Мен би студиясын Instagram арқылы өрге бастырдым
Бизнесті креативті тәсілмен дамыту туралы әңгіме
Мақаланың мазмұны
Жансая Қудайберген төрт апта ішінде Астанада Fame би мектебін ашты. Екінші айда бизнес табысқа шықты да, бір жыл өтпей, Жансая бизнесін кеңейтіп, франшиза ашты, ал ақыр соңында студияларын сатып жіберді. Ол бізге инвесторларды қалай іздегенін, клиенттерді қандай тәсілдермен тартқанын және барлығын қысқа мерзімде қалай үлгергенін айтып берді.
Биге ғашық болдым
Мен спортпен 16 жасымнан шұғылданып келемін. Студент кезімде фитнес-нұсқаушы мамандығын меңгеріп алып, 20 жасымнан бастап адамдарды жаттықтыра бастадым. 24 жасымда мен бұрынғы жолдасыммен таныстым, ол сальса ұстазы болып істеп жүрді, ал мен оның арқасында биге ғашық болдым.
2019 жылдың басында біз екеуіміз жұп биі мектебін ашып, бір ай ішінде 100 адамнан тұратын клуб жинадық. Бірте-бірте мен қыздармен жұмыс істегенді көбірек ұната бастадым, оған қоса, жолдасыммен бірге бизнес жүргізу ауыр болып кетті, себебі біз үйде де, биде де, жұмыста да бірге болдық. Сөйтіп, мен бөлек жұмыс істеп, тек қыздарды жаттықтыратын болдым.
Өз студиямды ашқым келді
Би мені қатты өзгертті. Ол маған ем секілді болды: мен өзім де өзгердім, денеме деген көзқарасым да өзгерді, өзіме деген сенім де өзгерді. Мен өз ойымды қорықпай жеткізе бастадым, жан-дүниемді қаттырақ қорғай бастадым, өзімді өзім жақсырақ сезіп, өзіме өзім ұнай да бастадым, және бұның барлығы бір жарым-ақ жылда өзгерді. Сөйтіп, мен бұның барлығын басқа қыздармен бөліскім келді.
Біздің жұмыстағы ең қиыны — ыңғайлы зал жалдау. Лайық студия табу өте қиын: кең, ыңғайлы студиялар қаланың сыртында орналасатын. Ал орталықта орналасқан залдарда әйтеуір бірдеңесі дұрыс болмайтын: бөлме не тар әрі лас болатын, не оны желдету қиын, не әкімшілігі нашар. Тіпті зал иелерімен келіскен кезде де түрлі қиындықтар туатын. Мен басқаларды жаттықтыруға да, өзіме жаттығуға да ыңғайлы болатын жайлы орында жұмыс істегім келді. Сол себепті, мен өз студиямды ашқым келеді деген ойға тірелдім.
Студияның негізгі философиясы
Мен Шымкентте туған қарапайым қазақ қызымын. Менің отбасым — өте дәстүрлі, консервативті отбасылардың бірі, бізде қыз бала сабағын жақсы оқып, жұмысын жақсы істеп, уақытында күйеуге шығып, бала туып, күйеуіне де, оның туыстарына да, өзінің туыстарына да бірдей жағуы керек. Оған қоса, біздің жақта әйелдерді кез келген қылық үшін айыптайды, себебі әйел адам кішіпейіл, момын, ыңғайлы болып, тек барлығымен тіл табысып, жымиып отырса ғана болды, ал ол тек соған көне беретін әйелдің өзінен басқа барлығына ыңғайлы. Қазақтың көптеген қыздары солай тәрбиеленеді ғой.
Би менің мінезімді қатты өзгерте бастады. Мен өз ойымды ашық білдіре бастадым, өзім өзіме сене бастадым, өзімді және өз денемді қабылдай бастадым. Өзім өзімді жақсы көріп, әдемі санай бастадым, әйел деп санай бастадым, ал бастысы — одан ұялуды қойдым, ал бізде бұның барлығы ұят қой. Ең маңыздысы — мен істегенімнің барлығы дұрыс екеніне сенімді бола бастадым.
