрғын үйді жалға беретіндер сондай-ақ оңайлатылған ЖК ретінде тіркеле алады. Патенттен айырмашылығы — қызметкерлерді штатқа қабылдауға болады, ал табыс шегі жоғары, яғни 24 038 АЕК-ті (2025 жылы 94 517 416 теңгені) құрайды. Жалға беруден түсетін жалпы табыс айына 15 млн теңгеден немесе тәулігіне 517 мың теңгеден аспауы тиіс.

ҮИЖ-ні қолданғанда жарты жылдық табыс 94 086 АЕК-ті (2025 жылы 369 946 152 теңгені) құрауы мүмкін — бұл айына 61,6 млн теңге немесе тәулігіне 2 млн теңгеге тең.

Оңайлатылған ЖК төлейтін табыс салығы табыс мөлшерінің 3%-ын құрайды: 1,5% — табыс салығы, ал 1,5% — әлеуметтік салық.

Жеке кәсіпкер 910.00 CЕН нысаны бойынша оңайлатылған декларацияны тапсырады. Табыс салығы жалпы айналымнан жарты жылдық үшін төленедi. Бұл есеп әр жарты жыл сайын берілуі тиіс, бірақ ол ЖК-ны ашқан уақыттан жарты жыл өткенде емес, арнайы белгіленген мерзімде тапсырылады:

  • І жарты жылдық үшін — 1 шілдеден 15 тамызға дейін
  • II жарты жылдық үшін — 1 қаңтардан 15 ақпанға дейін

Салық салу режимiн таңдау кезiнде табыстың мөлшеріне назар аударғаныңыз жөн. Мысалы, егер табыс аз болса, ЖК тіркемей-ақ немесе патенттегі ЖК ретінде жұмыс істеу тиімдірек. Ірі бизнес жасауды жоспарласаңыз, оңайтылған ЖК болып тіркелгеніңіз дұрыс.

 

Пәтерді заңды түрде жалға беру арқылы айыппұлдардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, тегін медициналық қызмет алуға және БЖЗҚ-дағы жинақтарды ұлғайтуға мүмкіндік туады. Мұндай ресми табыс несие ресімдеу кезінде, соның ішінде ипотека алу кезінде де ескеріледі. Тұрғын үйді жеке кәсіпкер ретінде немесе жеке тұлға ретінде тапсыруға болады, бәрі табыс сомасына байланысты. Пәтерді жалға беру алдында үйді жалға беру шарты мен қабылдау-тапсыру актісін жасау керек. Бұл заңдық және қаржылық мәселелерден қорғануға мүмкіндік береді.