Сөйтіп, мен бұның барлығын басқа қыздармен бөліскім келді. Олар құлпырып, өздерін бірінші орынға қойып, ол бұл өмірде түкті де қате істеп жатқан жоқ екендеріне көздері жетсін деп ойладым, әрі олар өздеріне ұнайтын бірдеңе істеп көрсін, қателесуден қорықпасын, бизнеспен айналыссын, саяхаттасын, өздері үшін өмір сүрсін, өз күшіне сенсін, өздерін жеке тұлға ретінде сезініп, басқаларға жаға беруге міндетті емес екендерін түсінсін деп ойладым.
Бизнес бастар алдындағы дайындық
Мен маркетолог мамандығына оқыдым. Бұл салаға деген қызығушылығыма қоса, мен өзім көп ізденіп, білім алдым, көп кітап оқыдым, маркетингке, бизнеске, әлеуметтік желілерге қатысты көптеген ақылы курстарға қатыстым. Көпшілік ондай курстарды тек ақпарат сататын алаяқтар ғана оқытады деп санайды. Алайда, оған байсалды қарап, білім теріп, мұқият тыңдасаңыздар, ішінен көп пайдалы ақпарат алуға болады. Мен сол курстардың арқасында жақсы дайындалып, кәсіпкер ретінде тез өстім, көптеген қателерден де аулақ болдым.
Би мектебі ашылған жылы мен жиырма сегізге толдым. Оған дейін қызмет көрсету саласында жеті жыл істеп үлгердім, түрлі йога және фитнес студияларында істедім, көптеген би студияларын жалдадым, және жұмыстың барлығын өз көзіммен көргендіктен, студия қандай болуға тиіс екенін, оған не жетіспейтінін және нені көргім келетінін алдын-ала білдім. Мен адамдармен де көп жұмыс істедім. Бұрынғы жолдасым екеуіміз би мектебімен айналыстық қой, сол себепті мен өз аудиториямды нақты біліп, процестерді қалай ұйымдастыру керегін жоспарлай алдым. Бұны енді тек нақты бизнеске қолданып көру керек болды.
Инвестор табу жолдары
Мен студия ашқалы жүргенде инвестиция тарту курсына қатысып жүрдім. Ол бизнестің қаржы үлгісін жасауды, қаражат реттеуді, шығын есептеуді және инвесторларға ұсыныс дайындауды үйрететін офлайн сабақ түрінде өтті. Курс барысында мен түрлі тапсырмалар орындап отырдым, сондықтан да, барлығын кешіктірмей, тезірек жасағым келді. Барлығы сол себепті де өте жылдам болды деп ойлаймын.
Менің тәжірибемді білмегендер мұның барлығын айдаладан келген табыс деп ойлайды. Бірақ мен фитнес, йога, би студияларында көптен бері істедім, сондықтан да, қандай салаға баратынымды бірден білдім. Мен би студиясын таңдадым да, келер үш жылда маған қанша оқушы келетінін, зал жалдауға қанша ақша кететінін, абонементтер қанша тұратынын, жарнамаға қанша ақша салу керегін, табыс қанша болатынын болжалдап есептедім. Зал жөндеуге, айналар мен шкафтар жасатуға да қанша кететінін есептедім — бұл үшін әріптестеріме үлкен алғыс білдіремін, себебі мен сол кезде басқа студиялардың иелеріне барып: «Мен би студиясын ашпақпын, оны жөндеуге қанша ақша кетеді?» — деп сұрадым. Олар маған бағалар мен байланыс нөмірлерін берді.
Содан кейін мен инвестор үлесін есептедім. Инвесторды таныстардың, достардың немесе тіпті күтпеген адамдардың арасынан іздеп табуға болады. Іздестіре бастасаңыз болды. Мен арнайы ұсыныс дайындадым да, ақшасы болуға тиіс деген телефонымдағы барлық адамдарға жібердім. Оған қоса, мен ол туралы Instagram парақшамда жазып, дайындық барысын түсіріп отырдым. Адамдар оны көріп, маған қолдау көрсетіп отырды, олардың маған деген сенімдері де артты. Сөйтіп менің бұрынғы оқушым маған инвестор болайын деді.
Барлығы жылдам іске асты
Содан кейін мен студияны ашуға дайындалдым. Мен студияларды жиі жалдайтынмын, сол себепті үнемі бос залдарды қарастырып жүрдім. Бір жылы Мәңгілік елде орналасқан балалар балет студиясын қарап жүрдім, маған оның орналасу орны өте ұнайтын. 2021 жылғы қазан айының соңында мен өз студияма зал іздегенде, тура сол студияны Krisha.kz сайтында көріп, иесімен келіссөз жүргізе бастадым.
Ол кезде Қазақстанда ақпарат бизнесі енді ғана пайда бола бастады. Мен «Ақпарат өнімдері продюсері бол» курсын өтіп жаттым. Бір күні сол курста өзімді таныстыру керек болды. Мен өзімнің би ұстазы екенімді, студия ашқалы жүргенімді және оған зал іздеп жүргенімді айттым. Сөйтсем, сол курсқа «Москва» бизнес орталығының сауда алаңдары менеджері де қатысып жүр екен. Біз бір-бірімізбен хабарластық та, олар маған желдету жүйесі орнатылған, төбесі жөнделген кең алаң береміз деді. Ақыры, мен жалпы ауданы 346 ш.м. үш үлкен зал алатын болдым. Оның орналасу орны да өте жақсы көрінді — оған оңай жетуге болады. Бұл іс басынан күмәнді болғанымен, аяғында барлық үміттерім ақталды деуге болады.
Студия 2021 жылғы 5 желтоқсанда ашылды. Дайындық төрт апта уақыт алды, мен ол уақыт ішінде зал да, ақша да таптым, студияны да жөндедім, оған жарнама да бердім, команда да жинадым, Instagram да ашып үлгердім. Екінші айда біз тіпті ақша таба бастадық, және табысымыз жылдам өсіп, үнемі түсіп отырды.
Fame студиясы би үйренгісі келген ересектердің барлығын қабылдай бастады. Біз әйелдерге ашылуға көмектесетін стильдерді үйреттік: ол High Heels (биік өкше киіп билейтін би), Femme Choreo (заманауи стильдер қосындысы), бачата (әйелдерге арналған соло би), заманауи хореография (contemporary), және біздің оқушыларымызға арналған тегін стречинг (керілу) қосымша бағыты.
Командамен жұмыс істеу қағидалары
Мен командама тек өзіме ұнайтын бишілерді жинадым. Олар сабақты қалай түсіндіреді, жұмысына қандай көзқараспен қарайды, мен өзім олардан үйренгім келеді ме деп, іріктедім. Бастысы, олар менің философиямды қолдасын, көздері жанып тұрсын, менің сезімімді жақтасын деп ойладым. Соның арқасында барлығы ойдағыдай болған шығар. Олардың көбі ешкім танымайтын жаңа бастаған бишілер еді, мені де ол уақытта ешкім білмейтін. Бізді тек ортақ ісіміз қана біріктірді.
Ол кезде жұмыс өте көп болды. Мен барлық процестерді өзім басқардым: ұстаздармен жұмыс істедім, сабақтардың сапасын тексердім, маркетинг стратегиясын құрдым. Студияда әкімшілік персонал ең басынан істеді, ал ұсақ тапсырмаларды көмекшім орындап отырды. Ал SMM менеджерінің жұмысын мен өзім қадағалап, онымен бірге істедім: мен оған жарнама тақырыптары мен бағыттарын айтып отырдым, бейнесуретке түсіру туралы өзім келісіп отырдым. Таргет маманына қандай креатив жіберу керек, не жазу керек, қандай пабликтермен келісу керек екенін айтып отырдым. Кейін администратор қыздардың біреуі меңгеруші деңгейіне дейін өсті де, мен жұмыстың көп бөлігін оған тапсыра бастадым.
Бизнесті дамыту құпиясы
Би үйретіп жүргенімде мен әлеуметтік желілерді белсенді жүргізіп отырдым, ол кезде менің Instagram парақшама 11 мың адам жазылып қойған еді. Ол кезде Reels пайда болып, көпшілік әңгіме айту форматын жиі пайдалана бастады. Мен ол арқылы бидің менің өмірімді қалай өзгерткені туралы әңгімелеп, студия ашуға дайындалу барысын түсіріп отырдым. Мектеп ашу күніне бір-ақ апта қалғанда, бізде еден де төселмей, қабырға да сырланбай жатқаны әлі есімде. Мен дайындық барысын күн сайын түсіріп отырдым, менің Stories-ке салған бейнелерім нағыз сериалға айналды: оны көретін адамдар жеті күнде барлығын жасап үлгеремін бе, әлде үлгермеймін бе дегенге тіпті дауыс беріп, болжам бере бастады. Ал студия ашылған кезде біз Fame аккаунтын дамыта бастадық. Шынын айтсам, біз таңғаларлық ештеңе істеген жоқпыз.
Таргет жарнама
Біз жарнаманы үздіксіз беріп отырдық. Сапалы креатив те дайындадық, бейнесуретшімен әдемі бейнероликтер түсірдік. Мен референстерді, фотостудияларды, әдемі орындарды өзім іздеп отырдым. Ол кезде би студиялары контентке аса көп көңіл бөлмейтін, себебі көбінесе оларды өнерпаз адамдар ашып, табыс әкелетін бизнес санамайтын, және оған көп ақша жұмсамайтын. Ал біз таргетке айына 200–300 мың теңгеден астам ақша жұмсайтынбыз, ол аса көп болмаса да, жарнама тоқтамай жүріп тұрғандықтан, клиенттер де келе беретін.
Нарықта жайғасу
Біз әлеуметтік желілерімізді анық әрі түсінікті жүргізіп, хабарласу амалдары, мекенжай, бағалар, студияға жазылу тәсілдері, би бағыттары сияқты ақпаратты жасырмай жаздық. Оған қоса, мен өзімнің бастан кешкен оқиғамды Reels-ке түсіріп жүрдім. Студияның аккаунты маған қатты байланды. Ол да өз әсерін тигізді, себебі адамдар бір-біріне тартылады ғой, солайша менің де оқиғам қыздардың жандарына батып, оларды шабыттандыра бастады. Мені көп адам қарайтын. Біз тек би билеу үшін ғана емес, қыздарға бір ем, шипа болсын деп, өмірлеріне жақсы өзгеріс әкелсін деп жұмыс істедік. Бұның барлығы ізгі ниетпен жасалды.
Партизан жарнама
Біз ай сайын оқушыларымызға жетістіктерін көрсету мақсатында, мотивациясын көтеру мақсатында тегін контент түсіріп отырдық. Қыздар біздің логотип алдында кәсіби бейнероликке түсіп, оны өз парақшаларына жүктеп, бізді белгілеп отырды. Солай біз өте көп тегін жарнама алдық.
Ал мастер-класстар жиіленіп, Астанаға басқа жақтан бишілер келе бастағанда, мен оларға біздің залдарымызды тегін ұсындым. Менде олар бізді өз парақшаларында белгілеп, ұстаздарымызға тегін қатысу мүмкіндігін берсін, ал ұстаздар тәжірибе алып, өсіп, сабақ сапасын жақсартсын деген ой ғана болды. Ақыры, біздің залдарда өткен мастер-кластардың бейнелері би саласына қатысы бар адамдардың барлығында болды. Олар бізді белгілеп, мен тағы да қосымша жарнама алдым. Бірақ мен оны әдейі істеген жоқпын.
Клиенттерге арналған бонустар
Біздің абонементке тегін стречинг, түрлі сала мамандарының қатысуымен өтетін ай сайынғы мастер-класстар, кәсіби бейнесурет түсіру кіретін. Киіну бөлмелерінде майлық, төсеме, тампон, нәски, шашқа арналған резеңке сияқты арнайы гигиена заттары үнемі болып тұратын.
Мен клиенттерге абонементке кірмейтін зат бергім келді. Менде студияға келген әр қыз бізден қамқорлық, сүйіспеншілік сезсін деген ниет болды. Осы ниеттің арқасында студия туралы сөз ауыздан ауызға тарап, оқушылар бізді таныстарына мақтап айта бастады.
Мен бизнесті сататын болдым
Мен бизнесімді тез арада кеңейте бастап, қателестім. Бірінші жылы бірден екі франшиза аштым да, назарым соларға ауысып кетті. Ал екінші студиямды да бір жыл өтпей жатып аштым. Сөйтіп, бірінші жылы менде екі филиал мен екі франшиза болды.
Оған қоса, бірінші жылдың аяғында мен Дубайға көшіп, сол жақта студия ашатын болдым, сол себепті қазақстандық студияларға аз көңіл бөле бастадым да, ақыры оларды сатып жіберетін болдым. Бәлкім, екі жыл күте тұру керек болған шығар, ал мен нығаймай тұрып, бизнесті кеңейте бастадым. Бірақ мен керемет тәжірибе алдым деп ойлаймын да, ештеңеге де өкінбеймін.
Ең басында ойланатын жайттар
Біріншіден, біреудің тәжірибесі барлығынан да арзан тұрады. Егер біреудің өткен жолын, қателерін талдайтын жақсы бизнес курсы, кітап немесе басқа да білім көзі болса, оны ақша төлеп сатып алған жөн. Бизнес ашуға өзіңіз барынша дайындалып, көбірек білім алыңыз, себебі кейін миллиондаған ақша жоғалтып, немесе бірнеше ай уақыт кетіріп, орынсыз қате жібермейтін боласыз. Бірақ бұл кезеңде де кідіріп қалмаңыз, әйтпесе бастай алмай, отырып қаласыз.
Екіншіден, барлық шығындарды жөндеп есептеп алыңыз. Ештеңені де ойдан шығармаңыз, әсіресе, әлеуметтік желілердегі адамдарға қарап, олардың ақшаларын санамаңыз. Сіз олардың шынайы қаржы жағдайын білмейсіз ғой. Бизнесмендердің міндеттемелері, қауіптері, түсініксіз мәселелері көп болады, сондықтан да сіз де реалист болып, шешімдеріңізді шынайы сандарға қарап қабылдаңыз.
Үшіншіден, сізге бизнес шынымен де керек пе деп, өзіңіз өзіңізге сұрақ қойыңыз. Бизнес барлығына бірдей керек бола бермейді де, барлығына бірдей жақпайды да, бірақ біздің елімізде ол қатты романтизацияланып, жұрттың бәрі кәсіп ашқысы келеді. Ал нағыз бизнес үнемі саяхаттап, еркін жүруден алшақ. Мұнда аптасына жеті күн жауапкершілік тартасың, уайымдайсың, үнемі ойға батып жүресің, міндеттемелер алып, оның салдарын көтересің. Шығынға батсаң да, ешкім сені жалдау ақысынан, жұмыскерлер жалақысынан, жарнама ақысынан босатпайды. Қауіп-қатер мен белгісіз жағдайларды көтеруге шыдамыңыз жетеді ме? Егер сіз бизнесті тек біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін ғана бастайтын болсаңыз, кейін одан қатты зардап шегуіңіз мүмкін.
Сондықтан да менің ең басты кеңесім — өзіңізге өзіңіз: «Мен өмірден не күтемін? Оған бизнес арқылы жете аламын ба», — деген сұрақ қойып, әліңізді әділ бағалаңыз.